Елбасы - ел тірегі

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
Т.Жармағамбетов атындағы  орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Казиева Нуршат Адилхановна 

Мақсаты - оқушыларға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірі мен шығармашылыққа толы атқарылған істері туралы мәліметтер беру, оқушыларға Президенттің ел үшін жасаған істерін үлгі-өнеге ету, өз Отанын, халқын сүйетін азамат боп өсуге, елжандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі сипатта түскен суреттері, кітаптар көрмесі, нақыл сөздер, слайдтар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады. (ХОРМЕН)

1-жүргізуші:                                                                                                                                                                         

Желтоқсаннан бастау алған егемен,
Егеменді елде берік керегем.
Қазақстан - бірлігімнің айғағы,
Әлем білген басшысымен көреген.

2-жүргізуші:

Қазақ бүгін бар әлемнен баға алған,
Құт қонған ел қасиеттен жаралған.
Бірлігімнің туын биік ұстаған,
Жаңарған ел Желтоқсаннан нәр алған.

1-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар, оқушылар 5"ә" сыныбының  «Елбасы-ел тірегі» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

2-жүргізуші:

Бірлігімнің бұзылмаған қаймағы,
Бейбіт күнде желбіреген байрағы.
Барлық ұлттар бақыт тапқан өзіңнен,
Қазақстан - ынтымақтың айғағы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні барша қазақстандықтарға  құтты мереке болғай! Халық үшін қызмет етуді бақыт санайтын Елбасымыз тұрғанда Қазақстан келешекте дамыған, өркениетті ел боларына сенеміз.

1-жүргізуші:

Бұл - еліміздің жаңа тарихындағы ерекше күн. Нақтырақ айтсақ, 1991 жылғы 1-желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Сөйтіп, ғасырлар бойы халқымыздың асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды  құру жөніндегі ата-бабаларымыздың тарихи аманаты орындалды. Бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды жарқын болашаққа батыл бастады. 

2-жүргізуші:

Бір басында кемеңгерлік, даналық,
Елін сүйген елі үшін жаралып.
Сол кісідей болса - болсын әр алып
Адамдықтың аласармас үлгісі
Бір өзінен жатқаны шын таралып
Бүгін Тұңғыш Президенттің күніне
Әсем әнді шырқата бір салалық!

Хор  «Нұр аға»

1-жүргізуші:

Шығындап қиыр шеттің танып бәрін,
Уа, жұртым, шартарапқа шарықтадың.
Бұл әлем қашан тұтас біліп еді,
Қазақтай жер бетінде халық барын.
Әр сөздің астарына осы арада,
Ағайын,ой жіберіп жете қара.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында
Тұлғасы Елбасының жеке дара,- дей келе, Тұңғыш президентіміздің өмір жолдарымен таныс болу үшін экранға  назар аударайық. (Назым өмірбаянын оқиды.)

Назым: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылдың 6-шілдесінде Алматы облысына қарасты Қарасай батыр ауданының Шамалған ауылында туылды. Балалық шағы таршылық жағдайда өтті. Үлкендердің мал бағуына, бау-бақша өсіруіне көмек көрсету керек болды, шөпшек теріп, отын жарды.Өзі еске алғандай, өсірген аз-маз өнімдерін сатып, үй-ішіне қажетті заттар алу үшін есек жеккен арбамен жақын маңдағы теміржол стансасына бару дегенің керемет мереке саналған. Мектепті жақсы оқып, жақсы білім алды. Ата-анасын қатты құрмет тұтты. Ол ерте есейді, орта мектепті бітіре салысымен Кеңес Одағындағы аса ірі Қарағанды металлургия комбинатының көлемді құрылысына аттанды. Құрылыста біраз еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықтармен Украинаның Днепродзержинск қаласына барып металлург – жұмысшы мамандығын меңгерді.Бұл шойын құюшы, домна пешінің көмекшісі жұмыстарын атқарды, ал кейінірек инженер дәрежесіне көтерілді.  Сол жылдары оның басшылық қасиеттері жарқырап көрінді.Қалалық, облыстық және республикалық көлемде басшы органдарда жауапты қызметтер атқарды.Металлургиялық комбинатында партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауап беретін хатшы болды. Ол Қазақстан Үкіметін басқарғанда 44 жаста болды. Осылайша оның саяси өмірбаяны басталады. 1991 жылы 1-желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республикамыздың Президенті етіп сайлады. 

Би: «Шашу биі» қарсы алыңыздар. Елбасы туралы қызықты деректер

(слайд)

1. Нұрсұлтан – ата-ананың тілеуімен туған бала. Анасы Әлжан Әбішке тұрмысқа шыққаннан кейін бес жылға дейін құрсақ көтермей, Алладан бала тілеумен болады. Шын тілекті Алла берсе керек, көп ұзамай, Әлжан ана түс көреді. Түсінде теңіз түбінен мылтық тауып алып, оны күйеуі Әбішті қуантайын деп асынып алғанын көреді. Ояна келе ет жақын ағайындарына жорытқанда, олар «Түсің жақсы екен. Құдай сендерге ұл берер» дейді. Көп ұзамай дүниеге Нұрсұлтандай ұл келеді.

2. Елбасының әкесі Әбіштің бағбан болғанын білесіз бе? Әбіш – бір ағаш пен екіншісін будандастарып түрлі жеміс ала беретін бау-бақшаның нағыз білгірі болған. Әкесі туралы Нұрекеңнің өзі: «Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай жемістерді кейін еш жерде көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын», – деп жазады өз естелігінде.  

3. Әлжан – дұғасы қабыл болған ана. Ислам дінінде ата-ананың балаға жасаған дұғасы Алла тарапынан сөзсіз қабыл болатын дұғалар қатарына жатады. Тұңғышының тілеуін тілеген ана Нұрсұлтанның кішкентай кезінде «Жарығыма ғұмыр бер!» деп тілеп отырса, кейін Теміртауға кеткенінде: «Ей, Алла! Сұлтаныма амандық, саулық бере гөр! Жұлдызын жарық қыла гөр! Өзіңе тапсырдым, Алла» деп дұға етпей ұйықтамайды екен. 

5. Мәдинада үш ай жаумаған жаңбыр, біздің Елбасымыз барған уақытта жауған. Арабтар мұны ерекше жағдайға балап, оған өзгеше құрмет көрсетіп, алтын тысты Құран сыйға тартқан. Тіпті есіміндегі «Нұр», «Сұлтан» сөздерінің араб тілінен алынғанына назар аударып, риза болысқан.  

6. Елбасымыз музыканы бала кезінен жақсы көрген. Кішкентай кезінен мандолин, баянда ойнай білген, домбыра тартқан. Әнді де жақсы айтады, қоңыр дауысы бар. 

7. Елбасы – шебер шаңғышы. Бала кезінен шаңғыны жақсы көрген Нұрсұлтан Үшқоңырдың биігінен, небір қиын жолсыз жерлермен сырғанағанда алдына жан салмаған екен

8. Назарбаев – альпинист. Ол тау баласы болғаннан кейін бе, альпинизмге қатты құмартқан. Кішкентай күнінде Үшқоңырдың тау-тасын жиі аралап кетеді екен. Кейін Президент болғаннан соң да кәсіби альпинистерге ілесіп, бірнеше шыңды бағындырған. Соның ішінде теңіз деңгейінен 4010 м биіктіктегі Абай шыңының орны ерекше. Бүгінде Алматы маңында Нұрсұлтан шыңы бар. 

9. Елбасы – құралайды көзге атқан мерген. Елбасымыз аң аулағанды, саят құрғанды жақсы көреді. Әрі оның мергендігі туралы түрлі аңыздар бар. Бірге оқыған досы, белгілі заңгер, күні кеше дүниеден өткен Мақсұт Нәрікбаев ол туралы: «Бір жолы атқан оғының жарты шақырым қашықтықта тұрған жануардың жүрек тұсынан дәл тигендігін көрдім. Тек хас мерген ғана осылай ата алады ғой», – деген болатын кезінде.

10. Елбасы – ақын. Оның суырып салатын қасиеті бар екенін айналасындағылар жиі айтады. Ал өлеңдерімен тек жақындары ғана таныс болса керек. Халық назарына әлі ұсыныла қойған жоқ. Жұрт тек «Елім менің», «Үш қоңыр» секілді әнге айналған өлеңдерін біледі.

11. Елбасы – гольф шебері. Елбасымыз Хайнань аралдарындағы демалыстарының бірінде гольф ойнау шеберлігімен жергілікті халықты қатты таңғалдырыпты. Гольф допшасын бастау алаңшадан көмбе алаңшадағы шұңқырға бір ұрғаннан кіргізген. Таңдайларын қаққан қытай мамандары сол жерге ескерткіш те орнатпақ болған көрінеді.

12. Нұрсұлтан Әбішұлы – әзілқой адам. Ол кісімен дастархандас болған көптеген адамдар естеліктерінде Елбасымыздың ерекше әзілқой адам екендігін айтады. Әсіресе еркін отырыстарда әзіл айтып, айналасындағыларды күлдіріп, көңілдерін көтеріп отырады екен.

Керемет, елбасымыз туралы қаншама қызықты деректермен таныстық.

Енді  Елбасына арналған жыр-шумақтарға кезек берейік.

Мирас:

Сан ұлттың басын қосып Қазақстан,
Бекемдеп саясатын іш пен тыстан.
Елбасы,алдын ала болжай біліп,
Сүрінбей аман өттік дағдарыстан.
Жыл сайын табыс қоссын табысыңа,
Әр қазақ берік болсын намысына.
Нұрсұлтан Назарбаев бастай берсін,
Нұрлы жол, Нұрлы заман бағытына.
Бар әлемге шын танылдық міне,біз.
Елін сүйген Елбасы  деп бьілеміз.
Тең аталып Қазақстан-Нұрсұлтан
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз.
Күнге беттеп бара жатыр көш жүріп,
Елдің даңқы бар жаханға естіліп.
Елбасыны құрметтейтін ерекше,
Армысыздар, ақ пейілді көпшілік!

Фатима:

Ауыр күнді артымызға тастауы-
Қиын сәтте қиындықтан қашпауы.
Тілім, ділім, ұлтым қайта көгерген,
Елбасымыз Нұрағаңның бастауы.
Туды ұстап тура жолға түсіріп,
Жас Отанның өмірін де түсініп,
«Елім»,жерім»  деп ұрандап тайсалмай,
Бір керемет жасады-ау кісілік!
Елбасымыз, саған мәңгі разымыз,
Үлкен-кіші, ағайындар-бәріміз.
«Ұлтым, елім» деп  қайғырған ұлы жан,
Сіз біздердің піріміз де әніміз.
Халқым айтқан «Жер көтерер ел даңқын».
Президентім Елбасы аман болғай,
Мәңгі жаса, жас қазағым, өр халқым!

Бекет:

Сөйлесіп бір жүрген қай сөзінде де халықты биік қоясың,
Халықпен бір ашығасың да, халықпен бірге тоясың.
Жастықтың жалын шақтарыменен бірге айтып арман әндері,
Қазақстанның бақтарыменен бірге жапырақ жаясың.
Халықтың мұңы мұңдайтынын да, халықтың жыры жырлар жыр,
Көкірегіңде көнермей әлі өткен де кеткен жылдар жыр,
Соңына ердік сол ғана бізді жеткізеді деп бақытқа,
Бақытқа баста байтақ еліңді, бақытсыздықтан құр қалдыр.

Асылжан:

Аман бол, ел ардағы, ел арманы,
Сезімің-қызғалдақ гүл қоғамдағы.
Батырсың баяғыдан күткен елің,
Шақырсын тек бақытқа жол алдағы.
Аман бол, сәулеңді шаш төңірекке,
Жалғасыңа жасырмаймын көп ретте.
Шығарды тарих анаң қалап сені,
Халқыңды бастайтұғын ер керекте.
Аман бол, алтын жүрек дана басым,
Ел үшін өлімге де бара аласың.
Буының бүгілмесін ел алдында,
 Ертең де еңбегіңді бағаласын.
Аман бол, бір туған ел анадан,
Жамандық өтпес болсын шекерарадан.
Еңсесі аласармай жүреді еркін,
Елімнің жолы болсын деген адам.

2-жүргізуші:

Қазақтың күйлері көп «Көңілашар»,
«Сарыжайлау» «Сарыарқаға» кеп ұласар.
Күй қылып күллі әлемді құшаққа алған,
Қазақтың болмаған ғой тегі нашар ,-демекші  Сезімнің орындауындағы «Жастар биі» күйін қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші: Елбасы үлкен саясаткер болумен қатар жан-жақты дамыған тұлға. Барлық қазақ азаматтары сияқты жылқыны жақсы көреді. Сондай-ақ өнерге де көп көңіл бөлетін адам. Ол кісінің « Елім менің» және «Үшқоңыр» өлеңдеріне ән жазылған.

2-жүргізуші:Елбасы туған халқын, туған жерін, даласын жанындай сүйетін адам. Мұны ісімен де, шығармашылығымен де дәлелдеп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев-бірқатар ғылыми кітаптардың, әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары мен қоғамдық – саяси еңбектердің авторы.

Ендігі кезекте Елбасымыздың қанатты сөздеріне тоқталайық.

Бекберген: Тәуелсіздік-ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

Адайбек: Өз тарихын сыйламаған халық өзін де сыйламайды.

 Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ көп.

Нұрсәт: Менің атам да, анам да-қазақ. Қазақпын деп айтуға ешқашан намыстанған кезім жоқ. Намыстанбаймын да. Қайта маған тіл, діл,өмір, тіршілік сыйлаған туған халқыма бар есті тірлігімде қарыздар болып өтуге бармын. Ұлттың ұлы болмай тұрып адамзаттың перзенті болу мүмкін бе? Мүмкін емес.

Рамазан: Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, астын-үстін толтырып кен берген, мейірбан ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген.

1-жүргізуші: Ендігі кезекті мерекелік көңіл-күй сыйлайтын сыныбымыздың оқушыларынан құралған «Тобық орда» көңілді тапқыштарына берелік. Қарсы алыңыздар!

2-жүргізуші: 1998 жылы 10-маусымда жаңа астананың ресми тұсаукесері болды. Қала Есіл өзенінің оң жағалауында, Сарыарқаның  солтүстік бөлігінде орналасқан.

1-жүргізуші: Астана-Қазақстанның саяси, әкімшілік және мәдени орталығы. Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығына сәйкес 1997жылы мұнда бұрынғы астанамыз Алматыдан Қазақстан үкіметі және Парламент көшіп келді. Еліміздің басқару жұмыстары осы жерден жүзеге асырылады.

Әсет:

Астана - қазағымның бас қаласы,
Арқада бас көтерген жас қаласы.
Көшірген Астананы орталыққа-
Елбасы Нұрсұлтанның бастамасы.
Ауыр сын, қиындықтан жасқанбаған,
Сарыарқаға көш бастап басқан қадам.
Бүгінде дос сүйініп, әлем танып,
Атағы Астананың  аспандаған.
Желбірейді көк байрағың көгіңде,
Кереметсің көрік берген өңірге.
Ғаламдағы ғаламаттың бірі боп,
«Бәйтерегің» жарқырап тұр төріңде.

2-жүргізуші:

Шат қалам менің, бақ қалам менің
Бақ қаласымен мақтанған елім.
Жайнай бер гүлдей астында күннің,
Астанам менің, ақ қалам менің ,- деп ендігі кезекті Руфина мен Шұғыланың орындауындағы «Астанам» әніне берейік.

Қабыл алыңыздар! (вальс)

1-жүргізуші: Бүгінгі айтулы мерекеде елбасымызға қандай тілек арнасақ та жарасады. Олай болса, елбасына өздерінің жүрекжарды өлеңдерін,тілектерін 5"ә" сынып оқушылары елбасыға хат жазу түрінде арнағалы келіпті. Қошеметпен сахна төріне шақырайық! (Елбасыға хат) (5 оқушы  хатын, арнау өлеңдерін оқып, конвертке салады).

2-жүргізуші: Ендеше, құрметті сыныптастар, сіздердің бұл хаттарыңыз елбасымыздың қолына жетеді деген ниетпен осынау конверттеріңізді почтаға жөнелтеміз!

2-жүргізуші:

Қазақ елі желбіреп көк байрағың,
Гүлге оранды ауылың мен аймағың.
Елбасымыз биіктерге бастады,
Ол көрсеткен нұрлы жолдан таймағын.

1-жүргізуші: Туымыздың тұғыры берік, еліміздің еңсесі биік болсын! Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болсын! Көгімізде көк туымыз мәңгі желбірей берсін деген ниетпен ортамызға Сенім, Гүлден, Аружан, Мәдиді «Көк тудың желбірегені» әнімен шақырамыз. Қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші:

Осымен  «Елбасы – ел тірегі» атты  ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Тамашалағандарыңызға көп рахмет, келесі кездескенше күн жақсы!

«Осындай тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді сезінеміз». 


Пікірлер (1)

nurshat

алдын ала, рахмет!!!!

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)