Эссе және өлең-жыр байқауы

Ұстаз – саған мың алғыс!

Мұғалімдер күніне сценарий

Ұстаз – саған мың алғыс!
Өткізілетін уақыты: 05.10.2012ж, сағ: 15:00
Өткізілетін жері: Баянды ауыл клубы
Ансамбль ашады. Гүлжанат, Маржан, Ақмоншақ, Алтынгүл, Еңлік. Домбырада 3 күй орындайды

1-жүргізуші:Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.

Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.

2-жүргізуші:Құрметті ұстаз қауымы! Сіздерді қазан айында аталып өтетін Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілейміз

1-жүргізуші:Бүгінгі кешіміздің шымылдығын ашып беру үшін мектебіміздің директоры, ұлағатты ұстаз Құралай апайға сөз береміз.(апай сөйлейді)

Әлімжанова Гүлназ

Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,

Ол болмаса, кім береді парасатты.

Асылын беріп шәкірт бойларына,

Ағартқан сол үшін де қара шашты.

Ұстазға әркім басын ию керек,

Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.

Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,

Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.

Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,

Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.

Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,

Шәкіртінің биікке шыққандарын.

2-жүргізуші:Ал бұлбұл әншіміз асыл ұстазына деген жылы лебізі мен шәкірттік асқақ махаббатын әсем әнімен жеткізгісі келеді екен.
Ендеше сахнада ән, орындайтын Дүзелбай Динара

Дүзелбай Мадияр

Тұла бойың тұнған сабыр, кешірім,

Айқара аштың бізге білім есігін.

Өр тұлғаңды балап шыңға, Ұстазым,

Мен өзіңе тәнті болсам, несі мін?!

Бала елдің болашағы болғанда,

Зор пайданы тигізесің қоғамға.

Мамандығың - кәсіптердің абзалы,

Адамдығың қымбат бізге одан да.

Ашық болсын нұрға толы көгіміз,

Аман болсын еліміз бен жеріміз.

Аманаттап тапсырамыз тағдырды -

Анамыз деп қабылдадық сені біз!

Әр таң сайын жаңа арман құшамыз,

Ұстазымыз - үлгі бізге ісі аңыз.

Жақсылықты, тәтті үмітті танытқан

Өзіңізді мәңгі үлгі тұтамыз!

1-жүргізуші:Қазақ қызы күлімдер күн көзіндей,
Дөңгеленіп билейді ай жүзіндей.
Жұлдыздардай өрнекті аспандағы,
Биші қыздар бұрала билейді би.
Сахна төрінде қазақ биімен Сабирова Анаргүл

1-жүргізуші:Құрманғазы,Тәттімбет
Домбырамен сайраған.
Жүректе от жансын деп,
Елге күйін арнаған.
Қазір сахнада көңіл толқытар күй орындалады. Орындайтын Лауадин Әліби

2-жүргізуші:

Зауытта болсаң, күнбе-күн
көрінер еді табысың.
Дәрігер болсаң түрлі емің -
шипалы жанның бағы шын.
Ал сенің еңбек жемісің
өзгеше тіпті басқадан:
ол - өзің арнап ел үшін
осынау жүрген жақсы адам.
Жақсы адам - елдің тірегі,
байлығы туған халықтың,
шапағын шашар үнемі
көгінде тұрған жарық күн.
сан жастың қамын шертесің,
тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін
үйреттің өзің қолға алып.
Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір - сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің
бейнетін кешіп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жаныл, жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік!

1-жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй деп сахнаға қыздарымыздың триосын шақырамыз!(«Гүлдәурен», Көпжүрсінова Еңлік, Қосанова Үмітжан, Аманбай Ақмоншақ )

Жайлау Маржан

Нұр құйды ма сәби – гүл - әлди елі,

Жүрегіңде қасиет бар киелі...

Шәкірттерге ұстаздар дәріс берсе,

Сіз ұстазға үйреттің тәрбиені.

Ұзақ жылдар мектептің басшысы боп,

Тәрбиені үйреттің басқышы көп...

Өнегелі еліне еңбек еттің,

Сәлем берер сондықтан дос кісі көп.

Азаматқа жүретін балап елім,

Сондай жұртқа қадірлі адам едің!

Ұл-қыздарың қондырған ұясына,

Мен де Сізді бір тауға санап едім.

«Талпынған бақытына болады кез,

Арналы дарындардан қалады сөз» -

Деп құйған құлағына шәкірттердің,

Адамсыз –

Дана ойлы,

Бал мінез!

2-жүргізуші:Ұстазым,менің,ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып.
Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстаздар төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!!!

Сіздерге арнап сахнада мектебіміздің қыздары мың бұралып би билейді. «Ақжелкен» би тобы.(Гауһар қанатбаева, Фариза, Дәмеш, Айкүміс)

1-жүргізуші:Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздерге арнап өз әзілдерін алып келген мектебіміздің «Жігер» КВН командасын ортаға шақырайық!

2-жүргізуші:Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген:“Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

1-2 жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын! Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!

Ән-шашу


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз