Өлең, жыр, ақындар

Маңырақ марқасқасы

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1024
(Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданы, «Освобождение» колхозының атақты шопаны Сейітқамза Мәзбаевқа арналды).

I
Аққан бір жыр екен деп тау бұлағын,
Тағы да өлеңдетіп жаңғырамын.
Келгенде Асан ата маңайыңа,
Сен неге мұнарлы тау, маңырадың?
Арыған Асан сонда аңырап кеп,
Атыңды қойған екен Маңырақ деп.
Кеткенде ата сорлы іздерінен,
Өріпті қой толқындай жамырап кеп.
Қозыдай қойтастары қозғалыпты,
Қай жаққа қалың отар қоздап ықты?
Асан жоқ, артынан ел аңырғанда,
Соңынан сорлы шалдың сөз қалыпты.
Солай бір аңыздатып айтқан заман,
Түнеріп талай әке қайғы-ызадан.
Әлде сол аңыз шіркін болды ма шын,
Естиік енді шопан Сейітқамзадан.

II
Отырмыз ой жүгіртіп Маңыраққа,
Қойлар жүр қаздай сыңсып бауыр жақта,
Секірген атан тастан серкелердің
Ұқсайды мүйіздері шаңыраққа.
Қасымда аты жұртқа мәлім адам,
Мақтайды қойлы таудың маңын маған.
Түстейді қошқар түктес тоқтыларын,
Май басып жамбастарын мамырлаған.
Қой үшін біткендей бір құт жеріне,
Мақтайды қойларының түктерін де.
Қарайды костюміме әлде соны
Қойының түктерінен тіккені ме?
Несіне қарап маған тесілесің?
Шопан дос, сыр білмесең кешіресің.
Көгеннен ағыт сырды, мен жаяйын,
Баққан сен елдің мынау несібесін.

III
Есінде сонау жылғы сұп-сұр көктем,
Әке жоқ, сұрапылға сүңгіп кеткен...
Шешесі қой қайырса, қалтырайды,
Соңында қозы бала, суық өткен.
Болса да майдан алыс Маңырақтан,
Сұм соғыс талай үйді қаңыратқан.
Шайқасқа шопан кетіп, қойшы шеше,
Қозыдай жетімегін маңыратқан.
Жас бала ерте батып ойға, мұңға,
Жүр еді шешесімен қой маңында...
Көктемгі селебеде жалғыз қозы,
Қалыпты Маңырақтың қойнауында.
Бала жоқ, ана сорлы аңдамапты,
Қай жақта қалдырды сол қолғанатты?
Үйіріп қорасына қойды тастап,
Қайтадан кезіп кетті сол алапты.
Сел жаңбыр, қозғалатын зорға адам,
Қойнауда қозы жатып қорғалаған.
Құшақтап алды соны аяды да,
Сол бала, мойнынан су сорғалаған.
Бүкеңдеп келе жатыр колхозына,
Өзіндей дірілдеген сол қозы да.
Шешесі көріп оны қуанғаннан
Шамасы келмей қалды қол созуға.
Баласы, — мынау жетім қозы,— дейді,
Аядым жаутаңдаған көзін, — дейді.
Жабысты, құшақтап ем-бауырыма,
Бағайын бұл қозыны өзім, — дейді.
Мүсіркеп баласының сөзін ана,
Қарады ұлына да, қозыға да,
Екеуі бірдей екен, қайтып бағар,
Өзі де Сейтешімнің қозы — бала.
Сол бала болмай бірақ енші алыпты,
Төлдерге жаңа туған ен салыпты.
Атанып Сейіт Сақпан колхозында,
Қойы мен қозыларын тең бағыпты.
Қозымен өзі бірге ер жетіпті,
Қойларын құзға талай өрлетіпті.
Депті оны:
— Маңырақтың марқасқасы,—
Тауға емес, қой осындай ерге бітті.

IV
Толы ғой, таңғажайып сыр өмірде,
Сол қойшы отыр енді Кремльде.
Съезге жиырма үшінші делегат ол,
Сыйы көп сақтап келген жүрегінде.
Ой толқып тұла бойға тыным бермей,
Отыр ма сөйлесуге тілі келмей?
Қарайды жиналғанға жаны шалқып,
Әкесі бүгін қайта тірілгендей.
Керемет кеудесінде ой тулады,
Қойшының құлпырмасын қайтып жаны?
Ағысы келешектің айтылғанда,
Сөйленді қойшы жайы, қой туралы.
Партия барлап елдің нелер күшін,
Көрсетті дүниенің келер ісін.
Қиялдап сол жиыннан шолды шопан,
Өзінің қой мыңғырған кең өрісін.
Қазір ол сол өрісте, Маңырақта,
Қойлар жүр қаздай сыңсып бауыр жақта.
Отыр ол шалқып тауда бағыбандай,
Миуасын бөлегендей тау-бұлаққа...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есілге

  • 0
  • 0

Көкше мұзды суық сұр
Құрсап қатқан Есілге,
Мұңмен қарап сұлу тұр,
Кім түсті екен есіне?

Толық

Теңіз және халық

  • 0
  • 0

Көк телегей кең айдында,
Көк бұлтындай шұбай өрген,
Тасып толқын, тынбай мұнда
Өз бетінше шу.көтерген.

Толық

Механик Мақмет

  • 0
  • 0

Түгінен дән төгілген Маралдыға,
Дүбірлеп мотор күйі таралды да,
Оятты қозғап күллі машинаны,
Оятты күллімізді таң алдында.

Толық

Қарап көріңіз