Өлең, жыр, ақындар

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе ...» атты мәнерлеп оқу сайысы

Ақтөбе қаласы
Пригород орта мектебінің 
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі            
Байдовлетова Балымай Саулебаевна

 

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе ...» атты мәнерлеп оқу сайысы

Мәнерлеп оқу сайысы 4 кезеңнен тұрады

1-кезең «Абай әлемі» Яғни, бұл кезеңде ақын өмірінен берілген сұрақтарға жауап береді.

2-кезең «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» бұл кезеңде сайыскерлер өлеңді мәнерлеп оқып,жатқа орындауы тиіс.

3-кезең  «Жыр жазамын Абайдың үлгісімен» шығармашылық кезең деп аталады. Бұл кезеңде оқушылар өлең шығарып келуі керек болатын. Өлеңдерін оқиды.

4-кезең «Абай айтқан - асыл сөз» бұл кезеңде сайыскерлер берілген нақыл сөздердің жалғасын табады.

Сайыс белгіленген кезеңдері бойынша өз мәресіне жетті. Сайыс жеңімпазын анықталып, марапатталады.

Мақсаты:

Білімділік: тәрбиеленушілер қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмір жолы мен нақыл сөздерімен таныстырып өлеңді мәнерлеп, саналы түсініп оқуға машықтандыру;

Дамытушылық: тәрбиеленушілердің  дүниетанымын кеңейту, есте сақтау, шығармашылық қабілеттерін дамыту, жүйелі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;

Тәрбиелік: тәрбиеленушілерді адамгершілікке, адалдыққа, талапты болуға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Түрі: Мәнерлеп оқу сайысы.

Типі: сайыс.

Көркемдігі: слайдтар, Абай туралы жазылған нақыл сөздер, суреттер.

Өтілу барысы:

Армысыздар, саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған қадірменді қонақтар мен құрметті ұстаздар және білім алушылар!

Ақыл-ой ақындықтың киесі - Абай!

Түгел сөздің түбі бір жүйесі - Абай!

Адалдық, ар ұяттың данышпаны

«Өлең-сөздің патшасы» иесі Абай!, демекші бүгінгі өткізгелі отырған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе....» атты мәнерлеп оқу сайысымызға Қош келдіңіздер!

Абай - қазақ халқының ұлы перзенті, ақын дарын иесі. Абайдың өнегелі өмірі, әрбір ұланның жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатады. Абайдың әр сөзі білген адам үшін өнеге, өсиетке толы. Сондықтан Абай сөзімен айтқанда, адам болам десеңіз, Абай жолымен жүріп,ата баласы емес, адам баласы болып, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін бойға сіңіре беріңіздер деп айтқым келеді. Олай болса мәнерлеп оқу сайысын бастау үшін сөзімізді жүргізушілерге берейік.

1-бөлім:

Ұлы ойшылды қарсы алу.

1-жүргізуші

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне-өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып кейінге қалдырған кім?

2-жүргізуші

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?
Үнімен әділдіктің лебі ескен кім?
Арманын аттандырып келешекке
Бізбенен осы күнге тілдескен кім?

1-жүргізуші

Абай дана,
Ғұламасы ғасырдың
Жырларында жабырқау жоқ,жасым мұң,
Өлең болып бізге жетті өнегең,
Сәулесі боп
Өлең деген асылдың
Жырларында тұнып тұрған ұлылық,
Жабырқасам жаңға құяр жылылық.
Абай деген-жұмбақ әлем, биік шың,
Болғаным жоқ әлі өзіңді ұғынып.

2- жүргізуші: Олай болса, мәнерлеп оқу сайысының қатысушыларын ортаға шақырайық! Сайысымызды бастамас бұрын бүгінгі бәйгеге қазылық ететін алқа мүшесімен таныс болайық:

1. Рахметова Гүлбану Жалғасбайқызы - директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

2. Өтепова Ақтоты Болатбекқызы - Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі..

1-жүргізуші

Сайысымыздың шарттарымен таныс болайық. Барлық қатысушыларымызға сәт сапар тілеп, сайысымызды бастаймыз!

Ақынның ата-қоныс жері қандай?
Ата-баба, әулиеті, тегі қандай?
Ақынды тебіренткен, күңіренткен
Ұшқын ұя, ортасы, елі қандай?-дей келе, сайысымыздың бірінші «Абай әлемі» атты кезеңі бойынша сұрақтарға жауап береміз.

1. Абай қай жерде дүниеге келген? (Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыс тауының бөктерінде)

2. Абай қай күні, қай жылы туылған? (1845 жылы 10 тамызда)

3. Абайдың руы, қандай ортадан шыққан? (Тобықты)

4. Абайдың шын аты? (Ибраһим)

5. Абайдың әкесінің аты кім? (Құнанбай)

6.Әжесінің аты кім? (Зере)

7. Абайдың анасының аты кім? (Ұлжан)

8. Абай неше жасқа дейін оқыған? 13

9. Абай кім? (Ақын,сазгер, аудармашы)

10. Қандай өлеңдерін білесіңдер? (Жаз, қыс, күз, көктем жыл мезгілдері туралы)

2-жүргізуші:

Кейінгі ұрпақ жырларын жаттап қанықты
Үлгі тұтып бәйтеректей алыпты,
Көкірегі ояу, сезімді ұрпақ қайдасың,
Өлеңдер оқып өзіңді бір танытшы-дей отырып, сайысымыздың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» деп аталатын келесі кезеңге бастайық.

Бұл кезеңде сайыскерлеріміз өздерінің жаттап келген өлеңдерін мәнерлеп,жатқа айтады.

1-жүргізуші:

Әннің де естісі бар, есері бар
Тыңдаушының құлағын кесері бар
Ақылдының сөзіндей ойлы,күйлі,
Тыңдағанда көңілдің әсері бар- деп Абай атамыз айтқандай, келесі кезекті әнге береміз.

Ән «Желсіз түнде жарық ай»

Орындайтын:

2-жүргізуші:

Сайысымызыдың 3 кезеңі «Жыр жазамын Абайдың үлгісімен» шығармашылық кезеңі.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Жоқ барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,-деп Абай атамыз жырлағандай, өзі салған өрнекті өлең үлгісімен бүгінгі ұрпақтарға өлең шумақтарын құрастырып келген болатын. Олай болса сол өлеңдерін оқуға оқушыларымызды шақырамыз.

1-жүргізуші:

Асыл сөзді іздесең,
Абай оқы, ерінбе!
Адамдықты көздесең
Жаттап тоқы көңілге,-деп С.Торайғыров жырлағандай, сайысымыздың ең соңғы кезеңі «Абай айтқан асылдар» деп аталатын 4-ші кезеңімізді бастаймыз. Яғни, бұл кезеңімізде сайыскерлеріміз нақыл сөздердің жалғасын табады.

1. Сенде бір кірпіш дүниеге (Кетігін тап та, бар қалан)
2. Білімдіден шыққан сөз (Талаптыға болсын кез)
3. Атаның баласы болма, (Адамның баласы бол)
4. Талап, еңбек, терең ой (Қанағат рахым, ойлап қой)
5. Досы жоқпен сырлас (Досы көппен сыйлас)
6. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті (ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек)
7. Өткірдің жүзі,кестенің бізі (Өрнегін сендей сала алмас)
8. Толғауы тоқсан қызыл тіл (Сөйлеймін десең өзің біл)
9. Еңбек қылсаң ерінбей (Тояды қарның тіленбей)
10.Әсемпаз болма әрнеге (Өнерпез болсаң арқалан)

Әділқазы мүшелері қорытынды бағасын шығарғанша тағы бір әнді қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші:

Абай барлық қазақ халқының мақтанышы ғана емес, ар-ұятты,ұлттық намысы. Абай шыққан биік, Абай байлаған тұңғиық қазақ халқының шыққан шыңы, ой түбіне сүңгіген тереңі. Сондықтан Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған, тым құрыса бір өлеңін жатқа білмейтін оқушылар болмауға тиіс. Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер жазушы Мұхтар Ауезов «Мен Абайды тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен.

1-жүргізуші:

Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек сол тереңнен дәмін ғана таттық ғой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан, білуге ұмтылушылықтан, ізденуден жалықпайық. Ойымызды қорытындылай келе, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен аяқтаймын. «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз,қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» дей келе, біз де Елбасымыздың айтқан сөзін қолдаймыз.

2-жүргізуші:

«Асыл сөзді іздесең Абайды оқы, ерінбе...» атты мәнерлеп оқу сайысын аяқтаймыз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз