Өлең, жыр, ақындар

Ыбырай төреге

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1030
Жасыңнан шашың қойып, шөпкі кидің,
Сарп еттің заң-зәкүнге бәрін мидың.
Орысқа өлсем де ұқсас боламын деп,
Көт баспай, көп ішінде тұрып сидің.
Аса орын оныңмен де таппаған соң,
"Еңбегім еш болды-ау!" - деп жандың, күйдің.
Оныңды оязной әкім біліп,
Бол деп еді өшетілі ошбу үйдің.
Өтсін деп осыменен енді өмірім,
Талапты топышақты тердің, жидың.
Себебі, сенен олар ошбу уақыт,
Ақыл айтып алдында жүр болыс, бидің.
"Төреміз төрге көпті шығарды-ау", - деп,
Шамасы бар ма Шөмен еткен сыйдың?
Көрісіп көңілімді көркейтпекке,
Барып ем жапсар жақтан, бір жай-күйдің.
Ырзамын ондайыңа, айтшы жауап,
Иесін ит те қаппайды, нешүк тидің?

1900.
* * *
Әй, нәпсім, мына үгітке құлақ салшы,
Сыртыңнан сені баққан мен - бір малшы.
Айтпағым әнің үшін болды лазым,
Басында бұйырған соң бол деп жаршы.
Белгілі бұл жаһаннан жөнелерің,
Жүз түгіл, күшің жетсе, мыңға баршы.
Жығылып жоғарыдан жоқ боларсың,
Ойнаған өмірменен сен бір даршы.
Табаның тағдыр бітіп, тайса бір күн,
Тұтқасын тіріліктің тауып алшы.
Жан құсы бәденіңнен бір күн ұшса,
Бір қарыс жете алмайсың жерге шаршы.
Пәнидің баянсызын білгеннен соң,
Жинап ал ерте бастан қамдап қаршы.
Алдында аса алмайтын асқарлар бар,
Сайманын сапарыңның сайлап алшы.
Патша бол бұл дүнияға келдің бес күн,
Тәуба қып тілімді алсаң, даярланшы.
Егінші егін еккен біз мысалдас,
Күні-түн жинап, теріп, бол қырманшы.
Кемді күн қос артуға келіп едің,
Орынсыз көрініп тұр ісің палшы.
Есіңнен ошал жұмыс шығып кетіп,
Сен жүрсің һайһауасқа ұрып қамшы.
Билігің бес-алты құн өзінде тұр,
Кетсең де айдалаға болып жаңшы.
Ескеріп айтқаныма амал қылып,
Сайманын сапарыңның сен қамданшы.
Қайтесің жүргенінде, жетсе ажал,
Дүниенің дәулетіне болып аршы.
"Бұл дәурен баста тұрар",- деп ойламай,
Өлімнің қатерінен қауыптаншы.
Іс келмес орынына, өкінгенмен,
Төменге тамса, кеттің мысалы тамшы.
Ал, енді аңғартқаным - болма ғапыл,
Ертерек құлдық етіп қайымданшы.
Ақылдың айтқан сөзін әзіл демей,
Шен біліп шыныменен қабырланшы.
Аз ғана айттым үгіт аңғарар деп,
Әй, нәпсім, көп сөйлетпей, ақылданшы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құрбанғали молдаға

  • 0
  • 0

Болғанмен асылың адам, ая Құрбан,
Есексің ес, ақылың тіпті құрыған.
Еткен соң осынша еңбек ескеріп Хақ,
"Ілім" атты иініңе тақты тұрман.

Толық

Дүниеге келгеннен соң мирас өлмек

  • 0
  • 0

Дүниеге келгеннен соң, мирас — өлмек,
Өлген соң, қайта айнал ып жоқ қой келмек!
Соны ойлап өз-өзімнен қайнап, тасып,
Қиялым көкірегімді кетті кернеп.

Толық

Рүстембекке

  • 0
  • 0

Рүстембек сен қаяқта, мен қаяқта,
Қалынды басым қаңғып, ел қаяқта.
Сен едің сенген қосшым, кеттің қаңғып,
Жарайтын жолдастыққа ер қаяқта.

Толық

Қарап көріңіз