Өлең, жыр, ақындар

Жұмбақ жайлап, аңыз өрген - Маңғыстау!

Маңыстау облысы, Бейнеу ауданы
Бейнеу гуманитарлық экономикалық колледжінің
Бастауыш білім беру мамандығының 3 курс студенті
Сəдуова Гүлнəр Абубакирқызы

Мақсаты: Студентерге Маңғыстау облысының би-шешендерінің өмірі, шығармашылығы жайлы кеңінен мәліметтер бере отырып, оларды елін, жерін сүюге, елжандылыққа, адамгершілік пен имандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу, студенттердің өнерге деген сүйіспеншіліктерін оятып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұжымшылдыққа бейімдеу, сахна мәдениетіне баулу.

1- жүргізуші: 

Тарихың бар мені ойларға батырған

Мен – шағала, сен – көк теңіз шақырған

Бабалардың көзін көрген киелі-

Маңғыстауым, айналайын атыңнан! 

2-жүргізуші:

Маңғыстау – қасиетті, сан киелім

Шежіре таусылмайтын, ән – күй елім

Өзіңде өле – өлгенше сүйіп өтем,

Басымды бозаң тартқан мәңгі иемін

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, студенттер! Назарларыңызға ББ-23  тобының  дайындаған маңғыстаулық би-шешендердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау!» атты ашық  тәрбие сағатын ұсынамыз!

2- жүргізуші: 

Не замандар өтсе-дағы бұлағай,

Көк түріктің туы қалды құламай.

Маңғыстауым – тұнып тұрған тарихым,

Ашық аспан астындағы мұражай,

-демекші, кең байтақ қазақ даласында осы бір қасиетті өлкенің тарихы ерекше. Тарихының тамыры тереңге тартқан Маңғыстау жері талайларды тамсандырған. Табиғаты таңғажайып, тау-тасы түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған ғажап өлке.

1-жүргізуші: Маңғыстау өңірі - Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан.Облыстың батысы мен солтүстігін қоршай орналасқан Каспий теңізі арқылы Шығыс Еуропаға шығуға толықтай мүмкіндік болса, оңтүстігінде Түркменстан, солтүстігінде Атыраумен шектеседі.

2-жүргізуші: Маңғыстау облысы 1973 жылы 20 наурызда құрылды. 1988 жылы 2 маусымда таратылып, 1990 жылдың 17 тамызында тарихи «Маңғыстау» деген атпен қайта облыс болып құрылды. Орталығы –Ақтау қаласы.

1- студент: Маңғыстау – Қазақстанның оңтүстістік-батыс бөлігінде орналасқан. Бүкіл Жер шары көлемінде алып қарасақ, Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында. Бұл аймақтың жан – жақтан экономикалық қарым – қатынас жағдайы да өте тиімді. Өйткені облыстың батысы мен солтүстігін қоршай орналасқан Каспий теңізі арқылы Шығыс Еуропаға шығуға толықтай мүмкіндік болса, оңтүстігінде Түрікменстан, оңтүстік – шығысында Қарақалпақстан, солтүстігі мен солтүстік-шығысында Атырау, Ақтөбе облыстарымен шектесіп, күнбе – күнгі түрлі экономикалық байланыс мүмкіндігі жақсы жолға қойылған. Маңғыстау облысының әкімшілік – аумақтық құрылымы 5 ауданнан, 3 облыстық маңызы бар қаладан, 6 кенттен, 30 селолық және ауылдық округтен тұрады. Қала халқының саны 274,6 мың адамды құрайды (76 %), ал ауыл тұрғындарының саны – 87,1 мың адам (24%). 2011 жылдың басында облыста 524.2 мың адам тұрды, оның ішінде қала халқы – 275,8 мың немесе 52,8%, ауыл халқы – 248,3 мың адам (47,4%). 2007 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 133,7 мың адамға немесе 34,2% өсті.

2-студент: Ақтау қаласы – Маңғыстау облысының орталығы. Қаланың алғашқы іргетасы 1963 жылы Ленинград жобасымен Каспий теңізінің жағасында салына бастады. Маңғыстау облысының орталығы саналатын Ақтау қаласының бұрынғы атауы Шевченко болатын. Қала атауы 1991 жылы өзгерді. Касспий жағасында орналасқан әсем қала - газ бен мұнай өндіретін өнеркәсіп орталығы. Ақтау қаласы Қазақстанның өзге қалаларынан өз көшелерімен ерекшеленеді. Бұл қалада көше атаулары жоқ. Ақтау көшелері ықшам аудандармен бөлінеді. Қаланың 36 ықшам ауданы бар. Атау берілген екі даңғыл бар, ол қала орталығындағы Бірінші Президент пен Тәуелсіздік даңғылдары. Ақтау ықшам аудандарындағы тұрғын үй шатырында орналасқан шамшырақ қаладағы назар аударатын мекеннің біріне айналды. Қала тұщы сумен қамтылған. Табиғи минералды суға тұщы теңіз суынан өндірілген дистиллят қосу арқылы тұщы суды өндіреді. Ал қаланы электрэнергетикамен әлемдегі алғашқы жылдам нейтрондағы АЭС қамтамасыз етеді.

3-студент:  «Каспийге сыр»

Біледі тіршіліктің бағасын кім?

Көтердің қуанышын, қазасын сың.

Бұлқынады өзіңдей шалқар шабыт,

Ей, теңіз, нені біліп аласұрдың?

Мұңымды айтсам қалайша ұтылмақпын?

Қамқор болып , біреудің құтын бақтың.

Салғырттау боп қарадың кейбіреуге,

Сөйтіп оның өмірін жұтып жаттың...

Ойлап мүжіп, бір толқып, бір басылдым,

Сенен басқа сырымды тыңдасын кім?!

О, Каспий, саған ғана ақтарылам,

Сен менің жанымды ұғар мұңымдайсың!...

1-жүргізуші: 

Маңғыстау-көкірегі жұмбақ әлем,

Сырласқан кезіңді айтып мұнарамен!

Шұбырып езуінен жұлдыз ағып,

Кірпігін таң алдында жұмады әрең.

2- жүргізуші: Маңғыстау ауданы -1928 жылы құрылған. Аудан орталығы - Шетпе селосы.Аудан көлемі -47,9 мың шаршы км-гетең.2005 жылғы санақ бойынша 28,7 мың адам тұрады.Аудан құрамына 22 ауыл кіретін 11 ауыл әкімшілігі бар.

Самғатып ән көмейін алқаңда үздім,

байлаулы біз торғайы балпан құздың.

Маңғыстау –жерұйығым! Қаблан құрсақ,

Көзіндей мөлдірейсің Салқам қыздың!

«Ұшады шағалалар Маңғыстаудан» әні орындалады.

1 – жүргізуші:

Ұранымсың, жан баба,

Жыр әнімсің, жан баба.

Жебеушімсің, жан баба,

Демеушімсің, жан баба,

Бекет Ата – Пір баба! Маңғыстау десе аузымызға бірден Бекет ата немесе 362 әулие түседі. « Маңғыстаудағы әулиелер саны – 360, қырда – Бекет ойда – Саназармен 362» деген қағиданың қатесіздігін айғақтай түседі. Қазақстандағы тарихи – мәдени еркерткіштердің 80 пайызы Маңғыстауда шоғырланған.

4 - студент: Маңғыстаудағы 362 әулие. Еліміздің бұл өңірінде атадан балаға айтылып келе жатқан аңыз бойынша, осы жақта соншама әулиелер өмір сүріпті. Ол жөнінде заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев былай дейді: 

«Бұл туралы болжамдарға келер болсақ, «360 әулие» деген сөз басы Мекке-Мәдинадан бастап, ар жағы Синай түбегінен келе жатқан дәстүр – «Құдайдың 360 күнінің иесі бар» дегеннен шыққан болуы керек деп есептеймін. Алғашында Синайда, оның бергі жағында «Мекке-Мәдинаның жанында 360 әулие жатыр» деген есеп болған. Бір кездерде әр тайпаның өзінің пірі болған. Сол пірлердің барлығы «әулие» деп саналған. Сол дәстүр барлық Орта Азия территориясын мекендеген халықтар сияқты біздің Ұлы Тұранға да келіп жеткен болуы керек. Бәлкім, ол діннен де бұрынырақ жеткен болуы мүмкін. Кейін таза Ислам діні келген де, сол дәстүрді жалғастырып әкеткен.      

Ал Маңғыстауға келер болсақ, Маңғыстау – сонау пұтқа табынушы, киеге табынушы замандардан бастап үлкен киелі орындар орналасқан жер. Өйткені Маңғыстау осы жатқан ландшафты, жер реңкінің өзі осыған итермелейді. Адам, ежелгі адам өзінен күштіге, өзінің рухы жетер-жетпесін білмейтін жерлерге табынған. Шындығында да, алғашқы адамдардың ең бір тоқырасқан, ұштасқан жері – осы Атырау (Хазар, Каспий) теңізінің маңайы. Сондықтан да бұл жерлердегі әулиелердің көбі – сол алғашқы адамдар заманынан бермен қарай келе жатқан киелі орындар. Соны осы маңайға соққан барлық діндар өздерінше меншіктеп, әр жерге өздерінің әулиелік белгілерін орнатқан. «Маңғыстау ойында – 360 әулие» сөзінің ар жағындағы ең түпкі маңызы осындай деп есептеймін мен. Бірақ оның бергі жағында осы жерді жайлап жатқан елдердің барлығы, оның ішінде біздің қазақ халқы да осы өлкені жаулап алу кезеңінен бастап өзінің көсемдерін әулие тұтқан. Бұл тұрғыдан келгенде, Маңғыстаудың ойында шындап келгенде 360 емес, мыңдаған әулие жатуы мүмкін». Солардың бірі: 

5-студент: Бекет Ата. Еліміздің Маңғыстау өңірінде де әулиелер аз болмаған. Солардың ішінде Бекет Ата Мырзаұлұлы (1750–1813) батыр, әулие, ағартушы, сәулетші болып, даңқы шыққан. Жастайынан-ақ оқу-білімге құштар, ерекше парасатты, дарынды болып өсіпті. Хорезмдегі Пақыржан қожадан оқып, дәріс алады. Маңғыстау, Атырау, Үстірт аймағында Медресе-мешіттер салып, халықты сауаттандыруға, имандылықты орнықтыруға бар ғұмырын арнайды. Білімдарлығы, абыздығы мен көріпкелдік қасиеттері үшін қалың ел көзі тірісінде-ақ қастерлеп, қадірлеген. Маңғыстауда, Оғыландыдағы өз мешітінде жерленген. Халық әулие тұтып, бейітінің басына барып Құран бағыштайды.    

Белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ағамыз Бекет Ата туралы былай дейді: «...Елі мен жерін шексіз сүйген асыл азамат, абзал адамды елі де шексіз сүйеді. Бекет Атаның басты құдіреті – міне осында. Өйткені, ол көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатігездікке жол бермес парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам...Асқақ жұртының асқар-шақар шың басындай тәкәппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз» . Аруағыңнан айналайын, Бекет Атаның өнбойындағы асыл қасиеттері өзі өмір сүрген заманда-ақ халқына кеңінен танымал ғой. Бекет он төрт-он бес жасқа дейін жоқшылық көреді. Сол күндердің бірінде балалықпен қателеседі де... Сонда оған Аллаһ тағаланың елшісі Қыдыр Ілияс елес беріп, су ішінен әуелі бір саусақ, сосын біраздан соң бес саусақ, сәл уақыт өткеннен кейін қырық саусақ көрінеді. Сол сәт Бекет: «Бір саусақ – бір Құдіретті ұмытпа, бес саусақ – бес уақыт намазыңды қаза қылма, қырық саусақ – мұсылмандық қырық парызыңды біліп, бұлжытпай орында», – дегені ғой, деп тәубәға келіп, қандай қиындық көрсе де, Аллаһ тағаланың ақ жолынан танбайды.      Бекет Ата, Өмір, Барақ деген кісілер өз заманында өте аруақты адамдар болғандығы туралы әңгіме көп. Ең ғажабы, үшеуі де көкке ұшады екен. Бекет Ата соңынан жеті балапан ертіп, аққу болып жүретін көрінеді. Соны көрген халық: «Аруағы жеті атаға тарайды», деп жорыпты. Өмір болса, жерді бір теуіп барып ұшатын болса керек. Жұрт оған: «Аруағы өзімен бірге кетеді», – деп баға беріпті. Барақ атамыз болса, жерді үш рет теуіп ұшқан. Халық ол туралы: «Аруағы үшатаға жетеді», – депті...

6- студент: «Маңғыстау» Сабыр Адай

Маңғыстау, қойтастарың – жүрегімдей,

Мұнарың – жалы жалын күреңімдей.

Аспанның – Адайлардың көкірегі,

Құс жолы  -  Көкмойнақтың шідеріндей.

Бөленген бөктерлерің – бөбегімдей,

Қақтарың – қас айғырдың төбеліндей.

Самалың – сағыныш пен мұңға толы,

Қалнияз, Қайыптардың өлеңіндей.

Қуаңсаң сен бақыттың кіндігіндей,

Қайғырсаң, көтере алмас піл бүгілмей.

Басынан бұлт кетпейді Манатаның,

Арудың ашылмаған түндігіндей.

Арқары – Алтын Орда Төресіндей,

Құйына – шыр айналған жер өсіндей.

Түрікмендер өз қолымен тұздап кеткен,

Сорлары ақшораның денесіндей.

Бекетім – құдайымның арысындай,

Жасылы – ерлерімнің намысындай.

Әйтеуір, мен білетін Маңғыстаудың,

Иті де – басқалардың барысындай. 

2-жүргізуші: Отпан тауы –«От-адамның» мекені,

Әлімсақта болған екен деседі.

Ғұламалар табиғатпен тілдескен,

Дана шалдар өтіп кеткен кешегі.

1- жүргізуші: Отпан-тау –тарихи- мәдени кешен,кесене. 2007 жылы 25 қазанда ашылды.Кешен Сабыр Адайдың бастамасымен 2004 жылы қолға алынған. Жоба бойынша Отпан –таудың басында салынған 12 құлпытас ортасынан қос күмбез көтеріліп,алтынмен қапталған.

2-жүргізуші :Отпантау кесенесіне кірер жол екеу: олар «қасиетті босаға» деп аталады.Күмбезді көтеріп тұрған құлпытастарға Адайдың сегіз арысының аты мен рулық шежіре жазылған.

7 - студент: Отпантау – тарихи-мәдени кешен, кесене. 2007 ж. 25 қазанда ашылды. Кешен С.Адайдың бастамасымен 2004 ж. қолға алынған. Әуелі кешен жобасына байқау жарияланып, оған бірнеше үміткерлер қатысты; сарапшылар алқасының ұйғарымымен К.Демесіновтің жобасы кешен негізіне таңдалып алынды. Осы жоба бойынша Отпан таудың басында салынған 12 құлпытас ортасынан қос күмбез көтеріліп, ол алтынмен апталынды. Үш құлпытастың ортасындағысының қас бетіне алтын әріппен «Адай ата» деген сөз жазылды. Отпантау кесенесіне кірер есік екеу: олар «қасиетті қос босаға» деп аталады. Күмбезді көтеріп тұрған құлпытастарға Адайдың сегіз арысының аттары, ал күмбездің ішкі бетіне Адай ұрпақтарының аты мен рулық шежірелері алтын әріппен жазылған. Кіреберістегі керегелер биік мұнараларға бекітілген. 12 қанат керегенің ішкі беті гранитпен қапталып, оған әр түрлі тілдерде Адай туралы дерек-жазбалар ойылып түсірілген. Кесененің диаметрі 7 м, биіктігі 13 м. Кесене және оның шығысындағы төбе басында көк бөрілер мүсіні орнатылған. Тау басына көтерілетін айналма тепкішекті қоршай жаяу және көлік жолдарына тас төселген. Күмбез төбесіне сәуле шашып тұратын қуатты шырақ жағылған; газ, электр желісі мен тұщы су құбыры тартылған. Кесененің негізгі материалдары жергілікті орындардан алынған; гранит пен мәрмәр тастар шетелден әкелінген; ал көк бөрі мүсіндері мен алтын аптаулар шет ел зауыттарында құйылып жасалған.

8-студент: Елді жинап, Ұран – Отын жаққанбыз,

Баба салтын баяғыша сақтармыз.

Үміт етті ұл тудым – деп біздерден,

Ел сенімін Ту көтеріп ақтармыз.

Көкбөрісі көкке ұлыған Елденбіз,

Көп Шалдары шейіт болған жерденбіз.

Пір Бекетпен арым ортақ қаным бір!

Сағы сынбас сағым тектес керуенбіз,

Досқа жуас, ал дұшпанға батырмыз,

Оған куә, сонау, сойқан жатыр құз.

Ұл біткеннің ақ білегін сыбантып,

Ұран – Отты жағып тындық, ақыр Біз!

Сыртта дұшпан іште күншіл күңкілдек,

Мойындайды Мендік жырды біртіндеп.

Маңғыстау ма?! ... Жанартау ғой, - бұл деген,

Мың күн тұрып, бір – ақ сәтте сілкінбек.

Доғар жаным , дұшпансыған күлкіні,

Талай жаудың қанға бөккен кірпігі.

Маңғыстаудың киесімен ойнасаң,

Екі аяғың көктен келер бір күні...

2-жүргізуші: «Маңғыстау деген киелі өлке ,кер үлек,

Кекетіп жүрмең қақталған күнге тері»- деп,сірә,Маңғыстауды жырға қоспаған ақын кемде-кем шығар.Кезекті Маңғыстау жайлы жауһар жырларға береміз.

«Мен білетін Маңғыстау».

9- студент: Бұл өлкеге келмеді,өтпеді кім,

Өткенімді зерттейтін көп пе еді ілім?

Маңғыстауды «Маң» «Қыстау» деп жорыған

Ғалымдарға шындығы өкпелімін.

Ей,ғалымдар,белгілі жайың маған,

Сырын саған ашқан жоқ сайын далам.

Келіспеймін білгішпен және де мен,

«Мың қыстау» деп өлкемді пайымдаған.

Білгіштер ме,-сөзден-сөз құрады олар,

Қалай жазса,солай сөз тұра қалар.

Маңғыстау да емес ол,Мыңғыстау да

Мың ғажаптың мекені бұл аралар.

Қағаз жазып күні-түн құнжыңдапсың,

Келеді ме шештім деп шынжыр таққың?

Білгің келсе айтайын бұл- өлкесі,

Жауабы әлі белгісіз мың жұмбақтың.

Кескілескен көп болған мұнда қырғын,

Беті күйген қан ұйып,шым тақырдың.

Айға білеп азуын арпалысқан,

Мекені бұл жаужүрек мың батырдың.

Қайран өмір,бейбіт таң,туатын күн,

Көзі болар қайнарлы қуатыңның.

Қашағанша қапысыз жырлап кеткен,

Мекені бұл марқасқа мың ақынның.

Ақын жүрек алмайды ылғи тыным,

Бар болса егер тыңдашы шын түйсігің.

Жарысқанды жаңылтқан,жолға тастап

Мекені бұл дәулескер мың күйшінің.

Жөні бөлек қысылып, қымсынудың.

Махаббатқа мас болып тұншығудың.

Мекені бұл алма бет,ай маңдайлы

Ақбөбектей ажары мың сұлудың.

Бергені ме белгісіз бір бұйрықтың?-

Білген бабам қадірін қыл құйрықтың.

Бәсекелі бәйгеде топ жаратын

Мекені бұл желжетпес мың жүйріктің.

Мекені бұл мың таудың дамылдаған,

Байлығының мұрты әлі шағылмаған.

Жаңғырық жүр шыңдардың арасында

Болашағын өлкемнің дабылдаған.

«Аңғал өлке есігін қаусырмаған»,

Деп айтады мұжылған тау сыр маған.

Мың дарынның өлкесі бұл Маңғыстау

Айтатыны әлі де таусылмаған.

Әр төбенің басында толы дерек

Ертелі кеш ерінбей шолу керек.

Мен сенбеймін «қайқысын жетеу», -десең,

Жетпіс жеті кемінде болу керек.

Керегі жоқ ұжмақтай ұяның да,

Ірілікпен осынша сиямын ба?

Мен білетін Маңғыстау артық,кемсіз

Тап осындай перзенттік қиялымда.

 

1-жүргізуші: Академик Ахмет Жұбанов былай деп жазады: «Маңғыстауда Шолтаман, Тастемір, Досат, Тұрсын, Жылкелді, Өтеулі, Өскенбай – «жеті әнші», «жеті қайқы» болып аттары шығады. Бұлар жетеуі бірге жүріп, көбіне қосылып ән айтады екен. Ол заманда қосылып ән айту сирек болғаннан ба,тыңдаушылар бұларды аса қатты құрметтейді екен. Әрине, жеті кісінің қосылып бір дауыста ән айтуы әннің сапалық жағын сөзсіз өзгертеді, күшейтеді, әсерлендіреді, байыта түседі.Ендігі кезекті «Жеті қайқы » туралы мәліметті тыңдасақ. 

 

10- студент: Бұлар әрі әнші, әрі күйші, сазгер – күйші болды, бір басынан бірнеше өнер табылды. Олар ел аралап, өнерді насихаттады, бас бостандығын аңсады. Дәуірдің өтпелілігін жырлады, шын сұлулықты ардақтады. Үстем тап өкілдерінің әдейі қытығына тиген, бірақ оларды халық қатты қадірлеген. Сал – серілермен әнші – ақындар мұрасы бүгін де халықтың қадірлі мұрасына айналды. 

Ертеде Маңғыстау елі өнер адамдарының жарысын ұйымдастырады. Сарапшылар белгіленеді, бас сарапшы болып белгілі би, әрі болыс Иса Тіленбайұлы сайланады. Жиынға келген өнерпаздар өз өнерлерін көрсетеді. Бірінші орын Медет Жылкелді деген әншіге беріледі. Осында жеті өнерпазға: Шолтаманға, Әділге, Тастемірге, Тұрсынға, Жылкелдіге, Досатқа, Өскенбайға «Адайдың жеті қайқысы деген » атақ беріледі. Жылкелдіге бірінші бәйге аталғанда, тыңдаушы  жұртшылық арасынан күңкіл көбейіп кетеді. Көбі: «Өскенбай – әрі күйші, әрі жыршы, әрі ақын, әрі әнші. Бас  бәйге соған тиісті еді. Иса ағайына  Жылкелдіге бұрып кетті - ау» - дейді. Бұс сыбыс Исаның құлағына жеткенде:  «япырмай, мен сүйтіп кеттім бе екен? Өскенбайжан, сен бір жетеуіңе арнап «Жеті бұлбұл » деген  күй тартшы,» - деген екен. Сонда Өскенбай табанда  «Жеті бұлбұл»  деген күй шығарып тартыпты. Риза болған ел Өскенбайға ақбоз ат мінгізіпті. Өскенбай осы сапарында жетеуі бірге келе жатқан көңілді сәтінде атақты «Жеті бұлбұл» әнін қоса шығарыпты.:

Жиналып жеті әнші «желе» кеттік,

Бірігіп серілікпен елге жеттік.

Әншінің айдап жүрген еш малы жоқ,

Өнер мен мерекені ермек еттік.

Ертіп соңымыздан көпшілікті,

Өнерді жасымыздан өрнек еттік,

Кең ойып, шаршы төрден орын алып,

Қара өлең төрттен салып дөңгелеттік. 

2-жүргізуші . «Бағзы Маңғыстау өңірі – өзінің қасиетті топырағында ел бірлігінің туын көтеріп, дүлдүл шешендерді, суырып салма ақындарды, найза ұстап, түн ұйқысын төрт бөлген батырларды, от ауыз – орақ тілді көсемдерді, жезтаңдай әншілерді, таңды таңға қосқан жыршыларды, құдіретті күйшілерді өмірге келтірген өңір» - деп Ізтілеу Шыртанұлы айтқандай, Маңғыстауда көптеген билер , шешендер өмір кешкен.

1 - жүргізуші: Маңғыстау билері! ... Көкірегі ояу жұрт шешендік өнердің айтулы шеберлері өзімізде бар екендігін біледі! ... Ермембет, Иса, Мәтжан, Тілеген, Ораз, Бәйменбет, Көбен, Айдарбай, Оразбай, Тобанияз, Қабыл, Қарабала, т.б. сөз жүйріктері – осы қатардан табылады. Бұлардың арасында басқаларына қарағанда, би ретінде ел аузында – ерекше аты, артында – салмақты да мәйекті сөз қалғандары Ермембет пен Мәтжан. Жұрт бұл екеуін – ел басқару ісіне белсене араласқан қайраткер тұрғалар ретінде де біледі! ... Әлім Бүкір сыншы айтыпты деген беделді сөз бар. Ол: «Ермембет – сөздің атасы, Мәтжан – сөздің анасы », - деген емес пе еді?... 

Билер туралы мәлімет: Ермембет би,  Мәтжан , Иса , Ораз би, Тобанияз би,  Тілеген Мәмбетұлы, Көбен Дүкенұлы.

2-жүргізуші: Бұл билер ел арасына кеңінен танымал, елдің қамын ойлаған ел азаматтары болған . Олардың ел арасында кеңінен таралған шешендік сөздері де бір төбе .

Студенттер шешендік сөздер жайлы мәлімет береді . 

2-жүргізуші: Қасиетті Маңғыстау жері туралы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» деген. Біз сол бақыттың иесіміз.Біздің Маңғыстау жерінің тарихындай терең тарих ешбір жерде жоқ.Қазақстандағы 20 мыңнан астам тарихи – мәдени ескерткіштердің 60 пайызы біздің Маңғыстау жерінде сыңсып тұр.

11-студент: «Маңғыстау»

Маңғыстау мынау, құмды ауыт аймақ, құмды аймақ

Шаруасы көшкен, ойынан малын қырға айдап

Ұлдары тентек ер салынбаған асаудай

Қыздары көркем құлпырған жүзі гүл жайнап ,

Маңғыстау мынау, жырменен таңы атқан жер

Қашаған, Түмен, Сәттіғұлдарым жатқан жер

Қос сөздей болып тарита қалған жаңғырып

Есейген орда Абыл мен Ақтан, Ақтангер

Маңғыстау мынау күнде бір думан боп жатқан,

Күнде бір жиын қайнатып қазан от жаққан

От ауыз тілді, егіленіп келген шешенді

Екі ауыз сөзбен Ерменбет , Мәтжән тоқтатқан

Маңғыстау мынау,бақытсыз келіп бақ тапқан

Тұқымы асыл, көкмойнақ сынды ат шапқан

Достасам деген елдерге, ерлері төсті ашып,

Қастандық еткен залымның қанын қақсатқан

Маңғыстау мынау, шаттық пен құтқа бөлеген

Әулием демеп, әмбием желеп жебеген

Кеңдігі сонша, сауғалап келген қашқынға
Қайдан келдің, неғылып жүрсің демеген!
Маңғыстау мынау, кеудесі толған ұлылық
Күніне туған жұлдыз боп жарқын мың үміт
Таңырқаймын деп, таңданамын деп талайдың
Суырылып көзі, таңдайы түскен жұлынып!
1-жүргізуші: Би-шешендер сөзі хатқа түспей, қағазда басылмай ауызша тарағандықтан ұмытылады, небір атақ-даңқы белгілі, ортаға танымал, таңдайы жарылған, айыр көмей айтқыштардың сөздері сақталмай тарихтың қоқысында қалып қойса, бұл сол өмір сүрген кезеңіне тікелей қатысты. Адай елінің әр руынан нелер айтқыш, тапқыр, көріпкел, суырып салма білгіштер шыққан. Әйтсе де, олардың көбінің сөздері біздің дәуірімізге жетпей ұмыт болғанға саяды.
2-жүргізуші: Халықтың аңыз-әңгімелері, шешен-билердің түйін-тұжырымдары біздің асыл мұрамыз, рухани игілігіміз екені даусыз. Оның өн бойында сол аймақ, өлке халқының ерлігі мен еңбегі, ақылы мен арманы, тұрмысы мен салты, дәстүрі мен ғұрпы бейнелі көрініс береді.
1-жүргізуші: Киелі Маңғыстау жері туралы сыр шертетін болсақ,бұған бір 40 минут түгіл,1 күн аздық етер.Абыл,Нұрым,Сүгірлерден бастау алатын жыраулар мен 362 әулиемен жалғасын табатын киелі мекенді жырлауға 10 күн де аздық етер деп ойлаймын.Маңғыстау – мәңгілік ән,таусылмайтын жыр-дастан, тарихы-шежіре, қойнауы – кенді, жайлауы-малды, келешегі кемел өлке.
2- жүргізуші: Сөзіміздің соңын «Қысылғанда дем, жабыққанда жар болатын» қасиетті Бекет-Ата рухы кім-кімді де қолдап,ел болу жолындағы келелі қарекеттерге қадам басқан отандастарын оң іске бағыттай берсін.

1-жүргізуші: Маңғыстау кім-кімді де қызықтырып әкететін терең, тарихи өлке. «жер шарының геологиялық тарихын білгіңіз келсе, Маңғыстауды бір рет көріңіз» деген  халық сөзі бар. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз