Өлең, жыр, ақындар

Жылама мен өлді деп

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1165
Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым.
Жылама мен өлді деп,
Жаутаңдаған бөбегім.
Түнде сені әлдилеп,
Күнге сені бөледім.
Жылама мен өлді деп,
Жан туысым, егілме,
Күркіресін селді кек
Африканың кегінде!
Күңіренген Конгоның
Кеудесінде жанайын.
Африканың кең көгін
Жұлдыз болып жарайын!
Көкірегім кеңісін,
Кек дабылын қағайын.
Құлдық қысқан ел үшін
Құрбандыққа барайын.
Мейлі, мені өлтірсе,
Мұңайма сен, туысым.
Серпілші тек ерлікше,
Батыс бұлты қуылсын.
Жүрегімді жұрт сүйер,
Мейлі өлтірсе жендетім,
Сорлы Конго серпілер,
Тебірентіп жер бетін!
Мейлі өлтірсе, артымда
Атса таңым жарқырап.
Қайғы басқан халқыма,
Жанса бақыт — шамшырақ.
Өлсем мейлі дауылда,
Даусым қалсын бауырға.
Басқыншыға бағынба,
Конго ұлы, дабылда!
Өлсем мейлі дауылда,
Ұраным қалсын жауыма!
Сертім қалсын жаныңда,
Конго ұлы, жалында!
Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Партбилет

  • 0
  • 0

Ол келеді
Аттап алға,
Аттап алға,
Барады ол.

Толық

Бір қарындасқа

  • 0
  • 0

Жасырғандай құпия сыр ұясын,
Үнсіз ғана жаутаңдап жымиясың.
Бүккен сырдай ұрланып күндер өтер,
Бұл шағыңда несіне бұйығасың?

Толық

Монтесса

  • 0
  • 0

Түнерген аспандағы бұлт кетсе,
Күлімдеп сұлу қыздай күн жарқ етсе,
Жайраңдап жұрт шығады Хенилде үйден,
Табиғат мұңлы жанға нұрын төксе.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар