Жаңартылған оқу – жарқын болашаққа даңғыл жол

Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе төңірегінде «Балалар XXI ғасырда табысты болуы үшін нені үйренуі керек?», «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сұрақтарға бала болашағына бей-жай қарай алмайтын әр ұстаз алаңдауда. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша оқыту мен жаңаша көзқарастар пайда болды.

Сондықтан бүгінгі  таңда Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру  өте қажет және өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты ҚР Білім және Ғылым  министрлігі басқа пәндермен қатар қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша курстар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, біліктілікті арттыру курсы барысында өткізілетін ықшамсабақтар арқылы мұғалімдердің Бағдарлама материалдарын өз тәжірибесінде сынап көруге және ой елегінен өткізіп, рефлексия жасауға, сондай-ақ оқушыларға барынша қолдау көрсетуге бағытталған жаттығулар мен тапсырмаларды әзірлеуге мүмкіндігі болады.  

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы «Педагогтардың шеберлік орталығының»  ұйымдастырылуымен жүргізіліп жатқан бұл курстар «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесіне негізделген. Бағдарламаның мақсатының өзі - пән бойынша Оқу бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 89-қадамында  «Нұрлы Болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізу» деп аталып айтылған. Орта білім берудің құндылықтары осы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтарына енгізілген:

1)    қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік;
2)    құрмет;
3)    ынтымақтастық;
4)    еңбек пен шығармашылық;
5)    ашықтық;
6)    өмір бойы білім алу белгіленді.

Маусым айындағы 4 апталық курс барысында жаңартылған оқу бағдарламаларында оқушы бойында қалыптасатын құндылық пен дағдыларды анықтап, тиімді оқытудың үш компоненті – оқу бағдарламасы, педагогикалық тәсілдер мен бағалау жүйесін толық түйсінуді ұстаздарға ұсынған біздің тренеріміз, сабырлы қалпымен бәрімізді баурап алған Смаилова Айкен Исатаевна болды. Қала орталығында орналасқан № 93 мектепте №6 топқа жетекшілік еткен ол әріптестерінің коммуникативті дағдылар -тыңдалым, оқылым айтылым, жазылымды сауатты қолдану, қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағалаудан тұратын критериалды бағалау жүйесін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сабақ барысында оқушылармен жүргізілетін кері байланыс пен рефлексия жасаудың маңызы зор екенін атай отырып, оқу мақсатына және ойлау дағдыларының деңгейіне сәйкес бағалау критерийлерін, тапсырмалар мен дескрипторларды қалай әзірлеу керектігін үйретті. Сабақты жоспарлау барысында мұғалімнің өзі ескеретін «Сабағымның мақсаты қандай? Сабақтың әрбір бөлімі оқушыны мақсатқа жетуге жетелей ме? Мен оқушыларға олар не істейтінін және олар қандай нәтижеге қол жеткізу керектігін қалай түсіндіремін? Оқушыларым не үйренді, қандай әдістерім сәтті болды? Сабағым бұдан да сәтті өтуі үшін басқа қандай белсенді әдістерді қолдануым керек?» деген рефлексия жасауға мүмкіндік беретін бірқатар мәселелер төңірегінде жұмыс жасау керектігін жиі еске салып, өзі де бізбен күнделікті кері байланысқа түсіп тұрды.

«Балалардың білгені, тапқан-таянғаны өмірге жанасып, жарыққа шығып отырып, барлық жұмысты балалардың белсене, құлшына өздері істеуі шарт. Өзі еңбектеніп, өзі бейнеттеніп,тапқан білім берік болады. Өмірінше ұмытпайды» деп қазақтың көрнекті жазушысы Ж.Аймауытов айтқандай, оқушылар өздерінің жаңа білімдері мен дағдыларын іс жүзінде өз тәжірибесінде қолдануға болатынын көргенде және шынайы өмірден алынған жағдаяттарға негізделген өздерінің күнделікті тәжірибесімен байланысты болғанда, олардың оқуға деген ынтасы артады.

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы
Көкпекті ЖББОМ
Жалелова Мая Армиевна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі



Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)