Өлең, жыр, ақындар

Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерге қанша жақсылық жасасақ та көп болмайды

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мерекелерімен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алғаннан бастап, білім, ғылым саласына ерекше көңіл бөлуде. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жалпы мемлекетіміз, білім саласы биіктерден көрініп, жетістіктерге қол жеткізуде. Қазір осы жұмыс жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында білім, ғылым саласын дамытуға үлкен назар аударып, біздің алдымызға нақты мақсат-міндет қойды. Биылғы жылы Тамыз конференциясынада Мемлекет басшысы өзі қатысып, ұстаздарға алғысын білдірді. 4 жылдың ішінде ұстаздардың жалақысын 2 есе көтеру, білім саласын дамыту бойынша үлкен мақсат жүктеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз»,- деді ол.

Министр Педагогтардың мәртебесі туралы заңның әзірленіп, қазіргі уақытта аталған құжаттың Парламент қабырғасында қаралып жатқандығын атап өтті.

«Осы заңды іске асыру үшін бюджеттен де қомақты қаражат қарастырылып отыр. Бүгінгі күннің өзінде 3 триллионнан астам қаражат қаралды. Бұл біздің ұстаздарға, жалпы білім саласына деген үлкен құрмет. Әрине, проблемалар жоқ емес, бар. Біз оның барлығын білеміз. Оны мұғалімдермен, ата-аналармен, қоғаммен бірге шешеміз. Ұлы ұстаз, ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Маған бәрінен де ұстаз, мұғалім жақын. Мұғалім мектептің жүрегі» дегенін білесіздер. Сондықтан мұғалімдерге қанша мадақтама айтып, қаншама жақсылық жасасақ та көп болмайды. Себебі мұғалімдердің жұмысы өте маңызды. Мемлекетімізді, болашағымызды жарқын ету жолында ең алдыңғы қатарда тұрған мамандықтардың бірі екенін білеміз»,- деді Асхат Аймағамбетов.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар