Эссе және өлең-жыр байқауы

Абайды оқы, таңырқа

Табиғат сүтін сан ғасыр бойы арда еміп, бұлықсып ерке өскен қазақ халқының тарлан тарихындағы ұлы құбылыс-хакім Абай. Қайырлы сөз ұққанның жүрегіне нұр құя білетін майталман ақын-қазақ халқының бағытынан айнымас тұсбағары,түзу қалам-қисайған, өткір қалам-мүжілген дүрбелең дәуірлерде надандық бұлтын сейілткен сөнбес жарық күні. Ақын болмысын халық санасында мәңгілік жаңғыртатын қаламынан туған қуатты жырлары ғана емес, қаламгер турасында жазылған зерделі сөз бен ұлы шығармалары деп білемін. Өлең сөздің патшасын қиыннан қиыстырған ұлы ақынға ой теңізі терең Торайғырдың Сұлтанмахмұты да:      

\Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге,-деп ақбейіл шумақтарын арнаған. Жыр сүлейі Сұлтанмахмұттың «Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа, Абайды оқы, таңырқа басыңды шайқа,-деп өскелең ұрпақты Абайдың жыр жайлауына беттетуі тегін емес-ті. Шынында Абай әлемі оқыған сайын көкірек көзіңді ашып, кеудеңді хикметке бөлейтін түпсіз мұхит, шексіз ғалам. Жыр алыбы Жамбыл «Ақындардың Пайғамбары» деп баға берген ойшыл ақын-халқымыздың ғасырлық идеалы. Оның іші алтын, сырты күміс өр өлеңдері мен қастерлі қара сөздері қай кезеңде де құнын жоймаған. Қазаққа қара сөзге дес бермеген ақын: «Сендер кетсеңдер де, мен біржола кетпеймін. Сендер бүгініңмен, мен алдағы келешекпен өмір сүрдім. Ол күндері артқа қалдырған ісім мен сөзім мені қайта тірілтер»,-деген екен. Дана Абайымыздың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындадық. Себебі, ұлы ақын шығармаларында жеке тұлға мен қоғамды толғандыратын барша сұрақтың жауабы бар.  Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған талапты жанның Абай шығармаларынан сусындағанда адамшылықтың асыл қасиеттері, білім-ғылым, махаббат, салт-жоралғы, заң тұрғысынан алса да шөлі қанары анық. Асылы, Абай өлеңдері халқымыздың бойына тас кенеше жабысқан адамзатты бұзатұғын жалқаулық, көрсеқызарлық, дүниеқоңыздық, күндестік, өтірікші, мақтаншақтың сынды мінездерді түзетуші. Бүгінде елімізде білімге ұмтылыс болғанымен, қазақтың Абай көріп, сынаған жасанды жаны қаншалықты өзгерді? Ойшыл Абай атамыз айтқандай: «Кез келген жерге өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың». Дана қаламгер туындылары баянды еңбек, терең білім, көркем мінезді дәріптеп, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам болуға тәрбиелейді. Улы сия, ащы тілді қару еткен алдаспан ақын өлеңдерінің өміршеңдігі осында. Жалынды жастарымыздың жасқа жас, ойға кәрі болуын талап ететін бүгінгі заманда бай ойды кедей қолданатын біздер үшін әрбір шаңырақта баланы жастайынан Абай мұрасымен ауыздықтау, Абай өлеңдері мен сүбелі сөздерін мерейтойларда ғана емес, күнделікті тұрмыста ұлықтау, қарасөздеріндегі елді түзету бағытында айтылған тұшымды ойларын терең зерделеп, заң жүйесіне енгізу де артық етпес еді. Нұрлы сөзімен тіл ұстартып, өнер шашпақты мақсат еткен ұлы ақын ілгерінді-кейінді барша ақын-жазушылардың да бағдаршамы.  Мұзбалақ ақын Мұқағали де:

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, 

Ермек үшін немесе өлмеу үшін.

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін,-деген екен шалқар шабытты шумақтарында.   

Осынау Абай жаққан шұғылалы сәулені сөндірмей, өлмейтұғын қалдырған аруақты да асыл сөзін өмірлік ұстаным ету,дара дарынның таңдайына татып, сеніміне ие болған біздердің қолымызда. Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Өз халқын өссін, өркендесін дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын»,-деген екен қанатты сөзінде. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Бесікті түзеу- Абай қарасөздерін жүрекпен ұғынып, өсиетті өлеңдерін бойға сіңіруден басталса нұр үстіне нұр. Қазақтың қай кезеңде де қазақ болып сақталуы үшін Абай мұрасын темірқазық ету-саналы ұрпаққа жүктелген қасиетті парыз. Абайды оқиық, сөз бен мінез түзелсін, оқыған сайын таңырқап, Хақтықтың сәулесімен бойымыз нұрлансын!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Бекзат

Жарайсың!

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...