Бала тәрбиесі

«Қамысты ауданы әкімдігі» ББ
Алтынсары ауылы
«Қарлығаш» бөбекжайының тәрбиешісі
Тунгушпаева Жанагул Тайгараевна

 

Жүсіпбек Аймауытов "...Дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық, дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса,тәрбиеші адамның ақылын,мінезін,жанын сауықтырады",-деген.

Тәрбиеші - балаға жан-жақты тәлім-тәрбие  беруші. Сынып тәрбиешісін бала тәрбиесіндегі рухани сәулеткер, бағбан ретінде бағаласақ, отбасы, ошақ қасынан кейінгі екінші ата-анасы деуге болады. Балабақшада қойылған талаптар үйде де орындалып, сақталуы үшін тәрбиешілер ата-аналарды арнайы ережелермен таныстырады. Мысалы, оларға баланың ас үстінде өзін дұрыс ұстауы, қасындағы адамдарды сыйлауымен, гигиеналық және эстетикалық тұрғыдан тазалықпен байланысты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар ата-анаға ең бастысы бала үшін бойын, жүрісін қалай түзесе дәл солай қимыл мәдениетін үйрету керектігін айту. Бұнымен неғұрлым ертерек айналысса, соғұрлым тиімді болмақ. Егер ым тілі және қимылы баланың ойына сіңіп, әдетіне айналса, оны тәрбиелеу қиынға соғады.

Тәрбиеші ата-анаға бала қимылының жағымды болуының маңызды екенін ескертеді: қыздар – нәзік, шынайы, тартымды болса, ал ұлдар шапшаң, жинақы, шыныққан болуы тиіс. Балалардың жүрісі жеңіл болуы керек, денесі тік, иығы көтеріңкі, ырғақты, қимыл-әрекеті жинақы. Мектеп жасына дейінгі балаға талтайып жүрудің, адамды сұқ саусағымен көрсетудің, біреудің көзінше қасынудың, танауын тарта берудің өте жағымсыз әрекеттер екенін түсіндіру керек.

Кей кезде ата-аналар: «Осы балам жаман әдетті кімнен үйренген? Мен оған бұлай үйретпеген едім ғой?» деп қиналады. Бірақ олар сонымен қатар, дәл уақытында дұрыс тәрбие бере алмай қалғандарын ұмытып кетеді. Егер баланың іс-әрекеті шектен шығып бара жатса, және оған үлкендер кешіріммен қарайтын болса, байқаусызда жасалған қимылдар әдетке айналуы мүмкін. Мұндай балалар көп жағдайда біреудің айтқанымен емес, өз білгендерін істеп жүреді.

Жаман әдеттерге қарсы ең тиімді әдіс – оларды қадағалау және ескерту. Егер бала жағымсыз әрекетті үйренсе одан арылту мүмкін бе? Әрине мүмкін, тіпті баланы қойып үлкен адамның өзін тәрбиелеуге болады, ал жастайынан ескерілсе ол тіпті тез түзеледі. Ең бастысы жаман әдетті түзеуде баланың әдетті неге істейтінінде емес, осылай жасауына не әсер ететінінде, яғни не себеп болғанын ескеру керек.

Егер жаман әдеттер балабақшаға баратын балада туындаған болса, ата-ана мен тәрбиеші бірігіп баланы қадағалаулары керек, яғни мұндай әдет неден туындауы мүмкін: бос жүргеннен бе, жоқ болмаса басқа баладан үйреніп алды ма т.б. Ал, себебі байқалған кезде, тәрбиеші балаға қалай қарауды біледі. Көп тыйым салмауға тырысады, оны басқа бірдеңелермен айналдырып, қызықтырып, ол әдетті ұмыттыруға тырысады.
Тәрбиешінің шыдамдылығы, ата-аналар тарапынан үйде қолдау көрсетілуі баланың жаман әдеттен арылуына негіз болады.

Әбден үйреншікті болып кеткен әдеттерді түзету өте қиын екені белгілі. Баланы олардан арылту үшін ата-анамен толық келісім керек. Ең бастысы жоғарыда айтқандай әдеттің туу себебін анықтау керек. Мысалы, бала тамақтану үстінде аяғын қозғалта берсе, орындықтың ұзындығы оның бойына сай ма, соны қадағалау тиіс. Баланың іс-әрекет, қимылын үнемі қадағалап отыру керек, аздаған жағымсыз қылық көрінсе ескерту жасау. Тәрбиеші болу барлық мамандықтың иесі болумен тең: сен мұғалім, дәрігер, биолог, эколог, сәулетші, заңгер, спортшы, сахнагер, әнші де боласың. Өйткені, бала әлемімен өмір сүресің, олардың барлық сұрақтарына жауап тауып, қиын жағдайда көмек көрсетіп, жарақаттарын емдеп, барлық проблемаларды әділ шешуге тырысасың.

Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Қанша жыл тәрбиеші болып жұмыс істесем де, осындай қызық мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін.

Бүлдіршіндерімді мектеп табалдырығын аттау үшін бала-бақшадан білімнің алғашқы нәрімен сусындатып шығарып салып, ата-аналарынан алғыс алу адамды өте қуантады. Тек қанатыңның астында жүрген бүлдіршіндерден ажырап кету көзіңе бір жас келтіріп, қаяу түсіреді. Жан дүниеңнің бір жартысын жұлып алғандай сезінесің.


Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)