Өлең, жыр, ақындар

Өсиет

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3851
Шуағына жылынып,
Самалына салқындар,
Қошақаным, құлыным,
Қазақ деген халқың бар.
Жері айналып татырға,
Жанудайын жанған ол.
Батыр десең батыр да,
Аңғал десең аңғал ол.
Өскен халық далада,
Өзі сондай ала қол.
Дана десең дана да,
Бала десең бала ол.
Жатқызбайды сұрап та,
Берудейін береді.
Өсек сөзге бірақ та
Ерудейін ереді.
Келсек дейді бірлікке
Шымбайына батқан шақ.
Қарапайым тірлікте
Кейде бірақ мақтаншақ.
Сірә, бабаң дәулеттің
Азабынан қашқан-ау.
Ішінде көп әулеттің
Осы қазақ шашпалау.
Сатпауын ол сатпайды
Ағаңды һәм ініңді.
Ойлап және жатпайды
Ертең түгіл бүгінді.
Азаттықты ұнатқан
Азапты көп шеккеннен.
Бас тартса да жұмақтан,
Бас тартпайды шекпеннен.
Төзімі оның темірдей,
Тасыр жүктің ауырын.
Бір семірсе,
Зебрдей
Сипатпайды сауырын.
Ал аңқылдақ ағаңыз,
Ұрсып тұрып өзіңе
Мәз болады
Бір ауыз
Тауып айтқан сөзіңе.
Қалмайды сол нарлығы,
Айналса да қасыңа.
Өлген күні
Барлығы
Жиналады басыңа.
Суарып кең жазығын,
Тасқынына бол бөгет.
Мендей сүю аз, ұлым,
Мендей оған еңбек ет!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Не қиындық кездессе де жолыңда

  • 0
  • 0

Не қиындық кездессе де жолыңда
Бәрі, бәрі ұлы өмірдің қолында.
Он арудың бірі сені сүйеді,
Ең сұлуы емес бірақ оның да!

Толық

Аурудың аты

  • 0
  • 0

Береке кетіріп,
Ауырдым өтірік.
Апам да,
Атам да,

Толық

Шараптың шөпілдеткен шелегін

  • 0
  • 0

Шараптың шөпілдеткен шелегін
Жақсылыққа о бастан-ақ бөлемін.
Сүрінгенді қолтығынан сәл демеп,
Құлағанды тұрғызып-ақ келемін.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар