сайыс
ozgetil.kz

Оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу

Семей қаласы «№39 ЖОББМ» КММ
Агибаева Раушан Агзамовна
Бастауыш сынып мұғалімі

Мақсаты: оқушылардың экологиялық көзқарасын, санасын және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану барысында табиғатты қорғай алатын, аялай білетін, адамгершілігі мол, ізгілікті, экологиялық сауатты және мәдениетті ұрпақтың дамуын қамтамасыз етіп, жеке тұлғаның экологиялық сауаттылығын анықтау.

Осы бағытта орындалатын негізгі міндеттер:
1. Жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеудің теориялық негізін қалыптастыру.
2. Оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілік деңгейін анықтау.
3. Оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу бағытындағы эксперименттік жұмыстарды ұйымдастыру.
4. Биология сабағында оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін арттыру жолдарын анықтау.
5. Сыныптан тыс жұмыстарда оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін арттыру жолдарын ұсыну.

Табиғат әлемі адамдардың тіршілік ету ортасы. Ал, адамдар табиғатсыз өмір сүре алмайды. Соңғы кезде жұтатын ауамыз, ішетін суымыз, жейтін тамағымыздың құрамының өзгеруі жайлы жиі айтылып жүр. Өндіріс орындарынан шығатын қалдықтар, улы газдар сүзгіден дұрыс өткізілместен ауаға таралып, нәтижесінде өкпе, жүрек, қатерлі ісік тағы басқа аурулар санының артуына әкеледі.

Қоғамның қазіргі талабы-әрбір адамның экологиялық сауатты, мәдениетті болуы. Осы тұста білім саласының барлық буынына экологиялық мазмұнның өз деңгейінде берілуі қажет. Қажеттілік оқушылардың экологиялық сауатты болу мәселесін шешуді төменнен жоғарыға қарай жүргізілуін және оқу-тәрбие процесі барысында барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен байланысты. Сонда бесіктен бастап, ата-анаға дейін экологиялық тәрбие, мәдениет дағдысын қалыптастыру қажеттілігі туындайды.

Бүгінде жалпы орта білім беретін мектептерге арналып шығарылып жатқан жаңа оқулықтарда экологиялық түсініктер кеңінен берілген. Кез келген пәнді оқытуда, ондағы тақырып материалдарының мәтінінің мазмұнын баяндағанда, түсіндіргенде оған табиғатты қорғау және көркейту шараларын үйретуді көздейтін, табиғат байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын, яғни оқушыға экологиялық білім бере отырып, экологиялық мәдениетін орнықтырудың мүмкіндіктерін арттыратын педагогикалық іс-әрекеттер қажет. Осы қажеттілік қанағаттандырылса ғана тұлғада экологиялық сауаттылықты қалыптастыру үрдісінің алғашқы сатысы жүзеге асырылады. Мектеп қабырғасында жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің мақсаты – экологиялық білім мен білікті қалыптастыру ғана емес, тұлғаның дүниетанымын дамытып жан-жақты экологиялық сауатты, мәдениетті етіп тәрбиелеу.

Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасының адамгершілік аспектісін ашуда, ақыл-ой мен сезімін тәрбиелеуде, сананы қалыптастыруда адамның экологиялық мәдениетті, сауатты болуы тиіс. "Мәдениет экологиясы" терминін ең алғаш рет академик Д.С.Лихачев 1980 жылы ұсынды.

Экологиялық мәдениет - әлеуметтік табиғи түзілім, оның құрылымы бір-бірімен өзара тығыз байланысты бөліктерден тұрады: экологиялық білім, экологиялық мінез-құлық, экологиялық тәрбие, экологиялық сана, экологиялық сенім, экологиялық мәдениет, экологиялық қарым-қатынас, экологиялық іс-әрекет.    

Экологиялық мәдениетті жүзеге асыруда білім беру аспектілерімен қатар оның негізгі дидактикалық ұстанымында білу қажет. Олардың негізіне оқушылардың экологиялық көзқарасын қалыптастыру принциптері жатады.

Ғылымилық принципі- негізінен, оқушыларға білім беруде фактілер, құбылыстар мен процестер, адамның табиғатқа әсері, табиғат қорғау жұмыстары және экологиялық апаттылық жағдайлардың нәтижелері ғылыми тұрғыда дәлелденген материалдар негізінде берілуі және пайдалануы тиіс.

Байланыстылық принципі - негізінен табиғатты тірі және өлі табиғат пен орта (топырақ, ауа, су, өсімдіктер мен жануарлар) арасында тығыз байланыстың бар екенін ұғындыру.

Қызығушылық принципі -оқушылардың бойында еліміздің қайталанбас сұлу табиғатына деген қызығушылық сезімін оятып, туған өлкесін оның табиғи байлықтарын суюге, аялауға тәрбиелеу керек.

Үздіксіздік принципі - оқушылардың білім қорын балабақшадағы сәбилік кезінен бастап, бастауыш сынып, одан жоғары сыныптарға көтерілу деңгейлеріне үйлестіре отырып дамыту қажет.

Интеграциялау принципі- экологиялық білім беруде жаратылыстану пәндері (география, биология, физика, математика) мен гуманитарлық пәндер (әдебиет, тарих, қоғамтану) арқылы оқушыларға берілетін білім негіздерін жеке адам деңгейінен қоғамдық деңгейге көтеру.
Көрнекілік принципі- оқушыларға экологиялық білім беруде оқу процесінде көрнекі құралдар, диафильмдер, киносюжеттер, кеппешөптер, коллекциялар, бейнекөріністер, биоиндикаторлар пайдалану.

Қабылдаушылық принципі - негізінен мұғалімнің экология ғылымының мазмұнын оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жоспарлауы, экологиялық терминдердің түсініктілігін, ұғымдар мен заңдарды қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып  анық әрі түсінікті тілмен беру.
Өлкелік принципі - экологиялық білім беруде тұрмыстық салт-дәстүрлерді, қала немесе ауылдық жерлерде тұру жағдайларын ескеру қажет. Мүмкіндігінше жергілікті, аймақтық мәселелерді көтеру оған оқушылардың араласуын, туған өлкесіне деген патриоттық сезімін ояту керек.
Оқу-тәрбие процесінде оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу педагогика ғылымының басты бағыты. Бүгінгі таңда оқушылардың экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу мемлекеттік деңгейге көтерудің қажеттілігі туындап отыр. Экологиялық білім бере отырып, оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу дегеніміз - адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлесімділігін оны тиімді пайдаланудың жолдарын халыққа ұғындыру.

Табиғатқа деген сүйіспеншілік және оны көзінің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық дана ұғымдар, мақал-мәтелдер, нақыл сөз, аңыз әңгімелер кеңінен таралған. Сондықтан әрбір ұстаз, тәрбиеші оқу-тәрбие процесінде, өзінің күнделікті жұмысында педогогиканың бұл бағыттарына көңіл бөліп, тиімді пайдалана білуі тиіс.

Оқу-тәрбие процесінде оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін тәрбиелеуде қоршаған ортаның әлеуеті зор екенін, оның жеке тұлғаны барлық жағынан дамытуға, денсаулығын нығайтуға, ақыл-ойын, адамгершілігін, еңбек сүйгіштігін, әсемдікті сезінуін жетілдіруге ықпал ететінін жақсы білеміз. Біздер табиғатпен үйлесімдікте өмір сүруіміз керек.Сондықтанда жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу бүгінгі күн талабына сай өзекті мәселе болып отыр.
 

Қолданылған әдебиеттер:
1. Балтабаева А. Экологиялық білім мен тәрбиенің тиімді жолдары // Қазақстан мектебі, 2006. – №3. – 3-8 б.
2. Сарыбеков Н.С. Жалпы білім беретін орта мектепте оқушыларды табиғат қорғауға тәрбиелеудің педагогикалық негіздері.  – Алма-Ата, 1993. - 230 б.
3. Беркімбаев К. Экологиялық білім берудің негізі //Қазақстан мектебі, 2006. – №7. -53-55 б



Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)