Өлең, жыр, ақындар

Сарайшық

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1996
О, Сарайшық, Сарайшық,
Тұлпарын мінген уақыттың
Бабамнан қалған жақұтым,
Ноғайлы, қазақ қаласы,
Сақтаған салтын ұлтымның.
Астанам болған алғашқы,
Жалауын тігіп ел жұрттың,
Шежіремнен сыр шертер,
Өзі болған тарихтың,
Қыпшақтың алтын сынығы,
Маңдайға біткен бақытым.
Өзіңнен ішіп сіміріп,
Жеті ханның сарқытын,
Құшағыңнан дем жұтып,
Дариядай жырды шалқыттым.
Қабыл ал өзің барымды,
Тербесін мәңгі шаттық үн!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Қызыл нарттай құлпырған,
Қаншама гүлге нұр тұнған.
Бастан кешіп азапты,
Көз ашпаған қырғыннан.
Бабалардың қаны ма,
Ерлікпен алға ұмтылған.
Туған ел –деп, алқынған,
Тәңірден сый боп тартылған,
Жанына қымбат алтыннан.
Топырағың үшін бір уыс,
Жауына оқтай атылған.
Әлсіретсе де соғыспен,
Тоқтамыс хан мен Темірлан.
Ұрпағына үлгі көрсетіп,
Айрылмай Түркі тамырдан,
Біткенше соңғы ақтық дем!
Серттен таймай нық тұрған!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Ой жіберсем, көркемім,
Неткен қайсар ер едің,
Дауылында өмірдің,
Арпалысып тербелдің.
Иіріп уақыт ұршығын,
Жібіңді жалғап төрге ендің,
Қайсарлықтан өлмедің.
Зомбылыққа көнбедің,
Айта берсем тереңнен,
Не сұмдықты көрмедің?!
Құбылса да заманың,
Рухыңды ұлттық бермедің!
Топырағың қанға боянып,
Қайғыдан талай жүдедің.
Жүргенде бабам қанында,
Сезді ғой соғар жүрегім,
Грозный атты қарақшы,
Сындырған мұнда білегін.
Жылаған иіскеп жусанды,
Құлатып сүйер тірегін.
Бейбіт елді бүлдіріп,
Ақтамай үміт тілегін.
Қыпшақ еді анасы,
Ескермей ақ сүт киесін
Қарғыстан түбі көзі ашпай,
От өртеп билік өзегін,
Өзінің ұлын өлтірген,
Кептіріп өмір өзенін,
Қайранға соғып кемесін,
Ажалдың құшып елесін.
Талпындырмай биікке,
Кісілік иман өресін.
Ойлансаң азған азба адам,
Бұл байлық кімді бұзбаған,
Түн қылып жарық күндерін,
Қанағаттың үзсе гүлдерін.
Риза болмай тойынса,
Алланың білмей бергенін!
О, Сарайшық, Сарайшық –
Ұлылардың панасы,
Ғасырлардың данасы.
Жәнібек хан бабамның,
Хандық құрған қаласы.
Тәңірдің құлы бәрі де,
Ұғынар барлар санасы
Үзілмей жеткен тамырым,
Жоғалтпай Түрік дабылын,
Ғасырлардан тас жарған,
Бөлек ғой сенің тағдырың.
Өзіңе зиарат етуге,
Жалау ғып алау таң нұрын.
Асығып бүгін жеткенмін,
Сағынып бабам нар үнін,
Құшағыңды ашшы,иіскелеп,
Жұпарын жұтып гүліңнің,
Әнімді саған арнайын.
Аулақтасын сары уайым.
Өзіңдегі тылсым киелі,
Шырағың болып жанайын.
Аруналарменен көш өрген,
Бабалар жүрген көшеңнен,
Әлемге салем жолдайын.
Аунап бір жасыл шалғынға,
Шомылып таңның шығына,
Сыр шерткендей құбыла,
Бұлбұлың болып сайрайын,
Бір сәт үнсіз қалмайын,
Ағылтып тілден сөз майын,
Дарияң болып ағайын.
Сен үшін тыным алмайын,
Ұмтылып таудың шыңына,
Қыраның болып самғайын!
Әулиелер басқан ізіңді,
Жырыммен алға жалғайын!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Алтын Орда жақұты,
Батый хан бабам жатқан жер,
Құшағынан төгіп жарықты.
Көзден жасын тамызған,
Аққулардай ақ бұлты.
Бақ – береке дарыған,
Бабалардың ел – жұртты,
Керуендер ағылған
Құйылған байлық ел құты.
Көгіне күн нұр тасып,
Алма бағы гүл шашып,
Сәбилері қаз басып,
Сүйсіндірген халықты,
Әулиелері қырынан,
Тілеген аман – саулықты.
Айналасы көк орай,
Пейіліндей жазықты,
Жер ананың жұмағы,
Гүлдендірген хандықты.
Бұлбұлдары сайраған
Өзінен алып шабытты.
Етегін сүйіп Ұлы су,
Паш еткен дәулет байлықты.
Айдынында аққу – қаз,
Бауырын төгіс жазыпты.
Ел билеген жеті хан
Осының бәрін толғанып,
Бар сырыңды ағылтты.
Өткеніңді жыр қылып,
Өн бойымды балқытты.
Рухтарменен күш беріп,
Жаныма сыйлап шабытты.
Сезімімді нәзік идіріп,
Топырағыңды сүйдіріп,
Бабаңнан қалған жалауды,
Алшыным жаққан алауды,
Өлеңінен өріп сый қылып,
Ақ тілек айтып айшықты,
Секер көлден ұсынды
Алтындалған қайықты.
Қарттары неткен байыпты!
Дөңгеленген шеңбердей,
Қалаң сүйген Жайықты,
Толқындармен бойыма,
Ойлар қосып ойыма,
Терең ағыс ағылтты.
Қаумалаған қалың ел,
Ауызына жұртты қаратқан,
Тәңірім бөлек жаратқан,
Ақ бата алған Қорқыттан,
Қобызын тартса таң атқан.
Кеудеден шуақ таратқан,
Тасқындай жырды тулатқан.
Бос создырмай уақытты,
Бас ақынын шақыртты,
Жазық екен маңдайы,
Сұрап біліп жағдайды,
Салдырмай қамшы шабатын,
Пырақтардай таңдаулы
Бұлбұл қонған таңдайы.
Дариялардай тасыған,
Тарихтан сыр ағылтты,
Қайсақ, қыпшақ, қазақтан,
Бастауымды танытты.
Оныншы өткен ғасырдан,
Жеткізді сәуле жарықты.
Құшаққа алып мәз болдым,
Өз бабам Қазақ алыпты!
Бір күш кернеп кеудемді,
Шуағынан құрып кемемді,
Ақжарма жырды ақтарып,
Оқыдым мен де өлеңді.
Негізін жырдың қашаған,
Бәйге бермей аса алған,
Жүз сексен жас жасаған,
Жақ сүйегі босаған,
Орнынан тұрды шыдамай.
Сыпыра жырау әулием,
Қайдансың деп жан балам,
Жақындап бермен келші деп,
Маңдайдан сүйіп елжіреп,
Дауа беріп жүрекке,
Көңілден төгіп ақ тілек.
Селдетіп тағы жырларды,
Ақтарды небір сырларды.
Ақ бата беріп жоқ болды,
Өткендей серпіп тұманды.
Кеудемде жарық нұр қалды.
Қуаныштан таңды іліп,
Құдыретті күшке бағынып,
Дұғамды оқып жалынып,
Жаудырып алғыс Аллаға,
Тіземді бүктім табынып!
О, Сарайшық, Сарайшық!
Аяулы алтын босағам,
Отаным сенен басталған,
Киелі жерсің біз үшін,
Шырқаған еркін асқақ ән!
