Өлең, жыр, ақындар

Алып Айнаш

Айнаштың жіңішке саусақтары жығылып жатқан күріштің сабақтарын жыпылдатып жинап үлгергенше, оң қолына ұстаған өткір орақ сол қолдың уысындағы сабақтарды қырқып та үлгірді. Оның мұншалық шапшаң қимылдауына себеп, күйеуі Әбеннің:

— Өткен жыл Шиелі каналын қазғанда, өзің теңді қыз-келіншектердің арасында болмадың, енді сол каналдан суарылған егінді оруға да ерінемісің? — деп намыстандыруы еді.

Әбеннің сөзіне намыстанған Айнаштың ендігі ойы егін оруда өзгені қойып өзімен жарысқа түсу, шамасы келсе, озу болды. Бұл сырын Әбеннен жасырған Айнаш, басқа бригадада жүрген Әбен, әлдеқалай келе қалса «міне, көр менің қимылымды» дегендей орақ оруды жылдамдата түсті.

Бір күні орақ оруда жүрген Айнаш нақ қасынан естілген еркек даусына жалт қараса, ойда жоқта кеп тұрған Әбен екен. Бұл жолы Әбеннің кескінінде бұрынғыдай қалжың толқыны жоқ. Әлденеге өңі ішіне тартылып сұрланған, ойнақы қара көзі жел үрлеген шоқтай жайнаған.

«Бұның не?!» деген сөз аузына келіп қалғанмен Айнаш айтпай дағдылы әзілмен «қайсымыз озамыз?» дей салды.

— Көрерміз оны, — деді Әбен — бірақ, бұдан былай екеуміз екі майданда жарысамыз: мен соғыста, сен тылда.

— Қойшы!..— деді Айнаш — әзілді түсін тез өзгерте қойып, даусы дірілдеңкіреп,— майданға кететін болдың ба?

— Қорқайын дедің бе? — деді Әбен, сынай қараған кескінмен.

Айнаш ойланып қалды. Бұл ауылдан қан майданға аттанған талай жігіттің келіншектері, қасында орақта жүр. Солардың кейбіреулері, күйеуі әскерге аттанарда жылайын десе Айнаш:

— Сенікі не?! Жұбайыңды сен жібермесең, басқалар жібермесе, отанды кім қорғайды сонда?.. — деп ұрсатын.

— Өз күйеуің аттанғанда көрерміз беріктігіңді,— дейтін, сөзден тосылған келіншектер.

— Көрсең көрерсің, — дейтін Айнаш, — Отанның басына ауыр күн туды. Фашистер шабуыл жасады оған. Бұдан қалған мал — мал, жан — жан!..

Солай дейтін Айнаштың енді өзі жыласа не болмақ?..

Осыны ойлаған Айнаштың толқыған сезімі тез берік қалпына нық басты да:

— Аман барып, cay қайтуыңа тілектеспін, Әбіш!.. Абыроймен қайтуыңа тілектеспін!.. Жарысқа да әзірмін! — деп, жасқа булыққан кескінін көрсеткісі келмегендей, бетіне күріштің баулаған сабағын қалқалай қойды...

— Ризамын — деді Әбен Айнашты құшақтай ап, бауырына қатты қысып, — бірақ, сен егін оруда ғана емес, кетпен шабуда да мені жоқтатпа!..

Сөз айтуға шамасы жоқ Айнаш, «болады» дегендей, жан жарының қолын ғана қысты...

Әбен майданға жүріп кетті. 1941 жылдың шығымды егінін оруда, жинауда колхозда ерекше көзге түскен Айнаштың үйіне, 1942 жылдың басында колхоз председателі:

— Шиелі каналының шлюзін аяқтағанша каналға су жүргізу үшін қосымша бұтақ қазуға тура келіп отыр. Кісі санын өзің білесің. Аз адаммен кетпенге түсуді өтінем, — деді.

— Барам, — деді Айнаш іркілмей. — «Әр түйір дән жауға бір оқ» деп жүрген жоқпыз ба, өзіміз? Әбен де соны айтады хаттарында. Сырдария бойынша неше миллиард дән өсіретін каналға су жіберуде не жанымды аяймын. Барам. Әбен үшін де, өзім үшін де қазам ол каналды...

...Біз Айнашты канал үстінде, кетпен шабуда көрдік: қар ұшқындаған салқын ауада бетінің қаны піскен алмадай құлпырған, 21 жастағы жас Айнаш, Сырдың сіңірдей қатты топырағына кетпенін құлаштай соққанда, жердің бүйірі солқылдады.

— Мынау Айнаш бұл қимылымен не шыдатады?! — деп сұрадық біз прорабтан.

— Өзі де шыдатпайды, — деді прораб күліп, — күнделік жер қазу нормасы алты кубометр, ал Айнаш, кетпенге түскелі, күніне орта есеппен он бес кубометрден кем қазған емес, кей күні жиырмадан да асырып жібереді.

Өзі үшін де, сүйікті Әбіш үшін де кетпен шабатын алып Айнаш осылай қимылдайды екен!..

Апрель, 1942 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз