Өлең, жыр, ақындар

Су - өмір көзі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы,
С.Бреусов атындағы жалпы орта мектеп КММ-нің
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Байтелиева Бибісара Кураловна

Тақырыбы: Су - өмір көзі

Құндылық: Дұрыс әрекет

Қасиеттер: табиғатқа қамқорлық, сүйіспеншілік, ұқыптылық, тазалық, қадірлеу.

Мақсаты: Адам өміріндегі қажетті жағдайлардың бірі су екенін, сусыз тіршілік жоқ екенін ұғыдыру. Оқушыларға судың табиғаттағы және  адам өміріндегі маңызы туралы әңгімелеу. Суды үнемдеп пайдалануға және судың барлық ерекшеліктері туралы сипаттау. Қазіргі кезде адамзат ауасын жұтып, суды ішіп отырған табиғат-ананы қорғап, аялауға үйрету.

Міндеттері: Табиғатқа қамқорлық жасауға, суды қадірлеуге, сүйіспеншілікпен қарауға, ұқыпты, үнемді пайдалануға тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже:

1. Оқушылар судың адам өміріндегі маңызын түсінеді.
2. Тәжірбие жасау арқылы судың қасиеттерін біледі.
3. Суды аялау, қорғау керектігін үйренеді.

Ресурстары: Мақал-мәтелдер, сызбалар, тәжірбиеге қажетті заттар, слайдтар, глобус.          

Сабақтың барысы:

1.Ұйымдастыру  кезеңі. Оқушыларды сабаққа әзірлеп алу.

Тыныштық сәті.

Мұғалім: Қайықпен көлге серуенге шығу

(Жанға жайлы музыка әуенімен)

Ыңғайланып отырыңыздар, аяқтарыңызды созып, көздеріңізді жұмып, қолдарыңды айқастырмай, денелеріңді босаңсытып  отырып, қиялданып көрейік...

...Таңертеңгі маужыраған тыныштық сәт, күн шуағын жер бетіне молынан төгіп тұр. Біз бүгін көлге қайықпен серуенге шығамыз. Орнымыздан  көтеріліп, мектеп айналасында өзімізді күтіп тұрған мектеп автобусына отырып, көңілді күйде бәріміз көл жағасына келіп жеттік. Жағалауда  дайын тұрған қайықтарға достарымызбен бірге отырып, жүзіп те кеттік. Міне, қайықпен көл бетінде ақырын жүзіп келеміз. Жоғарыда тұнық көгілдір аспан, аспан астындағы нұрлы шуағын  шашып тұрған шуақты күн, төменде сылдырай аққан мөп-мөлдір су, су бетінде еркелей  жүзіп жүрген аққулар, ал айналада сайраған құстар дауысы естілуде. Біз барлық денемізбен су бетінен желпи ескен салқын самал  лепті, жоғарыдан күн шуағынан тараған жылуды сезіп келеміз. Иығымыз, қолымыз, денеміз, аяғымызға жылу сезілуде. Ал су лебі денемізді  сергітуде. Біз жайлымыз, өзімізге сенімдіміз. Барлық жамандық атаулы бізден кетті. Көңіл күйіміз өте тамаша! Біз өмірге осы сәттегі бақытты күйімізге ризамыз, өз күлкімізді, осы баққытты шағымызды айналамыздағы адамдарға сыйлаймыз. Біз көл бетінде әдемі жүзіп келе  жатырмыз. Ескекті достарымыз болып кезектесіп есудеміз. Қайықты ескекпен есу бізге сондай ұнайды. Міне, біз қайығымызды ақырын  жағаға қарай бұрып жүзіп келеміз. Жағалауға ақырын жақын жүзіп келіпқайықтан түсіп көлігімізг отырдық. Автобусымыз бізді лезде зырлап отырып мектебімізге де алып келді. Көліктен түсіп, мектепке де кірдік, дәліз бойымен жүріп отырып сыныбымызға жетіп, ондағы өз  орнымызға ақырын жайғастық. Барлығы өте тамаша! Жаймен көздеріңізді ашуға болады.

Тыныштық сәтінен алған әсерлерімен бөлісу.

- Балалар, көлде қайықпен серуендеген сендерге ұнадыма?

- Қандай сезімде болдыңдар?

Күндей жадырап,
Айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап
Судай мөлдір, таза көңілмен

Бүгінгі сабағымызды бастаймыз. Балалар, сабағымызды бастамас бұрын топқа бөлініп алайық. Мен сендерге жұмбақ жасырамын, сол  жұмбақтың шешуімен топтарыңды атайсыңдар.

1. Құйсаң шығар гүл өсіп,
Қатады қыста сіресіп.  (Су)

2. Қыста шыны боп қатады,
Жылыда су боп жатады. (Мұз)

3. Көзге көрінгенмен
Ұстасаң қолға ілінбейді. (Бу)

1-топ «Су»,  2-топ «Мұз», 3-топ «Бу»

Топ басшыларын сайлау

2. Үй тапсырмасын тексеру 30 сабақ: 132 бет, Ы.Алтынсарин Таза  бұлақ әңгімесін түсініп оқып келу. 1-2 оқушыдан үй   тапсырмасын сұрау.

Әңгіме желісіне сай сұрақтар:

- Сендер бұлақ басындағы жазуды қалай түсіндірер едіңдер?                                               

- Әңгімедегі үш жігіттің айтқандарынан судың қандай қасиеттерін білдіңдер?

- Адам тіршілігі үшін судың қандай маңызы бар деп ойлайсыңдар?

- Адамдар судан қандай жақсы қасиеттерді, әрекеттерді үйрене алады деп ойлайсыңдар?

- Адам көңілін, бойын бұлақтай таза ұстау үшін адам бойында қандай құндылықтар мен қасиеттер болуы керек?

 Оқушылардың жауаптарын түйіндеу:

- Балалар үйге берген тапсырмаға жақсы дайындалып келіпсіңдер!

Бейнекөрніс

Жаңа сабақ

- Бүгінгі ашық сабағымыздың тақырыбы «Су - өмір көзі» деп аталады.

Су - тіршілік, сусыз өмір болмайды,
Ауаны құм, жерді түнек торлайды.
Бағалай біл байлығыңды, ел-жұртым
Сонда гүлің мәңгі жайнап солмайды.

- Өлең не туралы айтылыпты?

- Су кімге және не үшін қажет?

- Егер су болмаса не болушы еді?

(Балалардың жауаптары тыңдалады)

Су - тіршілік нәрі.

- Балалар, мұнда қараңдаршы, бұл жер шары (глобус) деп атайды. Жер бетінде ең көп таралған зат - су. Көк түсті, ол бәрі су: мұхиттар, өзендер, көлдер. Мұхит, теңіз сулары өте ащы. Сондықтан адамдар, жануарлар және өсімдіктер пайдалана алмайды.

Сусыз адам, жануар, өсімдік те өмір сүре алмайды. Себебі адам мен жануардың ағзасы су арқылы жүреді, ал өсімдік су арқылы өседі.

Су. Екі ғана әріптен құралған осынау мөлдір сұйықтықта тіршіліктің көзі жатыр. Бірақ күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған су  туралы біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ғалымдардың айтуы бойынша, расында да судың қасиеті мол. Мәселен, су дене  температурасын тұрақтандырады, азық, қалдық, оттегіні тасымалдайды, адам зейінін ашады, стресс пен депрессияны басады, ұйқыны  жөнге келтіреді, көзге жанар береді, ағзада жасалуын реттейді, иммунитетті күшейтеді.

Мінеосылардың барлығы сумен байланысты. Балалар ал сендер білесіңдер ме су қайдан, қалай пайда болатынын? (балалардың жауаптары  тыңдалады) Дұрыс айтасыңдар. Ендеше мен сендерге толығырақ түсіндіре кетейін.

Су өмір бойы айналымда болады. Ол жаңбырмен жерге түседі, арық болып ағып, өзенді құрайды, ал содан кейін қайтадан күн шуағымен бу болып аспанға көтеріліп, жер бетіне жаңбыр болып қайта оралады. Жаңбырдан аққан кішкентай сулар бірігіп, жылғалар болып, үлкен теңіз құрайды.

Табиғаттағы судың айналымы туралы сызбасын көрсетіп түсіндіру.

3. Дәйек сөз                                                                                                                                                  

Су жоқ жерде өмір  жоқ,  ол - ақиқат.

                                                     М.Хакімжанова                  

Дәйексөзді оқушыларға айтқызу, дәптерлеріне жазғызу. Мағынасын ашып түсіндіру.

Су тіршіліктің көзі. Сусыз тіршілік ететін ағза кездеспейді. Тіршіліктегі құбылыстардың бәрі судың қатысуымен жүреді. Судың тағы бір  кереметі ол жер бетінде үнемі айналыста жүреді. Жер бетінде сусыз тіршілік болмайды. Сондықтан судың қадірін біліп өсуіміз керек. 

Балалар су туралы тағы қандай мақал–мәтелдер білесіңдер?

1. Судыңда сұрауы бар,
2. Су анасы бұлақ,
Сөз анасы құлақ.
3. Судың жолын құм бөгер,
Ердің жолын сұм бөгер.
4. Сумен ойнама - батарсың,
Отпен ойнама жанарсың.
5. Түнгі су - ну, күндізгі су - бу.
6. Судың кепкені - тіршіліктің кеткені.
7. Сулы жер - нұрлы жер.
8. Бұлақ көрсең - көзін аш.
9. Сулы жер - құрақсыз болмас, таулы жер - бұлақсыз болмас.
10. Су - атасы, жер - анасы.
11. Сусыз өмір - тұзсыз аспен тең.
12. Су бар жерде өмір бар.
13. Су табиғаттың ажары.
14. Арық бар жерде су бар.
Су бар жерде ну бар.
15. Дария басы – бұлақ.
16. Көлдің көркі - құрақ
Таудың көркі - бұлақ.
17. Көл тартылса құс қашар.
18. Ағын су арнасын табады.
19. Саяз су сарқырап ағады.
20. Су байлық - алты айлық
Қар байлық - үш айлық.
21. Су басынан бұзылады.
22. Су – диханның қаны.
Жер - қолыңдағы наның.
23. Су - зер, сушы - зергер.
24. Сәуір болмай, тәуір болмас.

Міне, балалар мақал-мәтеліміздің нәтижесінде табиғатымыздың тамаша көрнісі шықты.

4. Әңгімелеу: Мұғалімнің сыйы. От пен су ертегісі

Бір күні от пен су кездесіп қалды. От судан:

- Қайдан келе жатырсың?-деп сұрады. Су оттың сөзіне ашуланып:

- Сенің ағайындарың жеті жұртты құртқан жұт әкелетін жалмауыздар, бір үйді ыстық алауына орап, күл - талқан етті! - деді. От:

- Суеке, оған менің қатысым қанша? - деп еді, су одан бетер айқайлап.

- Бір күшейіп алсаң, айналаңа дес бермей, көзің тоймай бәрін бірақ жалмағың кеп араның ашылады да тұрады! - деді. Сонда от:

- Ай Суеке, талай жерді, талай елді, тіпті Адамзатты төсіңнің астына сап, басып қалғаныңды ұмытасың ау. Көктем болса болды арнаңнан  құтырына асып, өткел бермей талай елді қан қақсатқан сен емей мен бе?-деді қалыспай. Әбден ашуға булққан су:  

- Енді сенің үніңді біржолата деді өшірмесем бе, Су атым құрысын, - деп бар пәрменімен Оттың үстіне шапшыды.» Су бір айла жасар–ау»  деп дайын тұрған От сытылып қаша жөнелді. Су өкшелеп қуа берді. Жан екпінмен қашқан От алып Орманға тығылды.Сол сәт Орман  ағаштары қызыл алауға оранды. Енді судың жұмысы одан әрі көбейді. Ол орман ағаштарын өшіріп болам дегенше бойынан қауқар кетіп әбден әлсіреді. Ең соңғы демін салып Отты шала-пұла сөндірді де есінен тана жығылды. От шала бықсып, жатты да бірте-бірте күш ала   бастады. Су қатты шошынайын деді. Ол Оттан:

- Отеке, бір ашуыңды маған бер мен әбден таусылып, әлсіреп жатырмын. Орманды өртей көрме, - деп жалынды. Сонда От:

- Жақсылықты жалғыз өзің жасап жүргендей кеп маған кеудеңді көтересің. Бұл дүниеде екеуміздің де өз орнымыздың барын мойындағың  келмейді. Орманды алауыма орайым деген ниетім болған жоқ. Сен ашуға алдырған соң өлмеудің амалын жасадым, өмірімді қорғадым. Егер сен килікпегенде бұл орман жайқалып тұрар еді. Одан да сен еңсеңді көтер, орманды суар, күш аласың, - деді.

Дұрыс айтасың,-деген Су Оттың бетіне қарауға шыдамай алмай Орманды жағалап ағып бара жатты. Суға қарап тұрған Оттың құлағы Су айтқан мына сөзді естіген еді.

«От досым, мен ағаттық жасадым. Егерсен болмасаң Адамзат қалай жылынар еді. Әрбір үйге нұр шашып, жылу ұялатасың. Мен пақыр  күнәмді өтеп, мына жайқалған орманды қайта қалпына келтіремін. Мені кешіріңдер» Су сөзі бара-бара көмескеленіп, мүлдем естілмей кетті.

- Су бар жерде ну бар. Әлі-ақ бәрі қалпына келеді. Екеуміз де Адамзатқа керекпіз. Ауызбірлікте болайық. Енді қателік жасап алудан  сақтанайық. Сен сол арнаңды асырмай, болмаса кемімей тыныш аққан күйіңде қал. Ал, мен дүрілдеп-дүркіремей күшімді шақтап жұмсауға  уәде беремін,-деп сыбырлады. От сөзін жел қағып Суға жеткізді.

Содан бері Су күш –қуаты бойына сыймаған күні әлемді кеудесіне баспай тарам-тарамдарға бөлініп, кетуге тырысып келеді. Ал От күшін Орман ағаштарының өзі алауына ораған, жас өмірін қиып түскен қиындыларына бөліп берді.

Ертегі желісі бойыншар сұрақтар
- От пен су не себепті бір-бірімен келіспей қалды?
- Ол екеуінің бір шешімге келуіне не әсер етті?
- Ертегіден қандай ой түйдіңдер?

5. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс

1-топ

Судың пайдасы туралы әңгіме жазу

2-топ. Тәжірибе жасау, судың қасиеттерін білу үшін.

«Су-мөлдір» «Суда дәм жоқ» «Судың иісі жоқ» 

3-топ.

Суретке қарап  «Табиғатты аялайық» тақырыбы бойынша әңгіме құрастыру

6. Топпен ән айту. Жау-жау жаңбыр

Сөзі: Т.Орманов                                                                
Әні: Қ. Ахметов

Алатаулар бауырында,
Атам, әжем ауылына,
Ақша бұлттар ауа берші,
Жау-жау жаңбыр, жауа берші

Қайырмасы

Алматыдай астанама
Жасыл желек жас қалама
Ақша бұлттар ауа берші,
Жау-жау, жаңбыр жауа берші.

Қайырмасы

Бақыт болып жаушы, жаңбыр,
Менің әсем қалама.
Бақыт болып жаушы, жаңбыр
Менің байтақ далама
Менің әсем қалама,                                                                                
Менің байтақ далама.

7. Үй тапсырмасы: Оқулықтан 136-137 бет, М.Аяғанова

«Табиғатпен тілдессем» өлеңін түсініп оқып келу. Дәптердегі тапсырманы орындау.

8. Қорытынды. Соңғы тыныштық сәті.

Сонымен балалар, бүгінгі сабақта не туралы айтылды? Су қайдан, қалай пайда болады екен? Судың адам өміріндегі маңызы қандай? Бүгінгі  сабағымыз сендерге ұнадыма? Сабақтан алған әсерлеріңді қолдарыңдағы тамшыларға жазып тақтадағы бұлтқа жапсырамыз.

Көзімізді жұмып, баяу әуен толқынымен қамқорлық пен сүйіспеншілікті үйлестіре отырып, жүрегімізден өткізейік.

Су - адамға ең қажетті тағамның бірі, су - тазалық көзі, су - жан сұлулығының нәрі, су - шынығу көзі. Су болмаса тіршілік те болмайтынын  білдік. Өйткені адамдар, өсімдіктер, жан-жануарлар, аң, құстар, сусыз өмір сүруі мүмкін емес. Судың адам өміріне аса қажеттілігін  ұғындық.

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз