Өлең-жыр байқауы

Ұстаздық еткен жалықпас...

БҚО.

Қаратөбе ауданы

Ақтай-сай ауылы

«Қаракөл ЖОББ мектеп-балабақшасы» КММ-нің

информатика пәнінің мұғалімі Рамазанова Гүлзия Қайырғалиқызының ұстаздармен атқарылатын онкүндік аясында өткізген тәжірибиелік іс-шарасы.

 

Тақырыбы: "Ұстаздық еткен жалықпас..."

Мақсаты: Жас мұғалімдер мен білікті ұстаздардың /машықкерлердің/ педагогикалық шеберліктерін шыңдау. Өзара тәжірибе алмасу және бірлесе отырып шығармашылық жұмыс істеуге бағыттау. Мектептегі ең үздік мұғалімдер тобын анықтау көзделеді.

Түрі: Дәстүрлі.

Әдісі: Сайыс.

Барысы:

І. Ұйымдастыру.

         Қайырлы күн! Қош келіпсіздер, қымбатты ұстаздар және оқушылар! Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен, "Ұстаз деген - ұлы есімге" қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған елдің мұғаліміне қойылатын талаптың жүгі ауыр. Олар білімдар да білікті, өз ісінің майталман шебері болуымен қатар, жеке басының мәдениеті, парасаттылығы, адамгершілік тұлғасы тұрғыснда шәкіртке үлгі боларлық биіктен көрінуі шарт. Бүгінгі жас ұстаздар мен білікті ұстаздар тобы арасындағы педагогикалық шеберліктерін сынау сайысына түскелі отыр. Бұл сәт - біздің жастарымыз үшін тәжірибе алмасу сәті деп айтуға болады. Сондықтан бүгінгі сайыста ұстаздар маңызды жағдаяттарды, әдістемелік тиімді істерді, шығармашылық ізденістер нәтижелерін ұсынады.  

Балғындарға баянды,

Сырын төккен-ұстазсың!

Шәкіртіне аяулы,

Нұрын сепкен-ұстазсың!

Бәрімізді  бей-жай қылған тақырып,

Сырласайық ой-теңізін сапырып.

Батыл болсын,анық болсын пікірлер,

Сөз маржаны шықсын тыңнан атылып. -дей келе, "Ұстаздық еткен жалықпас..." атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

         /Байқауды өткізу үшін алдын-ала мұғалімдерді үш топқа бөліп, оларға байқау жоспарын сай тапсырмалар беріледі. Қазылар алқасы сайланады/

Әділ-қазылар:

Әділ-қазылар: Мектеп директоры Х.Нарегейұлы

Әділ-қазылар: Жаратылыстану пәндері бірлестігінің жетекшісі Гүлнар Сағынбайқызы

Әділ-қазылар: Биология пәнінің мұғалімі Лариса Болатқызы

І-топ: "Парасат"

ІІ-топ: "Ұстаз-мектеп жүрегі"

ІІІтоп: "Ұстаз-мектеп тірегі"

Байқаудың жоспары:

1. Таныстыру

         "Біреу жылайтынға біреу күлер, біреу білмегенді біреу білер" демекші, таныса отырайық. Ең алдымен "Үлкенге құрмет, кішіге ізет" демекші білікті мамандардан бастайық. /Білікті мамандар өз топтарымен таныстырады/

Жақсы ұстаз - бұл мектептің жүрегі,

Адамдықты жақсы ұстаз береді.

Ұстаздыққа талпынған жас мамандар,

Таныстырып, енді өздерін көреді. /Әрбір жас мамандар мен машықкерлер өз топтарын таныстырады/

2. Ширату

Ұстазсың ба, болуың керек жан-жақты,

Кездестіресің өмірде талай сұрақты.

Білімділік керек саған, ұстазым,

Жылдамырақ тауып көрші жауапты.

Бұл кезеңде әр топтың мүшесіне үш сұрақтан қойылады. Қатысушы дұрыс жауап берген әр сұраққа 3 ұпай беріледі.

І топқа:

1-ойыншы:

1. Я.А.Коменскийдің еңбегі (Ұлы дидактика)

2. Бес арысты атаңыз /М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатұлы/

3. Қазақтан шыққан суретші қыз (Г.Исмайлова)

2-ойыншы:

1. Білім беру жүйесі немен анықталады? (сапа, дағды, нәтиже)

2. Білім берудің мазмұнын көрсетпейтін құжат (Сынып журналы)

3. Тарихтың атасы  (Геродот)

3-ойыншы:

1. Білімнің зайырлылығы қай құжатта?(Білім туралы Заң)

2. Қамшы сабын қандай ағаштан жасайды (тобылғы)

3. Жыл мегілдерін қазақтар қай жұлдызға байланысты білген?(Үркер)

4-ойыншы:

1. Мониторингтің мақсаты - (оқыту мазмұнын жетілдіру)

2. Үш бәйтеректі атаңыз (Сакен, Ілияс, Бейімбет)

3. "Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар! Кімнің сөзі? (Қайрат  Рысқұлбеков)

ІІ топқа:

1-ойыншы:

1. А.Байтұрсыновтың жазған оқу құралы /Әліппе/

2. Ұйқы безінен бөлінетін гормон /инсулин/

3. Сабақты ұйымдастыруға кірмейтін форма /Үй тапсырмасы/

2-ойыншы:

1. ҚР еңбегі сіңген еңбегі үшін, оның тәуелсіздігі жолында берілетін орден /Халық қаһарманы/

2. “Ұстаздық еңбек” авторы (А.С.Макаренко)

3. Мемлекеттік рәміздер бекітілген күн /1992 жыл,4 маусым/

3-ойыншы:

1. Иллюзия- /шындықты қабылдаудың бұрмалануы/

2. “Есеп құралы”авторы (М.Дулатов)

3. Елбасымыздың  мамандығы /инженер-металлург/

4-ойыншы:

1. Қазақтың соңғы ханы /Кенесары/

2. Білім беру мекемесінің басты құжаты (Мектеп жарғысы)

3. Оқушыларды тәрбиелейтін бірлестік /сынып ұжымы/

ІІІ топқа:

1-ойыншы:

1. "Ел болам десең, бесігіңді түзе" кімнің сөзі? /М.Әуезов/

2. Адамның қай жеріне нан піседі? /Кеудесіне/

3. Сабақтың неше мақсаты болады? /3, білімділік, дамытушылық, тәрбиелік/

2-ойыншы:

1. Жеті жарғыны жазған кім? /Тәуке хан/

2. Білімнің дәнін тереді,

    Балаға тәлім береді.

    Ол кім? /Ұстаз/

3. Жүріс-тұрыстағы, қылықтағы, әрекеттердегі парыздылық туралы ілім? /Деонтология/

3-ойыншы:

1. Педагогикалық әдеп дегенді қалай түсінесіз? /Педагогикалық үрдісте әрбір оқу-тәрбие мәселесін шешуде жеке адамдармен не ұжыммен қарым-қатынас жасауда көрінетін кәсіптік сапа/

2. Көп түкірсе не болад? /көл/

3. Қазақтың ән өнерін алғаш шетелге танытқан әнші кім? /Әміре Қашаубаев/

4-ойыншы:

1. Қазақтың тұңғыш би өнерін дамытушы кім? /Шара Жиенқұлова/

2. Бөлінгенді не жейді? /бөрі/

3. Сабақтың түрлерін атаңыз /Дәстүрлі, дәстүрлі емес/

3. Менің шығармашылық қабілетім

"Ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға"-деп ұлы Абай айтқандай, ұстаздық атаққа азапты еңбек, шынайы шеберлік арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Жақсы ұстаз болғың келсе егер де,

Болу керек бойыңда, даналық та, өнер де.

Сол өнердің бір үзігін көрсет енді,

Ән бе, би ме, әйтеуір бір өнерді.

Ән болса, әнге салыңыз тамылжыта,

Би болса, би билеңіз мың бұрала.

Басқа да өнер түрін көрсетіңіз,

Қол соғайық, риза болып тамашаға.

Мәтінді кейіпкер кейпіне еніп оқу немесе көрсету

І топқа:

Үнсіз бейнеле

         “Есікті аша бергенімде,тынысым мүлде бітіп,жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды.Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін.”

Анасы Қожаға:

         -Иә,жылап жатырмын,-деді ол. Даусы қарлығып бітіп шықты.-Қайтейін жыламай... Қу жалғыз сенен-ақ өлетін болдым ғой. Бұл не сұмдық? Жүрген жеріңе шөп шықпағыр боп барасың ғой.Қу жалғыз-ау,айтшы,не болды мұнша саған бұзылып? Өлтірдің ғой мына сорлы анаңды. Ел бетіне қарағысыз қылдың ғой.Қайтем сені? Қайтем?! Осы саған не жетпейді?!

Әжесі Қожаға:

         -Шыбыным,әйтеуір ешкімге  тимей, ұрынбай, жайыңа жүр.  Сенің тентектігіңді  менен басқа ешкім де көтермейді. Біреудің ала жібін аттаушы болма.”

Әке баласына:

         -Балапан,-деді Тұрардың басын мүйізгек алақанымен сипап.-Қанаты қатаймаған балапаным,қара дауылға қарсы ұша алармысың, сен? Ығы жоқ, селдір бұтаның басында жалғыз қалдың-ау сен!Атасына нәлет! Күңей-күйрек болма бірақ. Өлмейсің! Сұп-суық сұрғылт күлдің арасында сөнбей жатқан  бір түйір шоқтай болып, қалың қара бұлттың арасынан жылт етіп, анда-санда күн де көрінер. Жүдеме! Жаралының жан серігі-жасымау. Жасыма! Ұқтың ба,Тұрар!

ІІ топқа:

Әжесі немересіне:

         - Құдайым-ау,аман көреді екенмін ғой сені де,-дейді ебіл-себіл боп көзінен сорғалаған жасын етегімен қайта-қайта сүртіп.-Бір жапырақ болған садағаң кетейін-ау сол!Дермене дегенді қайдан шығарып едіңдер,аштан өлетін заман жоқ,сорлы басым,қайдан ғана жібере қойып едім деп көз жасым көл болды ғой.Даладағы май ішеді,үйдегі қан ішеді деген осы екен де,түн баласына кірпік ілу деген қалды ғой менде.О,шыбыным,азып-тозып...Ақшасы... Ақшасы құрысын бүйтіп тапқан...

Үнсіз бейнеле:

“Тақтаға енді кімді шақырар екен?”

-Қадыров...

Төбемнен шатыр етіп жай түскендей

болды.Не істерімді білмеген меңіреу халде орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім.

Сатай Рәбиғаға:

         -Менің шорқақтайтыным математика... Бір пәле, басыма кірмейді. Кірер еді-ау, тіпті өзімнің оқығым келмейді. Әрине, кітабың болса, мұғалімің  жақсы  болса, математиканы да жақсы оқуға болар еді. Әйтпесе, немене бізге бір апай береді. Ұрысқақтығында шек жоқ. Келе сала әй-шәй жоқ «… пәленшиіп,тақтаға шықшы, мына есепті шығаршы»деп дігірлейді. Сәл шатассаң екіні қоя салады. Сонан соң жының ұстайды да оқығың да, түсінгің де келмейді. Кешірші, жамандап кеттім бе?

Көздің әңгімесі:

         -Менің  балаң ойым әлі жетпейді,біз не жаздық,кімге жаздық?Көрші селоның мектебін жөндесуге бара жатқан қыздардың жазығы не? Жиырма екі қыз бір сәтте күл болды,тозаңға айналды. Жиырма үшінші мен аман қалдым.Аман қалдым деймін-ау,қай бір амандық...Бұлтсыз күні жаңбыр күткен шерменде-е-е. Мен қазір отыз бестемін.Жарық дүниемен қоштасқан күні мен он бесте болатынмын.

ІІІ топқа:

Омар Қамажайға:

         Дұрыс айтасыз. Таңертеңтен бері дым сызған жоқпын. Кітапханадан шығуға мұршам болмады. /Очкиін сүртіп, қарнын ұстайды/

Абылай хан:

         Шақырыңдар батырларды.-қабағын түйіп. - Келді алдарыңызға батырлар. Ел намысын қорғау, жерімізді бөліске түсірмеудің бір жолы - сендердің қолдарыңда. Алдарыңда отырған үш бидің ақ батасымен жорыққа аттанасыңдар.

Үнсіз бейнеле:

         Менің енді бұл қылығымды ата-анама айтса не істеймін? Өлтіреді ғой. Жоооқ неде болса, бұл жағдайды ата-анама жеткізбей тұрып ұстазымнан кешірім сұрауым керек.-деді Ахметов.

Абай Құнанбаев:

Сұры бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?...

4. Тосын тапсырма /Ұжымдық сурет/

         "Жігітке жеті өнер де аз" дегендей, ұстаздарға да өнер шектелмейді. Жас ұстаздардың бейнелеу, ой қорытындылау қабілеттерін байқау үшін "Ұлағат" атты тақырыпта газет шығару ұсынылады. Газет төрт бөлімнен тұрады:

1. Оқытудың озық-әдістері мен тәсілдері.

2. Ұстаз шығармашылығы.

3. Мұғалімдерге көмек.

4. Қырық бес минут қызықтары. /әр топ осы бөлімдерге сәйкес материалдар жазып газет шығарады/

5.Жағдаят-тапсырма

Қане,ұстаздар,пікірлесіп қарайық,

Қилы-қилы ойды ортаға салайық.

Сан-салалы асыл ойлар тоғысып,

Толғандырған жайды шешіп алайық!

Талас тусын жарқын ойлар жарқылдап,

Шағылыссын найзағайдай шартылдап.

Бойда қайрат,алда арман шақырған,

Қолдап әсем жалын атқан жастық шақ!

Ұстаздық жолда талай қиналасың,

Қиналасың, артынан жол табасың.

Күтпеген жағдайларға кез боп талай,

Сол жағдайдан шыға алсаң, сыйлы адамсың!-дей келе келесі шартымыз жағдаяттардан, яғни тығырыққа тірелер сәттен жол тауып шығу сәті.

Барлығыңызға сәттілік дейміз!

І топқа:

1. Ата-аналар жиналысында Сіз баласы туралы нашар пікір айттыңыз. Ата-ана баласын жақтап, мұғалімдеді кінәлады. "Білім, тәрбие бере алмайсыздар",-деп ашуланды. Барлық ата-ана Сізге қарап отыр. Қандай жауап қайтарасыз, қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

2. Оқушылар мұғалім орындығына бор жағып қойған. Сіз байқамай отырдыңыз да киіміңізді былғап алдыңыз. Оқушылар байқап сізге ескертті. Қандай амал қолданасыз? Жаппай ұрысасыз ба, әлде басқалай амалдар қолданасыз ба?

3. Сабақ үстінде балалар бір келеңсіз іс істеді. Сіз бір оқушыны кінә деп тауып, оған рыса бастадыңыз. Қатты - қатты сөз айтыңыз. Бір уақытта басқа бір оқушы ол істі өзінің істегенін мойындады. Ал сіз ашуыңызды бірінші оқушыға көрсеттіңіз. Не істейсіз? Бірінші оқушыдан кешірім сұрайсыз ба, әлде екінші оқушыға ұрыса бастайсыз ба?

4. Сіз бүгін қандай да бір жағдайлармен сабаққа дайын емессіз. Сабаққа келсеңіз кісі қатысып отыр. Не істейсіз, жағдаяттан қалай шығасыз?

ІІ топқа:

1.  Үй жұмысын тексеру үшін дәптер жинап алдыңыз. Бір оқушы дәптеріне сіздің суретіңізді салып, мазақ етіп жазып қойған. Не істер едіңіз?

2. Сіз сабақты слайд түрінде дайындап келдіңіз.Оны бір оқушы интерактивті тақтаны қосамын деп жүргенде бәрін өшіріп алды,не істейсіз?

3.Сізді бір жоғары кластың оқушысы ұнатып қалғанын айтып, дос болуға шақырды. Сіздің әрекетіңіз?

4. Мұғалім оқулық таратуда. Самат үндемей оқулықты апайға қайтарып берді.

Апай:

-Не болды? Неге қайтардың?

Самат:

-Ол жыртық.

Сіздің пікіріңіз...

ІІІ топқа:

1. Бір оқушы дәптерін  бүлдіріп тастайды.Сіз, әрине,мықтап сөктіңіз. Сізді сол күні кешке қонаққа шақырды. Сол үйге жаңағы оқушы атасымен келді. “Ата,мынау менің апайым,бүгін маған ұрысты,”-деп есіктен кірер-кірместен айқайлап жіберді. Қалай  істер едіңіз?

2. Мұғалім сабаққа кіріп келді. Тақтада өзінің карикатурасын көрді. Балалардың ойынша мұғалім кінәлі оқушыны іздеп,сабақ өткізбейді. Не істеу керек?

3. Ата-ана кеңес алуға мұғалімге келді. Оның 13 жасар қызы өте жақсы оқиды,үлгерімі жақсы. Бірақ соңғы кезде қыз бен ата-ана арасында кейбір мәселе туындап жүр.

Ескертулерге қыз:

-Сендер мені  жақсы көрмейсіңдер,үйден кетемін,-дейді.

  Ата-ана бұдан қорқып,қыздың барлық жағдайын жасайды. Бұл жиі қайталанады. Ата-анаға берер кеңесіңіз?

4. Сіздің класыңызда  бір оқушы қыз Мемлекеттік емтиханға боянып келді. Емтихан алушы бір  үлкен апай  бояуын сүртіп келуді ескертіп,шығарып жіберді. Оқушы үйіне кетіп қалды да, қайтып келмей қойды. Сіздің әрекетіңіз...

6.”Мұғалім болу қандайды?.../көңілді көріністер құру/

Нағыз мұғалім 56 түрлі мамандықтың иесі болу керек дейді.

 Көтеріп  жүктің салмағын,

Жолында өмір талмадым.

Мерейлі,әсем, шуақты,

Ұстаздық-асыл арманым!

7. "Оқыта отырып ойнайық, ойната отырып оқытайық" /капитандар сайысы/

         Ендігі кезекте бала өмірінен маңызды орын алатын оқытудың бір түрі ойын. Олай болса "Оқыта отырып ойнайық, ойната отырып оқытайық" деген пікірге атсалыса қатысайық. /Кезекте үздік ойын түрін көрсету. Қазылар алқасы ойынның шартына, мазмұнына тәрбиелік, дамытушылық мәніне, оның иллюстрациялық көркемдік жағына баса назар аудару қажет/

8. Қорытындылау

            Осымен, жас ұстаздар, болашақ ұстаздар қадамдарыңа гүл бітсін, білікті ұстаздар сіздерге шығармашылық табыс тілейміз. Өнерлеріңізге нұр жаусын демекпіз. Бүгінгі педагогикалық шеберлік тәжірибесіне жоспарланған сайысымыз аяқталып қалды. Сайыс қорытындысын шығару мақсатында сөзді қазылар алқасына береміз. XXIғасыр –білім ғасыры. Еңсесі биік егеменді елдің адалдықты ту еткен алғыр ойлы, адал ұл-қыздарына саналы тәрбие, сапалы білім беруде шаршамай, талмай еңбек етіп, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз