Өлең, жыр, ақындар

Марат Отаралиевке

  • 10.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2667
(элегия)

Сезіндім аға, уақытты – сылдыр бұлақтай,
Безіндім, аға, тірліктен- сусыр сынаптай.
Көз ілгім, аға, келеді кейде сен құсап,
Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай.

Халықты қара, көз салып қала ішіне,
Алыпты дара айналдырмақшы кішіге.
Жаңа ұқтым, аға, өлім дейтіннің не екенін,
Тамұқтың қара сұлбасы еніп түсіме.

Қыршын жасыңның қайтармақ болып есесін,
Кеудемде менің құпия ғұмыр кешесің.
Екеуміз кейде кеземіз, аға, кешкілік,
Гурьевтің шалшық көшесін.

Кетеміз сосын «ескі базарда» бетке алып,
Аңқылдап саған әзіл айтамын шаттанып.
Мен көрінемін, сен көрінбейсің оларға,
«Жынды ма?» - дейді автобус күткен көп халық.

Денемізбен түйісіп қалып денеміз,
Жағалап жарды өлең оқимыз көне біз.
Мен және сенің елесің болып- екеуміз,
«Орал» дейтіғұн ресторанға енеміз.

Орындық алып Нағым отырар қатардан,
Орналасқан соң келеді біздер татар «дәм».
Абыр да, дабыр балауыз шамның астында,
Шарап ішеміз екеуміз жалғыз бокалдан.

Қызынып алып,оқисың өлең тік тұрып,
Мен үнсіз қалам қос жанарыма шық тұнып.
Сонан соң, сосын.., кетесің көзден ғайып боп,
Жалғанның жалған екенін маған ұқтырып.

Кетесің еніп шулаған жұртқа жаңағы,
Шараптың ессіз тұмандап буы сананы.
Жалғыз-ақ бокал,
Жалғыз-ақ татар у шарап,
Жалғыз-ақ маған қалады...

Елесің өшіп, келесің қашан «Мәкем?» -деп,
Жоғалтып сені, бұрышты жалғыз мекендеп.
Ернеуінен кеп сүйемін сосын бокалдың,
Ерніңнің ыстық табы қалды ма екен деп?!

Пендеуи қайғы сырғымай қатпар қабақтан,
Беземін сосын шулаған жұрттан,шараптан.
Сайтан адасып кететін қара түндерге,
Шайқала басып сіңемін, шығып «қабақтан»...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ауылға аттанарда

  • 0
  • 0

Шаһари шақтар шырай бермеді шабытқа,
Бет бұрдым талай белгісіз,бұлдыр бағытқа.
Бес қабат үйдің тар бөлмесіне таңылдым,
Сөнген сезімдей, қақшитқан қайың табытқа.

Толық

Ақан серіге

  • 0
  • 0

Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,
Аруларға ғашық боп қызғанарлық.
"Таң асып торыны" мінбегенмен,
"Қылаңдарға" таксилеп біз де бардық.

Толық

Ұлылармен ұғысу (Абайға)

  • 0
  • 0

Ақылдан аққан ақжарма
Ағытқан кезде арнасын,
Орынсыз жерде одыраңдатпас
Алтыннан асыл алмасым.

Толық

Қарап көріңіз