Өлең, жыр, ақындар

Тартыста

  • 22.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1252
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,
Абай

Бұлттардың шашағына қызыл тағып,
Жердегі нұр сәулесін жиып алып,
Жаз күні жалын шоқ боп жанған күйі
Қойнына көкжиектің кірді барып.
Баяғы жалқы терек өңі кіріп,
Жайыпты жапырағын төгілдіріп.
Сейілтіп әлгі күннің ыстық табын,
Желпіді қырдың самал желі тұрып.
Кеңсенің бұл бір сәтте жартысы ашылған
Ыбырай кіре берді қақпасынан.
Ішкі үйдің есіктерін еппен жауып,
Бір-екеу өте шықты тап қасынан.
«Қазақтар! деді ойлап, ол ішінен, −
Япыр-ау, қайда көрдім соңғысын мен?!
Алдыңғы қаптал киген қаба сақал,
Қарады неге сонша зор пішінмен?!»
Деген бір ойға алаңдап, қақты есікті,
Іштегі рұқсат сөз сәт кешікті.
Бір кезде көзілдірік киген адам –
Кіруін сырттағының күтпей шықты.
Көзге көз ұшырасқан мезетінде
Үнсіз қап, кейін тиді кезек тілге.
− Сіз кімге? Маған болса, ал кіріңіз.
Әзірмін келген қонақ қызметіне! –
Деді де алып кірді үйге жылдам,
Нұсқады орындыққа төрде тұрған.
Жайнаған жіті көзін қадап алып:
«Яковлев, Алексеич! - деді, - Иван!»
Күтпеді мұның жеңін айту шағын:
«Сенемін, сіз, боларсыз Алтынсарин!»
Тым жақсы танысқанға құштар едім! –
Деді де, үйдің лез жақты шамын.
Кісі екен еркін кірген елу жасқа,
Боз қырау мол кетіпті еніп шашқа.
Еңселі еңгезердей денесіне
Қайраттың сыятындай селі тасса.
Теңселе үй ішінде басып аяқ,
Ырқына кәріліктің бас ұрмай-ақ,
Қимылы ширақ жатыр, шымырланып,
Өнермен өрген пысық қамшыдай-ақ.
Талайды тақиядай аспанға атып,
Бүркіттей бүйіріне қос қол батып,
Тірлікте жауы көп боп, жеңіп ылғи
Үйренген қалпы бар ма жастан қатып?
Еркелік, еркіндік бар мінезінде,
Сақталған сыртқа шықпай сыры өзінде,
Шалқалап сөйлейді екен, шамырқанып
Құйғандай құдіретті бір сөзіне:
− Естідім азамат, - деп, білім алған,
Жақсы ғой кеудесінде нұры бар жан!
Ал, бірақ көпке жарық беру қиын,
Шығарып алып жүрсіз мұны қайдан?
Көніліне көз беруге кіл наданның,
Білімі аздық етер бір адамның.
Күші де, жігері де кетер құм боп,
Бар ма еді жалғыз көпке шыдаған күн?
Ықтияр жоғарыдан алдың делік,
Болады нендей медеу жалғыз ерік?
Жүзеге аспас іске жүз рұқсат
Көруге болады ғой алып беріп!
Адамның шығатындай кетіп есі,
Әнтектеу екен, бала, ісің ерсі!
Аяймын жас екенсің мендей емес,
Өмірден таусылмаған несібесі.
Ол рас, қолың жеткен аз білімге,
Ақылым: өмірдің бұл жаз күнінде
Оқып қал одан әрі, ғылымды қу,
Жайнаған гүл екенсің, тез бүлінбе!
Балам бар дәл өзіндей, әкеңмін мен,
Көп жайды бала білмес әке білген.
Таста бұл машақатты, жөн болмайды
Өзіңе өзің қамыт әкеп ілген! –
Деді шал, қарсы қарап түйіп сөзін: −
Тыңдадым сөзіңізді жиып төзім.
Бала - деп сүйкімді леп білдірдіңіз,
Шақырмас қай балапан биікке өзін?
Деп ылғи «талап биік, талап қыя!»
Болдық қой ұшырмауға қанат қыя.
Оң істің обалына қалушы көп,
Онсыз да атар таң аз талаптыға.
Білемін сөзіңіздің жан ашырын,
Жөні бар бірақ бұған таласудың.
Жалғыздық жазығымды кімнен көрем,
Осынау сорлы халық баласымын!
«Білім қу, ұзап оқы!» дейсіз маған,
Әкемдей Орынборда болған адам,
Бұл сөзді Григорьев көп айтқан-ды,
Мектепті мен шығарда етіп тамам.
Кісі еді ол көкірегі нұрға біткен,
Айнымай, майда мінез бір қалыппен,
Сіңірді маған білім, еңбек талай,
Бір әке сондай болар ұлдан күткен.
Дайындап, французша тіл үйретіп,
«Бұл тілде бар қасиет, білім жетік, −
Деуші еді - Петербург өзіме бар,
Аласың ақыл-сана, буын бекіп!»
Алмадым тілін соның, тыңдамадым,
Қасіретті, күні қараң бұл даланың,
Кетпеді көкейімнен жатсам-тұрсам
Тұншыққан даусы менен мұңы қалың.
Маңдайым талай тасқа соғыларын,
Талайдың кезеп тұрған оғы барып,
Біреудің етек басып, еңсеңді езіп,
Біреудің мазақ етіп, қор қыларын,
Ал бірі әзір тұрып қас қылуға,
Қол салып, арасына тасты ұруға,
Қашанда үлкен іске қырын келіп,
Сонымен абройын асыруға,
Жандары құмар кісі көп боларын,
Білгенмін, біле тұра отқа жаным
Ұмтылса, амалым не, мақсатымнан
Таятын көңілімде жоқ хабарым!
Жас дейсіз, жас қайратым соған керек,
Қасымда жәрдемшім жоқ содан бөлек.
Білесіз, жасқа ғана тән қасиет,
Қиынды қайтсем жеңіп шығам демек.
Құруға от басында пайғамбарлық
Қазаққа еткен жоқ-ты алла жарлық.
Іздесем осы дерттің бір зәруін
Жүрсем де ойға қаңғып, қырға қаңғып.
Қолымнан аямасам келгенімді,
Бір тамшы сіңіре алсам еңбегімді,
Жарыққа жалғыз қадам жақындатсам,
Өкініш етерім жоқ өлгенімді!
Бұл сырым, өмірім де осы менің!
Аялап арман етіп өсіргенім.
Кешіңіз, көңіліме дақ салдыңыз,
Мен сізден қайрат-көмек тосып едім!»
Қамыға күлімсіреп қалды тоқтап,
Орнынан түрегелді шал да сол шақ: −
Түсіндім, Алтынсарин, ыңғайыңды
Көңілге кей сөзіңмен кеттің ой сап.
Бала деп сенбеп едім о басында,
Мен шалды бір келтірдің тобасына.
Ол рас, кеңсеге де қызметке
Бір қазақ хат білетін жоқ осында.
Бізге де жұмыс істеу қиын бұлай,
Бар мұндай өкіметке тиімді жай.
Қарсылық көрсетпейін, келмес бірақ
Реті елден соған тиын жимай.
Әуелі сөйлескен жөн байларымен,
Мың-мыңдап мал шұбыртып айдап жүрген.
Баласын бермесе де, ақша берсін,
Әкімдік тарапынан айтамын мен.
Ашуға тие берме, бала сұрап,
Әркімнің ықтиярын қара сынап!
Дүрлігіп кетсе бәле сол болғаны,
Онсыз да отырған ел азар шыдап.
Сәл ғана наразылық ел атынан,
Жаман оқ өкіметке деп атылған.
Бұл істің қауып жағы ескеріліп,
Бұйрықта маған келген кең айтылған!
Жаңа бір бай кеп кетті Сапақ деген,
Көп арыз, сен туралы шатақпенен.
Мұсылман дінінің бір басшысы бар
Дәл осы мәселені атап келген.
Жүрме сен ренжітіп, шамға тиіп,
Әр ісің жатсын біздің заңға сиып.
Патшаға арқа сүйеп сөйлегеннің
Бәрін де тегіс қабыл ал, бас иіп? –
Деді де қош айтысып, қол ұсынды.
«Тілеймін, тез тамамдап бол ісіңді!
Кезінде керек болсаң шақырармын.
Берерсің біздің іске қол ұшыңды!»
...Бір жеңіс еміс үміт, міндет, қарыз,
Үлгіріп үстен түскен түйдек арыз.
Алуан ой, қилы қиял ауқымында
Ол қайтып келе жатты үйге жалғыз...
* * *
− Сұмдық-ау, естімеген бұл не ғажап?
Жолықты нендей қырсық күнге қазақ?
Торғайға қыпшақ бала кеше келген,
Етпекші бүгін енді кімді мазақ?
− Не бопты, айтсаңдаршы жөндеріңді?!
− Байғұс-ау айтып өлтір өлгенімді!
− Өлетін ештеме жоқ, өрекпіме!
− Әдірә қал, сен қу бастың нең кемиді!
− Баланың бірін қоймай жинамақшы!
− Не істемек?
− Шошқа етімен сыйламақшы!
− Шіркеуге жиып алып шоқындырып,
Жандарын жас қыршынның қинамақшы!
− Деседі әке-шеше былай қалмақ!
− Көріп ем жалғыз ұлды жылап-зарлап!
− Ұл-қызын, бәрі бір деп жинайды екен!
− О, сорым, қойды дей бер құдай қарғап!
− Көз ашам, оқытам деп алдайды екен,
− Жалынып, жасын төгіп, зарлайды екен.
− Деседі өзінің бір сыйқыры бар,
Сөзіне ермеген жан қалмайды екен!
− Аулына барған екен Бірімжанның,
Қалдырмай жазып апты бірін жанның.
− Қара аруақ қартайғанда жын болды ма,
Пәлеге туды десей ұрынған күн!
− Ол ауыл бала берсе, кім қалады?
Қызды алсын бермейік біз ұл баланы!
− Қызымның садағасы кетсін балаң,
Болады боқ мұрының кімге дәрі?
− Баласы жоқтан ақша сұрайды екен!
− Қарызға мал сатқанша шыдай ма екен!
Бермесе екеуінде не істемекші,
Кім екен өзі сонша, құдай ма екен!
− Шалайық құдай болса құрбандықты!
− Тәйт әрі, текке мазақ қылма жұртты!
Ет андып ел қыдырған саған жақсы,
Тал түсте саған еріп кім мал жықты?!
− Оқуы молдалардан бөлек шығар?
− Қазаққа олда, бәлкім, керек шығар?
− Адамның басын оңай айналдырар,
Орыстың оқуының бәлесі бар!
− Түбіне ол оқудың жан жеткен бе!
Кіргенше таусылмайды көрге пенде.
− Бұл өзі поптарыңнан асса керек,
Шіркеуге кіріп алып әндеткенде!
− Көрші ғой Абдей орыс. Сол көріпті,
Бүкіл поп риза болып, қол беріпті.
Інжілді саулатқанда, даусы қандай,
Шіркеудің қабырғасы күңіреніпті!
− Ойбай-ау, айтамын деп тырс ұмыттым,
Хабарын тағы естідім бір сұмдықтың.
Сандығы үйде толған крес - дейді,
Баласы керіп қапты Ұмсындықтың.
...Қаулады осылайша өсек өрті,
Жалғасып бір-біріне өсе берді.
Бір ауыл бүгін естіп жаға ұстаса,
Алдыңғы бір ауылға кеше келді.
Айтылып діндар жанның дұғалары,
Ауыздан құдай түспей бұдан әрі,
Қос тілді өсек мыстан тарп-тұрп басып,
Әр үйдің есігінен сығалады.
Баласын кеше берем деген «батыр»,
Тәубаға бүгін шапшаң келіп жатыр.
Молданың ауызында, құранында
Бір қадам жақын қалды «заманақыр».
Сылпылдап еріндердің ептілері,
Мән беріп, мәніс қуып кетті ілгері.
Сәлемді жөнелтіпті хазірет те:
«Азғынға бұрылмасын көп тілеуі!
Қазаққа өзге оқудың керегі жоқ,
Құдайдан бөтен елдің сенері жоқ.
Дұғасын айырмасын қариялар,
Алланың ақ тілесе берері кеп!»
Бұйырып әлдекімді жазалы оққа,
Күңірентіп жаназаны қаза жоқта,
Көбігі көпіршіген өсек қайнап,
Қырсықтың қайта түсті қазаны отқа.
Біз өзі жүз пәлеге себеп болған,
Сапақ бай қалай тендік бермек қолдан!
Жауығып, жаны өшігіп жақсылыққа
Қашанда дау-жанжалды ермек қылған,
Ол қазір жиып алып кіл есерді,
«Сынайтын жер келді, - деп, - міне сені!»
Қолына төбелестің туын беріп,
«Тірсегің қиылғанша, тірес енді!»
Деп салып, бір сұмдыққа басты қадам,
Тайынбай, жиіркенбей лас, күнәдан.
Әр жерде кездескенің сындыр сағын,
Бас қайғы, мектеп түгіл қашсын бәлем!
Кім еді ол, бір қаңғыбас, басынатын!
Аузына ас, беріп қойып астына атын,
Әдеті біздің елдің әуліктіріп,
Өзіне көрінгенді бас қылатын.
Көтеріп, көкке әкетіп бір баланы,
Даурытып, дүрліктіріп жүр даланы.
Сайтанның қартайғанда ісіне еріп,
Ұзамай Қазыбек би жынданады!
Қаймағы бұзылмаған қалың елді,
Аздырмақ, берекесін алып енді
Қайдағы қаңғыбасты қамқор санап,
Ендігі осы ғана қалып еді!
Құрт көзін, жоғалтыңдар ел шетінен!
Күнәға батқан мұндар белшесінен.
Күн болса, мен-ақ тартам бір кісілік,
Қашанда халық үшін бел шешінгем! –
Деді ол, өңшең есер жалақ қақты...
Қара тұн көкжиегін сонда жапты.
Дүркіреп шыққанда топ үйден бұл кез
Аспанның төрінен бір жұлдыз ақты,
Ырым ғып, соны Сапақ изеді иек,
Бақанын жерден алып, үйге сүйеп.
Ай кетті туа салып, шапшаң батып,
Онсыз да қалғулы елді түнге сүйреп...
* * *
«Мен сізді көрмегелі жылдан асты,
Қазақтың; қайда жүр, - деп бұл баласы?
Асыл қарт, сүйікті дос, жазыпсыз хат,
Табылды сағыныштық бір дауасы.
Секілді ашық көкте күн қызуы,
Шашқандай жұпар исін гүл қызылы –
Дариға, достарыңның хаты екен ғой –
Көңілдің аңсағанда бір қызығы.
Болса да мекен алыс, жолым қашық,
Алдыңа мен балалық жанымды ашып,
Жап-жаңа мойыныңа бір асылып,
Түскендей, қатты қунап, қалдым тасып.
Кеудеме сағынышты жинап, сықап,
Жанымды бірақ соған қинап, шыдап,
Жүр едім, ол сырымды ешкімге айтпай,
Көңілімді жігерменен жиі асырап,
Жүйемді бір босаттың қымбат қартым,
Шынымды өзіңе айтпай, кімге айтпақпын?
Орыстың ұлы жанды, кең пейілін
Өзіңнен сонау күндер іздеп таптым,
Ұмытпан еңбегіңді, көп сыйынды,
Ақ жарқын, абзал әке кескініңді.
Сен едің үлкен жүрек, биік оймен
Үйреткен алдыменен ел сүюді.
Үй-іші, туған-туысқа етпек құрмет
Не болмақ, соның бәрін көптеп біл! - деп,
Үлгіңді көз алдымнан әкетпеуші ең,
«Бір өзің мен үшін зор мектепсің» - деп,
Айтушы ем, әлі де айтам сол алғысты,
Мен үшін жақсылық жоқ содан күшті.
Достардан, үй-әулеттен кетіп аулақ
Жалғыздық, рас, басқа жаман түсті,
Алайда, білесің ғой арманымды,
Деуші едің: «Соған өмір арна күнді!» −
Сол мақсат жолындағы тірлігім бар –
Қысқаша білдірейін хал-жайымды!
Мен келсем, мұнда уезд бастығы жоқ,
Көп жанның өсек-жала қастығы боп,
Орнынан түсіп қалып, кетсе керек,
Атылған өз ішінен асқынып оқ!
Бір жылдай ел ішінде жүріп көріп,
Қаражат азын аулақ жиып келіп,
Отырмын салдырам - деп, мектеп үйін,
Жаңа ояз өзі көнді бұйрық беріп.
Ұнатпас іші кейбір әкімдердің,
Ісімді қиын санап жатыр менің.
Бар ойы бұл мақсаттан бет аудару
Дегенсіп: «жаным ашып, ақыл бердім!»
Егіліп, еріп сөзге жүргендер көп,
«Еш бала бұл оқуға бермеңдер» - деп,
Қырсыққа құмар туған қара сойыл,
Жан аз ба жүретұғын көлденеңдеп? –
Көбеймек ондайлардың мұнда саны,
Мен жалғыз, жаудың дайын мың жасағы,
Ойласам осыларды кейде отырып,
Көңілді зардабы мол мұң басады,
«Сондағы жазығым не? Бір айтпайды.
Кісімсіп, биік қарап сыр сақтайды.
Ұғылмай, кеп санаға, етеді әуре
Баяғы оқшау арман, жұмбақ қайғы!
Қазірге екі шәкірт, бар ермегім,
Оқытам орысша әріп сән ернегін,
Барады, бір ғажабы, тез игеріп,
Үмітім, деймін, бәлкім, жанар менің?
Болашақ мектебіме тіл құралын,
Жазыспақ еді сенің бір мұратың,
Тез жібер, өтінішім, асыл қария,
Осымен айтып саған тындым бәрін!»
Қайта оқып сара-сара жолды жіктеп,
Әр сөйлем жүйесімен ойды іріктеп,
«Николай Иванович Ильминский!»
Деп, жазып адресін қойды бүктеп.
* * *
Қашанда үлкен іске ұмтылғанда,
Алдында асқар асу, сын тұрғанда,
Өзің де өзге түгіл күдік ойлап,
Кей-кейде ұқсап қиял бір тұманға.
Кеудеңде белгісіз күш буырқанып,
Шыға алмай сыртқа теуіп жігін тауып,
Мазақтап, жаныңды жеп әуре еткенде –
Кетердей көкіректі бұзып-жарып.
«Ішінде арыстан ойнап, от жанғанда»,
Таба естіп дос жаннан да, жат жаннан да,
Мезгілің тумай, сәтін бір кез келмей,
Шашылып кетуіңе шақ қалғанда;
Басталып сала берсе өнер шіркін,
Еш пенде бақытты емес сенен бұл күн,
Сүйсіне, құшырлана құшақ жайып,
Сонда тек құдіретіңе сенер жұртың!
Сонан соң сілтесінде ірку бар ма,
Шыға бер ел қуантып жұлқын да, алға!
Не жетсін, еңбегіңнен рақат тауып
Маңдайдан терді уыстап сыпырғанға!..
...Басталды, басталды әне тұңғыш ірге,
Болашақ жинайтұғын нұрды ішіне!
Қолына ұстап тұрып, көп қарады ол
Бұл үйдің ең бірінші кірпішіне.
Уа, шіркін, оның сол бір қуанышын
Айта алмай тіл жеткізіп, ұғады ішім!
Бір кірпіш кім едің сен, қай жақын ең
Арманын ұзақ қуған адам үшін?!
Қалың жұрт қалды тоқтап, топ шаршы адам,
Қалады ол, сол ғой істі бастаушы адам.
Сәбиін әкеп салған бесігіне
Ананың алақаны ұқсар соған.
− Қайырлы құтты болсын ірге тасы!
− Соңына қайыр берсін істің басы!
Кірпішпен қабаттасты кей біреудің
Айтылған ақкөңілден «бісмілласы».
Қазыбек шал өзі бастап, ел «әу» десіп,
Іргесі үлкен үйдің жөнелді есіп.
Ыстығы-ай ықластың көп жандағы,
Құласа, бейнетіңді берер кешіп!
Мұндайда асыққыш-ау уақыт деген,
Күн қапты көкжиекке барып төмен.
Тоқтады еңбекшіл жұрт бұл мезетте
Еңкейген белін жазып алып бір дем.
− Ағайын, азаматтар, - деді Ыбырай, −
Көптің де, менің де бір көңілім жай,
Ел болып, игі істің басына кеп,
Қуантып тастадыңдар мені мұндай.
Елдігін істемесе ел бола ма,
Шыққандай болып қалдым белге жаңа!
Бас қосар бәтуа бар екен бізде,
Шашылып жатсақ тағы кең далада.
Көп болып, үлкен іске ірге салдық,
Еңбектің белгісі бұл мың жасарлық.
Бар біздің тумақ, өспек ұрпағымыз,
Демейміз не үшін салдық, кімге салдық
Болашақ біз туралы айтар аңыз,
Ризалық алғыстарын қайталар жүз
Балаға әке болдық, қамқор болдық! –
Деп, біз де мақтанышпен айта алармыз.
Сөзіне ұйып тыңдап тұрды халық,
Көңілінде көпшіліктің туды жарық.
Сан жүзде қан ойнады, қарады да
Қолымен тынбақ іске бір қуанып.
Осынша қалың жұрттың бір шетінде
Жасырын нендей сыр бар ниетінде? –
Бес-алты кісі тұрды ұйлығысып,
Ұрыдай сұм пиғылмен кірер түнге.
Әркімді қамшысымен нұқып қалып,
Сөйле деп үгіттей ме қарсы барып,
Сапақтүр сыбырлаудан аузы тынбай,
Ортадан дүрліктірмек дау шығарып.
Көндің де көпшіліктің тумай алаң,
Жел сөзі жайға кетті сумаңдаған.
Қабағын қарс жауып, қарай қалды
Сөйтеді ол бір ой ішке тұнғанда арам.
Кітаптың қарсы ашылған кен, бетіңдей.
Әлде бір алғы күнгі ел көркіндей,
Мектептің тұрды сәнді қабырғасы,
Халықтың сүйкімді ортақ перзентіндей.
Басталды мектеп солай анық бүгін,
Білімнің тік көтермек жалын туып.
Ашылды алғы беті осылайша,
Қазақта білім, мектеп тарихының.
− Хазірет шақыртыпты Ыбырайды!
− Келмей-ақ жүр екен ғой бір ыңғайы!
Ол да бір қында жатқан кесел семсер
Кезеңін дәлдеп таппай суырылмайды!
− Мынау да қатты тебер берен мылтық,
Көздеген жібермейді жерден мүлтік.
− Ай, қайдам, қыңыр шеккен кәрі бура,
Тастар ма жас қыршынның дымын құртып
− Айқастың кереметін көр осыдан,
Жоқ ешкім хазіреттен сөз асырған!
− Қайтсін ол бар ашуын бүгін төкпей,
Бұл бала алып тұр ғой жағасынан!
− Насырға істің шапқан бұл шағында,
Шіркін де басқан екен шын шамына.
Сойқаны шапалақтың басталды енді
Көбірек тиер екен кім жағына?!
− Ыбырай келіп пе екен мұнда қазір?!
− Жап-жаңа ат-арбасы тұрған әзір.
− Әлгіде кердім, оны жаяу келді,
Қасында біздің әнші бір бала жүр! –
Десіп топ, дабырласа кірді барып,
Елеңдеп, құлақтары шуды бағып.
Шайнасса екі мықты, қашаннан бар
Қызықтап қарайтұғын бұл құмарлық.
...Үй толған. Ине шаншар орын қайда,
Алатын еш адам жоқ оны да ойға.
Бір ғажап сыйқырменен бытысқандай,
Білмейді аяғы мен қолы қайда.
Бастары мәз болады қылқиғанға,
Өңеші үзілердей ұмтылғанда.
Ербиіп кейбір құлақ көзді қымтап,
Тым қиын болды бойы мықырларға.
Хазірет сөз бастады шамырқанына,
Көпшілік тына қалды сабыр тауып.
Жұтына сөйлейді екен, лебін тартып,
Тұрғандай өңешімен жалын қауып:
− Жатпаймын бір баладан сұрап кешім,
Жамағат сезімді өзі сынап көрсін!
Қайт, шырақ аманында еліңе бар,
Астыңа арымайтын тың ат берсін!
Қонақтың көп болғаны - жұт болғаны,
Кісінің қайырынан құт қонбағы.
Қайырсыз жан екенсің, қырсығы көп,
Ел іші сен келгелі тіпті оңбады.
Сыйладық алыс жұрттың баласы - деп,
Ел таппай келмеген ғой, шамасы, - деп.
Астыңа ат, аузыңа тағам тостық,
Ағайын ауқымында дем алшы! - деп.
Дәндедің, арамызда жатып алдың,
Жарайды, оныңды да мақұл алдым.
Басынып, бірте-бірте білімсідің,
Ешкімнен сұрап па еді ақыл Арғын?!
«Надансың - оқытам» деп дүрсисің кеп,
Мұныңа мазақ етпей, кім сүйсінбек?
Ел сенің ермек қылар құрдасын ба,
Қай жаққа, кімге қарай тұрсың сүйреп?!
Орыс па? Шоқыну ма бар арманың?
Өрісің жем тістеген маған мәлім.
Қағынып қаршадайдан қанды бұзып,
Шалынған қарғысына бір алланың.
Қуылған өз елінен күнақар жан,
Безген соң тұла бойда ұят-ардан,
Аздырдың келе сала дүйім елді,
Түбінде сені оңдырмай бір атар дәм!
Сусындап хақ пайғамбар шербетінен,
Тұрғанда тасып толып кен, несібем,
Қазанын қыңыр торып берекелі,
Шапағат алла аямай пендесінен,
Көрмек боп екі дүние рақатын,
Муапих, жақсы күннің ишаратын,
Тұрғанда дәмеленіп, сен кез болдың
Секілді күннің көзін бұлт шалатын.
Қайтар деп сұрамаймын сыйын елдің,
Ырысқа қырсық қонақ қырын келдің.
Қызығын өз аулыңа көрсетерсің,
Басыңда толып тұрған дүниеңнің!
Әуре боп, салдырамын мектеп, дейсің,
Мұратқа сонда қазақ жетпек, дейсің.
Сауында тәубаға кел, жөнінді тап,
Әйтпесе осы жерден тек кетпейсің.
Ал босқа ашуына тие берсең,
Таяғы бір тентектің тиеді ертең,
Дерсің-ау қашып бара жатып әлі:
«Ойпырмай, ел ашуы киелі екен!»
Сөйт, шырақ, әуре қылма болмас істі,
Сендейден білім алып оңбас кісі
Адасып, жөн таба алмай тұрған ел жоқ,
Нұсқайтын бар өзінің жолбасшысы!
Қой, - дедім, байқа, - дедім - тыңдамадың,
Бір елді осыншама былғағаның.
Есіңе келмеген соң - ес түссін - деп,
Амалсыз қалайықты жинап алдым.
«Көзі отыр, осынша жұрт айтсын өзі!»
− Дұрыс-ақ, хазіреттің осы сөзі –
Алтын сөз айтылды енді, бітті шаруа –
Әркімнің бұл қарбалас жұмыс кезі.
− Тарқайық! - деді Сапақ анадайдан,
− Тәйт, сенің кімге керек амал-айлаң!
Деді бір ақсақалды кісі тұрып, −
Кетпейміз сөз тыңдамай Ыбырайдан!
− Я, бәсе, айтсын ол да алға шығып,
Барамыз, ат-жөні жоқ қайда асығып! –
Десті жұрт, гуілдесіп үйдің іші, –
Не болар осындайда алдаса үміт! –
Секілді сатырлатып жауған жаңбыр,
Дүрілдеп өте шықты айқай, дабыр.
Орнынан мына сәтте бір қозғалды,
Осы адам тұла бойы толған сабыр.
− Шынында, кереметі бар шығар-ақ,
Сөзді де қағар, бәлкім, тар сыналап.
Жақсыны, жаманды да тосып алып,
Қаймықпай тыңдайды екен қарсы, қарап! –
Бір-екеу төмен жақта осы сөзін
Айтады, Ыбырайдан алмай көзін.
Қайтсін-ай, жаны аши ма жалғыз жанға
Әйтеуір, отырғандар қалмай төзім.
− Хазірет, сөзіңіздің ұқтым нарқын,
Басы да, аяғы да шықты салқын.
Бірыңғай ұра сөйлеп, төспен басып,
Үйренген жығып ылғи жанның салтын
Көрсетіп бір өттіңіз. Ол да мақұл.
Бұл іске әйтсе де жөн салған ақыл.
Қонақ - деу, қууға оңай ел ішінен,
Бұған да ойлап-ақсыз амал, тәсіл.
Қонақ боп келгенім жоқ әуел бастан,
Ол рас, үлкен елге сәлем жастан.
Көңілдің жайылған соң дастарқаны,
Бас тартып қалмап едім сый мен астан.
Сіз соны қарыз ете қапсыз бүгін,
Көтермей кеттің дейсіз астын буын.
Бар еді нендей жөні берген сыйды
Кісіге қайта ататын тас қылудың?
Сонан сон Қыпшақ дейсіз, Арғын дейсіз,
Бұл сөзбен салмағымды салдым, - дейсіз.
Ол түгіл, исі қазақ деген елден
Дүниенің хабары жоқ, - сіз білмейсіз.
Сол ру - сіңіп қалған қанға мына,
Қазақтың себеп болған жанжалына.
Шақырса, бір-біріне даусы жетпей,
Шашылып неге жатыр ойға, қырға?
Атадан тумай жатып араздасқан,
Алдына малын салып тұра қашқан
Себеп не? Беріңізші қане жауап,
Ғұлама хазіретсіз құран ашқан?
Жаныңыз түршігіп тұр орыс - десе,
Біріңе бірің жақын қоныс - десе,
Ал бір жан үлкен іске талап қылып,
Қолымнан келмей жатса, болыс - десе,
Іздемей азығыңды арба сүйреп,
Егін ек, ырысыңды мол іш - десе,
Орыстың жазығы не - «берірек шық
Білімге талпыншы!» - деп қол ұш берсе,
Мен сенен жарығырақ жерде тұрмын,
Жақсымды ал, жаманымнан ойыс - десе,
Амал не, кәрі қырсық жібермейді,
Болар ма қазақ сорлы оны істесе!
«Шоқынды», «кәпір» деген сөз шығарып,
«Орыстан қолың көтер, шошы халық!»
Деген бір бос айқайға басасыз кеп.
Ақылды сөйлеу керек тосып алып.
Ешкім жоқ «дінді бұзып, шоқын» деген,
«Орыс бол!» деген емес «оқы» деген.
Ел қамы болмас, пайда кере тұра
«Қолыңды қусыр дағы, отыр» - деген.
Көзіне көгіміздің бұлтсың - дейсіз,
Ағайын арасына жіксің - дейсіз.
Бұлт не, күн көзі не, араздық не,
Айырып арасын бір түсінбейсіз!
Күн жоқ қой, жоқты неге бар демексіз
Мың жылдар жоғалғалы ол дерексіз.
Көзіміз су қараңғы, жер бетінде
Келеміз түнекпенен өрмелеп біз!
Осыған жылау керек, мәз болғанша,
Пайда бар қыңыр, қисық сөзден қанша?
Бұға түс, жата бер - деу - ауыр қылмыс,
Өмірде жұрт болмасын сезген жанша.
Ел менен бір шапағат көрер ме екен,
Егейін аз дәнімді, өнер ме екен? –
Деп жүрсем, ту сыртымнан шоқпар сайлап,
Келіпсіз, халық бұған не дер екен?
Оп-оңай жыға салу бір адамды,
Соншама керек етпес сұм амалды.
Жанғалы тұрса шырақ елге деген
Сөндіру - арт деген сөз мың обалды.
Жоқ, тақсыр хазіретім, қанша даттап,
Сөйлеңіз, алла қабыл алса жақтап.
Өтуге бел байлағам, таярым жоқ,
Алдымда қай қиындық болса да аттап.
Көрсетем, көрсін өзі ел мені де,
Қарар ғой маған емес, еңбегіме?
Екі жол алдымызда екеуміздің,
«Жүрейік сен жөніңе, мен жөніме!»
− Ой, сөз-ақ, бәрекелді шын-ау өзі,
− Дәл байлам, жақсы тыным мына сөзі.
Несіне асығады, шыдау керек,
Жігітті келеді ертең, сынар кезі!
Десіп жұрт, тез сөгіліп, үйден шықты,
Хазірет ұмтылып қап, сол тыншықты.
Сапақ та үлгірді айтып, сыбыр етіп:
«Егесті, енді аяма, сал тұмсықты!»
Ыбырай кетті шығып көппен бірге,
Бір қарап, тас төбеге жеткен күнге,
Серпіліп, көшедегі топқа кірді
Сәл мұны тосып қалған әлгі әзірде.
− Ой, жаса, айналайын мұндай ұлдан,
Тәңірім жарылқасын маңдайыңнан! –
Манаты қария шал құшақтады –
Мұртының бір жымиып шалғайынан.
− Салды-ау бір хазіретті шалқасынан!
Көз алмай тасбихтың әр тасынан,
Шекесін әлсін-әлі сүрте берді,
Суырып орамалын қалтасынан!..
...Риза жұрт көңілі бұған аса,
Аспаны кеңігендей бір аласа.
Сүйсініп келген әркім қайтты үйіне,
Не болар сол үміттен шыға алмаса,
Деген бір туып еді мана күдік,
Алды енді арамзаны адал жығып!
Күн ашық, дәл төбеде. Кетті тарқап
Кектен де, көңілден де ала бұлыт...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Орақ

  • 0
  • 0

Қайың да сапты қаракөк
Болаттан соққан Орақ ед.
Менің момын әкемнің
Бар қаруы сол-ақ ед.

Толық

Үйренсең де, ұқсама!

  • 0
  • 0

Құрдастай ойнап онымен,
Інідей жүрдім именіп.
Жаралы сол қолымен
Жіберсе жақтан бір періп.

Толық

Соңғы жорық

  • 0
  • 0

Аттанды соңғы жорыққа,
Алты бірдей комбайн.
Күн шықты көк иыққа
Қызартып аспан таңдайын.

Толық

Қарап көріңіз