Өлең, жыр, ақындар

Рухани жаңғыру – ел экономикасын дамытудың жарқын белесі

М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің
экономика пәнінің оқытушысы Тоқбаева Света Сақтанқызы

Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық.

Нұрсұлтан Назарбаев

Еліміздің бірінші жаңғыруы 1991-1997 жылдар арасында ел тәуелсіздігі нарық экономикасына көшу сәтімен тұспа-тұс келіп, бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, экономиканы жаңаша дамытуға  заманауи мүмкіндіктер, халықаралық түсінікті байланыстар қалыптаспай жатқан қиын кезеңге тап келіп, өз жолымызды бастауға, жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға барынша талаптанғанымыз және тез арада іргетасымызды бекітіп, даму жолына түскеніміз еді. Жаңа іс қашанда оңай болмаған, кешігу мен қателіктерге ұрынбай жетістікке жеттік.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда- Астанананың салынуымен басталды.

Үшінші жаңғыруымыздың алғышарты 2012 жылдың соңында  «Қазақстан-2050» Стратегиясының жариялануымен басталды. Алға жаңа мақсат- Қазақстанның озық 30 елдің қатарында болуы қойылды. Стратегияны жүзеге асыруды «100 нақты қадам» Ұлт жоспары базасында қолға алынды. Президентіміз 100 қадамның 60-сы аз ғана жылдыр ішінде атқарылғанын өз Жолдауында қанағат сезіммен жария етті.
Биылғы Елбасы Жолдауының ерекшелігі - ел дамуының түбегейлі тұстарын зерделеп, оның сан қырлы салаларын жүйелі түрде жаңғырту мәселесіне мән беруінде.Стратегиялық мазмұны жоғары бұл құжатта анықталған он міндеттің әрқайсысы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін қажет.

Президент өз Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атауы да негізсіз емес. Өнеркәсіптік революция адам өмірініңсан саласын қамтып, ол ендігі адам баласының ақыл-ой санасына да, тұрмысы мен ғұрпына да түбегейлі өзгерістер әкелері хақ. Өйткені, ендігі арада өнеркәсібі  қуатты дамыған елдер ғана экономикалық саясатты анықтап, өз ойымен өз дегендерін жүзеге асыруға ұмтылады.

Жолдауда инновациялық индустрияландыру саясаты экономиканың флагманына айналуы тиіс деген тапсырма жүктеді. Соның нәтижесінде қаншама өндіріс орындары пайда болды, ол өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтар үшін тұрақты жұмыс көзіне айналды. Мәселен, бір ғана өткен жылдың өзінде индустрияландыру картасы бойынша 12633 жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайызға, ал өнеркәсіп өнімінің өсуі 7 пайыздан  асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 пайыздан асты. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық 4,9 пайызға дейін төмендеді.

Бірінші міндетте «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» делінген.Жаңа технологиялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикалық құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа бергенін көріп жүрміз. Сондықтан, цифрлық технологияны арттырып, жаңа жобаларды өркендету маңызды әрі кешенді міндет. Қазіргі таңда Қызылорда облысы цифрлық технологияларды медицина, құрылыс, білім беру, қызмет көрсету секілді салаларда кеңінен қолдануда.

Мәселен:
-  Автобус паркіндегі GPS трэктер арқылы кез келген қала тұрғыны транспорттың аялдамаға дейінгі қашықтығын анықтай алады;
-  Облыс әкімдігіндегі ситуациялық орталақ арқылы облыс бойынша барлық мәлімет онлайн түрде тіркеліп, мобильді түрде тиісті жұмыстар жасалып отырады;
-  Қорқыт Ата атындағы Қызлорда мемлекеттік университетінің E-univer білім беру порталы арқылы  оқу үдерісі автоматтандырылған;
-  Аймақтың сол жағалауында IT мамандары мен өндіріс орындарының жұмыстарын біріктіру мақсатында IT  квартал салынып, оны осы жылдың екінші жарытысында іске қосу бағытында жұмыс жасалып жатыр.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындаҚызылорда қаласында салынып жатқан шыны зауыты толық іске қосылған кезде соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Әзірге мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда бар. Кәсіпорын құрылысын Қытай еліндегі шыны өндірісінің көшін бастап тұрған «China Triumph International» компаниясы жүргізіп жатыр. Шыны зауыты жұмысын бастағаннан мұнда «Apple», «LG», «Nokia» сындыірі компаниялардың өнімдері- планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке шынылар өндіріледі.  Цифрлық жүйеге көшу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға, адам өмірінің қауіпсіздігін күшейтуге, ең бастысы уақыт үнемдеуге болады.

Президент белгілеген он міндеттің үшінші міндеті агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі жайлы ұсыныстары дер кезінде ұсынылып тұр. «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесібасты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеу мен және оларды  отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет», деуі – қойылған міндеттерді орындау жолы. Әсіресе «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру еліміздің мұнай өндірумен ғана емес, жаңа қырынан бүкіл әлемге тануға жол ашады.

Бұлай деуімізге бірнеше дәлеліміз бар. Өткен ширек ғасыр  ішінде біз бидай өндіруден тамаша табыстарға жеттік. Бірақ барлап қарасақ, біздің бидайымызды сатып алған елдер, одан дайын өнімдер шығарып, халықаралық рынокқа ұсынып, бірнеше есе тиімді жетістіктерге жетуде.Енді бидайды өңдеп, дайын өнімдер сатумен өзіміз айналысуға тиіспіз.

Екінші, бүкіл әлем құлағын тігіп отырғангендік түрлендірген өнімді (ГМО)  өндіру мен тұтынуға қатысты мәселелерді өз пайдамызға шешуге бізде мүмкіндік мол. Суармалы жердің көлемін ұлғайтып, оны 2,5 миллион гектарға жеткізсек, соның әр гектарынан орта есеппен 3 мың долларлық өнім шығарсақ, онда жылына 7,5 миллиард доллар табыс болар еді. Ақшасына қоса бір гектарсуармалы жерге 2 адамнан есептегеннің өзінде 5 миллион ересек ауыл адамына жұмыс табылады.

Бәріміздің өміріміз жол үстінде өтіп жатыр, бәріміз де жолаушымыз. Осы мәселе Жолдаудың  « Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру»  атты төртінші  міндетінде аталып көрсетілген. Қазақстан қазірдің өзінде көліктік ірі аймаққа айналып отыр. Қазір Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды дәліз өтетіні де белгілі. Соның нәтижесі болар, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, ол 17 миллион тоннаға жуықтаса, енді транзиттен түсетін сол жыл сайынғы  табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды.  Осы 5 миллиард долларға қол жеткізсек, көлік-логистика инфрақұрылымына жұмсалған мемлекет қаражатының тез арада қайтарымы болады. Елбасы бұл орайда өз Жолдауында жүк қозғалысын «онлайн» жүйесінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалын қамтамасыз етіп отыруды және кедендік операцияларды  жеңілдету мақсатымен «блокчейн» сияқты цифрлы технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз етуді алға тартады.

Жолдаудың  «Құрылыс пен тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану» атты бесінші міндеті құрылыс саласынада заманауи жаңа әдістер, технологиялар мен материалдарды қолдану арқылы сапаны, экологиялық тазалықты және энергетикалық тиімділікті арттырудың бағытын айқындаған.

2017 жылы облыста 612 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық орындалды. Биыл қаржысы толық шешілген 35 нысанның 33-ін жыл аяғына дейін беруді межелеп отыр. Жолдау тапсырмаларына сәйкес, тұрғын үй құрылысының қарқынын жеделдету үшін құрылыс жұмыстарының жаңа әдістерін белсенді қолданып, инфрақұрылымды жаңғырту үшін мемлекет жекеменшік әріптестігі механизмін белсенді тартып, құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторында өңірлік деңгейде инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға қажетті жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсету қажет.

Экономиканың күретамыры саналатын қаржы секторы «Қаржы секторын қайта жаңғырту» атты алтыншы міндетте Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қор нарығын одан әрі дамытуды тапсырды. Мемлекет  басшысы қаржылық  реттеушіні негізді түрде сынай отырып, банк қоржынын «нашар» кредиттерден босатуды және қаражатты банктерден әкетуді тоқтатуды талап етті. Банк жүйесі экономикалық өсімді ынталандыруы тиіс, осыған байланысты экономика салаларының  рентабельділігін ескеретін нақты мөлшерлеме бойынша бизнесті ұзақ мерзімді кредитпен қамту жөнінде өзекті міндет қойылып отыр.

Жолдаудағы тағы бір кешенді мақсат- адами капиталдың сапасын арттыру. Білім беруді түбегейлі  жақсарту, студенттерге білім емес диплом ғана берудің жолын кесу азаматтық  қоғамның  іргетасы деп нақтылануы біздің оқытушыларымызды ойландыруы тиіс. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламсына орай электронды форматқа көшу білім беру саласына да, медицина мекемелеріне де, мемлекеттік басқаруды да қағазбастылықтан арылтып, өз жұмыстарын әлемдік талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Білім беру жүйесінің барлық деңгейі экономиканың бүгінгі қажеттілігіне сай болуға тиіс. Осыған орай біздің колледжде экономика пәні бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» атты элективті курс жүргізілуде.
Курстың мақсаты:
-  студенттерді кәсіпкерліктің маңыздылығымен таныстыру;
-  олардың өз бизнесін ашуына ынталандыру;
-  кәсіпкерлік мінез-құлықтарды қалыптастыру;
-  кәсіпкерлік идеяларды қалыптастыру;
-  тәуекелділікке үйрету;
-  қаржылық есеп беруге үйрету;
-  уақытты тиімді пайдалану жолдарын және өзіндік шешім қабылдау қабілеттерін дамыту;
-  басшылық қабілеттерін қалыптастыру;

Міндеті:

-  экономика ғылымына деген танымдық қызығушылығын арттыру;
-  студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру;
-  студенттерге жаңаша экономикалық көзқарас қалыптастыру;
-  лидерлік қабілеттерін қалыптастыру;

Жолдаудағы сөз болған маңызды міндеттерді жүзеге асыру Қазақстанның әлемдік аренадағы орынын биіктетіп, айқындап берері даусыз. Демек, Мәңгілік ел қалыптастыру жолында Жолдау жүктеген міндеттерді орындау болашағымызды жарқын етуге негіз болмақ.

Қолданылған әдебиеттер:
1. «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы;
2. «Егемен Қазақстан» 12 қаңтар 2018 жыл;
3. Егемен Қазақстан» 15 қаңтар 2018 жыл;
4. «Егемен Қазақстан»  23,24,25, 28 қаңтар 2018 жыл;
5. «Сыр бойы» 11 қаңтар 2018 жыл


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар