Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Тіл мамандығы - мәртебелі атақ

Мақсаты: Студенттерді ұстаз еңбегін құрметтеуге, сыйлауға баулу, ұстаздар еңбегін әрқашан бағалай білуге шақыру арқылы, таңдаған мамандықтарына деген сүйіспеншілікке баулу, мамандығының қыры мен сырларын түсінуге үйрету.
Басталуы:
Сахналық қойылым
• Томирис образында киінген батыр қыз жанында жауынгерлері бар, қарсы жауынгерлермен шайқасады (Н. Тілендиевтің «Махамбет» күйіне) күймен бірге қазақтың тарихына арналған текст оқылады (ұл бала оқиды).

Бұл дала, ұлы дала, байтақ дала,
Қобыз боп күймен сырын айтар дала.
Батырлар қылыш қайрап, семсер сілтеп,
Хан, билер ел бастаған ой толғана.

Бұл мекен сақ, сармат пен ғұннан қалған,
Күлтегін, Тоныкөктен жырлар қалған.
Бас кесіп, жас төгіліп Алакөлде.
Топырағыңда жасырылып мұңдар қалған.

Қасірет, қайғыны да төккен дала,
Сені қорғап хан, батыр өткен дала.
Ай нұрын, күн шуағын төккен дала.
Ғасыр сырғып біздерге жеткен дала.

Тарихыңды тереңнен білгенде арман,
Тар жол тайғақ кешкен бір күннен қалған.
Бабалардан біздерге аманат боп,
Байтақ дала, ұлы дала кімнен қалған?

• Томирис («Жұмыр қылыш» күйіне 8 жол өлең оқиды).
Гульсифат
Қорғаймыз талай ғасыр жерімізді.
Дұшпандарға билетпейміз төрімізді.
Менен кейін қаншама хандар келер.
Алға бастар ақ байрақты елімізді.

Көк түрікке ата жұрт төр боласың
Әлемге аты таныс жер боласың,
Ұрпағыма аманат нұрлы күні
Көк байрақты тәуелсіз ел боласың!
Музыка жүреді, сахнаға студенттер шығады.
1 оқушы
Қуан халқым тәуелсіздік бағымыз,
Бостандық пен еркіндікте жолымыз.
Тату - тәтті өмір сүріп жатырмыз,
Бір шаңырақ астындағы бәріміз.
2 оқушы
Тәуелсіздік арқасында тілім келді.
Тілмен бірге салт - дәстүр дінім келді.
3 оқушы
Бабам тілге, ана тілге Тәуелсіздік
Ұлтпен бірге жасайтұғын ғұмыр берді.
2Армысыздар, сәлем бердік жүрекпен.
3 - Біз жастармыз арман құсын түлеткен.
4 - Бір мүдде, бір мақсат жолында біз
Бәрі: Арман - мақсат тілектерін бір еткен.
5 оқушы:
Тіл маманы болу біздің тілегіміз
Тіліміз деп соғады жүрегіміз.
Мәңгілік ел – мәңгілік тілімізбен.
Тіліміздің боламыз тірегі біз.
6 оқушы
Мәңгілік ел деп соғады жүрегіміз
Болашақ жастарда ғой білеріміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
Оқыған соң біз тілдің тірегіміз.
7 оқушы
Қоғам жаңа талапқа сай болармыз
Тілмен бірге жасайтұғын маманбыз
Ұлтымыздың жүрегі тіл емес пе?
Тілімізбен көкке қанат қағармыз.
1 оқушы
Жас ұрпақпыз тәуелсіз елімізде
Көк туым желбірей бер көгімізде
Мереке құтты болсын, барша қауым!
Бірлікпен татулық бар төрімізде.
Ғасырларға жалғасқан тілдеріміз
Бәрі: Құтты болсын айтайық бәріңізге.
Муз. Ән «Егемен Қазақстан»
Фанфар сахнада жүргізушілер
І жүргізуші:
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.

ІІ жүргізуші:
Шалқып тұрмын, толқып тұрмын мен бүгін,
Шаттық нұрға бөленетін келді күн.
Ұстаздардың естігенде күлкісін
Айнұр, қандай күйде тұр екенсің сен бүгін?
І жүргізуші:
Иә, Жансұлу.
Менде бүгін ризамын өмірге,
Қуаныштың нұры тұнды көңілге.
ІІ жүргізуші:
Құрметті оқытушылар, студенттер - барша қауым!
Бүгінгі күн шынында да ерекше күн! Өйткені алда келе жатқан ұстаздар мерекесі қарсаңында, тілдер мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған «Тіл мамандығы - мәртебелі атақ» атты кездесу кешімізге ана тіліміздің мәртебесінің жоғарлауына, білім мен тәрбие жүйесінде кеңінен қолдануына, тіл мәселесіне қатысты игі істердің көш басында жүретін республикамызға, облысымызға құрметті ардагер ұстаздарымыз бен белгілі тіл мамандары арнайы шақырылып отыр.
І жүргізуші:
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да.
Мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп сахнаға
Шақырайық қонақтарды ортамызға!
(Жүргізушілер кезекпен қонақтарды сахнаға шақырады, фанфар қойылады)
ІІ жүргізуші:
Сахна төріне біздің колледжімізде қазақ бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған, бөлімнің ашылуына және колледжге ақиық ақын М. Жұмабаев есімінің берілуіне ат салысқан қазақ тілі маманы, Ы. Алтынсарин Төс белгісінің иегері, Білім беру Үздігі, ардагер ұстазды ортаға шақырамыз.
І жүргізуші:
Сұлтанова Сәуле Мустахимқызын қошеметпен қарсы алайық.
ІІ жүргізуші:
Келесі арнайы шақырылған қонағымыз филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Тіл және әдебиеті институтының директоры
І жүргізуші: Осы кездесуімізге арнайы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, «Оқу және жазу арқылы сын тұрғыдан ойлауды дамыту» атты халықаралық жобаның тренері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы келіп отыр.
ІІ жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр жыл сайынғы Жолдауларында мемлекет¬тік тілге қатысты нақты тапсырмалар беріп, ана тіліміздің кең қанат жаюына ерекше көңіл бөліп келеді.
Ана тілі - халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тілі - әрбір ұлттың ұлы мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы, ел егемендігінің көрінісі. Ендеше, құрметті қонақтар тілдер мерекесі аясында өткізіліп отырған "Тіл маманы - мәртебелі атақ" атты кездесу кешімізге тіл мамандығының өз ерекшілігімен, ұстаздық жолындағы тәжірибелеріңізбен ой бөлісуге қош келдіңіздер!
І жүргізуші:
Иә, «Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
ІІ жүргізуші:
Иә, Айнұр. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
І жүргізуші:
Жансұлу, бүгін қадірлі де қымбатты қонақтарымыз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар берудегі өз еңбек жолдарындағы үздік жетістіктері, жемістері жайында бізге айтып береді деп ойлаймын.
ІІ жүргізуші:
Дұрыс, Айнұр. Мына залда отырған студент достарымыз, болашақ мамандар тағатсыздана күтіп отырған болар. Ендеше сөз кезегі өздеріңізде, қадірлі қонақтар.
(Қонақтарға кезекпен сөз беріледі)

(Қонақтарымыз залда отырған студенттердің сұрақтарына жауап береді)
Қорытынды:
ІІ жүргізуші: Қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек.
Елбасымыз айтқан мына ойды осы отырған барлық жастар құптайды деп ойлаймыз. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып - білуге деген ынта - ықыласы тереңдей түсуде. Ата - бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай - жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір - қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз».
Ендеше, құрметті болашақ тіл мамандары – осы тіліміздің мәңгі өмір сүруі біріншіден біздің перзенттік парызымыз деп білейік!
І жүргізуші:
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам!
ІІ жүргізуші:
Осымен, «Тіл мамандығы - мәртебелі атақ» атты мерекелік кездесу кешіміз өз соңына келіп жетті. Бүгінгі күні сіздердей аяулы ұстаздармен, тіл жанашырларымен жүздесіп сұхбатасқанымыз, болашақ біздер, жас мамандар үшін зор мәртебе деп білеміз. Сіздердің бүгінгі мәнді де мағыналы әңгімелеріңізге алғысымыз шексіз
І жүргізуші:
Ұстаз сөзін айтып жүрейік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік!
ІІ жүргізуші: Құрметті қауым, Ел тыныш, халқымыз аман, бейбіт күніміз жарқын болсын. Келе жатқан ұстаздар мерекесі құтты болсын. Тәуелсіз елімізде ана тіліміздің ғұмыры мәңгі, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз