Өлең, жыр, ақындар

Іздегенде табылатын қасыңнан...

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылы
 №90 мектептің  «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі 
Кеулімжай Шаттық

 

Тақырыбы: Іздегенде табылатын қасыңнан... 

Құндылығы: Дұрыс  әрекет

Қасиеттері: адалдық, шыншылдық,  жауапкершілік, ізгілік. 

Сыныбы: 8   

сабақ №13   оқушы саны-16

  Мақсаты: «Дос», «Достық» ұғымдары туралы түсініктерін кеңейте отырып, дұрыс әрекет  құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

Білімділік: -достар арасындағы рухани жақындықтың маңыздылығын түсіндіре отырып,  жауапкершілік қасиетін ұғындыру;                  

Дамытушылық: - оқушыларға адал дос болуды үйрету арқылы шыншылдық қасиетін дамыту;

Тәрбиелік: - жауапкершілікке, адалдыққа, ізгілікке, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Ресурстар

Интерактивті тақта мен слайд арқылы көресту.

Сабақтың барысы: Оқушыларды топқа бөлу. «Кімнің заты қай жерде?» Әр оқушының бір-бір затын алып, парта үстіне 5-6 дан қою. Әркім өз затының жанына барады.

1. Ұйымдастыру кезеңі. 5 Т ережесі-тәртіп, тыныштық, талап, тазалық, татулық.

Тыныштық  сәті. «Достық елі»

- Балалар, денемізді тік ұстап,орындықта еркін отырамыз. Көзімізді жайлап жұмамыз. Өздеріңді ұшқыш кілемге отырып, «Достық еліне» сапар шегіп барамыз деп елестетіңдер. «Ұшқыш кілем» көкке көтеріліп барады. Алдымыздан қоңыр жел есіп тұрғандай. Ашық аспан биігінен қарасақ биік-биік таулар мен шексіз далалар, ну ормандар мен тоғайлар, көлдер мен шөлдер артта қалып бара жатқандай. «Достық еліне» де келіп жеттік. Нұрдан төгілген жан жылулығы бой-бойымызға тарап бара жатқандай. Өйткені, достық-сыйластық пен жылылықтан құралады. Көзімізді ептеп ашайық. -Кім қандай әсерде болды?

       Әсерлерімен бөлісу.

.

  3.    Үй тапсырмасын сұрау.

Үйге оқулықтың 49 бетіндегі Ә. Ахметовтің «Дос жүрегі» атты өлеңі берілген. Мәтінді үшке бөліп, сурет арқылы бейнелеу.Салып келген суреттері арқылы мәтіннің мазмұнын ашу.

1-топ мәтіннің басын, 2-топ мәтіннің ортасын, 3-топ мәтіннің соңын қорғайды.

  Сұрақтары:

 - Осы мәтіннен қандай ой түюге болады?

 - Шығармада дос жүрегі неге теңеліп суреттелген?

 - Достық қарым-қатынасты сезініп бағалай білу үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек?

 - Достарыңмен ізгі, аяулы қатынас жасаудың қажеттілігін қалай түсіндірер едіңдер?

Берілген сұрақтар бойынша оқушылар жауаптары тыңдалды. Оқушылар ойын толықтыру.

 

 4. Дәйексөз.

-Аз қайғыны ас басады,

Көп қайғыны дос басады.

    Халық мақалы.                                                                                                     

 - Мақалды қалай түсінесіңдер? 

 - қайғысы аз адам тамағы тоқ болса көңілі жайланады, қайғысы көп адамның қайғысына досы көмектесе алады. Дәйексөзді бірнеше қайталап, дәптерлеріне жазып алу ұсынылады.

.

 5. Әңгімелеу.                                               

                                  Құм мен тас

      Екі дос шөл далада жолаушылап келе жатады. Бір кезде сөзден–сөз шығып, тартысып қалады. Біреуі ашуға қатты булығып, екіншісін қойып қалады. Досының ұрғаны жанына қатты батады, бірақ ләм-мим демей құмға былай деп жазып қояды: «Бүгін мені жан досым ұрды!»

      Екеуі көкорай жерге келгенше тоқтамай жүріп отырады. Суды сол жерден ішерміз деп келісіп алады. Бір кезде досынан таяқ жеген жігіт батпаққа аяғы кіріп, шыға алмай қиналады. Бірте-бірте тұншығуға айналып, демі тарыла бастағанда, досы құтқарып қалады. Батпақтан құтылғаннан кейін, тастың үстіне ойып тұрып: «Бүгін мені жан досым өлім аузынан құтқарып қалды»,-деп жазады.

   Оның бұл жазуына таңырқаған жолдасы:

  - Ұрған кезімде құмға жаздың, ал енді не үшін тасқа жазып жатырсың?-деп сұрайды. Сонда досы:

  - Біреу бізге жамандық жасаса, оны құмға жазғанымыз дұрыс, кешірім самалы оны өшіріп кетсін. Ал біреулер жақсылық  жасаса, оны тасқа ойып жазайық, оны ешқандай жел өшіре алмасын! - депті.

Сұрақ:   

 - Бұл ғибратты әңгімеден не ұқтыңдар?           

 - Достар арасындағы адалдық дегенді қалай түсінесіңдер?

 - Адал дос болу үшін адам бойында қандай құнды қасиеттер болу керек?

 - Кешірімшіл болу, жамандықты ұмыту, жақсылықты ұмытпау қандай әрекетке жатады?

 - Екі достың бірі сен болсаң не істер едің?

 - Өз досыңды қиын жағдайдан құтқарған кездерің болды ма?

Мұғалімнің толықтыруы:

- Жаман сөз, жаман ниет, арам пиғыл құм өшірген сөздей, тез өшсін-деген мағынаны білдіреді.

 

 6. Шығармашылық жұмыс (топпен жұмыс)

   1-топ:   - Кез-келген дос туралы әнге сөз жазу..(хормен орындау)

   2-топ:  «Дұрыс әрекет» сөзіне кроссворд құрастыру

   3-топ:: Танысқан  материалды(мұғалім сыйын) суретпен бейнелеу

 

 7. Топпен ән айту: «Жан досым»  Сөзі: Т.Молдағалиевтікі

                                                         Әні: С. Байтерековтікі  

   1. Iздегенде табылатын қасыңнан,
   Көңілі бар қызғалдақтай ашылған.
   Көрiспесек сағыныштан жүдейтiн,
   Кiм бар екен бала күнгi досыңнан!
   Қайырмасы:
   Жан досым, үстем болсын мерейің,
   Әрқашан жеңiсiңді көрейiн,
   Сырымызда бiтпесiн,
   Жырымызда бiтпесiн, жырымызда бiтпесiн!          

   2.Қос бұтағы секiлденiп ағаштың,
   Қатар жүріп сырымызды санаштық.
   Жол тапсақта бiрге жүрiп жол таптық,
   Адассақта бiрге жүрiп адастық.

   Қайырмасы:
   Жан досым, үстем болсын мерейің,
   Әрқашан жеңiсiңді көрейiн,
   Сырымыз да бiтпесiн,
   Жырымыз да бiтпесiн, жырымыз да бiтпесін!

   3. Өмiр өзi арқамызға жүк салып,
   Бәрiмiздi қияларға жұмсады.
   Қатар ұшқан құска ұқсадык әлде бiз,
   Қатар жанған қос жұлдызға ұқсадық.

   Қайырмасы:
   Жан досым, үстем болсын мерейің,
   Әрқашан жеңiсiңді көрейiн,
   Сырымыз да бiтпесiн,
Жырымыз да бiтпесiн, жырымыз да бiтпесін!

.

 8. Үйге тапсырма.

   1.  Оқулықтағы 72-беттегі Константин Паустовскийдің «Жеделхат» әңгімесінің  үзіндісін оқып келу.

   2.  «Дос жүрегі шар айна» тақырыбына эссе жазып келу.

 

 9. Сабақтың қорытынды сәті.

 - Көзімізді жұмып, осы сабақта айтылған ойлар мен істерді ой елегінен өткізіп көрейікші.

 - Барлық айтылған жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне апарып орналастырайық.

 - Жақсы ой ойлайық, жақсы іс жасайық, жүрегімізде сақтайық, іс жүзінде асырайық.

 - Енді көздеріңді аша қойыңдар. Сабақ аяқталды. Бүгінгі күндерің қуаныш әкелсін! Сабаққа белсенді қатысқандарыңыз үшін рахмет!

..

 

 

 

                                                                                             


Пікірлер (2)

Аделя

Калай созін жазамыз

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз