Эссе және өлең-жыр байқауы

Ұстаз Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері

Жүректе жыр елінің жатыр әні,
Бір әуен елти, бәлкім, шақырады,
Қауышып перзентімен бүгін дағы,
Толқыды Аранды қыр атырабы.

Кескенде күні кеше тұсауын да,
Сәттілік тілеп еді ұшарында,
Алыстан ат сабылтқан ақын ұлын
Тербетті Қожабақы құшағында.

Бұл 2000 жылы ақын Сейіл Боранбаевтың 70 жасына байланысты Қожабақыда аталып өткен «Ел болып өлең-жырдың тақырыбы, қауышты ауылымен ақын ұлы» атты ақынның 70 жастық мерейтой кешінің сценарийінің кіріспе, беташар сөзі. Мұны мысалға келтіріп отырған себебіміз – басқа жерде есімдері тұлға ретінде бөлек-бөлек айтылуы, жазылуы мүмкін, ал №25 орта мектебінің тарихы тұрғысынан келгенде бұл екі ақын түлегінің есімдері әмәнда қатар айтылады. Олар – ақындар Сейіл Боранбаев пен Ақанжан Келімбетов. Өйткені олар мектепте бірге оқыған кластас, сыныптас. Биыл 70-түлегі бітіріп отырған №25 орта мектебін толық орта біліммен бітіріп шыққан алғашқы түлектері. Мектептен толық орта білім алып шығу – өте маңызды. Содан бергі тарихында №25 мектепті орта білім туралы аттестатпен жыл сайын сандаған түлек бітіріп шығып келеді. Жоғарыда аталған мектепті толық орта біліммен бітіріп шыққан алғашқы түлектерінің қатарындағы бұл екі ақын түлекпен бірге сол кезде мектепті тағы да бір ақын түлек бітіреді. Ол да бірнеше жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, осы ақындар Сейіл Боранбаев пен Ақанжан Келімбетовтердің сыныптасы – Әнес Нарымбетов. Мектепті осы ақын түлектерден кейін іле-шала тағы да бір ақын түлек бітіреді. Ол да бірнеше жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Мешітбай Құттықов. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ведомстволық газеті – «Сақшы» газетінің сайтында 27 наурыз 2014 жылы жарияланған «Аралын аңсап өткен ақын» атты материалда ақын Мешітбай Құттықовтың қызы Мейрамгүл Мешітбайқызы әкесі, ақын Мешітбай Құттықов туралы «1951 жылы М.Горький атындағы орта мектепті үздік бітірген» деп Қожабақыдағы №25 орта мектебінің тарихына қатысты да бір деректі бере кетеді. Демек, Қожабақы мектебін бітірген ақын Мешітбай Құттықов мектепте үздік оқыған деген сөз. Ал ақын Ақанжан Келімбетов өзінің сыныптасы Сейіл Боранбаевқа арнаған өлеңінде:

Бастауыш білім сондағы,
Кітаптар қанша тауысқан.
Компастай болды – алдағы
Бағытты түзеп ауысқан, – деп жазған еді.

Бұл екі ақынды да кейіннен есімдерін елге айшықтап, жеке тұлға етіп танытуда да, арман жолдарында компастай болып бағытынан жаңылдырмай алға қарай жетелеуде де сол бастауыш сыныпта жүргенде оқыған кітаптарының да үлкен орын алғандығы даусыз.

Олардың балалық күндерінің де, жастық күндерінің де болмыстары ұқсас. Олардың есею жылдары Ұлы Отан соғысының уақытына сәйкес келді. Соғыс уақыты олардың балалығын ұрлады, ерте есейтті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда бірі 13 жастағы, бірі 11 жастағы жасөспірім бала болатын. Олар 40-жылдардың аяғының мектеп түлегі, 50-жылдардың басының студенті. Өздері қолдарына қару алып, майданға аттанбаса да, соғыстың елге түсірген ауыртпалығын сезініп өскен жандар. Ақын Ақанжан Келімбетов бұл туралы өз өлеңінде:

Жылқы бағып, сиыр бағып өскенмін,
Табаныма шеңгел кіріп тескен мың.
Он бесімде үлкендерден «шам» алып,
Он жетімде медаль алған «кексемін»,

– деп жазса, ал ақын Сейіл Боранбаев бұл туралы өз өлеңінде:

Бала болып ойынымыз қанбаған,
Сәби едік, бірақ егде жанды адам.
Тағдыр артқан ауыр жүктен сол күнде
Қабырғамыз қалай қаусап қалмаған? – деп жазды.

Олардың туған жеріне деген сағыныштары да ұқсас. Бұл тұлғалардың бойындағы туған жеріне деген бұл сағыныштары – басқаларға қарағанда әлдеқайда бөлек сағыныш. Ақын Сейіл Боранбаев бір кезгі өзінің сәби балалығының ізі қалып қойған, енді елі мен жұрты көшіп кеткен ескі жұрты – Сағындығын қалай сағына отырып жырға қосса, ал ақын Ақанжан Келімбетов үшін де бір кезгі өзінің балалығының куәсі болған, «Үсеннің Сарытөбесі» атанған атажұрты – Сарытөбесі өзіне сондай ыстық.

Жалпы, қазақ өлеңіндегі атажұртты аңсау, ескі жұртты, кіндік қаны тамған туған жұртты аңсау сезімі белгілі қазақ жазушысы, қазақ әдебиетінің белгілі зерттеушісі, ғалым, тарихшы Мұхтар Мағауин әйгілі «Қобыз сарыны» еңбегінде (М. Мағауин «Ғасырлар бедері» жинағы, 5-том, «Жазушы» баспасы, 1991 ж.) «Таза далалық поэзия! Бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті» деп жырларына баға берген, қазақ әдебиеттану ғылымы тарапынан бүкіл әлемдік мәні бар аса құнды әдеби мұра деп бағаланатын – XV-XVIII ғасыр арасындағы жыраулық поэзияның көрнекті өкілі Қазтуған поэзиясындағы:

Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт...

– деп келетін бүгінгі қазақ жұртында отырған қазақ баласының барша ұрпағына жақсы таныс осы бір әйгілі жыр жолдарымен үндесіп жататындай, осы жолдардан бастау алып тұратындай. Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің бастау алатын тұсы – осы тұс.

Ақын Сейіл Боранбаев балалығының ізі қалған ескі жұрты – Сағындығын сағынып жырға қосқан өлеңінде:

Жан сырымды айтар болсам ағынан,
Сәби күнім өтіп кеткен сағым ән.
Елестейді ауыл көркі көзіме,
Туған жерім – Сағындықты сағынам.

Ауылым десем көкірегімде нұр тұнған,
Көз алдымда әлі күнге тұр тұлғаң.
Қамқорың боп қайда жүрсем айналдым,
Өзің түгіл,
Көшіп кеткен жұртыңнан,

– деп жырласа, ал ақын Ақанжан Келімбетов өзінің атажұрты – Сарытөбесі жайлы өінің «Сарытөбе» өлеңінде:

Атамның қонысы Сарытөбе,
Әр жерде де бар төбе.
Ең қымбат жер мен үшін, –
Асқақ, ұлы мәртебе.

Әкем өскен Сарытөбе,
Шешем түскен ертеде.
Жас кезінен олардың
Сыр шертеді әр төбе, – деп жырлай келіп, өзінің «Өскен жер» өлеңінде:

Тоқтат, дос, осы араға машинаңды,
Қарашы көз сүрінткен жасыл маңды.
Басталған балалықтың бал дәурені,
Осы жер өскен ортам жасымдағы.

Кең сарай алты бөлме аппақ шатыр,
Ішінде салатынбыз ұлан-асыр.
Ел көшкен, сәні кеткен, жылдар өткен,
Құлаған ақ діңгек боп орны жатыр, – деп жазды.

Олардың балалық ыстық күндерінің ортақ куәсі – туған жердің гүл жапқан Аранды қыры. Ақын Сейіл Боранбаев бұл туралы өз өлеңінде:

Аумайтын хош иісті гүл бағынан
Теруші ем жауқазынды қырларынан.
Ең алғаш ауылымның ауасынан
Жүрекке шабыт қонып, жыр дарыған,

– деп жазса, ал ақын Ақанжан Келімбов өзінің «Аранды қыр» атты өлеңінде:

Ыстықсың, туған жерім – Аранды қыр,
Көргенше сағынамын қараңды бір.
Көз тоймас көктемдегі келбетіңді
Кестелеп жаза алмадым жарамды жыр, – дейді.

Ақын Ақанжан Келімбетов Қара теңізге барған сапарында өзі көрген Қара теңіздің тарихы мен табиғатына арнап «Қара теңіз жырлары» деген атпен бірнеше өлең-жырлар жазған. Соның бірі – ақынның «Сочи» өлеңі. Ақын «Сочи» өлеңінде табиғаттың гүлдей жайнаған әсемдігіне сүйсіне отырып, еріксіз өзінің жастық шағын есіне алады. Ал нақ осы сезімді біз ақынның жоғарыда айтылған «Аранды қыр» өлеңінен де көреміз. Мұнда да туған жерінің әсем табиғатына елтіп, Аранды қырының басына шыққан ақынның жастық шағы алыста қалған ақша маңдай болып көңіл көзінде көлбеңдеді. Себебі сыртқы сұлулықпен бірге, жан дүниесі гүл жайнаған ішкі сұлулыққа да қатар құрылатын адам баласының жастық кезеңі мен табиғаттың гүлдей жайнаған әсемдігі – үйлесімді егіз ұғым. Ақын «Сочи» өлеңінде:

Мүлгіп тұр сан мыңдаған гүл бәйшешек,
Қырмызы қызыл кілем қойған төсеп.
Ақ, сары, жасыл, көгіс, түрлі гүлдер
Көздің жауын алады тұрған өсіп.

Жұтқанда бой сергітер ауа қандай,
Дертіңе табылар ма дауа мұндай.
Кеуіліңе ұзап кеткен жастығыңды, –
Түсіріп қуантады балалардай.

Таң ерте күн шығады таудан асып,
Қарсы алады Қара теңіз төсін ашып.
Сочидің төбесінде күн күледі
Жарқырап, жайнасын деп нұрын шашып,

– деп жырласа, ал «Аранды қыр» өлеңінде ақын былайша жырлайды:

Жер беті бейне кесте, түкті кілем,
Боятып қойғандай-ақ шөпті кілең.
Құлпырып гүл бәйшешек ырғалады,
Саф ауа, самал желдің екпінімен.

Бозторғай көкке шырқап шығып алды,
Көмейден төкті күй мен шырын әнді.
Маужырап бар табиғат елтігендей,
Көңіліне көктем сыйын құйып алды.

Шыққанда Аранды қыр қақ басына,
Бәрі тұр алақанда нақ қасыңда.
«Ақшүңгіл», «Сарт өлген» мен «Жақсыбай көл»
Жалтырап, суы көкпен астасуда.

Мал маңғаз, өрген төлге мақтанғандай,
Құлын шауып, құлдырайды аттан қалмай.
Көргенде ақ үйлерді тепсеңдегі,
Көңілде көлбеңдейді ақша маңдай.

Аранды қырының бауырынан түлеген бұл қос ақын перзенттің өмірдегі азаматтық ұстаным, болмыстары да ұқсас. Ақын Ақанжан Келімбетов бұл тұрғысында:

Ен табиғат өмір сыйлап бергесін,
Тірі жүріп екі сөйлеу ерге сын.
Әділдікті тура айт та өліп кет,
Мейлі сені тірілтіп ап тергесін.

Ойсыз болма дүниеге келгесін,
Адам деме, жел сөз мініп желгесін.
Іс пен сөзің бірдей шықсын қашанда,
Туралықтың мығым ұста делбесін,

– десе, ал қаламдас әріптестері азамат ақын деп баға берген Сейіл Боранбаев жырлары да осы оймен келіп үндескендей:

Жазғырып жазықсызды даттамайын,
Даурығып дарынсызды жақтамайын.
Шықпайын өтірікпен өр беткейге,
Шындықтан, ар-ұяттан аттамайын.

Қисық пен қисынсызды ақтамайын,
Сұқ көзден, суық сөзден сақтанайын.
Әлімше қиянатқа қарсы тұрып,
Адалдық, әділдіктен аттамайын, – дейді ақын.

Олардың әрбір ер-азаматтың, отағасының өзінің үйіндегі жарына көрсетер құрметі жөніндегі айтар ойларында да үндестік жатыр. Ақын Ақанжан Келімбетов өзінің «Нұржамалға» атты өлеңінде бұл жайлы:

Көп уақыт еркелете алмадым,
Жұртты сыйлап, саған назар салмадым.
Еркіндікте өзім жүріп сайрандап,
Шаруаның саған салдым салмағын.

Сүйсінемін өзіңе әр кез, алғаным,
Сен тұрғанда түгел менің бар малым.
«Қолда барда – қадірі жоқ алтынның»,
Алтындайсың, тұрақтылық салмағың.

Ойлап көрсем, келешекке, алғаным,
Шынында, сен өмір көшін жалғадың.
Ұл-қыз үй боп, немерелер өсуде,
Осы емес пе еді қол жетпестей арманым.

Қолымдағы бақыт құсым, жан жарым,
Жүрегімнен өлеңімді арнадым.
Өзің жайнап отырғанда қасымда,
Шат боламын орындалып арманым,

– десе, ал ақын Сейіл Боранбаев «Аман болғай бәйбішеміз» атты өзінің өлеңінде:

Ол барда еркіндейсің, дарқандайсың,
Оққағар құрыш болат қалқандайсың.
Парасат деп аталар ой тұлпарын
Көңілдің көгалына арқандайсың.

Ол барда жігерлісің, қайраттысың,
Биіксің үйде, түзде айбаттысың.
Ол барда жарлы емессің, жазирасың,
Отанды, ауылдысың, аймақтысың.

Қадірлер қолда барда кісі нені,
Ол сені айтқызбай-ақ түсінеді.
Құйылып у-ашуға бал-ақыл боп,
Сабаңа салқынқанды түсіреді.

Ол барда отбасыңда батылдаусың,
Сөйлесең сөздерің жөн, мақұлдаусың.
Ол барда төр алдында төбе бисің,
Жетеді ұрпағыңа ақыл-даусың, – деп жырлады.

Аранды қыры топырағынан шыққан бұл қос ақын перзенттің өмірде алған мамандықтары да – ортақ. Сыр бойындағы білім мен руханияттың ордасына айналған, тарихында бітірген сан мыңдаған түлектерінің ішінен қазақ қоғамына есімі белгілі талай тау тұлғалы азаматтар да шыққан – Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты. Екеуі де – Ұстаз. Екеуі де тарихшы. Танымал, ғұлама ұстаздардың алдын көріп, дәрісін тыңдаған. Сондай ұстаздың бірі – белгілі әдебиетші ғалым, есімі биік тұлға, қазақтың көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев еді. Ұстазы жайлы ұстазының 85 жылдық мерейтойында оқылған «Ғалым ұстазыма» атты өлеңінде ақын Ақанжан Келімбетов былайша жыр толғайды:

Меккеден келгендей-ақ бұл ағасы, –
Тұратын ортаға алып іні-ағасы.
Баладай пәк көңілді адал еді
Біз көрген Сыр бойының ғұламасы.

Жыңқылдап жыл құсындай ақ айдында,
Жиналған сәлем бердім ағайынға.
Әукеңнің мерейтойы құтты болсын,
Ұстаз боп дәріс берген талайыңа.

Тыңдадық шешен сөздің сұңғыласын,
Сөйлесе ол даурықпаны жым қылатын.
Телегей-теңізінен жаһұт теріп,
Зердеңе көкейдегі қондыратын...

Сонымен бірге жоғарыда аты аталған ақын азамат, №25 мектептің түлегі Мешітбай Құттықов та осы екі ақыннан сәл кейін-ақ осы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіреді. Ол да – Ұстаз. Тіл-әдебиетші. Ішкі істер саласының құрамында басшы қызметте болды. Ішкі істер қызметінен 1987 жылы милиция майоры дәрежесінде демалысқа шыққан.

Аранды қыры топырағынан шыққан тағы да бір есімі белгілі ақын азамат, көпшілікке есімі белгілі ұстаз, №25 орта мектебінің түлегі Файзолла Омаров жайында алдынан тәлім көріп шыққан ересек шәкірттері «Бізге қазақ әдебиетінен Файзолла Омаров ағай сабақ берген» деп өмірде қалай мақтанышпен айтса, біз сөз етіп отырған ақын Ақанжан Келімбетов жайлы да өмірде алдынан тәлім көріп шыққан ересек шәкірттері «Бізге тарихтан Ақанжан Келімбетов ағай сабақ берген» деп дәл солай мақтанышпен айтқан. Аранды қыры, Қожабақы топырағынан бір ұяны, бір мектепті – №25 орта мектебін бітіріп шығып, бірі өмірде әдебиетші, бірі өмірде тарихшы мамандықтарын игерген бұл екі ақын ұстаз азаматтың өмірдегі ұстаздық болмыстары осылайша үндесіп жатады. Тек бір-бірімен ғана емес-ау, олардың ұстаздық болмыстары талай ұстаз өз шәкірттермен бірге қосыла шырқасқан, әлі де қосыла шырқасып келе жатқан, қазақ қоғамының қартына да, жасына да танымал ән – «Ұстазым» әніндегі ақын Аманжол Шамкенов жазған (композиторы Әбілахат Еспаев) ұстаздық болмысты дәл сипаттайтын мына жыр жолдарымен де үндесіп жатқандай:

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

Зердемді сен ашпасаң не етер едім?
Өмірден сыбағасыз өтер едім.
Ғажайып дүниенің сырын жайып,
Қияға қызықтырып жетеледің.

Өзіңнен өмірге азық ала бердім,
Ұшырып мені алысқа, қала бердің.
Бойымда отың кетті ұшқын атқан,
Келеді жана бергім, жана бергім!

Ақын Ақанжан Келімбетов сол шәкірттерін өзі де былайша жырға қосқан еді-ау:

Кеше келген бөбегім жалбыраған кекілі,
Алып қалса жылайтын сабағынан екіні.
Бұл күндері қарасам, он алтысы жайнап жүр,
Көк төсінде зулаған жер серігі секілді.

Алақанда аялап, маңдайынан сипадым,
Ұйқыларын қандырып, күлкілерін тыймадым.
Күндіз-түні қасымда, өз баламдай сезініп,
Бойымдағы асылды осыларға сыйладым.

Қауырсының қатайып ұштың, міне, ұядан,
Бәрің қыран болдыңдар шолатұғын қиядан.
Интернатты ұмытпа білім алған өзіңе,
Ұстаздардан қол үзбе, олар – ізгі, сый адам.

Бұл ақын түлектер өмірде өздері де есейіп, өздері де біреулерге ұстаздық етіп жүрсе де, бірақ кешегі балалық күндерінде ұстаз алдын көргендерін еш уақытта ұмытпақ емес. Ақын Сейіл Боранбаев бұл туралы өз өлеңінде:

Қанша биік болса дағы аспаның,
Қаншама ұзақ болса дағы дастаның,
Қартаюды,
Көнеруді білмейтін
Мектеп сенің мәңгі бақи жас шағың.

Ұстаз!
Неткен ұлық еді ұғымың,
Сепкен жанға ізгіліктің ұрығын.
Сөнбек емес өзің жаққан шамшырақ,
Өзіңмен бір болашағым, бүгінім,

– деп жырласа, ал ақын Ақанжан Келімбетов бұл туралы өз өлеңінде:

Сырласқан жаспен, кәрімен,
Сыйласқан жұрттың бәрімен,
Сөйлеген сөзді жәйімен –
Ұстазым қымбат бәрінен.

Шәкіртін сүйген жанымен,
Суарған білім нәрімен,
Еңбегі адал бағымен –
Ұстазым қымбат бәрінен.

Құрметті елге барымен,
Татулығы үлгі жарымен,
Азамат биік, арымен –
Ұстазым қымбат бәрінен,

– деп жырлады.

Ақын Ақанжан Келімбетов өмірде өзі де мектепте ұстаз боп қызмет атқарса, ал ақын Сейіл Боранбаев өмірдегі алғашқы жолын жалпы білім беретін мектептерде ұстаз болып бастап барып, сонан соң ұстаздық саладан журналистика саласына ауысады.

Ақын Сейіл Боранбаевтың тек ақындық өнерде ғана емес, журналистика өнерінде де қаламы қарымды болған. Ақындықта да, журналистикада да Сыр бойынан шыққан қалам ұстаған көптеген кейінгі жас буын қаламгерлер ақын Сейіл Боранбаевты өзіне ұстаз санаған. Бұл жайлы Аранды қыры топырағынан шыққан тағы да бір есімі белгілі ақын перзент, сонымен қатар Қазалы аудандық «Қазалы» газетін басқарған есімі танымал журналист, Қожабақыдағы №25 мектептің 1968 жылы бітірген түлегі, Қазалыдағы қалам ұстаған көптеген кейінгі жас буын өзіне үлгі тұтатын бұл екі қыры – ақындық қыры мен журналистік қырын былай қойғанда, сонымен қатар ауданның мәдени-рухани тыныс-тіршілігіндегі жатқан қолтаңбасы мен ондағы алатын орны бірегей тұлға Жетіскен Мәкенәлиев жауапты шығарушысы болған, Нәжмадин Түрікбенұлы Мұсабаев пен тарих ғылымының кандидаты Айгүл Нәжмадинқызы Мұсабаевалардың Қазалы ауданының 70 жылдығына арналған, Қазалы ауданының тарихын баяндайтын «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» кітабының 149-бетінде қызметте табандылығымен және парасаттылығымен танылған ақын Сейіл Боранбаевтың 22 жыл бойы (1960-1982) Қазалы аудандық «Ленин туы» (1993 жылдан «Қазыналы Қазалы» боп аталған) газетін басқарғанын, сонан соң Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газеті бас редакторының орынбасары қызметінде істегенін, сонан соң Баспа істері және кітап саудасы жөніндегі облыстық басқарманың бастығы болып істегендігі туралы жаза келіп, «Сыр бойы ақындары Сәкеңді ұстаз санайды», «Ол көптеген журналист кадрлардың шыңдалуына ықпал етті» деп жазады.

Жоғарыдағы кітаптың 149-бетіндегі «Сыр бойы ақындары Сәкеңді ұстаз санайды» деген сөзден келіп шығады, Қожабақыдағы №25 орта мектебінің ақын түлегі Мешітбай Құттықовтың да 90-жылдардағы Қазалы аудандық баспасөзіндегі жас талапкердің жарияланған жырларының алдына сәт сапар тілеп жазылған мынадай сөздері бар еді:

«Жап-жас қыз балауса жырларын «Аға, көріп беріңізші» деп алдыма қоя берді. Өлең деген киелі дүниеге қол созатындар көп. Сондықтан да мынауың дұрыс екен деп кесіп айту да қиын. Өлеңдерімен танысып отырып балауса жырларынан тазалыққа, адалдыққа деген бала көңілден шыққан лебізді аңғардым. Айгүлдің поэзияға деген қадамына жоралғы болар ма екен деген ізгі ниетпен оқырмандар назарына екі-үш өлеңін ұсынып отырмын. Мешітбай Құттықов. Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі».

Газетке жарияланған бұл жырлардың астынан біз тек оның иесі Қазалыдан Айгүл Жәмиева есімді №249 мектептің бастауыш сыныбының ұстазы екендігін ғана білеміз. Жас ұстаздың белгілі ақын Мешітбай Құттықовтың батасымен 90-жылдардағы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетіне жарияланған осы екі-үш өлеңінің біріне назар салсақ.

Көзіңді, құрбыларым, ашып қара
Фәнидің мәңгі емесі ғажап емес,
Қатпары бар, әрине, белес-белес,
Ғасырда озып туған шоқжұлдыздар
Мәңгіге ұмытылмас, қайта келмес.
Тілін, ділін танытқан туған елдің,
Оларға бола алмаған ешкім теңдес.
Ғасырдан ғасыр озып асса-дағы,
Жаңғыртқан жаңалығы еш көнермес.
Озық ой, қазынасы дүйім жұрттың
Десем де мақтанышпен, асылық емес.
Абай мен Ұлы Мұхтар, Жамбылдардың
Еске алып рухына кім бас имес.
Дөңгелек дүние тамсандырған
Мұрасы Мұхтар ата қайта келмес.
Қазақты күллі әлемге мәшһүр еткен,
Бір пенде басын шайқап пәлен демес.
Біздерге, балаусадай жас ұрпаққа,
Береді ғұмыр бойы әділ кеңес.
Көзіңді, құрбыларым, ашып қара,
Алдында сол жарықтың мәңгі сөнбес.

Қожабақы мектебін бітіріп шыққан бұл ақын азаматтардың:

Абай ақын бір басқа, Мұхтар басқа,
Мен де, досым, ендеше басқа болам,
Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған,
Өзіме шақ көгілдір аспан алам,

– деп қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың жырлағанындай, поэзия әлемінде өзіне шақ көгілдір аспан алғысы келіп жүрген, жыр жолында әлі ешкім бастамаған соны бір соқпақты бастағысы келіп жүрген тағы да қаншама қалам ұстаған кейінгі жас буын талапкерлердің тағы қаншасының жыр сүйер кеудесіне өздерінің баталы сөздерімен қанат бітіргендерін кім білсін?

Қожабақы мектебінен ақындар түлеп ұшқан жер деп айтылады. Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан сөз. Бірақ Қожабақы жерінен тек ақындар түлеп ұшқан жоқ, сонымен бірге ғылым адамдары – ғалымдар, мысалы, ағалы-інілі белгілі, танымал профессорлар: Шынболат Дербісәліұлы Дәленов, Ерболат Дербісәліұлы Дәленов сияқты ауыл шаруашылығы ғылымдарының және медицина ғылымдарының ғылым докторлары да осы Қожабақының топырағынан түлеп ұшты. Олардың інісі Бекболат Дербісәліұлы Дәленов Қожабақы мектебін 1977 жылы «Алтын медальмен» бітіріп шыққан. Олар – Қожабақы мектебінің көпшілікке ұстаздық ісі үлгі-өнеге болған белгілі, танымал ұстазы Дербісәлі Дәленовтің ұлдары. Сондықтан да 2000 жылы белгілі ұстаз Дербісәлі Дәленовті 90 жасына байланысты перзенттерінің қатысуымен еске алу үшін ұйымдастырылған кештің сценарийінің тақырыбының да «Ұстаздықты үлгі етіп сан қырдан, отбасына өнегесін қалдырған» деп аталуы да және де 1998 жылы дүниеге келген №25 орта мектебі жайында жазылған өлең жолдарындағы «Дәленовтер отбасын ғылым-білім жолында үлгі етіп шәкірт қарады» деген жолдар да осыған байланысты айтылған.

Сол сияқты №25 орта мектебінен еліміздің жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысқан басқа да профессорлық, доценттік атақ, лауазымға ие болған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары да түлеп ұшты. Олар Б. Айтбембет, А. Ерғалауов, Т. Еңсегенов, Ш. Жақсыбаев, А. Жаманбаев, А. Қошқарбаев, С. Қоңырбаева сияқты ғалым түлектер. Сол түлектердің ізіне кейінгі уақытта Қожабақының перзенті, №25 мектептің 1987 жылы бітірген түлегі, доцент, техника саласынан ғылыми диссертация қорғаған техника ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Келмағамбетов есімі де ілескен еді.

Қазақтың тамаша лирик ақыны Тұманбай Молдағалиевтің әнге айналған өлеңінде («Алатау қызы» әні, композиторы Әшірхан Телғозиев) «Ұлы өзендер басын таудан алады, Тау баласы тауға қарап өседі» деген жолдар бар. Соған қарағанда әрбір перзенттің табиғаты да өзінің туған жерінің табиғатымен ұқсас болып келетін болса керек. Тау баласының болмысы да тауға ұқсап тұрады. Тау баласының арманы да асқақ болады, көңілі де биіктікті сүйеді, яғни ақын Тұманбай Молдағалиевше айтқанда, «Тау баласы бұлтты кешіп жүреді».

Қожабақыда тау жоқ, бірақ Қожабақыда қыр бар. Ол Аранды қырының топырағынан шыққан тағы да бір есімі белгілі қаламгер, белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлмәмбет Әлішевтің республикалық «Ана тілі» газетінің сайты бетінде 2014 жылы 3 сәуірде «Киелі мекен» деген атпен жарияланған еңбегіндегі «Қызылорда облысы, Қазалы ауда­ны­ның «Қожабақы» ауылынан басталатын ұзындығы жиырма бес шақырымға жететін «Аранды қыры» атанған биік қырат бар. Былай қарағанда тау сияқты көрінгенімен, жергілікті халық оны «Нұра» дейді» деп сипаттама беретін – туған жеріміздің қасиетті Аранды қыры. Тау баласы мен қыр баласының ортақ ұқсас жерлері сонда – қыр баласының арманы да аласа болмайды. Қожабақыдағы мектептің толық орта білім беретін мектеп болып қалыптасқанына 50 жыл толу құрметіне байланысты дүниеге келген, 1998 жылдың Мұғалімдер күні мерекесінде №25 мектептің Ұстаздар мерекесіне байланысты Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінде өткізілген іс-шарасында тұңғыш рет орындалған №25 мектептің термесінің «Төсінен ұшқан түлектің Арманы биік болған жер» деп аталғаны да сондықтан.

«Қожабақы мектебінің термесін» 2016 жылдың 27 маусымы күні Қазалы аудандық мәдениет Үйінің директоры Кемеңгер Өтептің тапсыруымен Қазалы аудандық мәдениет Үйінің белгілі жыршы-термеші өнерпазы Жәнібек Сырдың мақамымен жазып орындады. Оның мәтінін одан бір жыл бұрын, алғаш рет 25 мамыр мерекесінің қарсаңында 2015 жылдың 18 мамыры күні республикалық «Білімділер» порталы жариялаған болатын. Жәнібектің жазып орындағаны – осы мәтін.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Сейіл Боранбаев, Әнес Нарымбетов және Сейіл ақынның 60 жасында:

Туған жерді түлетіп,
Бұзылмаған іргеміз.
Кездессек те жыл өтіп,
Баяғы кеуіл біргеміз,

– деп жырлаған олардың сыныптастары ақын Ақанжан Келімбетовтер бар, №25 мектепті тұңғыш рет толық орта біліммен бітіріп шыққан алғашқы түлектерінің саны 18 болған. Ақын сыныптастарының бәрінің де есімдері ақын тойында айтылған және ақынның мектептен алған аттестатының нөмірі де айтылған. Сонымен бірге бұл деректердің барлығы да Сыр бойынан шыққан белгілі қаламгер Сейіл Боранбаевтың 2000 жылы Қожабақыда Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінде аталып өткен «Ел болып өлең-жырдың тақырыбы, қауышты ауылымен ақын ұлы» атты ақын тойының кешінің сценарийінде де жазулы тұр.

***

№25 орта мектебінің ақын түлектері – Сейіл Боранбаев, Әнес Нарымбетов, Ақанжан Келімбетовтер Қожабақыдағы №25 мектепті толық орта білім туралы аттестатпен бітіріп шыққан алғашқы түлектері болса, ал жүйрік уақыт әне-міне дегенше-ақ 1999 жылы №25 мектептің 50-түлектерін де бітіртіп шығарды. Олардың бітіргеніне де биыл 20 жыл толып отыр. 50-түлектердің сынып жетекшісі Айсұлу Сансызбаева апайлары мен Қанат Қуандықов болды. №25 мектепті 1991 жылы бітірген Қанат Қуандықов Алматыдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Физик» квалификациясымен бітіріп келген. №25 мектептің тарихында пән маманы ретінде жаратылыстану ғылымы пәндері бағытында оқушы баланың ғылыми жобасымен тұңғыш боп жұмыс істеген маман. 2000 жылы желтоқсанда Қанат Қуандықовтың шәкірті, 10-сынып оқушысы Толқын Мәлікова облыстық ғылыми жобалар жарысының физика бойынша II дәрежелі дипломын иеленген. Қанат Қуандықовтың №25 орта мектебіндегі сынып жетекші маман ретіндегі тұңғыш шәкірттері мектепті 1999 жылы бітіріп шықты. 50-түлек. №25 мектептің 50-түлектерінің құрметіне және №25 орта мектебінің толық орта білім беретін мектеп болып қалыптасқан тарихына жарты ғасыр толуына байланысты «Қожабақы мектебінің вальсі» дүниеге келді. «Қожабақы мектебінің вальсі» тұңғыш рет 1999 жылдың 9 Мамыр Жеңіс күні «Сен құрметте оны» деген атпен өткізілген Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған концертте орындалды. Ал «Қожабақы мектебінің вальсін» 2016 жылдың 7 желтоқсаны күні әннің өлеңінің авторының өтінішімен Қызылорда облыстық филармониясының әншісі Ринат Үсенов және Қызылорда облыстық филармониясының маман қызметкері Таңшолпан Қазиевалар жазып орындады.

***

Біз сөз етіп отырған ақын әрі тарихшы Ақанжан Келімбетовтің жазушы Әлмәмбет Әлішев басқарған Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінің 90-жылдардың ішіндегі санына басылып шыққан «1932 жылдың аяғына таман Арал теңізінің оңтүстік өңірінен Қазалы ауданының жеріне қарай бір үлкен жолбарыс кетті деген үрейлі хабар елге, оның ішінде Сырдарияның сол жағалауында отырған халық арасына лезде тарап кетті. Көп ұзамай жолбарыстың Мапа көлінің нарлық, ну қамысын жайлап жатқаны анықталды. Күз айларында көл маңына жайылып барған баспақ-таналардың, Аранды қыры етегінде жайылып жүрген тайлақтардың жолбарысқа жем болғаны мәлім бола бастады. Азулы жыртқыштан қорыққан адамдар ауылдан оқшау шығудан, малды көлге қарай айдаудан қалды» деп басталатын «Мапа көлінен ұсталған соңғы жолбарыс» атты деректі мақаласында 1933 жылдың ақпан айының басында болған жолбарыс аулау оқиғасы жөнінде баяндалады.

Тарихшы Ақанжан Келімбетов бұл мақаласының нақты деректерін 1933 жылғы ақпан айының басында болған оқиғаның куәгерінің бірі – әрі емші, әрі егінші, әрі балықшы, әрі мерген, әрі аңшы Жарас баласы Мәтеннің аузынан және сонымен бірге 1933 жылғы ақпан айының басындағы жолбарыс аулау оқиғасының нағыз ортасында болған – өз әкесі Ерсайынұлы Келімбеттен естіп, кішкентайынан жадына тоқып өскен екен.

Ақын Ақанжан Келімбетовтің әкесі Ерсайынұлы Келімбет «Үлгі бол» серіктестігін басқарған, көкірек көзі ашық, өз заманында мәдениетті тұрмыс құрған жан, ит жүгіртіп, аң аулауды да қызықтаған саятшылығы да бар адам болса керек. Сөз реті келгенде, ақын Ақанжан Келімбетовтің әкесі Ерсайынұлы Келімбетке арналған «Әке» өлеңіне де назар салсақ.

Сен барда ер жетіппін кеңдікте мен,
Білмедім не екенін кемдік деген.
Қатайып, білім алып, кісі болдық,
Өмірде қолда болды теңдік деген.

Болып ең қамқоршысы бір ауылдың,
Көтердің қиындығын кіл ауырдың.
Өзіңе қажет дүние болса дағы,
Іні мен досқа бердің ең тәуірін.

Кей іні киіп кеткен ішігіңді,
Кей келін кілем алып тұсына ілді.
Сұраса, орыңдадың, әлі есімде,
Бердің-ау қоян қағар күшігімді.

Ініге жорға бердің, жүйрік бердің,
Қой сойып қонағыңа құйрық бердің.
Өзіңе бар адамды туыс тұтып,
Тіледің ұйытқысын берік елдің.

Сен едің жақсы істің ұйытқысы,
Тыңдаушы еді әңгімеңді сүйіп кісі.
Ел үшін еңбегіңмен қай кезде де
Болған ең ақсақалдың сүйіктісі.

Дарыпты көп әңгімең жас кезде ұққан,
Жатып ап оң тізеңде есте тұтқан.
Ойыма елестейді кей мінезің –
Секілді ертеде өткен Әкім Лұқпан.

Я, әке! Ардақ тұтам шаңырақты,
Жақайым Жетес би қонған аруақты.
Мен сенің рухыңа басымды иіп,
Жар бол деп тілектемін бар уақты.

Арнаған ықыласыңды әкем едің,
Келеді қайта-қайта әке дегім.
Мен сенің ықыласыңның арқасында
Өмірге Келімбетовтер әкелемін.

«Азулы жыртқыштан қорыққан адамдар ауылдан оқшау шығудан, малды көлге қарай айдаудан қалды» деп жоғарыда айтылғандай, сонан соң жолбарыстан үріккен ел Қазалы ауданының орталығына хабар береді. Ал Қазалы ауданының орталығы Сырдария өзенінің сол жағалауында жатқан елге үрей төндірген азулы жыртқышты аулау үшін Қазалы аудандық аңшылар одағына тапсырма береді. Осы тапсырма бойынша 1933 жылдың ақпан айының басында азулы жыртқышты аулау мақсатымен бұрынғы өткен бай тарихында неше жыл бойы Арал, Қазалы, Қармақшы аймағында жатқан бірнеше болыс елді біріктіріп, басқарып тұрған – уезд орталығы болған, жергілікті қазақтардан да басқа ұлт өкілдері мекендейтін, бұл кезде, яғни 1933 жылы, енді соның алдында ғана 1928 жылы құрылған Қазалы ауданының орталығы болып тұрған – Қазалы қаласынан оқ-дәрісін артқан, мылтықпен қаруланған, жандарына аңшы иттерін ерткен ұзын саны он-он бестей аңшы орыстар Орал казактары жолға шығады. Тарихшы Ақанжан Келімбетов мақаласынан өзге де тарихи дереккөздерінде баяндалғандай, XIX ғасырдың екінші жартысында уезд орталығына айналған – Қазалы аймағына капиталистік қатынастар еніп, осы кезеңде Қазалы халқы санының жыл сайын көбейіп отырғанын, сонын ішінде осы кезеңде Қазалы жеріне басқа ұлттардың да көптеп қоныстанғандығын, мысалы, Құсайыновтар фирмасының төңірегіне татарлардың көбірек келіп қоныстанғандығын, сол жылдардың арасында Қазалы жеріне Орал казактары келгендігін, сонымен бірге сауда және өнеркәсіптің дамуымен бірге Қазалы жерінде осы кезеңде мәдениет пен ағарту ісінің де дамығандығын, Қазалы жерінде қазақ балаларын оқытатын орыс мектептерін ашуды көбейту көзделгенін, Қазалыда ашылған мектепте сол кезде қазақтың атақты ұстазы Ыбырай Алтынсаринмен Орынборда бірге оқыған Мүмін Байдосовтың да сабақ бергенін, Сыр бойындағы алғашқы кітапхана Перовскіден (Қызылорда қаласы) кейін XX ғасырдың басында Қазалыда ашылғанын, кітапхананың жұмысының жандануына Қазақстан мен Орта Азия табиғатын зерттеген орыс зиялы қауымының ролі зор болғанын, қазақтан шығып, XIX ғасырда Европаша білім алған атақты қазақ ғалымы, жас Шоқан Уәлихановтың да өмірде досына айналған көрнекті оқымысты, ғалым-географ П.П. Семенов-Тян-Шанскийдің де Қазалыға табан тіреп, кітапхана жұмысына кеңес беріп, Қазалының кітапханасына өзінің жеке кітапханасынан қолтаңбасымен 200 кітапты сыйға тартқандығы жөнінде айтылады.

Жоғарыда айтылған аңшы орыстар Орал казактары жоғарыдағы Жарас баласы Мәтеннің үйі мен Ерсайынұлы Келімбеттің үйіне келіп түседі. Себебі ол аңшы орыстар Мәтенмен де, Келімбетпен де бұрыннан таныс, дос-жар адамдар болған екен. Олар бұл жерден басқа уақытта да үнемі келіп, аң аулап тұрады екен. 1928 жылы туған тарихшы Ақанжан Келімбетов Ұлы Отан соғысы басталатын 1941 жылы 13 жасар ұл. Осы аңшы орыстар Ұлы Отан соғысы басталатын 1941 жылға дейін де үйге келіп жатып, қыста талай қабан аулап кететін еді дейді Ақанжан Келімбетов мақаласында. Сонда осы кәсіби аңшылар оқ-дәрі, қару-жарағымен бірге іздеріне тағы да 60-70-тей аңға түсіп машықтанған, аңға салатын төбет иттерін ертіп жүреді екен. Олардың иттеріне Мәтен әке алдын ала азық дайындап қоятын еді дейді Ақанжан Келімбетов. 1933 жылғы ақпан айындағы оқиғаның кезінде де олар осы кісілердің үйлеріне түсіп, жолбарысты аулауға алдын ала жоспар құрады, жандарына елден де жігіттер ертеді.

Аңшылар жолбарысты Найзағұл тамының маңынан ұшырастырамыз деп өздері алдын ала болжам жасаған. Өзі де солай болады. Аңшылар түс мезгілінде Найзағұл тамының маңына аялдап, жолазықтанған кезде жолбарысқа кезігеді. Дәлірек айтқанда, олардың өздері емес, жолбарыстың ізіне салынған, ізге түсіп кеткен ізшіл иттері кездескен. Аңшылардың иттері үш топқа бөлінеді екен. Бірінші топта шошқа алып машықтанған, жеңіл жүгіретін, із кескіш, иіс білгіш иттер болған. Ал екінші топта жолбарыспен айқасудан қорықпайтын күшті иттер болған. Ал үшінші топтағы ең таңдаулы деген иттерін аңшылар оқ-дәрі, азық-түліктерін артқан арбаларының маңында шынжырға байлап ұстайды екен. Найзағұл тамының маңында аялдаған аңшылардың бұрын шошқа алып машықтанған ізге түсіп кеткен ізшіл иттерінің ішінен кенет үш-төртеуі жанұшырып кері қарай жүгіріп келіп, иелерінің артына тығылады. Бір нәрседен иттердің қатты қорыққандары сондай, үні шықпай қалады. Аңшылар осыдан кейін мылтықтарын ала салып алға қарай тұра жүгіргінде үш жүз метрдей жерде өліп жатқан өздерінің иттерін көреді. Жолбарыс оларды қас қағымда-ақ бауланған қамыстай етіп әр жерге үш-төртеуден үйіп кеткен екен. Жолбарыс итке атылған кезде итті алдыңғы екі аяғымен соғып өлтіріп жібереді екен. Осыдан кейін жолбарыстың ізіне күшті деген иттер салынады. Олардың өздері де иелері іздерінен жеткенде ғана, адамның қарасы көрінген кезде ғана барып күш алып тұрды дейді. Олардың да өлгені өліп, өлмегені жолбарысты тілерсектен тартып айқасқа түседі, оны әлсірете бастайды.

Осы жолбарыс аулау айқасы кезінде Қазалы қаласынан шыққан аңшылардың ішінен Родион есімді аңшы ауыр жарақат алып қалады. Өйткені ол аңшылардың ішінен алға қарай бірінші болып жүгіріп жетіп, иттер қамалап ұстаған жолбарысқа тым жақындап барып атқан екен. Родион жолбарысқа жақындап, оны жалғыз оқпен атқан кезде, оқтың тигеніне қарамастан, кенеттен жолбарыс көз ілеспес шапшаңдықпен атылып келіп Родионның өзін соққанда, сонда алып денелі Родионның жан даусы шығып айқайлады деген екен куәгерлер. Осы кезде басқа аңшылар да атады. Жолбарыс атылып шығып, кейін қарай қаша бастайды. Бұдан кейін аңшылар ауыр жарақаттанып қалған жолдастары Родионды ат шанаға жатқызып, түнде Мәтен емшінің үйіне алып келеді. Мәтен емші оған көмек жасап, дәрі егеді. Одан әрі Қазалыдан медицина мамандарының көмегін сұрап, хабар жібереді. Өздері әбден шаршап-шалдыққан аңшылар оң аяғының күл-талқаны шыққан жолдастары Родионды ойлап түні бойы қатты қиналады.

Аңшылар ертеңіне ертемен ең таңдаулы деген иттерін ертіп көліктерімен келіп Найзағұл тамының аржағынан жолбарыстың ізіне қайтадан түседі. Жолбарыс осы күні ауланады. Ол кеше денесіне тиген оқтардың себебінен алысқа ұзай алмай, көлдің ашық алаңында жатуға мәжбүр болған екен. Әбден әлсіреген жолбарыс мұзға қатып қалыпты. Оның жанында аңшылардың иттерінің өлігі жатады. Аңшы орыстар жолбарысты көріп, өмірімізде мұндай үлкен жолбарысты кездестірмеппіз деген екен. Аңшылар жолбарысты түйе арбаға зорға салыпты дейді. Осылайша 1932 жылдың күзінен бастап-ақ Мапа көлінің ну қамысында бір үлкен жолбарыстың пайда болғаны туралы не түрлі үрейлі әңгімелер айтылып, хабары шығып, Сырдария өзенінің сол жағалауында отырған елдің үрейін ұшырып, малын жеп кетіп, құтын қашырған азулы жыртқыштың көзін жою мақсатында Қазалы аудандық аңшылар одағына берілген тапсырма орындалады.

Тарихшы Ақанжан Келімбетов 90-жылдардың ішіндегі Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінде жарияланған «Мапа көлінен ұсталған соңғы жолбарыс» атты бұл деректі мақаласын жазар ма еді, жазбас па еді? Бұрында да осы оқиғаны жазсам деп оқталып жүрген автордың мақаласының аяқ астынан барып жазыла кетуіне бір жағдай себепші болады. Ақанжан Келімбетов 90-жылдардың ішіндегі газетке жарияланған осы мақаласы жазылар алдында ғана телевизордан кездейсоқ «Тұран жолбарысының ізімен» деген бір фильм көріп қалады. Сонда телевизор телекөрерменге Сырдария өзені бойынан ең соңғы, ең үлкен Тұран жолбарысы 1933 жылы Қазалы жерінен ұсталған деген бір деректі береді.

Осыдан кейін Ақанжан Келімбетов 1933 жылғы жолбарыс аулау оқиғасының нағыз ортасында болған куәгері – өзінің әкесі Ерсайынұлы Келімбет пен аңшы Жарас баласы Мәтеннен бала күнінен естіп, қанығып, жадында сақтап өскен дерек пен осы телевизордың беріп тұрған дерегінің арасында бір байланыс бар шығар, мүмкін, екеуі бір оқиға шығар деп болжам жасайды. Сондықтан осыдан 64 жыл бұрынғы өтіп кеткен оқиғаны қағаз бетіне түсіріп, газетке жариялап отырмын дейді тарихшы автор Ақанжан Келімбетов Аранды қырынан шыққан белгілі прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, батыр ерлігін Латвия жеріне бірнеше барып зерттеп, кезінде жазылған мазмұны он тараудан тұратын – Ұлы Отан соғысында 1944 жылы шілде айында латыш жерінде, Перели деревнясында қаруының оғы таусылып, өзін қолға түсірмек болған саны көп дұшпанмен одан әрі қолма-қол ұрысқа шығып, жауының алдында тізе бүкпеген күйі ерлікпен қаза тапқан қазалылық ұл, Кеңес Одағының Батыры, кіші сержант Үрмәш Түктібаев жайында жазылған, батыр ерлік жасаған жердегі латыш балалары да өз ана тілдерінде оқыған, «Батыр болып тумайды» атты көркем шығармасын сол кезгі Қазалының бар оқушы баласы қызыға оқып шыққан, бұл шығарма мазмұны тоғыз тараудан тұратын жазушының «Бәйтеректің бұтағы» атты көркем шығармасымен бірге жазушының «Бәйтеректің бұтағы» атты кітабына енгізілген болатын, көпшілікке есімі танымал, белгілі редактор, публицист Әлмәмбет Әлішев басқарған Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінің 90-жылдардың ішіндегі санына басылып шыққан «Мапа көлінен ұсталған соңғы жолбарыс» атты деректі мақаласында.

«Мапа көлінен ұсталған соңғы жолбарыс» мақаласының мазмұны іштей үш тақырыпшадан тұрады. Оның «Жолбарысты бірінші көрген адам» атты бірінші тақырыпшасында жолбарысты бірінші көрген Қазалы аудандық қаржы бөлімінің инспекторы Әліш Үмбетәліұлы Аранды қырындағы Сағындық, Жантақты, Қожабақы ауылдарындағы шаруашылықтарға аудан орталығынан өкіл болып барып, шаруашылықтарды аралап, кешкісін Сарытөбе ауылындағы өзінің үйіне Аранды қырының Мортық, Найзағұл тамын жапсарлап өтетін көл жиегіндегі үлкен жолмен атымен сыдыртып, желдіртіп келе жатқанда абайсызда жолбарысқа кездесіп қалады. Бұл 1932 жылдың күз айы. Күн кеш батып келе жатқан кез әрі күз айы болған соң бүркіп майда жауын жауып тұрған тұмандау, буалдыр күн екен. Сондықтан Ә.Үмбетәлиев жолдан бөлектеу тұрған қараны әуелде тұсауланған ат екен деп ойлайды. Елдің адамдары жолда көздеріңе мал түссе, түстеп біліп, ауылға қарай бағыттап жіберіп отырыңдаршы деп айтып отырады екен. Сол оймен инспектор Ә.Үмбетәлиев әлгі жолдан бөлектеу тұрған қараға таяна бергенде, басы бақыр қазандай, алабажақ тарғыл бір нәрсе жүрісін білдірмеген күйі жыбырлап басып Ә.Үмбетәлиевке жақындай беріпті. Сонда төнген қауіпті әуелі астындағы жүйрік торы бестісі сезіп, шыңғыра кісінеп жіберіп, құйындатып шаба жөнелгенде, Ә.Үмбетәлиев те осы кезде атқа қамшы басады. Инспектор Әліш ағайы туралы өзі де атқа келгенде жаны жақын, аттың жүйрігін, жорғаның майталманын таңдап мінетін, киімнің де ең қымбатын киетін, ат әбзелдері де күмістелген сұлу сәнді, өзі де сұлу мүсінді, өте келбетті, көрікті жігіт еді дейді Ақанжан Келімбетов мақаласында. Тарихшы Ақанжан Келімбетов мақаласынан өзге де тарихи дереккөздерінде баяндалғандай, 20-жылдардың ішінде және 30-жылдардың басында Қазалы уезі және Қазалы аудандарында жауапты қызметтер істеген, 1932 жылы Орал облысына қызметке жіберілген, 1925 жылы Қазалыда советтік болыстық атқару комитетінің сайлауында Ақтөбе болыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған (осы сайлауда орынбасарлыққа Нағмет Үркімбаев, секретарьлыққа Байназар Өтепов сайланады), 1930 жылдың басынан бастап Қазалы ауданында да жүрген жаппай колхоздастыру кезінде аудан колхоздарын өз қолымен ұйымдастырған, сол кезеңде өзіне жабылған жала, жазылған арызға қарамастан, қай жұмыста жүргенде де өзінің қызметін адал, әділ атқаруға тырысқан Ертас Бөлекбаев 1967 жылы жазылып, 1992 жылы Алматыдан «Қазақстан» баспасынан шыққан «Өмір өткелдері» атты тарихи деректі кітабының 49-бетінде сол 30-жылдардың басында жастардың ұйымы – комсомол комитетінің бюро мүшесі болған Әліш Үмбетәлиев туралы жаза келіп, бұл өте ұстамды, іскер, көпшілікке ұнамды, тіл алғыш жігіт еді және жасы үлкен мен айтатын сөзді ол өзі менен бұрын тауып айтатын ақылды еді деп баға береді. Жоғарыдағы оқиғаны 1941 жылы маусымда басталған Ұлы Отан соғысына аттанып кетемін дегенше өзінен айтып берші деп сұраған жандарға айтып отыратын еді дейді мақала иесі Ақанжан Келімбетов Әліш Үмбетәлиев туралы. Сол сәтте Әліш Үмбетәлиев атымен біраз жерге шауып барып, артына бұрылып қарағанда, жолбарыс жете алмасын білген соң тоқтап қалған екен. Жолбарыс сол сәтте тоқ болды дейді екен оқиғаны айтушы Әліш Үмбетәлиев, соның алдында бір малды жәукемдеп алып, жол аңдып, ашыққа шығып жүрсе керек, менің атыма жете алмағаны іші тоқтықтан болды-ау деп ойлаймын дейді екен Әліш Үмбетәлиев өз әңгімесінде. Мына оқиғаны естігенде Әліш Үмбетәлиевтің Сарытөбеде тұратын ата-анасы бір мал сойып, құдайы жолы жасап, ертемен елге таратқан екен.

Ал «Жолбарыспен бетпе-бет кездескен адам» атты мақаланың екінші тақырыпшасында Қоңырбай атты қарттың жолбарыспен қалай бетпе-бет кездесіп қалып, одан аман құтылғандығы жөнінде баяндалады. 1932 жылдың жаз айында біраз адамдар Мапа көлінің Аранды қыраты жиегіндегі Аймырза өзегі маңына бақша егіп, егін салған екен. Содан сол жердегі егін аңызында аң, құстар көп болыпты. Осыған байланысты сол 32-жылы алғашқы қар түскеннен-ақ кейбір адамдар қақпан салып, тұзақ құрып сол жердегі көл жиегінен аң, құс аулайды екен. Қоңырбай қарт та күнделікті әдетімен сол жерге қоян, қырғауылға құрған қақпан, тұзақтарын қарауға келгенде жолбарысқа кездесіп қалады. Сол жерде төбесі жазда бұзылған, бірақ қабырғалары бар, қамыстан соғылған қақыра тұрады екен. Қоңырбай қарт өмірінде көрмеген бір алабажақ тарғыл хайуан әлгі қақыраның ішінен шығып келе жатыпты. Үрейленген Қоңырбай қарт жанұшырып, жалма-жан қамыс қақыраның қабырғасының жоғары белдеуіне шығып кетеді. Жолбарыс адамнан екі көзін алмаған күйі сақтықпен баяу қозғалып, арқа жүнін тікірейтіп, қамыс қақыраның екінші жағынан келіп жонын сүйкеп, ыңырануымен көлдің селдір қамысының арасына кіріп көрінбей кетеді. Қоңырбай қарт кейін «Жолбарыс адамның екі көзінен қорқады» деген халықтың бір дана сөзі бар еді, сол есіме түсіп, жолбарыстан көзімді алмаған күйі кірпік қақпай қарай бердім деген екен. Бірақ өзі мынадай «кездесуден» кейін үйіне ес-түсінен айырылып, жолай бір құлап, бір тұрып, домаланып жүгірген күйі әрең жетіпті.

Ал мақаланың үшінші тақырыпшасы «Жолбарыспен айқас» деп аталады. Оқиға Кіші жүз Әлімнің Шектісінің алты Кішкенесінің бір баласы – Үсен руының егін егетін жері Бас, Кіпен деген жерде ұйымдастырылған. Себебі Кіпенге жақын жердегі жиырма-отыз үй біріккен «Үлгі бол» серіктестігінің сол жылы егіндері бітік шығып, астықтары мол болып, сол жерден көшпей қыстап қалған екен. Сол серіктестікті басқаратын Ерсайынұлы Келімбет қамыстан үлкен қақыра тұрғызып, оның іші-сыртын інілеріне сылатып, әктетіп, ішіне аспалы шам құрып, сонда қыстап отырған. Ал қонақжай Мәтен аңшы әрі емші, әрі егінші, әрі балықшы, Кіпен деген жерді мекен етеді екен, сол жерде егін салады, қыста Мапа көлінен балық аулайды, сонда орын тепкен.

1932-1933 жылдардың күз, қыс айларында Қазалының Сырдария өзенінің сол жағалауында отырған елдің үрейін ұшырған азулы жыртқышты аулау мақсатында Қазалы қаласынан шыққан аңшылардың тобын басқарған аңшының есімі Шурка есімді аңшы дейді Ақанжан Келімбетов мақаласында. Бұл аңшы Ақанжан Келімбетовтің әкесі Ерсайынұлы Келімбеттің өмірде жақын досы болыпты. Бұл аңшының әйелі Қазалыдағы орыс мектебінде химия және биология пәндерінен сабақ беретін мұғалім болып істейді деп әкем айтып отыратын еді дейді Ақанжан Келімбетов өз мақаласында. Сонымен бірге бұл топта Пантелеймон есімді аңшы жігіт және жоғарыда айтылған жолбарыстың шабуылынан жарақаттанып қалатын Родион есімді аңшы және осы аңшылар тобының бастығы Шурканың інісі Петька есімді аңшы жігіттер де болған екен.

***

Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қызылорда облысы бойынша фольклор жинаушы-тілшісі болған ақын, тарихшы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Ақанжан Келімбетов мектеп оқушыларының арасынан Аранды қыры топырағынан, Қожабақыдан Республикалық дәрежедегі білім жарысына тұңғыш шыққан оқушының ғылыми жетекшісі болды. 1985 жылы туған Гүлайым Байназарова (оқушының мұғалімі Ғабиден Қожахмет) 2001 жылы «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» атты өзінің ғылыми жоба жұмысымен оқушылардың Республикалық Ұлттық ғылыми жоба жарысының Қазалы ауданының мектептерінің оқушыларының арасынан әдебиет бойынша тұңғыш қатысушысы болды.

№25 мектеп оқушысы Гүлайым Байназарованың 1999 жылдан бастап өткізілетін, Аранды қыры, Қожабақы топырағынан тұңғыш шығып қатысқан оқушылардың Республикалық Ұлттық ғылыми жоба жарысы туралы нақты деректерге сүйенген мағлұмат бере кетсек, оқушылардың Ұлттық ғылыми жоба жарыстары штаб-квартирасы Вашингтон қаласында орналасқан Бүкіләлемдік ғылым мен техника көрмесінің 2000 жылдан бастап филиалы болып табылатын Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің атынан өткізетін жарысы. «Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар – білімділер, зейінділер» деген сөзі бар Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың. Оқушылардың Ұлттық ғылыми жоба жарыстары 2000 жылы Бүкіләлемдік «Үшінші мыңжылдыққа өткел» ғылым мен техника көрмесінің филиалы болып тіркелген. Ұлттық ғылыми жоба жарыстары физика, техника, космонавтика, математика, қолданбалы математика, информатика, тарих, өлкетану, әдебиет, экономика, социология, құқықтану, биология, химия т.б. секциялар бойынша бес бағытта өтеді. Жұмысқа қойылатын ең басты талаптардың бірі: шығармашылық қабілет, ғылыми ойлау, тақырыпты ашу деңгейі және нақтылық.

Оқушылардың Ұлттық ғылыми жоба жарыстарын өткізу бойынша әдістемелік нұсқауларға сәйкес Ұлттық ғылыми жоба жарыстарының екінші кезеңі – облыстық кезеңінің жеңімпаздары Ұлттық жарыстың үшінші кезеңі – іріктеу кезеңіне қатыса алады. Ұлттық ғылыми жоба жарыстарының үшінші кезеңі – іріктеу кезеңінің алдын ала сараптамасынан кейін барып сараптау комиссиясы нұсқауларда көрсетілген талаптарға сәйкес Ұлттық ғылыми жоба жарыстарының төртінші кезеңі – республикалық кезеңіне қатысатын оқушыларды анықтайды.

Қазалы ауданы №25 мектептің 10-сынып оқушысы Гүлайым Байназарова 2000 жылы желтоқсан айында Қызылорда қаласында өткізілген оқушылардың Ұлттық ғылыми жоба жарыстарының екінші кезеңі – облыстық кезеңінде облыстық жарысқа қазылық жасаған мамандардың тарапынан жоғарыда аталған ғылыми жоба жұмысымен облыстық жарыстың II дәрежелі дипломын иеленген болатын. Ал Г.Байназаровамен бірге осы облыстық жарысқа қатысқан №25 орта мектебінің тағы бір оқушысы, 11-сынып оқушысы, №25 мектепте 90-жылдардың аяғында жұмыс істеген – Барлыбек Сыртанов атындағы құқықтану үйірмесінің (Б. Сыртанов үйірмесінің Асқар Сүлейменов атындағы әдебиет үйірмесімен бірлескен «Ар және Заң», сосын одан бөлінген «Құқық» үйірме газеттерінің редакторы мектептің оқу үздігі, мектепті 1999 жылы «Үздік аттестатпен» бітірген Эльмира Бекжанова болды) мүшесі болған, 1984 жылы туған Дастан Аманбаев (оқушының мұғалімі Ғабиден Қожахмет) Қызылорда қаласындағы осы Ұлттық ғылыми жоба жарыстарының екінші кезеңі – облыстық кезеңінде «Мұсылмандық құқық және оның қолданыстағы құқықтан ұқсастығы мен айырмашылығы» тақырыбындағы өзінің ғылыми жоба жұмысымен құқықтану секциясы бойынша облыстық жарысқа қазылық жасаған заңгер мамандардың тарапынан облыстық жарыстың грамотасын иеленген. Сонан соң Қызылордадағы Ұлтық жарыстың екінші кезеңінен кейін Г.Байназарованың ғылыми жоба жұмысы Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) Ұлттық ғылыми жоба жарысының үшінші кезеңі – іріктеу кезеңінің сараптау комиссиясының алдын ала сараптамасына ұсынылып, сараптау комиссиясының мамандарының алдын ала сараптамасынан кейін барып Г.Байназарова Ұлттық ғылыми жоба жарысының төртінші кезеңі – республикалық кезеңіне өз жұмысын қорғауға «Шақыру» алды.

Қызылорда облысы Қазалы ауданы №25 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлайым Байназарованың «Шақыру» парағында:

«Сізді 2001 жылы ақпан айының 28 жұлдызы күні сағат 17.00-де өтетін оқушылардың Республикалық «III Ұлттық ғылыми жоба жарысының» ашылу рәсіміне шақырамыз. Ұйымдастыру комитеті. Өтілетін орны: Түркістан қаласы Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің мәдениет орталығы» деп, одан әрі республикалық жарысқа өздерінің ғылыми жоба жұмыстарын қорғауға жиналып отырған Республиканың оқушыларын 28 ақпан – 3 наурыз арасындағы республикалық жарыстың үш күндік бағдарламасында оқушылардың ғылыми жоба жұмыстарын қорғау, жарыстың салтанатты түрде ашылу, жабылу расімдері, жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі, қонақтарды күтіп алу, тіркеу, орналастыру, шығарып салу рәсімдерімен қатар, сонымен бірге оқушылардың республикалық жарысына Қазақстанның әр аймағынан келіп қатысып отырған шәкірттер алдымен Отырардағы Арыстан бабтың кесенесіне саяхат жасап, тағзым етіп барып, Халықаралық университетпен, мәдениет орталығымен танысу, келесі күндерде қаладағы қасиетті тарихи-танымдық орындар, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына саяхат жасап, тағзым ету және сонымен бірге Республиканың әр аймағынан жиналып отырған оқушы жастар үшін арнайы ұйымдастырылатын «Танысу кеші», дискотека сияқты ойын-сауық бағдарламалары мен олардың бастап келген ұстаздарын қала мектептерінде болып, ол мектептердің ұстаздарының істеп жатқан үздік жұмыстарымен таныстыру сияқты іс-шаралар да күтіп тұрғандығы көрсетілген.

Осыдан кейін Республикалық «III Ұлттық ғылыми жоба жарысына» Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақыдан, №25 орта мектебінен келіп қатысып отырған 10-сынып оқушысы Гүлайым Байназарова 2001 жыл 28 ақпан – 3 наурыз аралығында өткізіліп, қорытындыланған оқушылардың Республикалық «III Ұлттық ғылыми жоба жарысында» республикалық жарыстың филолог ғалым мамандарының алдында өзінің ғылыми жоба жұмысын сәтті қорғап шығып, республикалық жарыс жеңімпаздарын мәдениет орталығындағы салтанатты түрдегі марапаттау рәсімі кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің атынан өткізіліп отырған оқушылардың Республикалық «III Ұлттық ғылыми жоба жарысының» II дәрежелі дипломымен марапатталды. Шәкірттің табысына сол кезде Қызылорда қаласында тұратын жұмысқа ғылыми жетекші болған ақын, тарихшы Ақанжан Келімбетов қатты қуанышты болды. Республикалық Ұлттық ғылыми жоба жарысының Қазалы ауданының мектептерінің оқушыларының арасынан әдебиет бойынша тұңғыш қатысушысы әрі жүлдегері болған 10-сынып оқушысы Гүлайым Байназарова Қазалы ауданы №25 орта мектебінде 2000–2001 оқу жылында жұмыс істеген – халық ақыны Байназар Өтепов атындағы «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі әрі осы үйірменің топ басшысы болған.

Ал осы халық ақыны Байназар Өтепов атындағы «Жас қаламгер» үйірмесі газетінің редакторы мектептің оқу үздігі, мектепті кейін, 2003 жылы «Үздік аттестатпен» бітіріп шыққан Балдырған Мәменова болды. Жалпы, №25 орта мектебінің тарихындағы оқушылар арасындағы ғылыми жоба қорғаудан республикалық жарыстың тұңғыш қатысушысы әрі жүлдегері Гүлайым Байназарова болса, ал №25 орта мектебінің тарихындағы жалпы ғылыми жоба қорғау жарысының тұңғыш жүлдегері жоғарыда аталған «Жас қаламгер» үйірмесі газетінің редакторы Балдырған Мәменова болып саналады. Себебі ол 2000 жылдың қаңтар айындағы Қызылорда қаласында өткізілген ғылыми жоба қорғау жарысының облыстық кезеңінен облыстық ғылыми жобалар жарысының тарих бойынша III дәрежелі дипломын иеленген. Балдырған Мәменовамен бірге сол кезде Қызылорда қаласындағы 2000 жылғы қаңтар айында өткен бұл ғылыми жоба қорғаудан облыстық жарысқа №25 мектептің тағы бір оқушысы, 11-сынып оқушысы, 1983 жылы туған, Қазалы ауданы мектептерінің оқушыларының арасынан ғылыми жобадан облыстық жарыстың құқықтану бойынша тұңғыш қатысушысы болған Руслан Медеубаев та (оқушының мұғалімі Ғабиден Қожахмет) қатысты. Сонан соң әдебиетке де жақын жүретін Балдырған Мәменова №25 орта мектебінде 2000-2001 оқу жылында жұмыс істеген «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі әрі осы үйірменің қабырға газетінің редакторы болды. Сол кезде «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшелері үйірме барысында өзіндік шығармашылық жұмыстар орындады. Соның бірі осы үйірме мүшесі Балдырған Мәменова жоғарыда аталған ғылыми жобасының 1999 жылдың 24 желтоқсаны күні әуелі Қазалы ауданының орталығында қорғалғанын, сол ауданның орталығына баратынын естігендегі әсері мен қуанышын өзінің «Жас қаламгер» үйірмесі барысында орындаған шығармашылық жұмысында сол кезде былайша жазып жеткізген еді:

«Сөйтіп баяндамам 8 желтоқсан күні ауданға кетті. Ақыры ауданнан да хабар жетті-ау. Хабар келген кезде мынадай қызық оқиға болды. Сол күні мектепте кеш өтіп, содан үйге кештеу қайтқам. Біраз уақыттан кейін кластасым Гүлхан келіп: «Балдырған, сүйінші!» деп айтпасы бар ма. «Ол не, айтсайшы, сүйіншіңді беремін» деп едім, ол: «Ауданнан баяндамаң өтіпті, енді 24-і күні қорғауға барасың» деді. Сондағы қуанғаным-ай! Ертесіне класқа барғанымда бәрі құттықтап жатты. Ақырында класс жетекшім келіп: «Мұндай оқушысы бар біздің класс бақытты!» деді. Сол күні Гүлбағида апай да (Гүлбағида Қосбармақова – жетекшісі, №25 мектептің тарих маманы) құттықтап, енді қорғауға дайындалуымды айтты». Балдырған 1999 жылдың 24 желтоқсанында ауданда өзінің жұмысын сәтті қорғап шығып, тарих бойынша Қазалы ауданының атынан облысқа жіберіліп, сонан соң 2000 жылғы 10 қаңтар күнгі облыстық ғылыми жобалар жарысында облыстық ғылыми жобалар жарысының тарих бойынша III дәрежелі дипломын иеленген. Сөйтіп №25 орта мектебінің тарихындағы ғылыми жоба қорғаудың тұңғыш жүлдегері болды.

Ал №25 орта мектебінің сол кезгі 9-сынып оқушысы Лаура Досхожаеваның республикалық ғылыми жоба қорғаудың жүлдегері Гүлайым Байназарова жөнінде жазған сол кезгі мақаласында былайша суреттеледі:

«№25 қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлайым Байназарова – біздің мектептің мақтанышы. Олай дейтініміз, сабаққа алғыр, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүреді және де «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі. Гүлайымның жақын арада ғана «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» атты әдебиет бойынша жазған ғылыми жоба жұмысы Түркістан қаласында өткен республикалық ғылыми жобаларды қорғауда екінші орынды иеленіп, тек мектебімізге ғана емес, сонымен қатар облысымызға, ауданымызға мақтаныш әкелді. Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Мұнарбай Қожахметовтің қабылдауында болды. Ал Гүлайымның ғылыми жоба қорғауға барған кездегі алған әсері шексіз. Ал қорғау жөнінде өзі былай дейді: «Келер күні қорғауға дайындалдым. Түні бойы дайындалып, таң атқанша көз ілмей шықтым. Таңертең ғылыми жобамызды қорғауға келдік. Кезек маған да жетті. Мен де қорғап шықтым. Қорытындысы айтылар кезінде мен қатты қорықтым. Сәлден кейін өзімнің екінші орын алғанымды естігенде төбем көкке екі елі жетпеді». Міне, біздің мектептің мақтанышы – Гүлайымдай іздену қажет. Лаура Досхожаева, 9-сынып оқушысы, «Жас қаламгер» үйірмесі».

«Жас қаламгерде» сонымен қатар жоғарыдағы оқушылармен бірге Ақнұр Қуатбаева, Бота Жалмағамбетова, Назымкүл Мәдіреймова, Мақпал Асаубаева Болатқызы, Динара Айдарова Дәулетқызы, Гүлнара Жаңабергенова Жайылханқызы, Ақнұр Жәлімбетова, Гүлгүл Қуатбаева, Динара Өтешова, Бекзат Әжімұратова сияқты оқушы шәкірттер де болды.

Төменде №25 орта мектебінде 2000-2001 оқу жылында жұмыс істеген – халық ақыны Байназар Өтепов атындағы «Жас қаламгер» үйірмесінің осыдан 19 жыл бұрынғы – 2000 жылғы қазан айындағы Ұстаз күніне байланысты шыққан қабырға газетінің санында жарияланған «Жас қаламгер» үйірмесінің қабырға газетінің редакторы Балдырған Мәменованың №25 орта мектебінде сол кезгі жұмыс істеп жүрген ұстаздары – бір аға буын ұстаз қатарындағы және бір жас буын ұстаз қатарындағы ұстаздармен қысқаша ғана Ұстаз мерекесі алдында жүргізген мерекелік сұхбаты және сонымен бірге осы автордың Ұстаз күніне байланысты шығарылған «Ұстазыма» атты сол кезгі мерекелік өлеңі және осы үйірменің тағы бір мүшесі Назымкүл Мәдіреймованың сол Ұстаз мерекесіне арналып шыққан қабырға газетіне жарияланған ұстаз туралы «Қимас сезім» атты шәкірттік толғанысы және осы үйірменің тағы бір мүшесі Мақпал Асаубаева Болатқызының №25 орта мектебінің сол кезгі жұмыс істеп жүрген ұстазы – өзінің анасына арнап шығарған «Анама» атты өлеңі және осы үйірменің тағы бір мүшесі Ақнұр Қуатбаеваның ұстаз әкеге арнап шығарған туған күн мерекесіне байланысты сол кезгі өлең шумақтары мен осы шәкірттің сол кезгі шығарған, өзі білім алып жүрген ұясы – №25 орта мектебіне арналған «Мектебім» атты өлеңі бүгінгі 2019 жылғы Ұстаз күніне байланысты беріліп отыр.

Балдырған Мәменованың №25 орта мектебінің ұстаздарымен Ұстаз мерекесі алдында жүргізген қабырға газетіндегі қысқаша мерекелік сұхбаты:

«Қазан айының алғашқы жексенбісі – Ұстаздар мерекесі. Осыған байланысты №25 орта мектебіндегі «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі мектеп ұстаздарына мереке алдында бір-екі сауал қойған еді.

Бірінші сауал №25 орта мектебінің ұстазы, математика пәнінің мұғалімі Есетов Амангелді ағайға қойылды:

– Мереке алдындағы көңіл күйіңіз қалай?

– Әрине, ұстаздар мерекесі жыл сайын айналып соғатын төл мерекеміз ғой. Сондықтан да төл мерекемізді жақсы табыстармен қарсы алу – бәріміздің борышымыз. Мереке алдында барлық ұстаздар да мерекелік, қуанышты көңіл күйде болады деп ойлаймын.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

– Әріптестеріме әрбір оқу жылында шығармашылық табыстар тілеймін. Отбасында бақытты болсын.

Келесі сауал №25 орта мектебінің мектепте еңбек жолын енді ғана бастап жүрген жас ұстазы Сейтенова Гүлназ апайға қойылды.

Сейтенова Гүлназ апай, жас ұстаз:

– Туған жеріңіздің мектебіне маман болып келіп жатқандағы көңіл күйіңіз қандай?

– Жалпы, әрбір маманның өзінің туған жеріне, өзінің туған мектебіне келіп қызмет етуі бақыт деп санаймын.

– Ұстаз ретінде оқушыларыңызға не айтар едіңіз?

– Қоғамдық жұмыстарға көбірек араласса екен деймін, сосын әдеби дүниелерді көбірек оқыса екен дегім келеді.

– Рақмет.

Сұхбатты жүргізген Балдырған Мәменова, «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі».

Ұстазыма

Бұл өмірде кім қымбат балаларға,
Білім жолын үйретті ол данаға да.
Жаны жайсаң, ақ көңіл адамдар бар,
Ұстаз деген атқа ие бұл ғаламда.

Құтты болсын бүгінгі мерекеңіз,
Арылмасын ешқашан берекеңіз.
Төккен тердің әрқашан зейнетін көр,
Жылдан-жылға көбейсін мерекеңіз!

Алтынмен тең сіздің әрбір сөзіңіз,
Тентекті де тәрбиелеген өзіңіз.
Айтқан сөзді мүлт жіберген шәкіртке
Әрқашан да кешірімшіл болдыңыз.

Алтынмен тең сіздің әрбір сөзіңіз,
Күн көзіндей жарқырайды көзіңіз.
Шәкірттердің жүрегіне нұр сеуіп,
Ортамызда аман-есен жүріңіз!

Балдырған Мәменова, «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі.

Қимас сезім

(шәкірттің көңіл күнделігінен)

Класс іші сілтідей тынып қалған. Алдымызда мұғалима жанарынан нұр шаша бар асылды үйретуде. Ал мен болсам іштей ұстазым туралы ойланып отырмын. Ұстазым – қаншама жыл бойы дүниені танытқан аяулы жан! Енді бір жылға жуық уақыт қалды бәрімізге де мектеппен, ұстазбен қоштасуға. Өмір өзен сырғи ағып барады. Оны тоқтататын еш жанда дәрмен жоқ. Кеше ғана бантигі желбіреген кішкене қызды үлкен азамат қылып шығарған, құдіреттім!..

Қоңырау сыңғырлап қоя берді. Ұстаз жай ғана басып, балаларға көзімен мейірім төге кетіп бара жатыр. Ал мен болсам сол сәтте өзімнің іштей толқып, егіліп отырғанымды сездім. Бұл бір ұстазға деген шәкірттік жүректе басталған ішкі қимастық сезімі еді.

Назымкүл Мәдіреймова, 11-сынып, «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі.

Анама

Асыл анам, қандай ыстық құшағың,
Бойымды бір билеп алады күш ағын.
Есейсем де балалығым қалмапты,
Көрген сайын қайта-қайта құшамын.

Еңбегің бар әлі орны толмаған,
Жырлап соны талай ақын толғаған.
Асыл ана, саған деген махаббатым бір әлем,
Жүрегіме мәңгі бақи орнаған.

Мақпал Асаубаева Болатқызы, «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі.

Құтты болсын, әкешім, туған күнің

Құтты болсын елу бір, әке, жасың,
Дос-жаранға толсыншы сенің қасың.
Балалардың қызығын ұзақ көріп,
Жүзге жетсін лайым сенің жасың!

Бақытты бол, әкешім, бұл өмірде,
Арнар жырым әлі көп менің Сізге.
Еңбегіңіз әрқашан жемісті боп,
Ақылыңды айт шәкіртке және бізге.

Асқар таудай әкешім,
Ұзақ болсын өмірің.
Жарқырап жүр ортада,
Кір шалмасын көңілің!  

Мектебім

Жарты ғасыр тарихы бар мектебім,
Ақыл беріп, білім нәрін төккенің,
Ұмытылмайды барлық уақыт бір сенің
Білім беріп, бізге еңбек еткенің.

Еңбек еттің, талайларды түлеттің,
Аянбадың, алдымызға гүл ектің.
Оқы дедің, үйрен дедің, біл дедің,
Осылай сен отын жақтың жүректің.

Ақнұр Қуатбаева, «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі.

Ал №25 орта мектебінде сол кезеңде жұмыс істеген – Асқар Сүлейменов атындағы әдебиет үйірмесі мүшелерінің күшімен өткен жазушы Мұхтар Әуезовтің жүз жылдық мерейтойына байланысты өткізілген «Теңізден де терең тұлға» атты мектеп оқушыларының арасындағы әдебиет кеші және қазақ ақыны Зейнолла Шүкіров шығармашылығына байланысты өткізілген «Бір жұлдыз болып қалам мен» атты әдебиет үйірмесінің мүшелері арасындағы ақын өлеңдерін оқуға арналған поэзия кеші және №25 мектептің әдебиет үйірмесі мүшелерінің №25 орта мектебінің мектеп кітапханасымен бірлесе ұйымдастырған «Айтып өткен ақында арман бар ма?» атты қазақ ақыны Мұхтар Шаханов шығармашылығына байланысты өткізілген мектеп оқушыларының арасындағы кітап оқушылар конференциясы және №25 мектептің әдебиет үйірмесінің №25 орта мектебінің тәлімгері Жадыра Бекжановамен және №25 орта мектебінің оқушылар комитетімен (төрайымы №25 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Жанар Бекжанова) бірлесе ұйымдастырған мектептің бұрынғы мектеп түлектері – еліміздің әр түрлі қалаларында жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып жүрген студент жастарды жоғары сынып оқушыларының арасына шақыра отырып, бүгінгі мектеп оқушысының ертеңгі болашақ жолына бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілген «Арманға барар жол» атты сұхбат және №25 мектептің әдебиет үйірмесінің №25 орта мектебінің жастар комитетімен (төрайымы №25 орта мектебінің тарих пәнінің ұстазы Күлайша Кәрібаева) бірлесе ұйымдастырған мектептің жоғары сынып оқушыларының арасында өткізілген «Жастар және мәдениет» атты диспут және №25 мектептің әдебиет үйірмесінің Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінде өтілетін сахналық мәдени іс-шаралардың үнемі тұрақты жүргізушісі болатын мұғалім, №25 орта мектебінің бастауыш сыныбының ұстазы Самал Сәрсенмен бірлесе ұйымдастырған мектеп өнерін дамыту және ұлттық аспапты насихаттау мақсатында оқушылар арасында өткізілген I мектепішілік «Ән-домбыра» өнер байқауларымен бірге, мектепте жұмыс істеген «Жас заңгер» – Барлыбек Сыртанов атындағы құқықтану үйірмесінің мүшелері де шығармашылықтан тым алыс қалған жоқ. Мектептің оқушылары мен сынып жетекшілерін және №25 мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Досбол Байназарұлын үйірме отырысына қатыстыра отырып, мұсылмандық әлеміндегі құқықтық мектептердің қалыптасуы және шариғат ұғымы төңірегіндегі әңгімелерге арқау болған, үйірме отырысына «Ділімбет ишан» мешітінің имамы Қолдас Шәкиді әңгімеге шақыра отырып өткізілген «Сырын бүккен ислам» атты үйірме отырысы және Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Сейілхан Бөгенбаевты «Жас заңгер» үйірмесінің үйірме отырысына әңгімеге шақыра отырып, №25 мектептің оқушылары мен ұстаздарын және №25 мектептің директоры Алмас Темірбайұлын іс-шараға қатыстыра отырып өткізілген «Полиция және заң» атты үйірме отырысы және Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкері, полиция аға сержанты Берік Тілеубаевты «Жас заңгер» үйірмесінің кезекті үйірме отырысына әңгімеге шақыра отырып өткізілген «Полиция міндеті не болмақ?» атты үйірме отырысы және Аранды ауылдық округ әкімі аппаратының салық жөніндегі маманы, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Рахманберген Жұмағанбетті «Жас заңгер» үйірмесінің кезекті үйірме отырысына әңгімеге шақыра отырып өткізілген «Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы» атты үйірме отырыстары мектеп оқушыларын Қазақстан Республикасының құқық қорғау органының жұмыстарымен таныстыра отырып, Қазақстан Республикасының заңдарын сыйлауға, құрметтеуге үйретудегі нақты құқықтық тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар болса, ал мектептің оқу озаты, «Жас заңгер» үйірмесінің топ басшысы Шолпан Шәбілева мен осы «Жас заңгер» үйірмесінің үні – «Құқық» қабырға газетінің редакторы Эльмира Бекжановалардың отбасысы Қазалы ауданының Бірлік ауылында тұратын учаскелік инспектор, оған дейін басқа да қызметтер атқарып, милицияның жұмысына 1979 жылы мамыр айында келген, 1979 жылдан 1984 жылға дейін бөлімде милиция қызметінде әр түрлі қызметтер атқарған, 1980 жылы Алматыдағы арнайы милиция мектебіне оқып, оны 1984 жылы бітіріп шыққан соң Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы қызметіне тағайындалған, содан бергі уақытта Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің сақшыларының қатарында қоғамдық тәртіпті сақтауда, әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда учаскелік инспектор, 1994 жылдан бастап аға учаскелік инспектор қызметтерін атқарып келе жатқан заңгер, ішкі істер органының қызметкері Сейілхан Бөгенбаевтың үйіне барып, №25 орта мектебінің «Жас заңгер» үйірмесінің үні – «Құқық» қабырға газеті үшін үйірме мүшелері өздері арнайы журналист ретінде учаскелік инспектормен сұхбат жүргізіп қайтқан болатын.

№25 мектеп оқушыларының учаскелік инспектормен сұхбат кезінде басқа да сұрақтармен бірге, жалпы ішкі істер органы қызметкерлеріне жүктелген жұмыс жөніндегі қойған сұрақтарына және соның ішінде учаскелік инспекторлардың өкілеттіктері жөніндегі қойған сұрақтарына және жасөспірімдердің құқықтық тәртібі мен тәрбиесі жөніндегі қойған сұрақтарына және ішкі істер органы қызметкерлерінің өздерінің қызметін атқару барысы кезіндегі қандай да бір өміріне төнетін қауіпті оқиғалар жөніндегі қойған сұрақтарына және болашақта өздерінің мамандығын, қызметін ішкі істер органындағы қызметтермен байланыстырғысы келетін мектептің ұлдары мен қыз балаларына қандай бағыт-бағдар, кеңес бересіз деген сұрақтарына тәжірибелі ішкі істер органы қызметкерінің өздерінің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарынан нақты мысалдар келтіре отырып, байыпты түрде қайтарған тұшымды жауаптары және мектептің оқушы балаларына тілегі №25 орта мектебінің «Жас заңгер» үйірмесінің «Құқық» қабырға газетінің кезекті – Тәуелсіздік күнгі санына «Милиция болуға қызықтым» дейді бізбен әңгімесінде Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік уәкілі Сейілхан Бөгенбаев» деген атпен, сұхбат берушінің формадағы суретімен бірге жарық көрді.

Қазалы ауданы №25 орта мектебінде 90-жылдардың аяғында және 2000-2001 оқу жылында жұмыс істеген, оқушылар арасындағы Асқар Сүлейменов атындағы әдебиет үйірмесінің, Барлыбек Сыртанов атындағы құқықтану үйірмесінің және халық ақыны Байназар Өтепов атындағы «Жас қаламгер» үйірмелерінің жетекшісі болған – Ғабиден Қожахмет.

2001 жылы Қазалы ауданының мектептерінің оқушыларының арасынан әдебиеттен республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар жарысының тұңғыш қатысушысы әрі жүлдегері болған Қожабақыдағы №25 орта мектебінің оқушысы Гүлайым Байназарованың «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» атты ғылыми жоба жұмысына пікір жазған ғалым: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ұстаз, Н.Г. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының (Қызылорда пединституты тарихында Қорқыт Атаның атымен 1992 жылдан бастап аталды) 1989 жылғы тарихында өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, факультет болып құрылған – «Қазақ филологиясы және тарих» факультетінің факультет құрылған 1989 жылдан бастап 1994 жылға дейін деканы болған білікті жетекші педагог, сол кезеңде «Қазақ филологиясы» мамандығының студенттеріне «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс оқыған ұстаз, филолог ғалым ретінде бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бағдат Кәрібозов.

Төменде Аранды қыры топырағының перзенті, Қожабақыдағы №25 орта мектебін толық орта біліммен бітіріп шыққан алғашқы түлектерінің бірі, есімі көпшілікке танымал ұстаз, кітабына алғы сөз жазған ғалым маманның берген бағасымен айтқанда «мұғалімдік қызметтің майталманы», тарихшы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері беріліп отыр. Өлеңдер ақынның «Ағысты арна» жыр кітабынан алынған. Кітап 2000 жылы жарық көрді. Ақынның «Ағысты арна» жыр кітабының алғы сөзін жазған: Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бағдат Кәрібозұлы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...