Топырағың сенің күй шертіп,
Қобыздай сарнап ой салған.
Әр тасың тірі адамдай,
Тарихыңды шертіп қол созған!
Қалайша бәрін сүймейін,
Егізім болса жыр жазған.
Сұлулыққа құмар жүректің,
Солар ғой қылын қозғаған,
Құттыгерей інім – қара нар,
Бұларды қалай жазбаған?
Естіп тұрып дауысын,
Боз інгендей боздаған!
Тебіренуменен жүрген ғой,
Жүрегі оттай маздаған,
Төл перзентің – өз балаң!
Тағы да аунап алайын,
Құшағыңды ашшы, ән қалам.
Жанарымнан жас тамса,
Сағынышым ғой, болма алаң!
Кімдердің сендей елі бар,
Ғасырлардан қол алған,
Әлемде аты аталған,
Құм астында сыр бүгіп,
Қаз қалпында сақталған,
Өзің – ақ айтшы бәрін де,
Шежіреге толы бас қалам.
Арқа сүйер айбаттым,
Бабалар үнін толғаған.
Өшпес Рухың қайратым,
Әрдайым мені қолдаған!
Былайша көзге білінбес,
Бабалар рухы үзілмес.
Әруақтарға айналып,
Көрсетіп айқын мың елес,
Жетелеп жұмбақ әлемге,
Бізбенен қатар үзгілес,
Өткеннің бәрін тізбектеп,
Ой салды жанға өлшенбес.
Сыйлайтын өнер, салтыңды,
Тындайтын іздеп ақынды.
Патшаның жалғыз тал гүлі,
Серуенге бізді шақырды.
Шақырғаннан қалма деп,
Құттыгерей айтып нақылды,
Алтынданған қайықтың,
Ескегін ұстап тартылды,
Жастықта-ау, қуат қарқынды.
Ал ару, елік лағы ма,
Елімнің біткен бағына,
Ибалы жүзден нұр тамып,
Жарқ еткендей Ақ Жайық,
Құшағын еркін кең жайып
Отырды менің жаныма!
От құйып ыстық қаныма.
Намысқа берік, жау жүрек,
Болған соң дана ой бөлек.
Мінезі асыл жаны ерке,
Ісіме адал сәт тілеп,
Бастады терең әңгіме.
Толқыды жүрек қайтейін,
Отырдым іштей білдірмей.
Өзі еді ол көктемнің,
Өзі еді нағыз өмірдің!
Жанғандай қайта шырағым,
Ағылтып өлең бұлағын,
Тарқатып жырдан құмарын.
Тынысынан дем жұтып,
Секер көл жайын сұрадым.
Толқынмен үнсіз мұңдасып,
Көңілде қалған күйді аршып,
Сүйеумен басын кеудеме,
Айдында еркін сырласып,
Күй тектес әсем үнімен,
Секер көл әнін жырлады,
Дауысы кетті қырды асып.
Сезілгендей қимастық,
Сарнамай үнсіз жолды ашып,
Тына қалды самал жел,
Тынысын тартты дархан бел.
Өнерге ғажап таңданып.
Қосылды барша аққу көл.
Құлағын түрді бар маңай.
Сиқыр саз ем боп қонғандай,
Пай, пай, шіркін ән қандай,
Таңдайға бұлбұл қонғандай,
Тілінен балы тамғандай!
Қалқыған көкте ақша бұлт,
Сол баяғы көшкен жұрт,
Жұртында келіп қалғандай.
Көріппе ең ғажап сен мұндай?
Кең әлем тегіс елжіреп,
Құшағын ашып тұрғандай.
Әкешім асыл тілегім,
Асқар тауым тірегім.
Мен үшін көлді жасатқан,
Жайықтың бұрып кемерін.
Құлпырған гүлдер жағасы,
Мәуелі жеміс ағашы.
Толқыны толқып бұлт емген,
Ақыным өзің қарашы.
Егіз ғой сенің жаныңмен
Тербелген ағыс арнасы,
Байланған жіптей көрінбес
Болса да іште аласы.
Ақ пен қара алмасқан,
Өмірдің күрес бағасы.
Ұқтың ба бәрін, ағасы?
Сыбырлайды толқындар,
Өлмес өлең жалғасы.
Қонсын –деп, мұнда аққулар,
Бірлігі ұйып шоқталған,
Сұлулыққа шаттанған.
Қалың ел құйып шекерді,
Секер- көл, содан атанған.
Тербеліп алтын қайықта,
Көз тігіп Ару Жайыққа.
Ойларға батқан шақтарда,
Бетімнен жәймен бір өбіп,
Бұйырма-деп, айыпқа,
Жоқ болды ару ғайыпқа.
Қобыздың үні сарнады,
Толқындар өксіп жылады,
Айналып көкте бір аққу,
Қанатын қағып салды әнді,
Сезілді жасы тамғаны,
Сақталар жарқын бейнесі,
Есімнен кетпес саздары.
САҒЫНЫШ өртеп жанымды,
Кеудемде қимас жыр қалды.
Жағада жалғыз қалғандай,
Қайықта үнсіз қозғалды.
Қызықтап солай көліңді,
Бетке алғанда төріңді
Жатқа айтып ата – тегімді,
Тастемірден бергімді,
Нағашым Шеркеш елімді.
Дербістен қозғап сезімді.
Ер Сатай, Жандыр, Бегалы,
Алтыным күміс зерімді,
Түгелдей жырлап бағалай,
Тылсымнан келген жыраудай,
Ұқтырып өмір, өлімді.
Тебірентіп толқын көңілді
Іздеушісі жоқтай қу сүйек,
Алдымнан шыққан ақ иек.
Күтіп жүр екен ол ұлын,
Арманы иіскеп бір сүймек.
Ұғынып оның зар мұңын,
Қор болмасқа бас сүйек,
Тебірене арнап сөз сөйлеп,
Жер- Анаға тапсырдық,
Тып – тыныш енді жатсын- деп.
От ойнаған қанында
Құттыгерей інім жанымда,
Дұға оқып бірге бет сипап,
Ойларға баттық бағыңда.
Жан салып ұлын іздеген,
Оралардай қайтып тағы да.
Қанша жан өтті өмірден,
Ұл-қызын күтіп сағына.
Бұйырса-деп, уыс топырақ,
Ең соңғы сапар жолында!
Ажалды жанға бір тағдыр,
Солмайтын кім бар жалғанда?!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Үні бар сенде бабамның,
Ізі бар сенде анамның,
Сыры бар сенде даламның,
Хаты бар сенде ғаламның,
Әлемге қарап достықпен,
Орындап әділ заңдарын,
Адаспасқа ұлы жұрт,
Ізгіліктен ғана нәр алдың.
Бір Тәңірге сыйынып,
Бейбіт күн болды арманың,
Құпиясын сездің жалғанның
Көк күмбезді мешіттер,
Жәннатқа ашар есіктер,
Дауысы сонда иманның!
Сырыңа толық иландым,
Сен сөйлесең шешенсің,
Далама біткен көсемсің.
Ғасырлардан тас жарып,
Мұқиттардан өткенсің,
Жыртылмаған желкенсің.
Бабамның маңдай терінен,
Боз жусан болып өскенсің
Жетпес жерге жеткенсің,
Тарихы терең дариям,
Баға жетпес жекемсің!
АСАН ҚАЙҒЫ жан бабам,
Туып өскен мекенсің!
Елімді алға бастаған
Өзіңсің тұңғыш астанам.
Керей хан берген батамен,
Ошағым сенде сақталған,
Қазаным нұрдан ысталған,
Әжелер қолмен ас салған
Ата жұрт кие күн бесік,
Қадамым сенде басталған.
Сенде өскен дәннен бар қазақ,
Жапырағын жайып күш алған!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Қызырдың құты дарыған.
Алғыс алып халқынан,
Бақ – дәулеті шалқыған.
Ел билеген жеті хан
Тарихыңды жазып алтыннан,
Ұрпағына келер қалдырған.
Біздер үшін лағылдан,
Інжу – маржан тағылған,
Әр тасыңның бәрі де ән.
Іңгәләп туған сәбиің
Уызына тойып жарыған.
Бесікте жатып елім деп,
Ән шығарған жанынан.
Бұлқынып ұя бағынан,
Ақ әже айтқан аңыздан,
Жапырақ жайып абыз дән,
Кеудеге ерлік күй тұнған,
Сарқылмас алтын қазынам.
Дем жұтып баба Рухынан,
Жау көрсе қозар арқасы,
Атасына тартып ер туған!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Ізгілік жолын қоштаған,
Ақылмен асып таспаған.
Көпір болып әлемге,
Жыр төгіп достық дастаннан,
Керуендерін қарсы алған!
Жаныңда сенің мұң сыз бар,
Ұға ма оны мұңсыздар?
Жар салған зармен ой салып,
Көз жасыңды көрсе кім шыдар?!
Қорғар ма екен өзіңді,
Дүние қуған құнсыздар?!
Құпияңды толық білетін
Арғымақтар – көкте жұлдыздар.
Ұлы судан сусындап,
Толқынға төсін малғызар.
Туған ай қайық салғызар,
Секер көлден ару қыз,
Құрбыларын алғызар,
Тебіренген ақын ұлыңа,
Тәңірдің Лұқпан құлына,
Толғантып өлең жазғызар!
Құшағын кеңге жаздырар.
Сыңғырлаған күлкімен,
Өміріңді жаз қылар,
Жеткізіп терең ойларын,
Көкірегіңді ашып мәз қылар.
Адамзаттың қас жауы,
Залымдық соғыс бастауы,
Жер – анаңды жылатып,
Жесірлерді шулатып,
Тудырмасын бос дауды.
Жас төкпесін сәбилер,
Келер күннің ақ таңы,
Ананың сүті кеппесін,
Құламасын бақ тауы.
Қанат жайсын тыныштық,
Бұлт баспасын аспанды,
Жүрекпен ұқса туысқан!
Қасірет шегіп соғыстан,
Қаншама жұрт тысқа ауды?
Дау жанжал халық қас жауы.
Сенің де жерің тоналған,
Көріп қайт көзбен Мәскеуді,
Жетелер соған қанды іздер,
Беттері әлі сақтаулы.
Қарақшы болған жауыздар,
Тілеген сырын ашпауды.
Ұлылығын білсе ұрпағың,
Жоқ қылардай қас жауды.
Анығын айтсақ барма айып,
Езсе де жауы мұңайтып,
Бейнесі сұлу қалаңның.
Сонда тұр бізге сыр айтып,
Өшірмес ешкім өнерді,
Сұлулық мәңгі ғажайып.
Қыпшақтың исі төсінде,
Әлемге тұрған қол жайып!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Қалың жаумен алысқан,
Далама біткен арыстан.
Өрт ішінде қан құсқан,
Әрбір сүйем жер үшін,
Берілмеген намыстан.
Ұлы істерге бас болып,
Залымдықпен қағысқан,
Ыза буып елім-деп,
Арулар да жау жүрек,
Қылыш ұстап қолына
Өмір үшін тартысқан.
Ата жұртым ту тіккен,
Айрылмауға қоныстан.
Тіл мен дінін шырақ қып,
Шығармаған уыстан.
Аманат қылып ұрпаққа,
Соңғы демі біткен соң,
Ұлпа нұрға ауысқан.
Ғарышпенен табысқан,
Күнде күміс киінген,
Олар маған таныс таң.
Табиғатқа сіңісіп,
Туған жерге сүйсініп,
Қарау үшін алыстан,
Сәуле болып жарысқан.
Ғажапсың ғой жасампаз,
Ізгілігің мәңгі ұмтылмас.
Жырға лайық мұндағы,
Аңызға толы әрбір тас.
Ұмтылған алға алқынып,
Қаншама сенде батырлық,
Еркіндік сүйген ұл-қызың,
Табар-ау сенен жақындық.
Өткеніне көз салмай,
Түп тамырдан нәр алмай.
Ата-даңқын ұмытса,
Жалғар жолын ол қалай?!
Тіл қадірін білмеген,
Ананың сүтін ембеген.
Жарылқар қалай өз елін,
Жасықтық ынжық үнменен.
Адал боп сүйген халқына,
Өртену мұрат ақынға.
Атаққа емес сай болып,
Азамат ердің атына.
Бір кездері жер бетін,
Таңдандырды-ау келбетің.
Тарихым мен тағдырдың,
Байыбына жету міндетім.
Бейбіт күн боп арманы,
Қалдырған өшпес таңбаны.
Сөйлеген ғасыр алдында,
Кім сүймес сендей қаламды!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Ерлік даңкын асырған,
Не кешпедің басыңнан!
Тіл қатасың жар салып,
Сан бір уақыт асырған.
Ғасырлармен ғасырдан,
Қарғыс айтып сайқалға,
Тарихыңды жасырған!
Шайтандардай жан ұрлап,
Кеуде керіп тасынған.
Қанға құмар жыртқыштай,
Басқыншы боп басынған.
Сенің мөлдір көз жасың,
Ұлы суға қосылған,
Атырауда үнің ашынған.
Аласұрған толқындар,
Аяғыңа бас ұрған.
Құдырет бар төріңде,
Қасиеттерің тегіңде.
Дауысың қобыз үнінде,
Сұлулығың райхан гүлінде.
Төзімділігің тас жарар
Нар халқыңның өзінде,
Кең пейілді ақтығың,
Ел үшін адал тер төккен,
Қарттарымның төрінде.
Кеңдігің далам белінде.
Ерлігің мен елдігің,
Өнердегі нар ұлың,
Қаршығамның күйінде!
Өзіңнен ұшқан аққуың,
Айгүлге ауған бұл күнде.
Дәм татқан барша қазағым,
Дастарханың жайылған,
Төкен ағам үйінде.
Шешендік пен өрлігің,
Қайсар мінез ерлігің
Өткірлігі алмастай,
Өзіңде кескен кіндігін,
Иманғали – інімде.
Құмнан аршып көтерген,
Сол балаңды білдің бе?
Жеті ханның зиратын,
Салғанын қайта көрдің бе?
Ұмтылмас игі ізеттік
Іргеңді қолмен түзетіп,
Табанынан сыз өтіп,
Тынбастан жұмыс жүргізіп,
Қабырғаңды тұрғызып.
Көрсетіп үлгі кейінге
Бас иген туған жеріне.
Ел қадірін сездіріп,
Шалқытқан сезім көңілге!
О, киелі Сарайшық,
Қалықтаған көгіңде,
Сазға толы әніңді,
Қанатқа іліп аққулар,
Жеткізген байтақ еліме!
О, Сарайшық, киелім,
Өзіндей қазақ күймемнің,
Күмбірлеген күй ме едің,
Керуендер өтті алдымнан
Арқалап жүгін сан елдің.
Жүзбелі көпір үстімен,
Таныстырып өздерін.
Алыстан аман жеткенге,
Қуаныш билеп жүздерін,
Сәлемі қыпшақ тілінде,
Көктем бар нәзік үнінде.
Ішінен ару қыз көрдім.
Бетімде қызыл қан ойнап,
Қобалжып неге өзгердім.
Бойға жігер төккен күш,
Осы бір ару аршын төс.
Үмітпен күткен жазымдай,
Аңсаттырған Назымдай,
Толғандырды еріксіз,
Сұлулыққа құмар жаным – ай,
Аялай білген іздерін.
Райхан гүлдей үлбіреп,
Қадады бота көздерін
Періште ме кім білген,
Көз жазып қалып іздедім.
Ойымды бөлді қария,
Түсірген хатқа ел сөзін.
Саяхатшы екен Арабтан,
Таныстырып өтті ол өзін.
Көргенін айтты таңданып.
Пейілі неткен кең халық.
Қаласы әлем жәннаты,
Абат бақ өскен жайқалып.
Бағдатпен теңдес бұл алып.
Ғалымдары көп екен,
Байқасаң өзің зер салып.
Қаншама жаһан кезсем де,
Сұлулығы сыймас өлшемге
Көрмедім мұндай шаһарды.
Көрсеткен құрмет үлкенге.
Қонағын күтіп туғандай,
Жол азығын салған ертеңге,
Сыйлаған ата ер ғұрпын,
Иманды екен ел – жұртың.
Білімге құштар ұрпағы,
Шығарар өрге өз ұлтын!
Бал – шырын екен тілдерің,
Қорғандай екен діндерің.
Ұмытпай мәңгі сақталар,
Өткізген мұнда күндерім.
Тек айтарым өзіңе,
Берілмей аңғал сезімге.
Далаңа көзін алартқан,
Сақ болғайсың көршіңе.
Қош айтысты қимастан,
Жақсыдан жайсаң кім қашқан,
Шөл басар қымыз ұсынып,
Жырымнан кептер ұшырып
Жаны жомарт о бастан,
Өнері өрге жалғасқан.
Жанымда тұрды күлімдеп,
Құттыгерей інім ой басқан,
Қолында көркем газеті,
Мұнайшыларым сыр ашқан!
О, Сарайшық, Сарайшық!
Бойыма құйып жарқын күш,
Әруақтар салды өз демін.
Бәрі де жұмбақ құбылыс,
Ақиқат бірақ сезгенім.
Асау қан тулап бойымда,
Алқынып албырт ойым да.
Қанатты жайып қиянға,
Жеткенде шабыт айдынға.
Үкілерін таққан басына,
Гүл өргізген шашына.
Аққу мойын арулар,
Күлімдеп келді қасыма.
Жыр оқытты қиылып,
Қал деп бүгін осында.
Ақын болсаң жырла деп,
Бұл жердің қара тасын да!
Дешті Қыпшақ шаңырағы,
Қасиетті мекен қосында.
Өгіз хан дана ізінен,
Шырақ жағып басында.
Айналып жырмен жасынға.
Елдігіңді демеп сақтаған,
Тәңіріңе жалғыз бас ұра.
Тараған жер үш оқтан,
Осы жер ғой расында.
Алаша хан боп аталған,
Сөз жетпес әулие асылға,
Тебіренсін бабаң тасы да!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Күмбірлеп күнде соғатын,
Қоңырау қылған сағатын.
Қақпалары сары алтын,
Әділ істі қолға алған
Перзенттері ақ жарқын.
Алаш болып ұраны,
Кірлетпеген ар атын.
Шүкірлік айтып АЛЛАҒА,
Қияға жайған қанатын.
Мәрт мінезді шетінен,
Отан-деп, соғып жүрегі,
Айнымаған сертінен.
Сақтай білген ел салтын,
Көз алдымда нар халқың.
Күлден төсін көтерген,
Оқып тұрмын өр даңқын.
Жанарларда өшпеген,
Намыс оты айбатың.
Жігерімді соған қайраттым,
Астанам болған әйбаттым.
Сен де туған ұл – қыздың,
Арманы барма айтатын?!
Мен білсем төкпе бәрі ақын!
Әруақтары торланған,
Істерін Алла қолдаған.
Алаштан туған батырлар,
Елімді жаудан қорғаған.
Әр қырыңнан бой түзеп,
Еліме салем жолдаған.
Нәпсісін жеңіп жау болған,
Қараңғыда таң болған,
Қанағат жолын таңдаған.
Жамандыққа бармаған,
Аузына харам салмаған.
Көзсіздерге көз болған,
Сөзсіздерге сөз болған.
Бұзылғанды түзеткен,
Жыртылғанды жамаған.
Жетімдерін жылатпай,
Жесірлерге күл атпай,
Жарығын төккен шуақтай
Пана болып қарасып,
Қарылғаштай дән тасып,
Үмітін алға жалғаған,
Кемелдікте талмаған
Түсірместен сыз тұман,
Құшағын ашып жаз құрған.
Жақсылар мен жайсаңдар,
Адалды алға оздырған,
Халық сенген билері,
Қара қылды қақ жарған,
Кем болмаған хандардан.
Сәуле құйып таң нұрдан,
Тарихымды өшпестей,
Мәрмәр тасқа жаздырған.
Әлихан сепкен сәуледей,
Жошымнан жеткен салемдей,
Керей менен Жәнібек,
Қасым хан кемеңгерімдей
Ақназар асыл төремдей,
Әйтекем мен Төлемдей,
Қазыбек- ақыл кемемдей.
Ер Қосай мен Пір Бекет,
Әулием болған ерлерлей.
Ақ киінген түгелдей,
Елес беріп даналар,
Ғарыштан ұшып өргендей.
Жаныма жетіп бөгелмей,
Ақ бата беріп қол жайып,
Нұрларын құйып ғажайып,
Үшкіріп бойға таратып,
Қанымды удан тазартып,
Борышыңды өтеуге,
Ұлтыңды сүй-деп, үн қатып.
Ішкізіп зәмзам суынан,
Рухани байлық қазынаң,
Молайсын-деп, қол беріп,
Кеудемді менің жаз қылған.
Болу үшін жол айқын,
Бабаларды еске алып,
Біздерміз ғой жоқтайтын.
Інжудей ізін сақтайтын.
Отанымның- алтын бесігі,
Қалайша бәрін айтпайын!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Ғасырлардың төрінде,
Сақталып таза тіліңде
Жеткенсің бізге ерлікпен,
Баяғы ғажап күйіңде.
Өзіңді көру бір бақыт,
Әр пендеге тіріде!
Ұлылығың мәңгі жыр болар
Ұрпақтарыңның үнінде.
Жылойдан келген ұлың ем,
Рухыңмен деме мені де!
Жырлаудан әсте тынбайын,
Өзімнің туған елімде!
О, Сарайшық, Сарайшық,
Бейне құрыш қорғасын,
Билеген өлкем ордасын.
Еңбектен тауып бақытын,
Соға алған ырыс таңбасын.
Иманғали келіп басыңа,
Тигізіп қолын тасыңа,
Алғысын айтқан бақ тілеп,
Барша жұрт кәрі – жасыңа.
Қалдырған өшпес ұлы сөз,
Нәр берер көктем, жазыңа.
Шайқалса да шың – құздар,
«Шайқалмас тарих қазына!»
О, Сарайшық, Сарайшық,
Тұлпарың мінген уақыттың
Бабамнан қалған жақұтым.
Қоңырауын соққан даламның,
Маңдайға біткен бақытым.
Өзіңнен ішіп сіміріп,
Жеті ханның сарқытын,
Жалауыңды көтеріп,
Дариядай жырды шалқыттым.
Қабыл ал өзің барымды,
Тербесін мәңгі шаттық үн!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

О, Шәуілдір

  • 0
  • 0

О, Шәуілдір, Шәуілдір,
Көк аспаның көгілдір.
Шөл қыстаған кеудеме,
Жыр бұлағын төгілдір.

Толық

Балжігіттің киіз үйі

  • 0
  • 0

Кең әлемнен басын қосып бар қазақ,
Қуанғанда астанада той жасап.
Қонақтарға арнап сыйға тігілген,
Балжігіттің киіз үйі-ай бір ғажап.

Толық

Еркебай ата үні

  • 0
  • 0

Тыңда балам өтті қанша сарша күз,
Мен жатырмын елеусіздеу қоршаусыз.
Итте өтеді, малда өтеді үстімнен,
Білесің ғой өлген жандар қауқарсыз.

Толық

Қарап көріңіз