Өлең, жыр, ақындар

Ана қабірінің басында

  • 06.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3055
Қайран анам, қадірлі,
Қайғылы балаң басында.
Тұрмын жылап егіліп,
Жас қабірдің қасында.
Жаңа ғана үйілген
Жас топырақ түнеріп,
Жібермей тұр, әлсізбін
Қалғансың анам көміліп.
Ақ сүтіңді емізген
Қайран, туған қарт анам.
Қайғыға сонша шомылған,
Зарлап кеп тұр жан балаң.
Қараңғы көр ішінде
Неге жатсың қарт ана?
Неге бері шықпайсың?
Қара жер әрі тарта ма?
Қараңғы көр ішінде
Тұншықтың - ау, анажан.
Көз жасым көл боп ағады,
Көкірегімде көп арман.
Қараңғы көр ішінде
Қалай жатсың қорықпай?
Қалай жатсың, арда ана,
Жан сақтамай Қорқыттай.
Деп зарланған жас бала
Жас қабірдің басында,
Анасын қиып кете алмай,
Шомылды көз жасына.
Көзінен аққан қанды жас
Омырауын су қылып,
Өксіп жылап тұр әне,
Кекті жүрек булығып.
Туған ана жас ұлды
Қайғысына тұңғиық,
Батырады өз ұлын
Жазайын мұны жыр қылып...
Менің де анам бар еді
Әлпештеген аялап.
Есіме келіп түседі,
Елестеп көзге таянад.
Менің де анам бар еді
Аңқылдаған ақ көңіл,
Бала десе шыдамас
Жан еді бір жеп-жеңіл.
Менің де анам бар еді
Көңілі жарым, көзі жас,
Жас едім онда жағдайсыз
Жаныма шырақ жағылмас.
Менің де анам бар еді
Қаза тапқан қайғыдан,
Құшағына өлімнің
Кеткен заман тарынан.
Қаралы өлім, қайғы зар
Анаға төнсе, ол арман.
Ақылы дария, ақ көңіл
Ана өлсе, сол жаман.
Бәрінен де қарт ана
Жылап қалса, сол арман.
Жаныңа шоқтай батады,
Аңырап ана жылаған.
Анасын сүйген жас бөбек
Ес білгеннен есейіп,
Қалса қара тұманда
Соған енді келейік.
Жас қабірін құшақтап,
Етпеттеген баланың
Жайын айтып берейік,
Жырды соған төгейік.

1937 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бал бөбек

  • 0
  • 0

Балбыраған балауса,
Ыстық жүрек — бал бөбек.
Нарттай қызыл бетіңнен.
Қуаныш нұры тамады.

Толық

Өмір

  • 0
  • 0

Өмір бейне қызыл гүл
Қызарад та солады.
Өмірде адам тұрғанда
Түбі өлместей болады.

Толық

Жауынгер

  • 0
  • 0

Заман ұлы жауынгер
Сай келген нағыз өмірге.
Жігері бар, күші бар
Өткір алмас болаттай,

Толық

Қарап көріңіз