http://a-brands.kz/

Әлем өзгеруімен біз де өзгереміз

Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», - деген болатын. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі  білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті.

Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты Қарағанды қаласында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен 5 маусым мен 30 маусым аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша педагог кадрларының біліктілігін арттыру курсы өтуде.

Курсқа алғаш келген күннен бастап, көкейімізде жүрген көп сауалдардың жауаптарын алдық, жалпы білім беру мазмұнының  өзгешелігімен және ерекшелігімен таныстық. Біз осы оқу барысында қазақ тілі мен әдебиеті жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап, жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсініп, осыған сәйкес педагогикалық әдіс-тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік.

Қазақ тілі пәнін оқытуда оқушылардың бойында тілдік құзіреттіліктерді қалыптастыру бойынша қолданылатын белсенді оқу, саралау әдістерімен және сабақ мақсаттары оқушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, SMART форматында құрастыру туралы таныстық. Тек танысып қоймай, тәжірибе барысында іске асырдық, ықшам сабақтар мен қысқа мерзімді жоспарлар  әзірледік.

Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге алатын құжаттармен – Оқу бағдарламасы, оқу жоспары, ұзақ мерзімді жоспар,орта мерзімді жоспар, қалыптастырушы және жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен танысып, жұмыс жасадық. Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту; адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту.

Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Шығыс базары», «Білім қабырғасы», «Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «Сана саяжолы», «9 ромб», «5 қадам», «Драма әдісі», «Әдебиеттік үйірме», графикалық органайзерлер – «Дара диаграмма», «Қос диаграмма», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Эмоция кестесі» және  т.б.

Курстан өте көп жаңалық, білім алдық. Біздің білімге деген құштарлығымызды арттырып, дәріс берген тренеріміз Смаилова Айкен Исатайқызына  айтар алғысымыз мол. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», -деп Жүсіп Баласағұни бабамыз айтып кеткендей, тренеріміз бізге өте әділ, мейірімді, білімді, алғыр басшы бола білді. Алдыңғы білімді өткен біліммен салыстыра, ұштастыра отырып, түсінбегенімізді қайта түсіндіріп, әр тыңдаушысының санасына жеткізе білді. Курс аясында білімімізді одан әрі шыңдай түстік, әр сабақ тартымды, өте қызықты өтті.

Жаңашыл және заман ағымына сәйкес ұстаз - өз кәсібін,өз пәнін, барлық шәкіртін,мектебін шексіз сүйетін адам. Осы мамандыққа деген қызығушылықтары небір қиын әрекеттерге жетелеп, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осынша қадір-қасиет,құрметке бөленуі оның қарапайымдылығы, шәкірттеріне асқан сезімталдықпен қарым-қатынас жасауы және заман талабының ағымына ізденіспен бағытталуы. Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге бейімделуді талап етуде.

Сол себепті менің де жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға барып, кәсіби шеберлігімді арттырғым келді.

ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық станадартқа сай жаңа білім беру - жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол!

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы
С.Сейфуллин атындағы
ЖОББ мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі және ПШО курс тыңдаушысы
Акимбекова А.С.

 


Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)