Өлең, жыр, ақындар

Наурыз - жыл басы

Қызылорда қаласы
№11 мектеп-лицейі
Бастауыш сынып мұғалімі
Конысбаева Карашаш Карасаевна

Тәрбие сағаты:  «Наурыз-жыл басы»

Мақсаты: Наурыз мерекесі туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Ұлыстың ұлы күні  екенін  ашып көрсету;

Дамытушылық: -оқушылардың санасына халықына деген мақтаныш сезімін ұялату, өнерін, мәдениетін қастерлей білуге дамыту;

Тәрбиелік: -мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасына, адамгершілікке, елін, Отанын сүюге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: нақыл сөздер жазылған плакаттар, буклеттер, ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер, қамшы.

Сабақтың барысы.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні - Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлыс мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!

1-оқушы: Уа жарандар, жарандар!
Бәрің бері қараңдар,
Наурыз думан басталды,
Бір сәт зейін салайық...
Ұштасқан оймен мәңгілік
Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға
Келе жатқан жаңғырық
Бермен жақын тұрыңдар,
Сөзіме көңіл бұрыңдар.
Жауқазындай Наурыздың
Жарапазан жыры бар.

2-оқушы: Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге жырлашы.
Елімнің дастарханына
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата–бабам тойлаған
Наурызым армысың!

3-оқушы: Келе жатыр жылымыз
Мейрамдаймыз мұны біз
Жас балаша нұрланып,
Жадырасып бәріміз.
Күннің жаңа нұры бар,
Мұның ғажап сыры бар.
Халық сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды.

4-оқушы: Наурыз келсе құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық!
Ақ әже Наурыз шашуын шашады.
Наурыз: жайнатамын бар гүлді, сайратамын бұлбұлды
Мейрам етіп бұл күнді.
Ән: «Наурыз думан»

5-оқушы: Хош келіпсің, Наурыз!
Арман тойы халықтың
Қуанышы халықтың
Құтты болсын қадамың!
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік біз сізге!

6-оқушы: Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығымен,шуағымен, күн – ана
Алып келді жер бетіне жер көктем.

7-оқушы: Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді, салтымыз
«Көгерсін» деп халқымыз
Көшеге тал егеді.

Көрініс  «Күн мен түн»
Күн: Сәулесі мол Күнмін
Түн: Жұлдызы көп түнмін.
Бірге: Бірдей болып біздер,
          Теңелеміз біз бүгін.
Түн: Ал ертең  күн ұзақ
Күн: Түн қысқарар бірақ
Бірге: Ұйқы қанбай қалып
           Жүрмеңдер, тек жылап.

8- оқушы: Жүріңіздер Наурызда басып аяқ,
Қалыс адам болмасын некен- саяқ.
Ән айтылсын, би биленсін қауым боп,
Уақыт болды тұрмайтын өнерді аяп
Би «Қазақ биі»

9- оқушы: Халқымыздың  аңыздары бойынша 21-наурыздың түнінде сағат 3-те даланы Қыдыр ата аралайды екен. Жаңа күн табалдырықты аттап үйге кіргенде «Жалғыз шала сәуле болмас» деп қос шырақ жағылып  қойылады. Ыдыс атаулыны «Ырысқа» деп жеті түрлі тағамға толтырып қояды. Жыл бойы ырысымыз мол болсын деп тілейді.
Ортаға Қыдыр ата келіп, бата береді.
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің
Ықыласпен қол жайсаң
Ақ тілекті төгейін.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс  бақты болсын
Төрт түлік ақты болсын.
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін.
Ұлы халқым тоқ болсын.
Көйлектерің көк болсын.
Уайым –қайғы жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын.
Ән : «Наурыз жыры»
Көрініс. «Үш бидің өсиеті»
Төле би: Жаңбыр жаумаса жер жетім,
               Басшысы болмасаа ел жетім,
               Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
               Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы,
               Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.
Қазбек би: Тату болса ағайын жақын,
               Ақылшы болса апайың жақын,
               Бауырмал болса інің жақын.
               Алдыңа тартқан адал асың,
               Қимас жақын қарындасың.
Әйтеке би: Ашу бар жерде ақыл тұрмайды,
               Ашу деген ағын су,
               Алдын ашсаң арқырар.
               Ақыл деген дария
               Алдын тоссаң тоқырар.
               Кісі бірге туыспау керек,
               Туысқан соң сөз қуыспау керек.
               Сөз қуған бәлеге жолығады,
               Жол қуған олжаға жолығады.
Ән: «Көктем келді»
10-оқушы: Наурыз тойы әдемі
Әжем еске түсірді
Біздерге арнап әдейі
Наурыз көже пісірді.

Қонақтарға наурыз көже тарату.

11-оқушы:Бата беру.
Наурыз тойы құтты болсын!
Деніміз сау мықты болсын.
Наурыз тойы келе берсін,
Барлық халық бақытты болсын,
Еліміздің несібесі көп болсын!
Қош сау болыңыздар, халайық! Көріскенше күн жарық болсын!


Пікірлер (2)

Сара

Пайдама жарады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз