http://a-brands.kz/

Бала тәрбиесіндегі жазалау мен мадақтау

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
Төлесін Әлиев атындағы №1 орта мектеп ММ-сінің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі және педагог психолог
Дармагамбетова Багила Бегенишовна

 

Балалармен жұмыс жүргізітін әрбір адам тәрбиешінің мадақтау және жазалаудың көмегімен баланың тәртіпті, жауапты болуына қол жеткізетінін біледі. Бүгінгі таңда педагогтар мен ата-аналар арасында бала тәрбиесінде мадақтау мен жазалауға деген көзқарас әртүрлі.

Кейбіреулер баланы жиі жазалап, кейде ғана мақтау айту керек десе, екінші біреулер, керісінше, жиі мақтау айтып, жаза қолданбау керек деген пікірде, Ал нағыз тәрбие мақтауды да, жазалауды да  мүлде қажет етпейді деген тұжырым айтатындар да бар.

Көптеген педагогтер бала тәрбиесінде мақтау мен жазалау мәселесіне келгенде К.Д. Ушинский «Егер біз әлі күнге мадақтау мен жазалауды қолдансақ, бұл біздің тәрбиелеу өнеріміздің жетілмегенін айғақтайды. Тәрбиешіге мадақтау мен жазалау қажет болмайтын жағдайға қол жеткізген дұрыс» деген сөзін қайталаудан жалықпайды.

Бала- адамның бауыр еті, қолқа-жүрегі. Баланың арсалаңдай аймалаған ерекшелігі, апыл-тапыл адымы, ойнақтаған қылығы, былдырлаған тілі бәрі-бәрі де жаныңа жақын, жүрегіңе ыстық. Ол ержетіп, есейе бастаған шақтарда, оның әрбір жетістігі мен қуанышы-саған да қуаныш, қысқасы, бала бақытты болса ата-ана да бақытты.

Ал енді баланың бақытты болуы, жақсы азамат болып өсуі ең алдымен кімге байланысты? Әрине, ең алдымен, ата-аналар, сіздерге байланысты. Бала тәрбиесі-әр күн, әр сағат сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса жауапты, аса күрделі процесс. Сондықтан да әрбір ата-ана өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейірімді, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты.

Бірде-бір ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайды қарауға еркі жоқ. Егер де бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатыны-ешбір дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат.

Бала тәрбиесінде отбасы өнегесі басты орынға ие болады. Сондықтан, «Бала-жас. Еш нәрсені білмейді, өсе келе бәрін түсінеді»-деп қарау –барып тұрған қателік. Бала тәрбиесі сөз болғанда «Баланы жастан» деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақы жоқ. Өйткені мектеп жасына дейінгі кезеңде баланың мінез-құлқы қалыптасады. Отбасында алған тәрбиесі оның болашағына негіз болады. Осыған орай бала тәрбиесінде әрбір ата-ана оның жас кезінен ұқыпты әрі аса жауапты азамат болып өсуіне қырағылықпен қарауы ауадай қажет. Бірақ та, «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ата-аналар ішінен бала тәрбиесіне мән бермейтіндері де кездесетінін жасырып-жапқанымыз жараспас. Бала тәрбиесін уақ-түйек деп қарап, уақыт жоқ деген сылтаумен бұл істі жалғыз анаға қалдыратын кейбір бір мойын әкелер де, «Әй, бала деген өзі де өспей ме, маған тамағы тоқ, киімін бүтін етсем болды емес пе, не тәрбие керек оған, өзіміз солай-ақ өстік қой» деген кертартпа ұғымның шылауына  шыланып жүрген әкелер де баршылық. Ондай әкелер баламен бірге болып, ықпал жасау орнына, арақ ішіп, темекі түтініне қамалып, сайраңдауды өнер көреді. Әлбетте, бұлар өсер елге тән дәстүр емес, кейін келе  кейбір әке баласы енжар, жалқау болып өссе де, «Бұл қалай болды, мұны қайдан үйренді?» -деп таңдана өкінеді. Өкінгеннен не пайда? Өткенді орнына келтіру мүмкін емес. Ержеткен бала қайтадан сәби болмайды. Кейбір ата-аналар көшеде сыпайы, таза киініп, мәдениетті жүреді. Ал үй ішінде қалай болса солай, жалаң аяқ, жалаң бас, шашы дудырап, тіпті кейде балалардың көзінше ішкиіммен жүреді. Көшеде таныстарымен сыпайы да кішіпейіл сөйлеседі. Өздері бірге қызмет істеп, араласып сыйласып жүретін адамдары жайында, отбасында жағымсыз әңгімелер айтып, сыртынан ғайбаттап отырады. Бұл әдеттердің бәрі де жасөспірім балаға теріс әсер береді, үйде бір түрлі, көшеде екінші түрде жүруге болады екен деген ой туғызады, сөйтіп екіжүзді мінезге үйретеді. Ата-ананың үй ішінде, балалардың көзінше бейпіл жүріп, бейпіл сөйлеуі олардың ата-анадан үйелмен мүшелерерінің қаймықпай, дөрекі мінезді, тұрпайы болып өсіуі, оларды сыйламау, тыңдамай бетімен кету деген, көбінесе, осындайдан шығады. Қайсыбір жас аналар баласына «әдепті бол», «үлкенді сыйла» деп ақыл айтады. Ал өздері үй ішінде қарт әжесіне дөрекі сөйлейді, «қақсамашы сен қақпас» деп бетіне алып ренжітеді. «Ұқыпты, жинақты болып өс», деп ақыл үйретеді. Ал өздері үй ішіде күнделікті тұрмысында ұқыптылық көрсетпейді, көрпе-төсек күніге жиналмайды, төсек асты ескі-құсқы, кір-қоңға, лас аяқ киімге толып, ыбырсып жатады. «Еңбек сүйгіш бол, еріншек болма», -дейді. Өздеріне қызмет істемейді не үй шаруасын істеп береке таптырмайды, бос қалдырудан, қысыр әңгімеден басқаны білмейді.

Жас ата-ана балаға сөзден гөрі іс, күнделікті әдет-ғұрып өнегесі күшті әсер ететінін ескеру керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, өз әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәтиже шықпайды. Сондықтан соңынан опынып, бармақ тістемес үшін баланы қарашадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан мақұл. Бұл - әкелік, ата-аналық парыз емес, халық. Отан алдындағы азаматтық парызымыз.       

Мадақтың  мәні

Нашар оқып жүр демей балаңыздың бойынан жақсылық тауып мақтай біліңіз. Сіздің байсалды сөзіңіз қолдап, қуатыңыздың оңы қалай дегенмен ілгері ұмтылатынын ұмытпаңыз. Сабақ сұрау, сабақ тексерудің сыртында онымен әңгімелесіп жағдайын, не көріп, неге қызыққанын білуге күніне әдейлеп бірнеше уақытыңызды бөліңіз. Ұйқыға жатар алдында бетінен сүйіп, арқасынан қағып, жақсы көруді әдетке айналдырыңыз. Балаңызбен неғұрлым тығыз байланыста болсаңыз, сөзіңіз соғұрлым ықпалды, тәрбиеңіз соғұрлым жұғымды болады..

Басқамен салыстыру сенімнен айырады

Баланы өзінен гөрі жақсы оқитын, өзінен гөрі көбірек жетістікке жеткен құрбы, құрдастарымен салыстырып, соларды үлгі етіп, ілгері ұмтыламын деу қателік. Мұндай бала бара – бара өзіне өзінің сенімін жоғалтады,өзін  өзгеден төмен санауға қалыптасады. Одан да оның өзімен өзін салыстырыңыз. Бұдан бір апта бұрын жазуы қандай еді, қазір қандай, кеше кітапты қалай оқып еді, бүгін қалай қалай оқып отыр – міне, осыларды салыстырыңыз. Ілгері басса – мақтаңыз, кері кетсе – даттаңыз. Бұдан пайда болмаса, зиян келмейді.

«Мінсіз» бала – бақытты бала емес.

Біз қалай десекте, ретсіз ойнап күлмейтін, ештеңе бүлдірмейтін, ата – анасының да, басқа үлкендердің де айтпағын қабағынан ұғып, ығына құлап тұратын, әй деп дауыс көтертпейтін бала болмайды. Бола қалса да, ертегідегі «бойы бір қарыс, сақалы мың қарыс» шал секілді ондай сәбиге біреудің сүйсіне қоюы неғайбыл. Іс әрекеті жасынан ересек көрсететін, жасына ісі үйлеспейтін баланы психологтар бақытсыз бала, - деп біледі. Өзінің шын бет бейнесін бетперде астына жасырған, екі жастың біріне жетпей басылып, байыздап қалған бөбекті өмір додасында айы оңынан туады деу қиын.

Мадақтау мен жазалауды пайдалану өнерін меңгеру ұстаздар мен ата-аналардан үлкен күш жігерді қажет етеді. А.С. Макаренко: «Жазалау- өте күрделі мәселе, ол тәрбиешіден үлкен әдептілік пен мұқияттылықты талап етеді» деген екен. Мадақтауға қатысты да осыны айтуға болады. Сондықтанда А.С. Макаренко мұғалімдерге, әсіресе ата-аналарға  мадақтауды сирек қолдануға, ал өте қажет болмаса жазалауды мүлде қолданбауға кеңес береді.


Басқа да жазбалар

Пікірлер (1)

Мөлдіркөз

Тамаша

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)