Өлеңдер бөлімі

Тәй-тәй басып, қол ұстасып, биікке біз жетеміз

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы
«Балдырған» ясли-бақша КМҚК педагог-психологы:
Кошкинбаева Айжан Толешовна

Мақсаты: Отбасы тәрбиесінің құндылығын, бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіре отырып, отбасы мен балабақша арасындағы қарым-қатынасты ынтымақтастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты психологиялық-педагогикалық білімдерін толықтыру, қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіру, ата-аналармен тәрбиешілер арасындағы байланысты арттыру.

Өткізу формасы: тренинг

Кіммен өткізіледі: барлық топ ата-аналары

Әдістері: сұрақ-жауап, пікір алмасу, ой қозғау, психологиялық жаттығулар мен ойындар.

Көрнекіліктер: ата-ана, бала тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдер, қанатты сөздер жазылған парақшалар, слайд, ағаш суреті, қағаздан қиылған жемістер.

Барысы:

Ата-аналар жемістерді тандау арқылы 2 топқа бөлініп отырады.                       

Психологтың кіріспе сөзі:

- Құрметті ата-аналар, бүгінгі «Тәй-тәй басып, қол ұстасып, биікке біз жетеміз» атты  тренингімізге қош келдіңіздер! Біздің бүгінгі сіздермен  кездесуіміздің мақсаты - өзара сенімді атмосфераны құру, достық пен түсінушілік қарым-қатынасты орнату; сонымен қатар бала тәрбиесіндегі сіздер мен бізге ортақ мәселелер жөнінде пікір алмасу.

- Тренингімізді бастамас бұрын сіздерді тренинг ережесімен таныстырғым келеді.

Тренинг ережесі:

1. Тыңдай білу.
2. Сөзді бөлмеу.
3. Белсенділік.
4. Шығармашылық.
5. Төзімділік.
6. Сыйластық.
7. Түсіністік қарым-қатынас.
8. Құпиялық.

1. Педагогикалық ойын: «Бала, ата-ана сөздерін талдау»

Бірінші топқа «бала», екінші топқа «ата-ана» сөздері талдауға беріледі.

І-топ:  - Әр ата-ана перзентін мәдениетті, адамгершілігі мол, білімді, саналы, еңбекқор, үлкенді сыйлай білетін адам етіп тәрбиелеуді ата-аналық міндеті деп түсінуі керек. «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген болатын грек философы Эпикет.

Бала - әр ата-ананың болашағы. Ол - оның өмірінің жалғасы. Балам – менің болашағым дегенде ойларыңызға қандай ұғымдар келеді?

- Бала деген кім?

ІІ-топ - Ата-ана қандай болу керек? Қандай қасиеттерге ие болу керек деп ойлайсыздар?

- Осы сөздердегі әріптерге байланысты сөзге талдау жүргізсеңіздер.

Осы сұрақтарға ата-аналар «бала», «ата-ана» сөздерін талдау арқылы жауап береді.

2. Ой қозғау: «Жағдаяттар шешу»

Екі топқа әр түрлі жағдаяттар беріледі. Ата-аналар жағдаяттардың шешімін тауып өз ойларын ортаға салады.

1. Сіздің жұмыс уақытыңыз кеш аяқталатындықтан балаңызды үнемі кешеуілдетіп аласыз. Балаңыз сізден «Мен үнемі жалғыз қаламын, мені ерте алшы деп өтінді». Сіздің іс–әрекетіңіз?
2. Сіз балабақшадан балаңызды алуға келгенде, оны далада ойын алаңыңда жүрген жерінен сыртта тұрып шақырдыңыз. Балаңыз сізді көріп, қуанып жүгіріп құлады, жараланды. Сіз кім кінәлі деп ойлайсыз?
3. Сіз жұмыста аса маңызды шаруамен жүрген кезіңізде баланыз тәрбиеленіп отырған балабақшадан баланыздың ауырып қалғандығы жөнінде хабарлайды. Сіздің іс-әрекетініз.
4. Сіз балаңызға оның жақсы көретін өте қымбат бағалы ойыншығын  сатып әпердіңіз. Балаңыз балабақшадан қайтарда ойыншығының сынып қалғанын көрсетіп, жылап мазаңызды алды. Тәрбиеші  балалармен ойнап жүріп сындырып алғанын баяндап берді. Сіздің іс-әрекетіңіз?

3. Сергіту сәті: Ырғақты әуенге жаттығулар жасайды.

4. «Ыдыстағы су» психологиялық ойыны

Ойын барысы: 5-6 ата-ана ортаға шығады. Шеңберге тұрып, көздері жұмылу күйі бір-біріне тәрелкеге құйылған суды береді. Тәрелкедегі су төгілмеу керек.

Сұрақтар: - Сіздерге тәрелкедегі суды беру қиын болды ма, жоқ алде алуы қиындау болды ма? Неліктен деп ойлайсыздар?

- Су – бұл сіздер мен біздер балаға беріп жатқан тәрбие. Суды алғаннан көрі, берген жеңілдеу болды. Сол сияқты балаларымызға беріп отырған тәрбиені де түсінікті етіп, дұрыс бағыттап, өз жас шамасына қарай қабылдай алатын деңгейде беруіміз қажет. Олай болмаған жағдайда жанағы төгілген су сияқты берген тәрбиеміздің жартысы зая кетуі мүмкін.

5. «Балалар өмір сүруді өмірден үйренеді» тақырыбында ой бөлісу.

 - Балалар өмір сүруді өмірден үйренеді, демекші, құрметті ата-аналар бала тәрбиесі жөнінде ой бөлісейік.

Слайдпен жұмыс жасалады.

6. Шығармашылық жұмыс: «Адами қасиеттер».

- Құрметті ата-аналар қазір сіздерге шығармашылық тапсырма беріледі.

Ортаға әр топтан 3-4 ата-ана шығады.

І-топқа тапсырма: - Балаларыңыздан бойында қандай жағымды қасиеттерді көргіңіз келеді, соларды суреттей отырып жазып берсеңіздер. Сурет, бір белгі немесе жазу арқылы көрсетуіңізге болады.

ІІ- топқа тапсырма: - Балаларыңыздан бойынан көргіңіз келмейтін, болмаса екен деп ойлайтын жағымсыз қасиеттерді суреттеп беріңіздер.

Қорытынды: - Сіздер бен біздер болып балаларға жақсы тәрбие бере білсек, балалар бойында жағымсыз қасиеттер дарымай, жақсы қасиеттер қалыптассын деген оймен жағымсыз қасиеттерді жояйық.

(Жазылған, суреттелген жағымсыз қасиеттер қара маркермен сызылады)

7. «Адам ұрпағымен мың жасайды»

- «Ағаш жемісімен көрікті, адам ұрпағымен көрікті» дегендей қолдарыныздағы жемістерге тілектер жазып, мына суреттегі жеміс ағаштарына орналастыруларыңыз сұралады.

Ата-аналар тілектерін айтып, ватмандағы ағаштарға жемістерді жапсырады.

8. «Менің ойым» анкетасы

Ата-аналарға төмендегідей бланкілер таратылып толтырылады.

Тренингтің жүргізілген күні: _________________________________

Аты-жөні: _________________________________________________

Баланыздың аты-жөні, тобы: _________________________________

Менің тренинг барысында түйгенім: __________________________

Ең жақсы ұнағаны: _________________________________________

Маған ұнамағаны: __________________________________________

Пікір-ұсыныс: ___________________________________

Қорытынды

Дәулеттің ең қымбаттысы — жақсы болып өскен ойлы, парасатты ұл мен қыз. Олай болса, жас өскіндерге дұрыс тәрбие беру мәселесі — мемлекеттік мыңызы зор, үлкен іс. Өйткені бүгінгі жас - ертеңгі болашағымыз.

“Бірлесіп көтерген жүк жеңіл” дегендей, кездескен қиыншылықтарды бірлесе отырып шешкен өте ұтымды, ол үшін сіздер мен біздер - ата-аналар мен балабақша тәрбиеші, педагогтары түсіністікпен, ынтымақтастыққа жұмыс жасауымыз қажет деп білемін. Сонда ғана біз «Тәй-тәй басып, қол ұстасып» бала тәрбиесіндегі биіктерге жетеміз деп ойлаймын.

Құрметті ата-аналар, келіп ой бөлісіп, өз пікірлеріңізді ортаға салып, бүгінгі тренингке қатысқандарыңыз үшін рахмет.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз