Өлең, жыр, ақындар

Қыз жұмбағы

Баяғы заманда бір сұлу қыздан үміттенген жас жігіт оған келіп, өзінің көңілін білдіреді. Сонда қыз:

— Мен жұмбақ айтам, соны тапсаңыз ғана сізге тием,— дейді.

— Жарайды, айтыңыз жұмбағыңызды!— дейді жігіт.

Қыз жұмбағын айтады:

Балқан тау да, балқан тау,
Басына шыққан кім екен?
Жолда тұрған жоңышқа,
Ат семірткен кім екен?
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Оны көрген бар ма екен?
Желдеп кеткен жеті атан,
Оны көрген бар ма екен?
Қайта шөккен қарт бура,
Оны көрген бар ма екен?
Егіз қозы сүйіксіз,
Оны көрген бар ма екен?
Айдалада желі арқан,
Оны көрген бар ма екен?
Жай, жай кілем, жай кілем,
Оны көрген бар ма екен?
Түр, түр кілем, түр кілем,
Оны көрген бар ма екен?

Қызды мұқият тыңдаған жігіт:

— Жұмбағыңыз онша қиын емес екен,— деп оның шешуін лезде айтып береді:

Балқан тау да балқан тау,
Басына шыққан базаршы,
Жолда тұрған жоңышқа,
Ат семірткен жолаушы.
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Бикешіңіз болмаса.
Желдеп кеткен жеті атан,
Жеті ағаңыз болмаса.
Қайта шөккен қарт бура,
Қайын атаңыз болмаса.
Егіз қозы сүйіксіз,
Екі анарыңыз болмаса.
Айдалада желі арқан,
Түлкі пақыр болмаса.
Айдалада қу қазық,
Қояныңыз болмаса.
Жай, жай кілем, жай кілем,
Жазылып жатқан жер болар.  
Түр, түр кілем, түр кілем,
Түріліп шыққан күн болар.

— Таптым ба, тәлім қыз, енді не амалыңыз бар? — деп, жігіт сөзін аяқтайды.

— Иә, жұмбағымның шешуін дұрыс таптыңыз,енді сізге тиемін,— дейді қыз уәдесінде тұрып.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз