Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіз елім - мақтанышым менің

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№18 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Ногаева Жанарай Қонарбайқызы

 

Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіз елім - мақтанышым менің

Мақсаты: Оқушыларды Тәуелсіз елін шексіз сүюге баулу, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің ұланы екенін мақтанышпен сезіне білуге, тәуелсіздікті аңсаған ата-баба аманатына адал болуға, ұлтының салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін, тілін сүйе білуге баулу.

Тәрбие сағатының көрнекілігі:

1. Қазақстан елінің тарихы мен бүгініне шолу жасалған слайдтар

2. Қазақстан рәміздері туралы бейне ролик.

3. Шарлар, музыкамен жабдықталған.

4. Маркер, қарындаштар, ватман қағаз

Барысы:

Кіріспе (слайд) (Әуен ойналып тұрады)

Мұғалім:

Қандай бақыт, қуанышты күн бүгін,
Дәлелдеуде Қазақстан елдігін,
Арман еткен, қыршын кеткен ағалар,
Елің алды егеменді теңдігін.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығының 25 жұлдызды күніне арналған «Тәуелсіз елім-мақтанышым менің» атты мерекелік тәрбие сағатымызға  қош келдіңіздер!

1-оқушы

Тәуелсіздік,тәуелсіздік – жыр-әнім,
Ел іргесі берік болсын – ұраным.
Тәуелсіздік-өзіңді еркін сезіну,
Салт-дәстүрім - қолдан түспес құралым.
Тәуелсіздік!
Не деп оны түсіндік?

2-оқушы

Айтыңызшы,апай,осы тәуелсіздік деген сөздің астарында қандай сыр жатыр?

Неге ата-бабамыз осы күнді аңсады?

Мұғалім: Бұл сұраққа жауап іздеп, қызыққаның өте орынды.

Қайран қазақ елі...Жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы кең сары дала, заңғар таулар,өзен, көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер, мазарлар,қираған ежелгі қалалардың орны, ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамған топырақ. Мұның барлығы елдің бостандығы үшін бабалардың шеккен азаптары мен жан алысып, жан берісіп туған жерін қорғаған ерліктерін айқындайды.

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Біз Қазақстанның тәуелсіздігінің оңайлықпен келмегенін біліп оны қадірлеуіміз керек. Әрбір Қазақстанның азаматы мақтанышпен Елтаңбаны, Әнұранды, Туды көтеруі керек. Әрбір азамат өз Отаны үшін еңбек етуге, жанын қиюға міндетті.»

Олай болса, тәуелсіз ел болу жолында еліміздің басынан өткізген қиын кезеңдеріне шолу жасайық.

Интербелсенді тақтадан тарихи кезеңдерден бейне материалдар көрсетіледі.

(Ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, Репрессия құрбандары, Желтоқсан оқиғасы)

«Халқымның шеккен азаптары» Ақындар жырлайды

Оқушылар осы оқиғаларға арналған өлеңдерді жатқа оқиды

2 - оқушы

Желтоқсанда,
Алматыда,               
Алма бақтар ақ қырауға батқанда
Жайдың оты жалаң қақты шатқалда!
Аппақ қала, Аппақ ғалам, О, тоба!
Найзағайлар қар жалап тұр жотада,
Бұлтты иітіп боздайды боз шынарлар,
Бұйдаланған ұқсап жетім ботаға.
Бұл алаңда бір ұрпақтың қаны бар,
Ей болашақ!
Сен бұл жерді танып ал,
Үміт-жіпке қолын созған өркеннің
Ерте үзілген өмірі бар, жаны бар.

3 - оқушы

Мен қазақпын, бір биік белеспін мен,
Еуропада, Азияда емеспін мен.
Аралықпын жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тең өстім мен.

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім, қайта өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім...

Ал, қазіргі кезде сен ашық аспан, жарық күн сәулесі түсіп тұрған мемлекетте өмір сүріп жатырсың, білім алуға сен үшін мүмкіндік мол. Сен көп уақытыңды достарыңмен, туған – туыстарыңмен өткізесің, көңілді мерекелерді асыға күтесің. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

Тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейінгі қазақ елі

Бейне материал көрсету

Біз тәуелсіз Қазақстан туралы не білеміз?

Оқушылардың білгендерін ортаға салу.

4 – оқушы:     

Көк жүзінде қалықтаған қыранмын,
Бейбітшілік пен бостандық жыр-әнім
Самғап жүрсек бостандықта биікте
Шарықтайды кең көлемде бұл әнім

5 – оқушы:          

Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О, Тәңірім, бізді баққа  жолықтыр...
Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!

6 - оқушы: Ежелгі заманнан әр тайпалармен руларды біріктіретін белгілер болған. Белгілер – сөздердің орнына қолданылатын таңбалар. Бір топ адамдар үшін қолданылатын белгілер – бір мағынаны білдіреді. Ал, рәміздер – белгілі топтар бейнесінің бірігуі.

Бүгін әрбір мемлекеттің ғасырлық тарихына байланысты рәміздер бар. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл халық бірлігінің белгілері. Қазақстан Республикасының да өз рәміздері бар. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір азаматтың міндеті.

«Қазақстанның жаңа рәміздері» бейне ролик көрсету.

Балалар Мемлекеттік рәміздер туралы не білдік?

7 - оқушы:  

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Бұл түс – ашық аспанның. Тыныштықтың белгісін көрсетеді. Тудың ортасындағы алтын күн – баршаға ортақ, бәріне нұрын шашып сәулесін төгеді.

Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп ұшып бара жатқанақиық қыран құс – ерлік белгісі. Матанаң сол жағында қызыл түсті ою - өрнегі бар тік жолақ орналасқан, бұл қазақ елінің ұлттық әшекейі.  Алтын күн. Қыран және ою-өрнек біздің халқымыздың ашық  келешегі  мен  бай – берекесі, тыныштықпен байлықтың белгісі.

8 - оқушы:   

Желбірейді шалықтап
Қазақстан жалауы
Көкте қыран қалықтап,
Қанат қағып барады

9 - оқушы:

Қазақстан республикасының  мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ  бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Жарық жұлдыз – Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын бейнелейді.

Қанатты тұлпардың баламалық мәні қазақтың аңыз ертегісінен алынған. Аңыз бойынша қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қанат аспанға ұшып, жеті қат жер астына түсіп халықты қасіреттерден азат еткен, еліміздің азаттығымен жеңімпаздығының белгісі. Бидай сабақтары тоқшылықты, молшылықты білдіреді. Ал төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу еліміздің ежелден әлемге танымал екендігін көрсетеді.

10 - оқушы:     

Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,
Жасы  тұрмақ, шығады екен қарты аңға
Қалай оның елтаңбасы болмайды
Түлегіне дейін салса ен – таңба?

Мұғалімнің сөзі:

Батырлыққа уызынан  жарыған
Ер түркіні байрағынан таныған
Өзі ақын, өзі әнші халықта
Кім айта алар
Болмаған, - деп - Әнұран?!

Кез–келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы - Әнұран. Әнұран мемлекеттік салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы  айтылған

Мұғалімнің сөзі:

Балалар, енді тәуелсіздіктің 25 жылда елімізге жасаған тартуларын санамалап көрейік. Өткен жылдар  қандай ерекшеліктерімен есімізде қалды? Сол туралы ойымызды ортаға салсақ.

11 – оқушы:

1991 жылы 1- желтоқсанда  Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республикамыздың президенті етіп сайлады.

1991 жылы 16 желтоқсанда  Қазақстан республикасының жоғарғы сесиясы «Тәуелсіз демократиялық және құқылы» мемлекет деп жарияланды.

1992 жылы 4 маусымда Президент Қазақстан республикасының мемлекеттік жалауы, елтаңбасы, әнұраны туралы. Қазақстан республикасының заңдарына қол қойды.

1992 жылы 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстан республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды

1993 жылы 12 қарашада төл теңгеміз дүниеге келді.

Интербелсенді тақтадан ерекше оқиғаларды атап көрсету

Топтық тапсырма

1 топ Елтаңба суретін салып, бояу    

2-топ  Тудың суретін салып бояу

3-топ Тәуелсіздік мерекесіне арнап өлең құрастыру.

Ән. «Көк тудың желбірегені» (Ұлдар тобы)

Ән. «Тәуелсіздік күні» (Қыздар тобы)

Қорытынды:

Бір ата, бір ананың түлегіміз
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз
«Бірлік барда тірлік бар»  деген бабам
Бірлік деп бірге соқсын  жүрегіміз! - дей отырып, ашық тәрбие сабағымызды қорытындылаймыз!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз