Өлең, жыр, ақындар

"Ана-өмір мәңгілік!" аналар мейрамы ертеңгілігінің сценарийі.

Ақтөбе облысы,Шалқар қаласы, «Балдырған» бөбекжай балабақша тәрбиешісі Әбдіғалиева Ғ.М.

               

                   «Ана-өмір мәңгілік!» ертеңгіліктің сценарийі.

 

8-Наурыз мерекелік ертеңгілік өткізіледі, әсем безендірілген залға

 балалар қол ұстасып кіреді.

Жүргізуші:

Армысыздар құрметті қонақтар, аналар, әжелер, сүйкімді қыздар, көктемнің алғашқы мерекесі 8-Наурыз мейрамдарыңыз құтты болсын! Сіздерге арналған бүгінгі «Ана -өмір мәңгілік!» атты ертеңгілікті бастауға рұқсат етіңіздер!

 

Армысың, әжелерім, аналарым,

Мейірбан аппақ көңіл даналарым.

Гүл көктемнің алғашқы мейрамымен,

Құттықтайды сіздерді балаларың.

Ақерке:

Әлпештеген, аялаған.

Ақ сүт берген анатайым.

Тақпақ айтып бүгін саған,

Мейрамыңмен құттықтаймын

Жангүл:

Ана-өмір жарығы,

Ана-өмір бұлағы.

Бесігімнің жыр әні.

Жүрегімде тұрады!

Мерей:

Ана-біздің күніміз,

Ананың біз гүліміз.

Балаларды қуантып,

Ұзақ өмір сүріңіз!

Айбол:

Сенен өскен балалар,

Сенен өскен даналар.

Құттықтаймыз, мейраммен,

Құрметті аналар!

 

Ән: «8-наурыз күні»

 

Сегізінші наурызда

Мейрамдайды мамалар.

Мамалардың шаттығын

Құттықтайды балалар.

 

Үлкен-кіші әркімде,

Әже де бар, мама бар...

Мамаларды әр күнде

Қуантса екен балалар.

 

Көрініс: «Анама сыйлық»

 

Аңсаған: - Балалар, бүгін аналардың мерекесі ғой! Анамызға не сыйлаймыз?

Ақерке: -  Анамызың ең жақсы көретін затын сыйлайық.

Рамазан: - Ал, ол не зат екен?

Аңсаған: - Расында да, аналарымызға не ұнайды екен? Кімнен ақыл сұраймыз?

                    (осы кезде  сахнаға әтеш келеді)

Ақерке: - Әтеш, әтеш бүгін аналарымыздың мерекесі еді.

                  Оларға  қандай сыйлық  жасасақ болады?

Әтеш: - Ол үшін аналарыңның нені жақсы көретінін білу керек.

               Мысалы мен дән шоқығанды жақсы көремін. Сендердің аналарыңа не

               ұнайтынын білмедім, меніңше дәнді бәрі жақсы көреетін шығар –

               деп әтеш кетіп қалады. ( сахнаға ентігіп қоян келеді)

Рамазан: - Ақ қоян, ақ қоян, неге сонша жүгіріп келдің? Қайда

                асығып барасың?

Ақ қоян: -  Мені қасқыр қуып келе жатыр. Әрең құтылдым-ау әйтеуір.

                Сендер кімсіңдер, мен осы қайда келдім?

Аңсаған: Бұл біздің балабақшамыз, аналарымыздың мерекесіне қандай сыйлық

                сыйларымызды білмей тұрмыз. Бізге ақыл айтшы.

Ақ қоян: - Мысалы мен сәбізді жақсы көремін, ал сендердің

                аналарыңның нені жақсы

               көретінін мен білмедім балалар. (осы кезде тықырлаған дыбыс естіледі)

Ақ қоян: - (қорқып) қасқыр келіп қалған сияқты, мен қаштым.

               Сау болыңдар балалар. (сахнаға көңілсіз Аруана келеді)

Ақерке: - Сіз кім боласыз? Неге жылап жүрсіз?

Аруана: - Мен Аруанамын, ботамнан адасып қалдым, енді оны қайдан

                табарымды білмей жүрмін.

Аңсаған: - Кешіріңіз, біздің бір сұрағымыз бар. Сіз де ана екенсіз.

                Сіз үшін ең қымбат сыйлық  не екенін айтасыз ба?

                (осы кезде үнтаспадан ботаның даусы естіледі)

Аруана: - Мынау менің ботақанымның даусы ғой,

                 қазір жетемін, ботақаным! Балалар аналарыңа сендерден артық

                 сыйлық жоқ. Сендер аналарыңды әрдайым қуантып,

                 тәртіпті, ақылды болып өсіңдер. Ал, енді сау болыңдар!

Аңсаған: - Балалар олай болса аналарымызға құрметімізді өнерімізбен,

                 әнімізбен, тақпағымызбен білдірейік!

 

Жүргізуші:

-Жарайсыңдар, балалар, ендеше бар өнерлеріңді паш етіп, аналарыңды, әжелеріңді бір қуантыңдар.

Ана деген өмірдегі ұлы есім,

Бақ тілесе анадай-ақ тілесін.

Ана деген ардақты ат, сен оны,

Ана жайлы ән тыңдасаң білесің.

 

Ән: «Анашым»

 

Айналайын анашым,

Әлемдегі жаны асыл

Болса маған не керек,

Бәрін іздеп табасың.

 

Айналайын анашым,

Асқар таудай панасың.

Күн көзіндей күлімдеп,

Құшағыңа аласың.

 

Досымжан:

Жылылықтан жаралған,

Құшағы оның таң мекен.

Менің айдай анамнан,

Асқан сұлу бар ма екен?!

 

Ақгүл:

Жердегі бар тағамнан,

Ана сүті нәрлі екен.

Бұл жалғанда анамнан,

Асқан сұлу бар ма екен!

 

Ақниет:

Аналарды сүйеміз,

Сөзін ойға түйеміз.

Әжені де ардақтап,

Әдеппен бас иеміз!

 

Бексұлтан:

Жанымызды жайнатқан,

Сіздерсіз ғой аналар.

Зор денсаулық, мол бақыт,

Тілейміз, біз – балалар!

 

Факизат:

Айқабақты анашым,

Күн сәулелі анашым.

Әлпештеген баласын.

Айналайын анашым!

 

Би: «Өзбек» (Ақеркенің орындауында)

 

Жүргізуші: Бүгінгі мереке күні ақ жаулықты әжелерімізді де мерекелерімен құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Келесі құттықтауларымыз сіздерге арналады құрметті әжелер.

 

Ән: «Әжем менің тамаша»

 

Әже деген көп шығар,

Әжедейі жоқ шығар.

Мейірімді бұл кісі,

Қандай әсем күлкісі.

 

«Айналайын» дегені,

Жанға рахат береді.

Көңіліңді табады,

Әнді қалай салады.

 

Жансая:

Шай қайнатып келейін,

Шекер салып, жан әжем.

Өзім құйып берейін,

Балдай тәтті, бал әжем.

Самғат:

Ақ әжемді арқашан,

Сыйлап жақсы көремін.

Қуантайын деп оны,

Өлең айтып беремін.

Ақ мерей:

Өзің мені өсірген,

Айналайын, ақ әжем.

Тентек болсам кешірген.

Ауырмашы, ай әжем.

Мадияр:

Әже деген көп шығар,

Әжемдей менің жоқ шығар.

Мейірімді ол кісі,

Қандай ғажап күлкісі.

София:

Менің әжем әлі де,

Ұқсамайды кәріге.

Шәй қайнатып береді,

Біздің үйдің бәріне.

 

«Ғажайып сәт»

Есік қағылып, ішке музыка ырғағымен көк көйлек киген Көктем аруы келеді.

Құшағында бір құшақ гүлі бар.

Ару Көктем:

Мен көңілді көктеммін,

Былтыр келіп кеткенмін.

Көзін ашып бұлақтың,

Түбіне тал еккенмін.

Гүл боп қырда егілем,

Дән боп жерге себілем.

Жаңбыр боп жауам да,

Нұр боп көктен төгілем.

Шуағын төгіп әлемге

Жылуын күннің әкелем.

Табиғаттың төсіне,

Тіршілігін әперем.

Жүргізуші: Амансың ба? Ару Көктем! Ұлан байтақ елімізге Қош келіпсің! Шуағыңмен шаттандырып, нұрыңды мол төге бер.

Ару көктем: - «Мынау менің құшағым толы қыр гүлін, гүлдей жайнаған қыздарға сыйлағым келіп отыр»- деп гүлді таратады. Осы гүлдей құлпыра беріңдер! Аяулы аналар, әжелер мерекелеріңіз құтты болсын!

Жүргізуші: - Ал, ару Көктем, біздің балаларымыздың мерекелік ертеңгілігін тамашалаңыз  Би: «Көктем»

Аңсаған:

Жеңге, мама, тәтені,

Қарындас пен әпкені.

Құттықтаймыз мейраммен,

Ақылшы дана әжені!

Елдар:

Анашым, анам.

Ризамын саған.

Тіліңді алам.

Ақылды болам.

Елсүйер:

Құшағына кіргенде,

Жылынамын бір демде.

Не жетеді көзіңе,

Мейірімді күннен де.

Рамазан:

Үн қатасың бал тілмен,

Еркелеймін әр күн мен.

Құттықтаймын, анашым,

Сегізінші мартыңмен!

Нұржігіт:

Бәрімізге анасың.

Біз үшін күн боп жанасың.

Құтты болсын мейрамың,

Құттықтаймын анашым!

Жүргізуші:

Ана, әже, қыздарға да арналған

Өнеріміз біздің бүгін сан алуан

Ұлдарымыз сіздерді құттықтайды,

Шын жүректен өздеріңе ән жолдайды.

 

Ән: «Аналар алтын»

Айналдым ана деген асқақ аттан

Ұлыңмын атқа мініп, көкбар шапқан.

Бүгінгі бұл мереке сіздердікі

Мейрамың құтты болсын болып жатқан.

 

Сенің анаң алтын,

Менің анам алтын.

Аналарды құттықтап,

Қол соғыңдар жалпың.

 

Би: «Күнбағыс»

 

Жүргізуші:

Әлпештеген баласын,

Ана-бақыт, ана-күн.

Әркім сүйіп өзінің,

Мақтан етер анасын.

 

Ойын: «Өз балаңды таны»

 

Хормен:

Ана-біздің күніміз,

Ананың біз гүліміз.

Балаларды қуантып,

Ұзақ өмір сүріңіз!

Балалардың аналарына дайындаған сыйлығын тарату.

 

Жүргізуші:

Ана деген- бәйтерегі өмірдің,

Ана деген- қуанышы көңілдің.

Ана деген- әрбір үйдің жылуы,

Ана деген- гүлі туған өңірдің


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз