Өлең, жыр, ақындар

Туады ерлер ел үшін...

«Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің Ақши жалпы орта білім беру мектебі» КММ

Дайындаған: Шакишева А.Ғ

 

Қазақстан  Республикасының Тәуелсіздігіне 25  жыл толуына орай  «Хандықтан-Тәуелсіздікке» тақырыбына  өткізілетін  «Туады ерлер ел үшін... »  атты байқаудың  ережесі

Мақсаты: «Туады ерлер ел үшін » деген қағиданы ұстана отырып,  тарихымызды тереңнен тану, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен және  тәуелсіздік  үшін  күрескен  боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.

Байқауда  қамтылатын  жанрлар:

  1. Хор
  2. Вокал  (жеке дауыс, аспаппен және эстрадалық ән)
  3. Би   
  4. Көрініс  (Тақырыбы: Қазақ хандығының 550 жыл, желтоқсан оқиғасы)  
  5. Күй
  6. Көркемсөз (проза, поэзия )
  7. Ән  (көрініспен)

Ескеру  керек:  Барлық жанр қамтылуы және тақырып ашылуы қажет.  Берілетін  уақыт 60 минут.   
 

Эпиграф    «Ақсұңқар  ұшар  жем  үшін,

                   Туады  ерлер  ел үшін»

Байқаудың тақырыбы: Туады  ерлер ел үшін...

Мақсаты: «Туады ерлер ел үшін » деген қағиданы ұстана отырып, тарихымызды тереңнен тану, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен және  тәуелсіздік үшін күрескен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны, Отан, Туған жер туралы нақыл сөздер.

Іс-шара барысы:

(Ақырын күй ойналып тұрады:  «Ел айрылған»)

1-жүргізуші- Біз- қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атанып, көк туы желбіреген жұлдызды сәтін өз көзімізбен көру пешенесіне жазылған  ұрпақпыз. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың нағыз батыр екенін мойындайсың. Жүгі-нарда, қазаны теңде болып, көшіп-қонып өмір сүрген  ата-бабамыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген. Ол - ел, жер және ана  тілі. Халқының тәуелсіздігі  үшін отқа түсіп, даңқы  жер  жарып, аты аңызға айналған ерлер кімдер еді?

2-жүргізуші: Әдетте, біз қазақ ұлысының қалыптасуымен, Қазақ хандығының жеке орда тігуін Жәнібек пен Керей хандарын есімімен  байланыстырамыз. Бұл кезең қазақ халқының болашағы үшін шешуші тарихи сәттердің бірі болғаны рас.

Тарихи  қойылым: Керей, Жәнібек сұлтандарының халықпен ақылдасуы.

Керей: О, халайық, халқымыздың басына қиын-қыстау кезеңдер келді. Әбілхайыр хандығы құлдырау үстінде. Шығыстан төнген жауға әйел,  бала-шағамызды құлдыққа бермейміз. Осы мәселені бірлесіп шешкен жөн.

Жәнібек: Ел болып, өз жерімізге басқару жүргізетін кез келді. Ел болам  деген жұртқа ең ыңғайлы кезең. Осы кезді пайдаланып алмасақ, енді басымыз бірікпеуіміз  мүмкін. Оның үстіне жат елдердің хандары мен патшалары да ауыздарын арандай ашып тұр. Олардың қолына түсіп, талан-тараж болып кетуіміз де мүмкін. Қазақ деген атпен жеке-дара мемлекет  ұрайық.

Халық  дүбірлесіп, талқылауда: Сұлтандардың айтқаны  жөн...  Иә, жеке мемлекет құрайық, мемлекет қазығын қазатын кезең-осы...

1-жүргізуші: ХҮІІғ. 20 жылдары жоңғарлар Жетісу жері арқылы Қазақстанға баса-көктеп кірді. Қазақ халқы 100 жылдан астам уақыт  жоңғарлармен күрес жүргізді.1723 жылы басталған қазақтардың босуы «Ақтабан шұбырынды» деп аталады.Қаһарлы жаудан үріккен бейбіт  халық шұбыра көшіп, қырғынға  ұшырады. Қазақ батырлары жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы табан тірескен күрес жүргізді.

2-жүргізуші: Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, қырғыннан-қырғынға, босқыннан-босқынға талай азапты көрді.  Дегенмен «тәуелсіз»  деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткізу үшін  талпынды, осы жолда күресті һәм шайқасты.

Тарихи  көрініс.

Абылай: Уа, халқымның көсемдері, осынау қиын-қыстау заманда ел басына «жоңғар» деген атпен қара бұлт төніп тұрған жағдайда, халықты біріктірер қариялар өзіңіздер. Маған сіздердің ақыл-кеңестеріңіз керек.

Төле би: Дұрыс, ел болып біріксек, ешқандай жау бізді ала-алмайды. «Алтау ала болса, ауыздағы  кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі  келеді.»

Қазыбек би: Әр руға шабандоздарымызды жіберейік, халыққа хабар айтсын.

Әйтеке би: Жөн!  Ел ішінен қол жинауымыз керек. Рулар арасындағы кикілжіңді артта қалдырып, айбарлы батырларымыздың басын  біріктіріп, қас жауымызға  қарсы шығайық.

Бұқар жырау: Армысың, Абылай?!

Абылай хан: Армысыз, Бұқар ата?!

Бұқар жырау: Біз бармыз-ау, хан ием. Қазақтың халын айтсаңдаршы, сол мендегі зар, сол мендегі запыран... Қандыауыз жоңғар  қазағымды құл қылғысы келеді. Қызымды басыбайлы күң, ұлымды мұрны тесілген құл қылмақ. Қайран қазақтың халі өте нашар, Абылай. «Берекесі жоқ елдің, бірлігі жоқ». Не қылмақ ойың бар, а, Абылай?

Абылай: Бұдан былай қазақ Абылайдың туы астына жиналуы керек! Қазақтың халі қыл үстінде тұр, ағайын!

Күй: «Ел айрылған»

1-жүргізуші: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы тарихта қалды. Елдің басы бірігіп, жұмыла шайқас кезінде Есет батыр,  Қаракерей Қабанбай, Бөгенбай, Саурық, Малайсары, Наурызбай, Баян, Қарасай батырлары өз ерліктерін көрсетіп аңыз болған. Бұл шайқас  «Аңырақай»  шайқасы болып тарихқа енді.

2- жүргізуші: Тәуелсіздік шежіресі қанды төгістер мен қайғылы күрестер арқылы, яғни, найзаның ұшымен, білектің күшімен қол жеткізген   қазақ елінің баянды бақыты туралы. Тарих бетін ақтарсақ, ХҮІІІ-ХХ  ғасырларды қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше  ірі-ірі  ұлт-азаттық қозғалыстар болды. Қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолындағы күресінің негізгі кезеңдері:

- Сырым Датұлы басқарған ұлт-азатттық көтеріліс  (1783-1797)

- Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азатттық көтерілісі (1836-1838)

-  Кенесары Қасымұлының ұлт-азатттық көтерілісі  (1837-1847)

- Жанқожа Нұрмұхамедұлының көтерілі (1856-1869)

- Есет Көтібарұлының қозғалысы (1868-1869)

- Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі (1870)

- 1916 жылғы  ұлт-азаттық көтеріліс.

Күй «Он алтыншы жыл»  Дина Нұрпейісова

1-жүргізуші:  Енді бұрынғыдай атқа мінгізіп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтын еді.  Ендігі жол-қараңғы қазақ  халқының санасына сәуле шашып, өнер- білім арқылы ұлттық санасын ойлаған қазақ зиялыларының жолы. Олардың із ашары ұлы Абай  болса, Шоқан, Ыбырай, Міржақып, Сұлтанмахмұт сияқты тұлғаларды тарих  еттерінен оқып келеміз.

2-жүргізуші: Өткен ғасырдың басында тарих сахнасында: «Оян қазақ!»-деп жар салған зиялылардың жаңа шоғыры шықты. Дербес  мемлекет құруды аңсап, азаттық жолында бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлерінің бәрі де тоталитарлық өктемдіктің құрбаны болды. Отаршыл жүйенің озбырлығын көрген қазақ халқы отызыншы жылдардағы зобалаң тұсында орасан нәубетке ұшырап, қынадай қырылды.  Сол кезде саны алты миллион қазақ халқы бірер жылдың ішінде тең жарымынан айырылды. Көпшілігі аштықтан өлді, қалған қазақ айдалып кетті, атылды, жер аударылды. Сәкен,  Ілияс,  Бейімбет, Тұрар, Мұстафа, Әлихан, Ахмет  ағаларымыз сол нәубеттің құрбаны болды  емес пе?

Хор «Мен қазақпын» Сөзі: Ж.Молдағалиев

                                    Әні:М.Ілиясов

1-жүргізуші: Әрқайсымыз үшін жақын әрі қымбат мереке Жеңіс күнінің 70 - жылдығын тойладық. Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан бұл күннің маңызы өте жоғары. Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды.

Көрініс: Жаздың жаймашуақ күні. Әңгіме - дүкен құрып жүрген ауыл тұрғындары және көңіл көтеріп ән айтып отырған жігіттер қыздар бейнеленеді. Армандары мен мақсаттарын, болашақтарын бірге байланыстырған жастар көше бойлап, қыдырып жүр.
Жігіт: – Ауылдағы анамды тастап арман қуып, оқуға бара алмадым. Еңбекке де үйреніп қалдық. Бір бірімізге бауыр басып та қалдық, институтқа бірге тапсырсақ қайтеді?
Қыз:–... не дерімді де білмеймін, менің де өмір бойы сенің жаныңда болғым келеді. Бірақ, ойлануым керек.
(Осындай бақытты сәтті радиодан тараған суық хабар бұзып жібереді).


І…. Радио: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Кеше біздің ұлан байтақ жерімізге неміс фашистері тұтқиылдан басып кірді... (жастардың үрейі ұшып, жүгіргендері бейнеленеді).
«Қасиетті соғыс»  Әні  жаңғырады.

                              Сөзі: В. Лебедев Кумач

                              Әні: А. Александров.

2-жүргізуші: 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес - герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса - көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО - ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғысқа кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.

Өлең: Қасым Аманжолов  «Ұлы Отан Соғысы»

1-жүргізуші: Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан тәнімен Отанын қорғады. Әрбір село, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты.

 Соғыс жалмап аға-іні бауырды,

 Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.

 Жалғызынан айырыпты ананы,

 Әкесінен айырыпты баланы.

Хор: «Бейбітшілік  сақталады»  Әні:  Ә.Еспаев

                                                      Сөзі: Н.Шәкенов

2-Жүргізуші: Осы соғыста Кеңес Одағының басқа  республикаларымен бірге біздің Қазақстан Республикасы да жан аямай шайқасты. Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамына 1 млн. 870 мың қазақстандықтар болған.

1- жүргізуші:

Туған жер, өскен орта, байтақ дала

Махаббат, ыстық жүрек құмарлана

 Сүйеді Төлегендей ер баласын

 Баулыған батырлыққа Отан-ана!

 Ажал боп төнген жауына,

 Дауылды көктің қыраны.

 Оралды Алатауына

 Тарланбоз Талғат ағамыз.

Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен сұрапыл соғыста ерлермен бірге  қолдарына қару алып, Отанын қорғауға біздің батыр апаларымыз шығыс жұлдыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза  тапты.

Ән:  «Кестелі орамал»

2-жүргізуші: Соғыс жылдары-ақ қазақстандық бес әскери құрамға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды.Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды. Сонывң ішінде атақты 28 гвардиялық Панфилов дивизиясы бар. Оның құрамынан шыққан 28 батырдың батальон, кейіннен дивизия әскери қолбасшысы болған Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихынан мәңгілік орын алады.

1-жүргізуші: Сұрапыл соғыс ешкімді аямады. Ана жарынан айырылды, бала әкесінен айырылды. Бірақ әкесін күте берді, күте берді

Отанымыздың байтақ жерін қорғады.

Ақ сүт берген анасын қорғады.

Пәк жүзді баласын қорғады.

Самал өскен даласын қорғады.

Ән: «Ана туралы баллада»  Әні:

                                              Сөзі:

Би:  «Катюша»

1-жүргізуші:

Соғыс бітті. Ауыр жылдар артта қалды. Жеңіс туы желбіреді.

Естідім-ау Жеңіс күнін

Дүрілдейді көк пен жер

Күрескердің арманы мен ұраны

Қуаныш пен мерекенің бұланы.

Жеңіс деген жақсылықтың сыңары

Жігерленген құштарлықтың құралы

Күрескердің арманы мен ұраны

Қуаныш пен мерекенің бұланы.

2-жүргізуші: 

Олар Отанымыздың байтақ жерін қорғады.

Ақ сүт берген анасын қорғады.

Самал ескен жерін қорғады.

Пәк жүзді баласын қорғады.

Бірге: Ешқашан соғыс болмай, әлемде тек бейбітшілік болсын!

Хор:  «Жеңіс туралы  жыр» Сөзі: Р.Бердібаев

                                               Әні:  Ж.Еңсепов

1-жүргізуші:  Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан  Алатауға  дейінгі байтақ жерімізге желтоқсанның  қанды қара дауылы үдей түсіп  дүрбелең  жайылды. Қазақтың көптеген азаматтарының мойындарына қыл шылбыр салынды. Әділдік үшін бой көтерген жас  боздақтардың  маңдайы тасқа соғылды. Бастарына қара бұлт үйірілді.

2-жүргізуші:  Еліміздің тәуелсіздігін аңсаған жастар, еріккеннен шыққан жоқ, алдына мақсат қойып шықты. «Ұлтшылдық»,  «Бұзақы», «арамтамақ» тәртіпсіздікті  «ұйымдастырушылар»  деген жалғаннан ойлап тапқан жала, бүкіл совет еліне таратылды. Қазақ ұлтшыл халық  деген атқа қалды.

Көрініс: 16-желтоқсан. Сағат 7-де  Брежнев атындағы алаңда жастардың алғашқы тобы пайда болды.

Бір топ жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып шығады.

- Пленум шешіміне қарсымыз!

- Әр ұлтқа өз басшысы!

- Колбинді әкетсін!

- Қонаевтың өзі сөйлесін!

Оларды екінші топ ОМОН, милиция киімін кигендер қуып таратады. 1-2  адамды ұстап алады.

- Қайрат!

- Қайрат!-  деп топ шуласып тарайды.  

1- жүргізуші: Біз бұл оқиғаны Тәуелсіздік аңсаған елдің ширыққан намысы деп бағалаймыз. Ерлігі үзілмеген қазақ халқының перзенттері  ретін Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға бас иіп, желтоқсан құрбандарын еске алу үшін 1 минут үнсіздік жариялауға рұқсат етіңіздер... ( Суреттерін алып шығу)

Өлең  «Желтоқсан алаңы»  М.Шаханов

Ән: «Желтоқсан желі»  Ж.Ә.Тінәлиев

1-жүргізуші: 1991 жылы 16 желтоқсан  күні сағат 1814  минутта біздің еліміздің Тәуелсіздігі  жарияланды. Біз жаңа өмір есігін аштық. Бұл-қазақ халқы үшін, Қазақстанды Отаным, жұртым деп білетін әрбір қазақстандық үшін үлкен оқиға,  зор қуаныш. Ендігі жерде  біздің  бір ғана Отанымыз бар. Ол-Тәуелсіз Қазақстан. Қазіргі таңда Қазақстанды бүкіл әлем таныды.

Ән «Қазақтарды шетелдік  қонақтарға таныстыру.»

Сөзі: Қадыр Мырза  Әлі

2- жүргізуші:Тәуелсіз елдің тілегі-бейбітшілік, тыныштық, келешегі-білімді ұрпақ. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Тәуелсіздік-кешегі қанға бөккен  боздақтардың рухы. Әрісі күллі бабаларымыздың аңсар арманы, мақсат-мұратыеді.

1-жүргізуші: 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды

                          Барша қауым бейнетінен арылғандай,

                          Жаңа ғасыр есігі ашылғандай.

                          Елбасы тыныш таппай ел кезіп жүр,

                          Ел үшін Асан қайғы бабасындай.

Оқушы:   Мен қазақтың ұлымын

               Мен қазақпын, ұланымын елімнің,

               Мне қазақпын,  тірегімін жерімнің.

               Ұланымын туын көкке көтерген.

               Болашаққа алға бастар жетелер,

               Қиындығын  азағымның әрқашан.

               Қайыспайтын қара анрдай көтетер.

               Көз тойғысыз қазағымның жері бар.

               Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар.

              Қазағымның жерін, елін қорғайтын 

              Жас жеткіншек, ұланы бар, ері бар.

2- жүргізуші: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол-Тәуелсіз Қазақстан»  деп Елбасымыз айтқандай, кең-байтақ  Қазақстан-туған  өлкеміз, оны сүйіп,  құрметтеу- барлығымыздың парызымыз. Елбасымыз-Қазақстан елін дамытып, одан әрі өркендеуіне басшылық етіп  отырған ерекше тұлға. Біз елбасымызды әрқашан мақтан тұтамыз!

1- жүргізуші: Қазақстан салтанаты жарасқан!

               Бір отбасы, бір туысқан, бір-біріне қарасқан!

               Қазақстан-бүгін,міне, достықтың туын тіккен жер.

               Мәуелі бақтай жемісін шашты ұлыстар, бір кісідей маңдай терін төккен жер.

Ән: «Қазақтай ел қайда»   Сөзі:Н.Айтұлы; Әні:  Ж.Дәулет.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз