Қойшының ертегісі

Павлодар  облысы
Ертіс ауданы, Ынтымақ ауылы
Ынтымақ негізгі жалпы білім беру мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Айтмаганбетова Айнагуль Торшановна

 

Мектеп сахнасы үшін Иса Байзақовтың «Қойшының ертегісі» поэмасынан қысқартылып алынған ІІ көріністен тұратын сахналық қойылым

Қойшының ертегісі

Қатысушылар:

   1. Автор                                           
   2. Кәрі қойшы                                                     
   3. Көлебе                                            
   4. Қаракөз                                           
   5. Ағыбай                                           
   6. Қолаба                                             
   7. Таңбай                                             
   8. Жас қойшы                                    

І көрініс

(Сахнаның бір шетін ала орналасқан Баянауылдың Ақбет тауының бөктерінде жайылып жүрген қойлар бейнесі, екінші бір шетте алыстан мұнартқанАлтай тауының маңына қоныстанған қалмақтың ауылының бейнесі. Бірінші шетте бір төбеде отырған кәрі қойшы мен жас қойшы. Сахнаның екінші  шетінде автор тұрады. Баяу әуен естіліп тұрады)

Автор:

Шашырап келе жатыр күн қызарып,
Жарығы қоңыр түстің ішін жарып,
Шомылтып көл мен орман, тау мен тасты,
Толықсып алтын нұры  қызыл шарық.

Көгеріп бұлт секілді көк түс берген,
Көміліп көкшіл буға дірілдеген,
Алыста Баянауыл таулары тұр,
Жамылып шымылдығын неше түрмен.

Баянның Ақбет дейтін биік басы,
Қалаған бүйрек-бүйрек айналасы,
Шағылып күн соғылып, бетін сүйіп,
Шығыста жалтырап тұр бозша тасы.

Жақсы аула, Жаман аула, Баянаулы,
Өз ара елдеріне аты даулы.
Қыз-Шілік, Қызыл Шілік сол жағында,
Бұл жылдар ел қонысы соған ауды.

Сыртында бұл шіліктің қаптаған мал,
Қойшылар дағдысынша келіпті дәл.
Көп қойдың ортасында бір төбеде,
Сөйлескен екі қойшы, біреуі шал.

Жас қойшы тыңдап отыр қасындағы,
Тымағын қолына ұстап басындағы.
Шынтақтап жатқан тыныш кәрі қойшы,
Сөйледі ертегісін жасындағы.

 

Кәрі қойшы:

Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ел болмапты Ағыбайдай,
Баяғы Кенесары заманында,
Ерлігін көрсетіпті елге талай.

Үш жүзге даңқы кеткен, басынан  іс асырмайтын Ағыбай батырды білмеген ел, тең келер ер болмаған. Соғысқа шетінен шебер бес жүз нөкері айтқанынан шықпайтын. (үнсіздік) Тек батырдың жанына бататыны, қысы-жазы жау тисе даяр жүретін жігіттерімен дұшпандарына тоналып қалғандарына налитын.

 

Автор:

Атақты Алтай тауының маңына қоныстанған қалмақтың Қолаба атты әрі ханы, әрі батыры, жорықтан дем алып  жатқан  Ағыбайдың  жерін біліп алып қамауға алады, қоршаудан әупірімдеп құтылып шыққан Ағыбай өзінен кем түспейтін, әрі туысы болып келетін Көлебе атты батырының қалмақтардың қолында қалғанын біледі. Қолаба Көлебе батырды байлап өз еліне апарып, терең зынданға тастайды. (баяу ғана әдемі бір әуен естіліп тұрады)

Бар екен Қолабаның жалғыз қызы,
Жолындай құмырсқаның басқан ізі.
Онан сұлу аспанның астында жоқ,
Жаудырар қарақаттай екі көзі.

Сол сұлу Көлебеге ғашық, болып бір көруге құмартып жүрген. Бірде ол үңгірден Көлебені шығартып алып, онымен тілдеседі. (Көлебенің байлаулы қолын шешіп тұрып) Қаракөз:

- Рас сіз Ағыбайдың жолдасы ма,
Атақты ер Көлебе қолбасы ма?
Мен сізді босатуға ант беремін,
Төгілген қарайсыз ба көз жасыма.

Аяңа алып бердім шын ниетімді
Ойлама, өтірік деп бұл сертімді,
Қайтсем де босатамын, көңілім-ақ,
Жалғыз-ақ білдір маған өз бетіңді.

Көлебе:

- Сен сүйсең, мен де сізді қабыл алдым,
Ай менен аспан айғақ осы сөзге.

Автор:

Үндемей түн тұншықты жым-жырт болып,
Сүйісіп жас тұншықты көңілі тынып,
Құшырмен Көлебені құшқан шақта,
Балдағы Қаракөздің кетті сынып.

Екі ғашық осымен сөз байласып, түнде кетпекке бел байласады. Қаракөз сұлу екі тұлпар, қару мен киімін де алып келеді. Алтайдың күнбағыс бетін алып, қалмақтарға білдірмей жүріп кетеді.(музыка дауысы күшейе  түсіп, ақырындайды)

Қолаба еліне ертең бүлік салды,
Кеткенін Қаракөздің біліп қалды.
Кетті деп дұшпаныммен дұшпан болып,
Қасына бес жүз нөкер кісі алды.

Көпіріп аузы-басы көбік болып,
Жеке өзі нөкеріне қарамады.
Қос жирен қосалқының қос бедеуі,
Ішінен аршакөкті таңдап алды.

Кәрі қойшы:

Бір күні Ағыбай батыр Көлебені құтқаруға жұрт жинап, қасына Көлебенің тетелес ағасы Таңбайды алады.

Іріктеп сексен кісі нөкер алып,
Аттанды қолабаға содан былай,
Күреңше жер тебініп астындағы,
Оқ бойы алдында отыр ер Ағыбай.

Он төрт күн жүріп қара Ертіс өңіріне жетіп Колабаны қарауылдайды.

Ағыбай үш күн жатып демін алды,
Жан-жақты қарауылдап көзін салды,
Басына Кендірліктің шығып тұрып,
Таңбайдың бір қараны көзі шалды.

Автор:

Бұл келе жатқандар Көлебе мен Қаркөз сұлу болатын. (Екеуі келе аттан түседі, батырлар құшақтасып қауышады, Қаракөз сұлу   сәлем қылады)

Ағыбай: (келініне риза болып, батасын береді)

- Жарқыным көп жаса!

Таңбай:

- Аттан! Аттан! (Таңбай келіп қалған Қолабаны көріп аттан деп, батырларын жиып күтіп тұрады. Қолаба қалың қолды көріп тұра қалады да жекпе-жекке шақырады)

Қолаба:

- Кім мықты, шығыңдар жекпе-жекке,

Ағыбай:

Иә, аруақ!

Көлебе: (Ағасының алдын орап)

Кегім бар, мен өзім шығамын. (Қаракөз Ағыбайға жетіп келіп)

Қаракөз:

- Сауыты жоқ ініңіздің түспепті ойға
Әкемнің ашуланған түрі жаман,
Қоймайды ініңізді енді жайға.

(Бұл кезде Көлебе ұрысқа кірісіп кеткен болатын, Қолаба айналып келіп дәл өкпеге найзасын тығады. Көлебе жер бауырлап аттан құлайды. Қаракөз барып Көлебені құшақтап, жылап бас салады .Қолаба Көлебені өлтірген найзасын алып, Қаракөзді өлтірейін деп жатқанда, Ағыбай қолында даяр тұрған қылышымен оны өлтіреді.)

Автор:

Қан ақты Көлебеден дір-дір етіп,
Қара жер жұта берді есі кетіп.
Қаракөз жансыз тәнді қалды құшып.
Көзінен сорлы жасын мөлтілдетіп.

Көп сорлы бұл секілді қалған талай,
Күн жоқта адасқандай аспанда ай,
Жас сорлыны күнәсіз отқа салған.
Рақымсыз қара пейіл сұмдар қалай?

Кейін келген Қолабаның қалмақ нөкерлерін Ағыбайдың тобы бірін қалдырмай жер жастандыртады. Ағыбай Қаракөзге қайта келеді. (Қаракөзді бауырына басып тұрып)

Ағыбай:

- Өле-өлгенше құныңды жоқтармын. (Еңіреп барып Көлебені құшақтап жылайды)

Автор:

Сүйегін елге қарап алып жүрді,
Тоқтаусыз Таңбай тушы жылай берді.
Соғыста ту ұстаған соңын бағар,
Таңбайдың ұмтылмауы содан болды.

Кәрі қойшы:

Еліне сөйтіп қайтып келді Ағыбай,
Көп қайғы бұл жолында көрді Ағыбай.
Тетелес Көлебенің өз ағасы
Таңбайға Қаракөзді берді Ағыбай. (музыка дауысы екпіндей түседі)

Соңы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет

Жарнама