сайыс
ozgetil.kz

Есімшелі оқшау сөздер

Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің магистр оқытушысы Исабекова Асия Амангелдіқызы

Түйіндеме  
Бұл мақалада есімшелердің  оқшау сөздердегі қолданысы, олардың тұлғасы, тіркесімділігі, құрамы, қыстырынды сөйлемдерді құраудағы есімшелердің қатысы туралы сөз болады.                                  
Резюме
В данной статье изложены  об обособлении причастий, их видовых  формах, составе, взаимосвязях функциях  в предложениях.
 
Жалпы кез-келген сөйлемдегі сөздер бір-бірімен грамматикалық байланыста болып, сөйлемде белгілі бір сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалуы тиіс. Бұл әдеби тіл үшін негізгі заңдылық. Дегенмен, тілімізде бір топ сөздер сөйлемде ешбір грамматикалық байланысқа түспей-ақ, сөйлемде әртүрлі реңк білдіруде қолданылады. Ондай сөздер оқшау сөздер деп аталады. Оқшау сөздердің өзі қаратпа, одағай, қыстырма болып бөлінетіні белгілі.

Әрине одағай сөздер одағай сөз таптары арқылы жасалса, ал қаратпа сөз ретінде негізінен барлық сөз табы қатысатыны айқын. Ал қыстырмаға белгілі бір сөздер тән. Бұлардың да өзіндік құрамдары, жасалуы жолдары бар.

Біз қаратпа, қыстырмалардың есімшеге қатысты түрлеріне ғана тоқталмақпыз. Өйткені есімше қаратпа, әсіресе қыстырмада мол қолданылады.

Зерттеу барысында қаратпа мен қыстырмалардың жасалуында оқшау сөздердің соңғы сыңары есімшелер мол жұмсалады екен.
-есімшелі қаратпа: Жетер енді, отырғандар, көп мақтана бермеңдер (ертегі). Оралғандар, сәлеметсіздер ме? Аман-есен тұрасыздар ма? (Х.Есенжанов) дегенде отырғандар, оралғандар есімше арқылы заттанып келуі арқылы жасалған қаратпалар.
Қаратпалар құрамында есімшелер осы сөйлемдердегі сияқты дара келумен бірге, кейде ол ондай кезде қаратпа зат есімдердің анықтауышы ретінде де жұмсалады. Мысалы: Туған елім, сөз тыңда? Саған айтар сөзім бар (Ж.Жабаев). Осы сөйлемде туған есімшесі анықтауыштық қызметте қаратпаның құрамында келген.
-есімшелі қыстырмалар: есімшелі қыстырма деуге болады. Олардың күрделі түрлеріне мысалдар:
-    оның айтуына қарағанда,
-    сайып келгенде,
-    жалпы алғанда,
-    қорыта келгенде,
-    қысқасын айтқанда,
-    жасыратыны жоқ,
-    соры қайнағанда,
-    қорыта айтқанда,
-    қорыта келгенде,
-    бір сөзбен айтқанда,
-    ант ұрғанда,
-    түптеп келгенде,
-    осылайша айтқанда,
-    абырой бергенде.
Міне осы мысалдардағы есімшелердің орналасуының өзін екіге
бөлуге болады. Біріншіден, есімшелер мұндай қыстырма сөз тіркестерінің бірінші сыңарында жұмсалады. Мысалы: Жасыратыны жоқ, нашар оқыған (С.Шаймерденов).

Есімшелер көбіне ондай кезде басыңқы сыңарда жұмсалады. Есімшелі қыстырмалардағы есімше басыңқы сыңарда негізінен жатыс жалғауда келеді. Бірақ қыстырмадағы басыңқы сыңардағы есімше белгілі бір септік жалғауда қалыптасса, сол қалпында ғана қыстырмалық қызметте жұмсалады. Жоғарыдағы қыстырма сөз тіркестерінің жатыс жалғаулы есімшелерді басқа септіктермен алмастыруға болмайды. Ондай кезде олардың қыстырмалық қызметінде ауысу процесінің негізінде басқа синтаксистік құрамда болып кетеді.

Басыңқы сыңары есімшелі қыстырма сөз тіркестерін қабыса және меңгеріле байланысқан деп екіге бөлуге болады.

Қабыса байланысқан есімшелі сөз тіркестері. Ондай сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары сайып, жалпы, атап сияқты сөздер жатыс жалғаулы есімшенің пысықтауышы қызметінде жұмсалады. Мысалы: Жалпы алғанда, Қаратаудың өне бойы қатпар-қатпар екен (Қазақ әдебиеті).

Сайып келгенде, біздің кең байтақ жеріміздің қойнында не жоқ (Жұлдыз).

Атап айтқанда, біздің қаламызда тұрғын үйлер, мектеп, магазин және мәдени-тұрмыстық басқа да обьектілер жылдан-жылға өсіп келеді (Социалистік Қазақстан). Осы сөйлемдердегі алғанда, келгенде, айтқанда жатыс жалғаулы есімшелеріне қатысты сөздер нольдік тұлғада қабыса байланысқан.

-есімшелер қыстырма ретінде кейде –дай, -дей жұрнақ арқылы да қыстырма сөз тіркестері ретінде жұмсалады. Оның өзі де дара, күрделі түрде де кездеседі.
Ия, айтқандай, орыстан да бір досым бар (Ы.Алтынсарин) дегенде айтқандай қыстырма сөз белгілі бір фактіні көрсететін мағынада жұмсалған.
Кейде –дай, -дей жұрнақты есімшеге сілтеу есімдікті бастауыш арқылы қиыса байланысқан қыстырма сөз тіркесі де жасалады.
Сол айтқандай, Оралтай жігіт енді алдадым деп жүр ғой (М.Әуезов). Тіпті –дай, -дей жұрнақты есімшелер сөйлемдік дәрежеде де қыстырмалық қызметте жұмсалады.
Осының бәрі аз болып отырғандай, еркінсіп, қылжақтап Сейіт келе қапты (Ғ.Мү.сірепов).
Меңгеріле байланысқан есімшелі қыстырмалар: Меңгеруде бағыныңқы сыңары барыс, табыс, шығыс, жатыс, көмектес септіктегі сөздер болуы тиіс. Енді меңгеріле байланысқан есімшелі қыстырмалардың басыңқы сыңары да жатыс жалғауда екені белгілі. Сонда меңгеріле байланысқан ондай есімшелі қыстырма сөз тіркестерінде екі бірдей септікті сөз тіркестері қалыптасқан. Меңгеріле байланысқан ондай қыстырма сөз тіркестері көбіне барыс және табыс жалғаулы зат есім, есімдік сөз таптары болып келеді.
-барыс жалғаулы зат есім мен есімше арқылы:
Шынына қалғанда, екеумізде де ойнап-күлгеннен басқа екі сөзі, уәдені қозғайтын ой жоқ еді (Б.Майлин) .
Шынына келгенде, қадірлі Бақыт Бердібаевич, қазақ арасындағы халық ағарту ісінің табысты болуы біздің мүмкін болғанша, тез орындалуына байланысты (Ы.Алтынсарин).
Оларға қарағанда, өзін ұлт қаһарманы көрмеді (Б.Майлин).
-табыс жалғаулы зат есім мен жатыс жалғаулы есімше арқылы:
Алматы офицер үйінде Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандықтардың дәстүрлі кездесуі, шынын айтқанда, мереке дәрежесінде болып өтті (Егемен Қазақстан).
Қысқасын айтқанда, малды қолдан ұрықтандыру долымен малдың өнімділігін тезірек жақсартуға болады (Лениншіл жас).
Шынымды айтайын, мен қатты қуанып қалдым (С.Шаймерденов).
-кейде мұндай есімшелі сөз тіркесінде бағыныңқы сыңардағы зат есімнің табыс септігі жасырын түрде де келеді. Мысалы:
Абырой бергенде, оқиға мен ойлағандай болмады (М.Иманжанов).
-кейде ондай тіркесті қыстырмалар мынадай құрамда келеді. Мысалы: Бірақ, қалай дегенмен де, осыдан басқа жол жоқ (Ы.Алтынсарин) дегендегі қыстырма түйдекті тіркес арқылы жасалған. Сонда қалай есімдігі көмектес жалғаулы көмекші етістікті есімше түрі арқылы келген. Әрине бұл жерде негізгі мағына есімдікте болғанымен, сұрау есімдікті қыстырма жасалады деп айтылмайды. Сонда ол сөзді қыстырмаға айналдыруда көмектес жалғаулы есімше тұлғалы де етістігі үлкен роль атқаруда.   
-Қиыса байланысқан есімшелі қыстырмалар: Сорым қайнағанда, сені ұратын менде дәрмен жоқ (Б.Майлин).
Есімше қатысты қаратпа, қыстырмалармен бірге есімше қатысты тілдік басқа категориялар да орын алған. Ол негізінде қыстырынды сөйлемдер негізінде қалыптасады. Қыстырынды есімшелі ондай сөздердің негізгі сыңары –ған, -ген, -атын, -етін есімшелер негізгі ойды тиянақтап, сөйлемдердегі ойды нақтылай түсу үшін есімше арқылы тағы да сөйлемдік дәрежеге ие болады. Мысалы:
Комиссия бұл малдарды осы маңайда жақын арада ғана ұйымдасқан (қалаптайларға( (“коллективті” ол кезде солай атайтын) бөліп беруді ұйғарды (С.Мұқанов).
Үміткүл қызымның (Біз Надежда деген атын осылай атап кеткенбіз) алғашқы қадамын осылай бастағанын әр кезде атап айтқым келеді (Қазақ әдебиеті).
Дегенмен мен өкілдік жасаған бес болыстың қазақтары (көпшілігі кедейлер болатын) осы жылдың көктемінде мың десятинадай жерге егін екті (С.Мұқанов).
Осы сөйлемдердегі қыстырынды есімшелі сөйлемдердің баяндауыштары кеткенбіз, атайтын, болатын баяндауыштары жіктеліп те, жіктелмей де тек есімшенің жұрнақтары арқылы жасалған.
Бұл кішкене шағын мақаламда қазақ тілі білімінде бұрын-соңды болмаған есімше қатысты оқшау сөздер, қыстырынды сөйлемдерді құраудағы есімшелердің қатысы сөз болды. Есімшелердің табиғаты баяндауыш, анықтауыш сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалуы тиіс. Бірақ есімшелер сөйлемде бастауыш та, толықтауыш та, пысықтауыш та сөйлем мүшелері ретінде келе береді. Есімшелердің бұл қасиеттері Ж.Болатов, Т.Ерғалиев, Қ.Мұсаев, Х.Есенов, М.Томанов, Т.Сайрамбаевтарда сөз болғанымен, есімшелердің енді оқшау сөздердегі қолданысы, олардың тұлғасы, тіркесімділігі, құрамы сияқты  мәселелер тіпті оқшау сөздерде де қолданады екен. Ондай кезде есімшелерге заттану процесі арқылы көрініс тапқан.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. 1958.
2. Мұсаев К. О главно-именнных формах на  -ған, -атын, (а), -р, -у, -(ы) с, -к и кснструкциях, образованных на их основе в современном казахском языке. изд. АН КАЗССР, серия филология и искусствоведения, 1957,1
3. Болатов Ж. Есімшелердің синтаксистік қызметі. Халық мұғалімі, 1956. №6.
4. Болатов Ж. Қазақ тілі есімшелерінің жай сөйлемдерді байланыстырып, құрмаластырудағы синтаксистік қызметі. Қазавқ ССР Ғылым академиясының Хабарлары, филология және искусствотану сериясы, 1959, №1 (11).
5. Болатов Ж. Синтаксические функций причастий в казахском языке. автореф. дисс.канд.наук. Алма-Ата, 1955.
6. Сауранбаев Н.Т. Основные средства связи простых предложений. – изд. АН  Каз ССР, серия филологическая, 1946 вып. 4.
7. Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі, 1995.
8. Игимбергенова С.К.  О синтаксических функциях причастных оборотов в казахском и русском языках. – изд. АН Каз ССР.серия филолог. 1977, №2.



Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)