Өлеңдер бөлімі

Тау сыры

  • admin
  • 13.06.2019
  • 0
  • 0
  • 31
Поэма
ТАУШЫЛАР АТТАНЫСЫ
1
Басталды июль туып сарша тамыз,
Ыстық күн құм қыздырған от боп нағыз.
Сол күнге кәрі бетін сүйдірмеген,
Көп қолдың көз тіккені ақ шашты күз.
Көк мұнар, кешкі тұрым, тау етегі,
Жібек жел, қырдың гүлін тербетеді.
Жайқалып жапырағы жасыл тоғай,
Сыбдырлап күбірлейді, әндетеді.
Жар теуіп, тасты үйірген, мұздай бұлақ,
Меруерт су, бұлттан сарқыр, құзды құлап.
Сылдырап көк майсаға, көбік бөлеп,
Секіріп тастан-тасқа жатыр құлап.
Жапырып жасыл шөбін, сұлу гүлін,
Аңқыған жұпар исі, жарып мұрын.
Қозғалды туды бетке ап жас атірет,
Басшы алып дағдыланған, жүріп бұрын.
Басшысы таусыл Зімін атіреттің:
От жүрек, қайтпас қажыр, жалынды екпін.
Отша ойнап, төбесінде талай құздың,
Бұлт аттап, көркін көрген аспан көктің.
Жөнелді қарлы құзға жас атірет,
Шаншылған найзадай боп көкті тіреп.
Аса алмай Бағданыптың мұз белінен,
Сан ердің сағы сынған бірнеше рет.
Не күш бар аспайтұғын, мұз басында,
Не сыр бар жан баспайтын құз басында.
Жол салып, сырын алып қайтпақ көріп,
Ойын сап қарлы құздың қырқасында.
Сынамақ қайраттанып қамал аттап,
Шырқау құз асқар таудың, жолын жаттап.
Керекті сағатында дайын тұрмақ,
Отанға созса қолын жау жалақтап.
Бас қосып Қазақстан қырандары,
Екі жүз елу адам болып бәрі.
Асқарға Эльбрустай бой теңескен,
Аттанған сайдақталып сапарлары.
Музыка сықылдатып таушы күйін,
Қол шоқтай қозғалады бірақ түйін.
Әсем күй әсер төгіп, қолды ұзатты,
Ақ басты асқар тауға жолы қиын.
Кең шалбар, балағының аузын бүрген,
Тоқыма қалың көйлек жеңін түрген.
Дулыға сұр тақия, жібек айдар,
Балпиып балуан дене, алып түрмен.
Бауырша турайтұғын қара тасты,
Беліне құрыш болат айбалта асты.
Аяқта асыл қаққан шолақ етік,
Көк мұзды көмірше үгіп, ұнтар тасты.
Қаруы киімі мен кілең болат,
Аш белге жуан арқан тастады орап.
Арқада азық сөмке, қолда сайғақ,
Мұзда істік, таста таяқ, сүйеу болат.
Деп сайлап, жанына өлшеп қаруларын,
От ойнап кішкене көз шашып жалын.
Ерлерге сайдақталған тап өзіндей,
Бейсен де қосылды кеп тобы қалың.
Тартты ерлер, тартынарма, қамал кешпек,
Шың басып, шырқау жатқан сырды шешпек.
Тарихқа тағы бір жол, таңба салып,
Қамал жоқ біз алмайтын, алдық деспек.
Күн батқан, ай қараңғы, жұлдыз жарық,
Тау мүлгіп ескі ұйқыға кетті қалғып.
Келеді біздің таушыл жас атірет,
Екпінмен жер сілкінтіп, тауды жарып.
Қашырды тау ұйқысын ер тұяғы,
Сілкінтіп найза жетпес, көк қияны.
Сау етті «гәрелнікке» сайланған қол,
Дем алып осы арада, күш жияды.

ШАЛ СЫРЫ
2
Гарелник тау белдеуі таушы базы,
Өріс боп ер Абаққа қысы-жазы.
Тас күрке тау қойнында болғанменен,
Абақта қажытпайтын серік азы.
Абақ шал қамыққанда оймен улап,
Кететін аңға шығып тауды құлдап.
Өрісі жалғыз аяқ жартас жолы,
Үсті құз, астында өзен жатқан тулап.
Сол жерге келген сайын үнсіз жатып,
Ұзақ күн ағын суға көзін сатып.
Телміріп терең құзға боздайтын шал,
Зарымен тау кемерін солқылдатып.
Келеді көремін деп Мариясын,
Толқындай тасқа төгіп көздің жасын.
Ес көріп аралайтын келіп кейде,
Өзенге Марияның тайған тасын.

Бүгінде сол жүрістен кеш оралып,
Жатыр еді Гарелникте демін алып.
Қалың қол сау еткенде ұйқысынан,
Шошынып Абақ тұрды аң-таң қалып.
Қол көріп қия құзда жалғыз жанды,
Күтпеген көремін деп тірі адамды.
Ағарып сақал-шашы түгі тозған,
Айналып тұра қалды Абақ шалды.
Бұл тауда жалғыз жатқан неткен шалсың?
Деп шалға жан жағынан сұрау салды.
Айтылмай — тірі жанға жұмбақ болған,
Тау сырлы тағы шалдан сөз басталды.
« —Балалар серт беріп ем сырды ашпасқа,
Адам мен адам болып сырласпасқа.
Адамнан артық көріп анды сүйдім,
Келгенше түгім тозып мұнша жасқа.
Мен бір жан дертке пісіп тасқа төнген,
Тас күрке тау қойнында отым сөнген.
Сырымды сұрамаңдар мен айтпайын,
Сертім еді жан күйігін айтпай өлген».
Деді де көзін жауып түкті қасы,
Мүлгіді ойға кетіп шалдың басы.
Бір ашып түкті қасын тағы жұмды,
Марияның қарсы алдында ажал тасы.
Шал сырын айтайын деп неше оқталды,
Шал ерні бір қыбырлап, бір тоқталды.
Елестеп көз алдында берген серті,
Жол бермей тілге жүрек тиым салды.
Шал сыры қинағанмен шалдың жанын,
Соқпағы шерлі шалдың бізге мәлім.
Күттірмей тыңдаушыны мен бастайын,
Таратып білгенімше сәл сырларын.
Шал сыры шалдың сыры, таудың сыры,
Шал сыры меңіреу жартас таудың жыры.
Асты өзен, үсті жартас қақпа тасқа,
Қамаған шалды қуып жаудың сыры.
Арқаның арда өзені, айдын көлі,
Арқаның асқар тауы, шалқар белі.
Шалқыған құлазыған, игі шексіз,
Арқаның сонау бетпақ шалғай шөлі.
Басынан көшірмеді қандай күндер,
Томсарып түнермеді қандай түндер.
Зар жайып денесіне тыңдаушының,
Сол белде зарықпады қандай үндер.
Тау шерлі дала зарлы бел күрсінген,
Қан жұтып, қара киіп ел күрсінген.
Әлсізді күшті талап, аунатып жер,
Бай мырза құл қып қорлап еркемсінген.
Ерігіп ажуалап, елдің ерін,
Мазақтап сындырмады кімнің белін.
Айдап сап араны үшін арам тамақ,
Ішпеді кімнің қанын, кімнің терін.
Сары суды өрлей көшіп Тарақты елі,
Жайлауы Бұғылының Сары белі.
Құлдилап күзге қарсы шөлге ойысып,
Құм қыстап арқа жайлап жүрген еді.
Аққозы асқан бойы Тарақтының,
Тап өзі зорлыққа ұрлық, талаптының
Жұлысып Қаракесек Қуандықпен,
Арқадан құмға қарай салған сүргін.
Аққозы жігіт жинап ат жаратқан,
Сан белдеу арқан бойлап керме тартқан.
Сан жігіт керте байлап орамалын,
Ширығып бай әмірін күтіп жатқан.
Ішінде осы қолдың батыр Абақ,
Тіреуі Аққозының ашқан қабақ.
Күні үшін Аққозының атқан оғы,
Қылыш боп сермегенде жауын шабад.
Өйткені Абақ кірме тегі Тама,
Бай тілін қайыруға барма шама.
Әке құл, шеше күң боп осы есікте,
Шіріген шілде көрмей ата-баба.
Болғанмен тегі Тама түбі кірме,
Жан емес, жау жасқантқан бірме бірге.
Әрі алып, әрі мерген, найзаға ұста,
Көрсеткен өктем қайрат талай жерде.
Қармаулы қара құсты қалбағайлы,
Ұзын шаш, қалың құлақ, кең маңдайлы.
Отты көз, қошқар тұмсық, биік қабақ,
Сом дене, болат тұлға ерге жайлы.
Кең иық, қалың топшы, мықын биік,
Бура сан, қасқыр жота, кең көкірек.
Қайтпайтын жаудан беті өрт мінезді,
Шабатын жау қайдалап өзі тілеп.
Сүйріктей кеуде шыққан көзі тартып,
Туып ед құрбысынан ақылы артып.
Не керек ердің еркі жат қолында,
Болғанмен есінен ерлігі артық.
Бедеулер белдеу тартып көкке қарғып,
Жігіттер әмір күтіп ерде қалғып.
Сатқанда Аққозыдан болды жарық.
— Жігіттер аттаныңдар Cap-су бойлап,
Тай атқан, Найза кескен жонын тойлап.
Кегім бар Қаракесек, Бесатада,
Салыңдаршы долы Нұрланға ойнақ.
Қосын мен қора қалып Түйте көкті,
Сабасын кереге іліп, қорын төкті.
Дегізіп аты қалар бір қайрат қып,
«—Алдыма әкеліңдер Құлжанбекті».
Аққозы осылайша берді жарлық,
Ел шауып жонды жол қып, белді қан қып.
Әкел деп әмір берді он бөріге,
Бағыма қайратыма елді таңғып.
Он бөрі Cap-су бойлап сағым қуып,
Бұлдырап, Бұғылыға келді шуап.
Жеткізбей жазық жоны, Тайатқанның,
Бел асса бел астынан белес туып.
Ұйықтаған меңіреу белді мәңгі бөгіп,
Тұяғы он тұлпардың жолды сөгіп.
Ілінді жалғыз бекін Тектұрмасқа
Шаншылған найзадай боп сағым төгіп.
Бекініп Тектұрмысқа салды салық,
Үш күндей ат күйледі тыным алып.
Жетеуі Жамшы түскен Түйтені іздеп,
Үшеуі ел торыды сонда қалып.
Жетеудің басшысы Абақ жерге жетік,
Ел бар деп сескенбейді елең етіп.
Бас шиден Жамшы құлай жатқан жайрап,
Түйтеге желіккен жау келді жетіп.
Көз барда алды шолып ел сарасын,
Жылқының кешкі өрісін сай-саласын.
Ел жата дүрілдетіп тимек болып,
Майданға жеті қыран байлап басын.
Ай жарық самаладай, бұлтсыз аспан,
Ырғай — кер Абақ алда шеки басқан.
Бір мұртты желге беттеп жылқы шығып,
Айғырлар үйір жинап арқырасқан.
Жылқының дыбысынан тұлпарлары,
Жеті ерді, желіктіріп алып қашқан.
Ел жата жылқы өріске жеткен кезде,
Жылқыға Абақ тобы араласқан.
Ай жарық жылқышы көп бұлар шағын,
Жылқының түре тиген ауыл жағын.
Арасын көк пен жердің аттан керіп,
Дүрлігіп тұяқ басты жер қабағын.
Желіккен қалың жылқы айғайға еріп,
Жайлауыш тай-тулақта шапты еліріп.
Сайланған жылқышы да тобын жазбай,
Салды ұрыс жан аямай түйдек келіп.
Жарқылдап айбалталар от ұшқындап,
Желекті ақ найзалар жүр сымпылдап.
Қабақтан қан сырылдап, маңдайдан тер,
Ұрысқа екі жақта кірді шындап.
Аттанның қоюланып артқы жағы,
Құйылды тобыменен ел адамы.
Жазылып Абақ тобы есі шығып,
Жалғыздап қаша ұрыс сап бытырлады.
Абақты бой жаздырмай ортаға алып,
Абақ та жан аямай қимыл салып.
Дарытпай етке таяқ аш бөрідей,
Шығады, Ырғайкермен топты жарып.
Бетпе-бет бір келгенде бір қалың топ,
Ай балта алмас жүзін айға жанып.
Жарық етіп құлақ түбі Ырғайкердің,
Құлады омақаса жерге барып.
Бас салды кіжінген жау аясын ба,
Жөнелді қол-аяғын байлап алып.
Берді деп Құдай қолға қанды қолды,
Қолына долы Нұрлан берді апарып.
«Кеудесін тірі жанға бастырмаған,
Жауына жазым адым астырмаған.
Нұрлан өр, Нұрлан көк, Нұрлан қияс,
Жауы жоқ жағаласса састырмаған».
Осылай аңыз қылып Қаракесек,
Нұрланды жан жеңбейтін батыр десед.
Әупілдек өр көкірек, мақтан құмар,
Жауының жағаласса жолын кесед.
Жетеудің қолға түскен бірі кетпей,
Таласқан Түйте олжаға ұры жетпей.
Жолдасып бөліп алып тон тонауын,
Кісенде жатты бәрі қыбыр етпей.
Аққозы Нұрлан жауы көп алысқан,
Егер боп ел толғантып көп салысқан.
Сан тұлпар сан көкжалдың басын жұтып,
Арасы қыр мен сырдың қайғы құсқан.
Біріне саламын деп бірі таңба,
Батырған момын елді талай қанға.
Жылынып оттарына екі обырдың,
Жазықсыз сан қыранға түскен таңба.
Жеңбеген жау таяғы батыр Абақ,
Өрт мінез, өрескел күш, батыл Абақ.
Бергізіп ит аяқтан Нұрлан сарысу,
Кісенде қол-аяғы жатыр Абақ.
Байлауда Абақ жатыр Нұрланда үн жоқ,
Іздеген Абақтарды елде ешкім жоқ.
Жоқтаусыз бұралқы иттей жатты есіл ер,
Қол-аяқ кісендеулі босар күн жоқ.
Күн өтті, күн артынан айлардан ай,
Байлауада Абақ жатыр қимылдамай.
Қой жиған Қояндыдан қалың қоспен,
Нұрланның келді ауылға ташкендік бай.
Бұл байдың қазақ еді арғы тегі,
Байлықпен сараңдықтың өскен шегі.
Арасын арқа Тәшкен соқпақ қылған,
Саудамен ел қанаған Садық жегі.
Жөргекте қойылғанмен Садық аты,
Ат түгіл өзгеріп ед туыс заты.
Атасын аямайтын өзі түгіл,
Садық деп қоңсы, туыс, дос жекжаты.
Қос қолаң тамақ үшін басын иіп,
Бай дейтін Садық деуге аузы күйіп.
Сол Садық Сарыарқадан тауып қалап,
Достасқан Нұрланменен жаны сүйіп.
Қамы үшін сауда менен жиған малдың,
Қауіпті кездесетін алып алдын.
Тарту мен тамағына түйін тастап,
Нұрландай аузын алып озбыр жанның.
Биыл да таралғылы тартуымен,
Ақбас нар, тайлы мата артуымен.
Нұрланның ордасына келіп түсті,
Бұрынғы келіп жүрген тәртібімен.
Қонағын Нұрлан тосқан алды күтіп,
Бай қосы жер қайысқан малға бітіп.
Жамшыдан ине шаншар жер қалдырмай,
Қой басты құмырсқадай шиді түтіп.
Жатты да бірнеше күн қосы көшті,
Қос арты неше күнде әрең өшті.
Бай досы аттануға қамданғанда,
Нұрланға кесапатты бір ой түсті.
« — Аққозы қиратқанша қырда жатып,
Кісісін жіберейін итке сатып.
Басайын, Тарақтыға өшпес таңба,
Мақтан ғып Қаракесек жүрсін айтып.
Деді де досын Нұрлан оңаша алып,
Қиналтып қимас досқа қолқа салып.
« — Байлауда бір ұрым бар қолға түскен,
Қолқа сол соны Ташкен кетсең алып.
Босатпа байлауынан жыл өткенше,
Қиылып қол-аяғы әл кеткенше.
Босанса кегін ал май тоқтамайтын,
Қанішер, қауіпті жау бір кектенсе.
Не өлер жыл толғанша не әлсірер,
Кемтар боп кек қуатын оты сөнер.
Сол кезде босаттағы құл ғып жұмса,
Бір көнсе айтқаныңа сонда көнер.
Мен десең орындалсын осы қолқам,
Ерлік қыл осыны істеп көрсет өнер.
Алатын менің қолқам кісі беріп,
Қолдағы қос қара ала итінді бер.
Ит беріп сатып алған құлым дерсің,
Сұраса мұның кім деп жолындағы ел.
Таратып осы атақты кетсең досым,
Дүнием жоқ аяйтұғын айт та ала бер».
Бұл қолқа ауыр тиіп бай сандалып,
Бере алмай ашық жауап ойға қалып.
Алмаса Нұрлан көрмес жау болады,
Абақтан қатер күшті жөнелсе алып.

Оңаша қалып кітаппен.
Мінеки осы салмақ байды басып,
Біле алмай не қыларын отыр сасып.
Дос мынау қолқасы анау екіден бір,
Бірде ерлік, бірде қорқу араласып.
Сүйтсе де бай қорытып шешті сөзін,
Не баққа не сорға деп қайрады өзін.
«Алғаным итке кісі мағанда атақ,
Қайткенде тастай алам Нұрлан сөзін.
Ташкенге бір жеткізем жолда бағып,
Шынжырлап қол-аяғын бұғау тағып.
Сонан соң иттен қор қып итше ұстармын,
Итке алған Тарақты деп әжуа қып».
Залым бай күлді қарық Нұрланды алдап,
Басса да сыр білдірмей ауыр салмақ.
«Кісендеп қол-аяғын» деді мықта,
Абақты итін беріп болды да алмақ.
Алған соң өз қолқасын Нұрлан бөгіп,
Алдына Садық достың барын төгіп.
Жел жетпес «Көсеу көктей» атын байлап,
Жамылып жібек кілем нары шөгіп.
Абақты салып берді Нұрлан байлап,
Сазарып Абақ жатыр тісін қайрап.
Айтар сөз, істер қайрат, қолда күш жоқ,
Тек қана жалын төгіп көзі жайнап.
Екі аяқ кісендеулі қолда тұзақ,
Абақты ап Садық қосы жөнелді ұзап.
Сатылып қос қарала қотаншы итке,
Аттанды Абақ батыр сапарға ұзақ.
Іште тек жан жалындап қайнағанмен,
Жауына кекпен тісін қайрағанмен.
Қол-аяқ кісендеулі істер лаж жоқ,
Қару ғып қанын, жанын сайлағанмен.
Аяқта темір кісен шынжыр қолда,
Кілт байда ауыспайды басқа қолға.
Қос артқан қара нардың жыртық шомы,
Көшсе де, қонса да қос, Абақ сонда.
Қара нар балпаң басып ырғалады,
Қос көшсе қоймен қаптап құба жонға,
Тамызғақ шөлдің желі, тандыр кесіп,
Абақты әлсірете жаны торда.
Ішкеннің жегені мен көзі аузында,
Ерке ерік бүгін торғай түскен торға.
Бергізіп сұмырай Садық бірақ қорек,
Сөткеден саптаяқтан сусыз жонда.
Жабысып тіл таңдайға көмей кеуіп,
Нар терін Абақ сорад сіңген шомға.
«—Егерде өлмей өтсем мынау шөлден,
Бұлда бір бейнет шығар тәңір көрген.
Тән түгіл жан қорлығы бұдан да ауыр,
Сатылып ит орнына ит боп көнген.
Босанар бір кез келсе кісенді ашып,
Құтылар мынау тордан шығар қашып.
Садықтай сұмырай байдың басын кесіп,
Кетер ем кегімді алып қанын шашып».
Дейді де жасымайды бойын беріп,
Жанына жалынды үміт болып серік.
Бетпақтан тынбай көшіп Садық көші,
Нар иген, Науалыға қонды келіп.
Шөлді өтіп, бетпақты асып, бойы кеңіп,
Саудагер көңілі тасып мерейге еніп.
Мал сойып малшыларға сый көрсетіп,
Жатты өзі қорқылдатып нашаны еміп.
Қорқылдап қорқордан су наша бықсып,
Кілмиіп көзі аларып бай былықсып.
Бір тұрып, бір жығылып, бұлғақтап жүр,
Мас болып нашаға улап күліп сық-сық.
Күн батып шөл даласын түн ұйытты,
Мал жусап керуен жатып өмір бықты.
Сандалып шала есі бар сық-сық күліп,
Шатырдан Садық сұмырай сыртқа шықты.
Аяғы былғалақтап шалынысып,
Аша алмай екі көзін жарты қысып.
Қақтығып қақ қасына Абақтың кеп,
Жығылып жатты ұзыннан мұрттай түсіп.
Жылжып кеп кісенімен бай қасына,
Қол салып кілтті салған қалтасына.
Ақырын сылдырлатпай алды да Абақ,
Отырды тығып біраз жамбасына.
Талыққан тынбай тартып шөлде үдеріп,
Қаста ояу бір пенде жоқ жатыр өліп.
Байқап ап айналасын кісенді ашып,
Орнынан тұрды да атып байға төніп.
Қараса бай белінде қоқан пышақ,
Орамал белбеуінен алды көріп.
Қанталап екі көзі түкті көрмей,
Кезертіп кек биледі ақыл сөніп.
Шешті де орамалын аузын буды,
Сезбейді еш нәрсені бай бір өлік.
Осы-ay деп қақ жүрегің Садық сұмырай,
Пышақты сағалата қалды көміп.
Булығып бір жиырылып бай жан берді,
Қалшылдап қара болат қанын емді.
Қанжарды сүртіп, сүртіп қынына сап,
Маңдайдан Абақ сүртті суық терді.
Білінбей ешбір дыбыс түн булығып,
Қалың қол ортасы ой боп жатты бығып.
Арқаннан Көсеукөкті шешіп алып,
Біраз жер бай қосынан тұрды.шығып.
Жез белбеу, алты қырлы ұзын берен,
Оятқан шөл даласын түнде керең.
Қаруы бай қосының сақтыққа алған,
Білтелі ақ мылтық тұр оғы терең.
Қайрылып қосқа келіп мылтықты алды,
Атына сыртта жатқан желқом салды.
Жан сезбей күзет көрмей батыр Абақ,
Қара үзіп бай қосынан кете барды.
Астына Көсеккөктей тұлпар тиіп,
Босанып жау қолынан, есін жиып.
Бай көшін саңырау шөлде жер соқтырып,
Жарысып Абақжелмен тартты ызғытып.
Еркіндеп шыққаннан соң бойын жазып,
Көңілі көтерілді қалған азып.
Түзерін бетін қайда салмақтады,
Шомылды батыр ойға сырын қазып.
—Ел бар деп Тарақтыға не деп барам,
Барғанмен менде өмір жоқ күнім қараң.
Алмаған жау қолында жатқанда іздеп,
Ел беті енді маған емес пе арам.
Сатылғаны ит орнына ит атанып,
Сүйекте кетпес таңба жоқ па жарам.
Көрсетпей сүйегімді далада өлмей,
Басымды енді неге базар салам.
Симаспын Сарыарқаға атым өшпей,
Неге өсті өшкір атым бағым өспей.
Арқа мен Сыр бойына қош айтысып,
Болмайды Алатауда қырғыз көшпей.
Кетпесем құлақ естіп көз көрмеске,
Нұрланның құрығы ұзын жол берместе.
Жауда жау, жақында жау жан жаралы,
Болмайды түзде жүріп шетте өлмеске».
Абақ ер осылай деп қорытты ойын,
Бекітті ұзақ жолға батыр бойын.
Көсеу көк ауыздықпен қаршылдатып,
Алысып тізгінімен салды ойын.
Кетіппін көпке Көкті тыныстырмай,
Көсеуді көп көкпенен салыстырмай.
Көсеуді Түйте шулап тұлпар дейді,
Торайын топтың алып жарыстырмай.
Түйтенің арық борбай арса Көгі,
Түлкі төс, бота тірсек, арса Көгі.
Жиын-той шаппай бәйге ұсынатын,
Нұрланның қай жиынға барса Көгі.
Көк озат көкке ұшпаса шапқын малдан,
Жолы жоқ Көктің шауып малдан қалған.
Арқаның атын тиған атақты Көк,
Нұрландай озбырға оңдап олжа салған.
Сұйық жал, сабау құйрық, көстиген Көк,
Есіктей омырауы тестиген Көк.
Асты алыс, үсті қысқа, сиыр бөксе,
Кеңтанау, кешкіл маңдай, көкшиген Көк.
Көсеуден тұлғасынан көсей біткен,
Бауырын жерге шағын төсей біткен.
Атаған «Көсеукөк» деп таман Түйте,
Мүшесін үйлестіріп, сыртқы түкпен.
Қимас дос, қимас атқа қолқа салып,
Қиналған қияс Нұрлан сөзден қалып.
Үш жылдай ұдайы мен қоймай қалап,
Садық дос шығып еді, биыл алып.
Таусылып табар сылтау Нұрлан атын,
Көкті айтсақ Нұрлан өңі сұрланатын.
Көп алған қолқаға орай беріп еді,
Нұрланда қамыс құлақ жез қанатын.
Көк тұлпар көсеудей боп бауырын жазып,
Сом тұяқ соны белден соқпақ қазып.
Бұлдырап бұйра шөлден сағым болып,
Бауырымен Абақ тартты темір қазық.
Ер Абақ сол бетімен тарта берді,
Жобалап, көрмесе де бұрын жерді.
Бұлт болып қар жамылған кәрі Алатау,
Кимелеп көк кемерін елес берді.
Кимелеп көк кемерін бұлттан асып,
Бұрқырап ұшар басын қырау басып.
Абақты алды тартып қойнына асқар,
Арқа мен Сырды тастап тауды асып.
Абақты былай қарай шығарып сап,
Садықты Науалыда сұлатып сап.
Оралып ел мен қосқа бір соғалық,
Берелік тыңдаушыға хабарын ап.
Мұнартып сәуле төгіп, шөлдің айы,
Әсемдеп аспан астын сәуле тайы.
Баспағы шөл бетінен ай шыққанда,
Жайнады күміс шықпен шөлдің сайы.
Бадырайып сәулесімен мөлдір айдын,
Шөл шөбі сұр бай алыс, сар қурайы
Қуанып күткен таңның сәулесіне,
Шыр етіп ұшты шөлдің бозторғайы.
Ыңыранып айдау жеген қойлар жатыр,
Көміліп күміс шықпен ойлар жатыр.
Бүгіліп көлденеңдеп көк шетіне,
Шөл белі бір ауыр ой ойлап жатыр.
Шөл таңы жарық айлы жарқын жүзбен,
Жамырасып құлазыған елсіз түзбен.
Жалғыз-ақ шөл еркесі бозша торғай,
Құбылтып таң сәулесін ән мен жүзген.
Ешкімнің хабары жоқ Абақпенен,
Жүріс жеп, әрі тойған тамақпенен,
Сүтжанда еш қаперсіз бір ұйықтаған,
Қаупі жоқ бұл жерде жау алад деген.
Қос басы сақтығымен байға жаққан,
Шөл жолын айсыз қара түнде тапқан.
Қонысшыл қос жолына әрі малсақ,
Күндіз-түн бай малы үшін безек қаққан.
Жексұрын малшыларға Сүтжан соқыр,
Ызғары байдан ары көпке батқан.
Сүтжанды осы түнде қара басып,
Кетті ме әлде көптен ұйқысы асып.
Қатты ұйқтап қалған екен еш қаперсіз.
Таң менен тұрды орнынан араласып,
Байқаса қостарда ояу бір пенде жоқ,
Ай жарық, таң бозарған, аспан ашық,
Алдымен шолды келіп байдың қосын,
Шатырдың шалқасынан есігі ашық.
Жаюлы төсек жатыр, жатқан бай жоқ,
Үңірейіп соқыр көзі сұры қашып.
Шошынып шолды қостың айналасын.
Жалғыз көз таң мен аймен жамырасып.
Қарап ед қостың қой жақ көлеңкесін,
Жалғыз көз көрді жатқан бай денесін.
Шарт байлап орамалмен аузын тартқан,
Пышақтап хақ жүректен қос өкпесін.
«Жайратып байды жарып, бауырын қан қып,
Қандай жау қапылыста тұрған аңдып».
Деп зарлап шөл даласын соқыр Сүтжан
Жіберді үрпек бас та ұлан зар қып.
Үрпиіп тұра-тұра қостан шұбап,
Жүгірді барлық жалшы үркіп — шулап.
Қан болып үсті-басы, тартулы аузы,
Бай жатыр ұзынынан түскен сұлап.
Жүгіріп түгендесті қостың жанын,
Ешкім жоқ есіне алған Абақ барын.
Көк атпен байлаудағы ұры қайда,
Деп қалды көне қойшы кәрі Қалым.
Қамалған ізін таппай болған істің,
Жақ ашып батпай тұрған сөйлеуге ешкім.
Қауым елдің бетін бұрғанда боп,
Абақты байлауынан таппады ешкім.
Ашулы кісен жатыр Көсеукөк жоқ,
Ақ мылтық бір ер-тоқым тағы да жоқ.
Болғанын бұл жұмыстың енді кімнен,
Қос қолы білді анықтап түк күдік жоқ.
«Бұл жұмыс келген екен қайсар сұрдан,
Қан талап екі көзі құдай ұрған.
Тартып ап қанын ішке, тілін тістеп,
Жатушы ед тамақты ішпей беріп тұрған».
Деп шешті көптің аузын ұят буған,
Жасы мен жалғыз көздің бетін жуған.
Жан ашыр жалғыз кісі Сүтжан соқыр,
Садыққа бауырындай ед бірге туған.
«Өнбейді енді еш нәрсе бос тұрыстан,
Бітірді өз жұмысын қайсар дұшпан.

Қамаңдар екі қос ат қостан таңдап,
Нұрланға жетсін хабар бұл жұмыстан».
Деп Сүтжан қосқа әмірді берді тығыз,
Төрт атпен екі жігіт деп «дайынбыз».
Аттанды бетін түзеп қайта Арқаға,
Жобалап көш жолымен сүрлеулеп із.
«— Айтыңдар қапылыста бай қазасын,
Беруге салсын қимыл жау жазасын.
Бар болса Көк астында қоймай тауып,
Келтірсін қос қолына Абақ басын.
Сүйегін байдың Тәшкен жөнелтемін,
Жылыстап су сағалап тосып алам.
Сендерге Құлан суды меже етемін».
Деді де қала берді Сүтжан соқыр,
Тамам қос Сүтжан лебін тосып отыр.
Тәшкенге жеткізуге бай сүйегін,
Қамданды қос жабылып апыр-топыр.
Кеткенде Абақты алып бай аттанып,
Абақты итке сатып, бай мақтанып.
Көңілі өскен өр көкірек Нұрлан қамсыз,
Жатқанда түк қам қылмай ел сақтанып.
Қоңыр кеш, ала сәуле, ай тумаған,
Жер бетін аттан басып, ел шулаған.
Жылқыға найза қағып тиген жаудан,
Дүрілдеп жер сілкініп жан тулаған.
Дүрлігіп жылқы түсті жау алдына,
Таяқтан бір жылқышы сау қалды ма.
Ел қамсыз ат раңдап, ел тыраңдап,
Жатқанда аңдыған жау бас салды да.
Тастамай тағалы тай көтере алып,
Ел зары түнді оятқан жерді жарып.
Шайнасып бармақтарын жаяу үйде,
Түйтенің көкжалдары қапы қалып.
Қалың жау жылқыны алып жүре тартып,
Қуғыншы қала берді қанға малтып.
Астына аты тимей Түйте еркегі,
Шобырға тақым толмас борбай артып.
Көре алмай қала берді жау қарасын,
Түйтенің ыза кернеп кәрі-жасын.
Ақшатау, Алтынсандық өзен жарлы,
Томсарып алды тосып ел көз жасын.
Аққозы көп сазарған тілін тістеп,
Жақ ашпай адамзатқа күйген істеп.
Хабарсыз жеті ері кеткен жоқ боп,
Салықтан қайтқан үшеу ұрлық істеп.
Түскенін жолдасымен қолға Абақтың,
Сүрініп жау жолында қан балақтың.
Нұрланның аруағы асып ерін байлап,
Бергізіп итаяқтан сарсу сарқып.
Абақтың ит орнына сатылғанын,
Сүйекке Нұрлан тісін батырғанын.
Кісендеп қалғандарын сіріге сап,
Бүрілтіп қол-аяғын қатырғанын.
Алған соң ұзын құлақ ел хабарын,
Жинап ап Тарақтының елде барын.
Аққозы ат баптатып жігіт сайлап,
Алуға аттандырған Түйте малын.
Қоса алып малы менен кісілерін,
Қайтару барымта мен кеткен кейін.
Ел болып Тарақты ұлы бір аттанған,
Жолы еді бір шулатпақ Бес ата елін.
Осындай Нұрлан бөліп жауы шауып,
Бұт артар жылқы қалмай еркегі ауып.
Шулаған, Түйте болып күйзеу елге,
Сүтжанның шапқыншысы келді тауып.
Аттанған хабар айта екі кісі,
Түн қатқан түзді жазып қашып түсі.
Нұрланға хатты әкеліп ұсынғанда,
Күлдей боп оттан сөнген Нұрлан түсі.
Дірілдеп буыны құрып, екі қолы,
Өртеніп екі жақтан бірдей жолы.
Не дерін, не қыларын басқара алмай,
Отырды обыр Нұрлан қайнап соры.
Ұласып бүлік болып Абақ арты,
Ел шабу кек қуғанда қазақ салты.
Арқада Нұрлан түсіп шабындыға,
Шөлге кеп қызыл қан боп Садық қалды.
Осылай қала берді ел бүлініп,
Ер шаршап, ел шабылып, ат сүрініп.
Көсеукөк Абақ пенен Алатауда,
Басынан аз да болса бұлт түріліп.

МАРИЯ
3
Арқадағы шашты ағартқан ағаш бағып.
Кестірмей бір бұтағын тауды қағып,
Ағаштың арасында өткен өмірі,
Нан жеген сақтығымен байға жағып.
Аң болып қалың ағаш арасында,
Көрмеген, қырдың байтақ даласында.
Терең шат, асқар құзды, саңырау сайлы,
Бұлт құшқан, Алатаудың саласында.
Серігі Аркадидің ақсақ Сәрсен.
Адамның бар серігі баласында,
Өмірін бірге жасап, бірге өткізген,
Бір тұрып қалың нудың арасында.
Күзетіп Сәрсен түнде Арғаш күндіз,
Бағатын аң еместен түсірмей із.
Тұрмыс бір, туыс басқа, өмірге ортақ,
Баласы екеуі ара Мария қыз.
Көрмеген өмірінде Сәрсен бала,
Қатыны Қалиман мен екеу ғана.
Жөргекте бауырына сап, татулықпен,
Мариясын Аркадидің қылған бала.
Марияға жаннан бөлек біткен көрік.
Көркіне көз тоймаған тұрған көріп.
Қолаң шаш, құралай көз, қиылған қас,
Тал бойы таспа сымдай қойған өріп.
Аркади ардақтаған жалғыз қызын,
Қолына қимас көрші қойған беріп.
Марияның қазақшылап шыққан тілі,
Сөйлеген орысшасы бермен келіп.
Аркадий әйел демей Марияға,
Үйретті жас күнінен мылтық беріп.
Аркади тауға шықса Мария қыз,
Қасынан қадам қалмай жүреді еріп.
Бір күні Аркадий жоқ Мария жалғыз,
Басынан Күйген судың қарады елік.
Ойда жоқ, қия құзда бір жат мерген,
Ешкі атты Марияға таяу келіп.
Тіл қатып таныспай-ақ екі мерген,
Сынасты бірін-бірі көрген жерден.
Бой сақтап кезек беріп, іштен сынап,
Бірі атса, екіншісі қала берген.
Әйтсе де жат мергеннің оғы жүйрік,
Мариядан бұрын атып ала берген.
Бір тастан көлденеңдеп бір тауешкі,
Жөнелді Марияға таяу жерден.
Жазым боп дарымады Мария оғы,
Кім білсін көз тайдыма соққан желден.
Жат мерген алыс тұрып атты өкпеден,
Қайрылып түсті теке атқан жерден.
Таңданып өнеріне жат мергеннің,
Мария қыз тамашалап таяу келген.
Сыр бермей сынасқада қыз таңдантып,
Ешкі атқан ақ мылтықты Абақ мерген.
Кірген соң саласына Алатаудың,
Ауылынан алыстады қуар жаудың.
Көсеукөк Абақпенен тыным алып,
Азық қып аңын, суын жатқан таудың.
Тығылып көзге түспей Күйгенсуда,
Паналап, күндіз-түні қалың нуға.
Азыққа елік ата шығып бүгін,
Жоқ жерден Марияға келді тура.
Мария қыз амандасты қазақшалап,
Сый тұтып жат мергенді сөзбен сылап.
Сиқырлы үн, мағыналы сөз Марияға,
Абақ тұр ынтасы ауып, ойы құлап.
«—Мергенсіз, біз көрмеген бұл маңайдан,
Жан кешіп тауда жалғыз жүрсіз қайдан?
Жат кісі жаны батып бұл қияға,
Келмейтін аң атуға қорқып байдан».
Мария қыз осылайша жолды сұрап,
Ашқандай сыр сандықтың кілтін бұрап.
Абақтың еркін тартып ерке дауысы,
Тап басып, тайсалдырмай жөнін сұрап.
Жалтартпас жанын тінткен қыз сұрағы,
Жаны жоқ атап берер өз тұрағы.
Абақтан амалсыздан ашылды сыр,
Шындыққа шымырқанып ой құлады.
Берді айтып қызға сөйлеп Абақ сырын,
Қалдыртпай қазыла айтып барлық сынын.
Туылған түйдек тұлға қыран бейне,
Асырмай асқақтады қыздың сынын.
Қыз сонда ер сырына егілгендей,
Қайысып қабырғасы сөгілгендей.
Жаны ашып жалғыз жүрген ерді есіркеп,
Мойыды қыз мейірімі төгілгендей. 
«—Мергенім жүр баралық біздің жаққа,
Жабықпа енді жалғыз тауда жатпа.
Біраз күн тыныққан соң бізде жатып,
Сонан соң ойланарсың барар жаққа».
Деді де Абақты қыз қасына ертіп,
Исінен Мария қыз да Абаққа елітіп.
Үйіне алып келді таудан тапқан,
Мергенін шынын айтқан, сырын шертіп.
Абақты үй ішімен таныстырып.
Жайланып жан тынығар құрмет қылып.
Абақтың мергендігін Мария қыз,
Айтып жүр аузын ашып, көзін жұмып.
Аркади Абақ сырын сырттан шолып,
Келбетке келістікті көңілі толып.
Көне шал, көпті көрген ерді сынап,
Күтіп жүр құрақ ұшып бәйек болып.
Үйіріліп Абақ жаны қызбен үйге,
Мейрімді таза ықылас жаңа күйге. 
Тап келіп тар жолына таза мекен,
Жау көзден жаны таса жайлы күйде.
Көргенде-ақ Марияны тас қияда,
Қырандай жемін көрген тас ұяда.
Жан төніп, қайғы сөніп, кеткен от боп,
Бар ынта аударылып Марияға.
Айта алмай Абақ жүрді қызға сырын,
Ісіне сиғыза алмай жүрек жырын. Абаққа,
Абақтан да Мария ғашық,
Бата алмай жүрді сынап бірін-бірі.
Ерігіп екі мерген аң сағынып,
Кетіп еді елік іздеп тауға шығып.
Басына Алатаудың бұлт айналып,
Дудырап түткен жүндей жатты бығып.
Биікке тау кемері алыс елден,
Аң алдап көздің құрты алып келген.
Қияда қия басар із табылмай,
Қамалды жол таба алмай екі мерген.
Ілезде өзгерілген тау өмірі,
Бұзылды бұршақ сабап, бұлттың сұры.
Біресе қар сабалап, боран түтеп,
Қыс болды қалшылдаған жаздың күні.
Екеуі жан қарманып, жартас тінтіп,
Атқан аң қалды сыртта екі мылтық.
Бір қуыс жел бармайтын алды тауып,
Минутта өмір өксіп болған ынтық.
Тар қуыс, тас босаға, желді қағып,
Екеуі есін жиды тас пана ғып.
Аздан соң жел басылып боран тынып,
Жайланды асқар іші түнмен бығып.
Жұлдыздар жымыңдады көктен төніп,
Бораннан бұғып тұрған бұлтқа сөніп.
Жарқырап күміс табақ айда туып,
Жайнатты асқар басын нұрын төгіп.
Ай нұры асқар құшып тасты сүйді,
Тас емес, тастағы екі жасты сүйді.

Ақ жүзін ай қытықтап сұлу Мария,
Керілте ақ мандайын қасын түйді.
Марияның ай нұрлаған ақ ажарын,
Аудара аялаған бар назарын.
Абақ тұр жаны үзіліп жалын болып,
Айта алмай бойын билеп қызға зарын.

Белгісіз бір күш билеп кетті Абақты,
Арыстан кеудедегі дүрсіл қақты.
Тіл қурап таңдай кеуіп, қол дірілдеп,
Жүректің ыстық қаны басқа шапты.
Айта алмай қысылғанмен қызға зарын,
Ғашықтық кетті билеп ердің жанын.
Аузынан қалды білмей қалай шықты,
Құшақтап Марияны деді "жаным".
Мария да жанын шалған жалынға еріп,
Майысып сұлу дене құшаққа еніп.
Жабысып екі дене құр сүлдер боп,
Жан тілі жамырасты жүректі еміп.
Табысып екі жүрек көптен асық,
Жапырлап жалын қайтып лебін басып.
Асыққан аптық нәпсі тояттады,
Өксіген өмір шөлдеп мауқын басып.
Таң атып, тау безеніп жаны кіріп,
Екі асық тұрды орнынан таң мен еріп.
Алтын күн Алатаудан артып иек,
Жайнатты жартас ішін сәуле беріп.
Екеуі мылтығы мен атқан аңын,
Алды да жол іздеді шалып маңын.
Шын жартас құлай біткен ойында өзен,
Қиянның екеуі тұр басып жалын.
Бұл құздың түсуі қиын барғанынан,
Қарасаң бас айналған жан жағынан.
Түсер із жалғыз жымы тау текенің,
Келетін суға құлап ар жағынан.
Қия құз жалғыз аяқ жазым соқпақ,
Симайды екі табан қатар топтап.
Сол жолмен Абақ бастап Мария артта,
Келеді алдарына көзін оқтап.
Жер емес жаннан безіп серт қылатын,
Жол қиын жазым болсаң мерт қылатын.
Тік жартас аспан зәулім, астында өзен,
Түк жол жоқ бұдан өзге бет бұратын.
Болжады Абақ алдын тұра қалып,
Қияға көз жүгіртіп алдын шалып.
Марияда Абақ ізін аумай басып,
Аяғын аунақшытпай батыл салып.
Келеді керегедей қия таспен,
Жетем деп түсер жерге қалай барып.
Бір жылан сонша болмай ыршып түсіп,
Марияның аяғына қалды оралып.
Қапылыста ет жүрегі кетті тулап,
Серпілді сол аяғын жұлып алып.
Салмақпен аударылып сасқан дене,
Жартастан түсті құлап суға барып.
Толқынға тулап жатқан түскенде ұшып,
Жөнелді бірақ толқын іліп алып.
Соғылып тастан тасқа толқын тулап,
Жоқ болды бір қараңдап барып-барып.
Қабағын бір қаққанша Мариясы жоқ,
Абақ тұр не екенін де білмей қалып.
Құр дене, сезім сөніп, сазарған ер,
Құлады екпетінен Абақ талып.
Сол жерде Абақ жатты есі кірмей,
Мылқау құз, меңіреу жартас тұр сазарып.
Жел тынып бұлт көшпей мүлгіді аспан,
Тығылған ұясына күнде барып.
Дудырап түткен жүндей бүркеп тасты,
Құз бетін жылжып баяу түн кеп басты.
Үңірейген ажал болған айналаға,
Бір кезде Абақ тұрып көзін ашты.
Түбінде шыңырау шаттың толқын тулап,
Жар тасты сабап толқын жатты шулап.
Жаралы жүрегіне қанжар болып,
Қадалды қорғау дыбыс жанын улап.
Күңіренген жалғыз ерге жартас құшып,
Жүйрік жел үнін қосып қақты сумақ.
Күйген су бір бұл емес талай күйген,
Күйген су өмір десе қабақ түйген.
Күйдірген сонау суды қандай жалын,
Шықты екен жалын қайдан кімнен күйген.
Біз оны бұл арада тергемеспіз,
Су сырын айтып бізге бер демеспіз.
Сүйткен су тағы жанды жалынменен,
Өртенген өзегінен ердің емсіз.
Бұл суда талай жанның жаны күйген,
Бұл суда сан ғашықтың жары күйген.
Сондықтан Күйген су деп атанған су,
Тағы да күйді бүгін зарлы күймен.
Сол суда Абақ шертті жан күйігін,
Күңірентіп зарға бөліп тау биігін.
Күрілі Күйген судың зарға ұласып,
Ер шерін екілентіп ұлғайтты тым.
Ал енді жанды өртеген мынау қорлық,
Мылқау күш бұл да маған қылды зорлық.
Сиғызбай кең дүниеге тасқа қамап,
Артымды өр, алдым дария, астым орғып.
Сандалып ер орнынан әрең тұрып,
Жүрегін пара-пара күйік ұрып.
Қара түн қара жартас бол деп куә,
Күбірлеп әлі бітіп, демі құрып.
Күйігін Марияның тауда тартқан,
Ортасы адамзаттың қалсын құрып.
Жауыма жан күйігін көрсетпеймін,
Онан да аңмен аң боп тауда жүріп.
Деп зарылап Абақ сонан тауда қалған.
Жан барма еді Абақты іздеп тауға барған,
Жалғыз-ақ Аркади шал Сәрсенменен,
Жоғалтып Мария, Абақты тауды шолған.
Мария жоқ, Абақ жалғыз тау күңірентіп,
Жүргенін Күйгенсудан тауып алған.
Абақтың су күйдірген жалынымен,
Екі шал қоса өртеніп, бірге жанған.
Мария жоқ шалдар күйіп жанғанменен,
Абақты үйге қайт деп қолқа салған.
Қос жетім жан жарлысы екі шалдың,
Көңілін Абақ қимай үйге барған.
Алданып әрі аса алмай сол бетімен,
Қасында Аркаш, Сарсен, Абақ қалған.
Ол күндер жатыр алыс, әлде қайда,
Ақ түкті Аркадий мен Сәрсен қайда?
Жоғалып із-тозы жоқ олар түгіл,
Талай жыл, талай жаңа туған айда.
Сол күннен ағаш бағып Абақ қалған,
Мекені Аркаш, Сарсен Саңырау сайда.
Әдеті қамыққанда оймен улап,
Кететін оңға шығып тауда құлап.
Өрісі жалғыз аяқ жартас жолы,
Үсті құз, астында өзен жатқан тулап.
Абақ шал ағаш бағып, тау күзеткен,
Тапжылмай тау қойнында өмірі өткен.
Ішінде сол өмірдің осы тауға,
Талай жан талай сыр мен келіп кеткен.
Бағданыш, Мербақырдай1 талайтаушы,
Шығуға найза мұзға талап еткен.

Көп азап көп бейнетті тартқан талай,
Бірақта ешкім жоқты шыңға жеткен,
Соларға серік болып талай бастап,
Азба еді Абақ күші желге кеткен.
Сол шыңға адамзаттың бір шыққанын,
Көрсем деп өмір бойы қиял еткен.
Арманын анда-санда есіне алып,
Қарайтын шың басына шерлі кекпен.
Біразы шал жырының арманы да,
Асық боп аруақ күтіп қалғаны да,
Жас күні жалындаған қуғын қорлық,
Өмірдің солай өтіп салмағы да.
Тойы кеп октабірдің кеш килікті,
Жас жеткен, қайрат кеткен шал жағына.
Сонда да көппен бірге жауға аттанып,
Қайратын сізге жияр салмады ма.
Тобында қарт партизан бірге аттанып,
Талайын ақ бандының алмады ма.
Тақыс тас тау ішінің жұмбақ үйін,
Паналап сан қуғыннан қалмады ма.
Өзімен бірге тығып талай ерді,
Ажалдан аман алып қалмады ма.
Патша мен бай құлаған ұлы тойға,
Абақта көппен бірге бармады ма?
Тау мүлкі байдікі емес халықтікі,
Деп ұран көппен бірге салмады ма.
Сақтағам бұрынғыдан сақтай білем,
Деп мандат бағуға орман алмады ма.
Жас жетіп, күш кеткенмен, тізе бүкпей,
Бағып еді баға білді алдады ма.
Мінеки таушы алдынан тағы шығып,
Жетіп тұр өмірлік бір арманына.

Басқа да өлеңдері

Қарқаралы

  • 0
  • 0

Арқаның шоқтығындай Қарқаралы,
Қондырып ақбас нардан қарқараны.
Ақбаян арқа аруы аңыз дейді ел,
Кеткен деп тауға қойып Қарқараны.

Толық

Жамшыда жаздың түнінде

  • 0
  • 0

Күміс шардай көкке өрлеп,
Сәулесін төкті маңғаз ай.
Қазбауыр бұлттар көкке өрнек
Салғандай, жылжып көшкен жәй.

Толық

Темір су

  • 0
  • 0

Сауықтырған сан сырқауды,
Темір сулы, темір тауды,
Нуы балқып, көл шалқыған
Саяхаттап бақша-бауды.

Толық

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...