Өлең, жыр, ақындар

Қызкеткен

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1050
(Амудария аңызы)

Қарт адам келген бірге кемедегі
Толқындай ойын жылдам жебеледі:
— «Қызкеткен» мынау мүйіс, айтсам сырын,
Жырларың аңызына бөленеді.
Болыпты қарақалпақ қариясы.
Бар екен жалғыз қызы — ару жасы.
Күн кешкен құла дүзде киік аулап,
Қуарған қуаң шалып кәрі басы.
Талай жыл шөлдің көзін қазып жүріп,
Тауыпты жапан дүзден жалғыз құдық.
Сол еді жан сусыны шал мен қыздың.
Өзегін өртегенде жалын буып.
Бір күні шал басына туды бүлік,
Бұрқырап бұлан-талан құм құтырып,
Лашығын, құт құдығын дауыл алып,
Кетіпті шал байғұсты құйын ұрып.
Қоламта қуқыл шөлдің құм жарында
Қаталап жалын жұтып сол қария,
Тұтығып шаймағанда қақпыш тілін,
Сағымнан сәуле берген сел-дария.
«Уа, қызым, талып барам, қаным кепті,
Бір жұтым суды тауып әкел!» — депті.
Қаңбақтай дедек қағып қыз бөбегі,
Жапанды жанталаса кезіп кетті.
Қақталып қыздың жүзі күнге күйіп,
Тұтылды май табаны құмға тиіп.
Талай күн талса-дағы қыз өзегі,
Өзенге жеткізіпті құм иіріп.
Тік жардан талаурап қыз тақиялы,
Толқыннан су алам деп талпынады.
Асау ғой Амудария әлек сүйгіш,
Ашуын айғай-сүрен шақырады.
Жалына жармасқанда қыздың қолы,
Ұстатпай жөнеледі ызғып долы.
Опыра алып қашты жағаны сол,
Бүктеліп кетті суға қыз білегі.
Жойқынның жалдарына қыз оралып,
Ышқынды толқынында жүз бұралып.
Басынан тақиясы ұшқан шақта,
Шығыпты соңғы даусы қыздың анық:
«Есен бол, қайран әкем, асыл далам,
Түбінде көк дүлейдің есіп барам.
Дариға, дарияны дамылдатып,
Күн болса әкем менің сусындаған?!»
Соны естіп құмды дала бұрқап тасып,
Толтырған тасқа қыздың тақиясын,
Құм мен жас тақияда тау боп қатып,
Түнерткен дарияның тақыр басын.
«Қызкеткен» сонау жаға тұр бұлдырап.
Талай қыз жасын төккен бұрын жылап.
Томсарып «Тақия-Тас» тұрған талай,
Әлемге аты кетті бүгін бірақ.
Қайғылы, қызығы жоқ, тарих — аңыз,
Болса да бұрын сондай тар ұямыз,
Көр, міне жарқырады «Тақия-Тас»,
Жапанға жайды нұрын дариямыз...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шың түлегі

  • 0
  • 0

Тау басында ақ шыңнан
Қараңдайды көк шынар.
Бұндай, сірә, қақшиған
Тәкаппар тал жоқ шығар.

Толық

Колхоз – елім

  • 0
  • 0

Тағы да ауылыма келдім аңсап,
Көріп дала қызығын көңілім шат.
Қойғандай өзім бояп сары алтынға,
Келемін алшаң басып далада ән сап.

Толық

Бұл тауда...

  • 0
  • 0

Бұл тауда тұлпар-ата жылқы баққан,
Жылқысын Ерейменнің жұрт ұнатқан.
Тұқыртып ақ борандай асауларын,
Жапанға жел жүйрігін зымыратқан.

Толық

Қарап көріңіз