Өлең, жыр, ақындар

Жазды күні қалада

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 1
  • 1
  • 16616
Қала, рас, өнер-білім қайнаған жер,
Тұтқын ғып надандықты байлаған жер,
Егілген ескіде өнер ағашының
Жемісі, қызыл гүлі жайнаған жер.
Білемін, білсем-дағы көне алмаймын,
Қалаға шын көңілім бере алмаймын.
Қаншама өзімді өзім зорласам да,
Тән рақат, жаным шат боп жүре алмаймын.
Себебі, жыбырлаған жанын көрсем,
Бір еркін дем алдырмас шаңын көрсем,
Әсіресе, өз еркіңмен жүргізбейтін
Құрылған қолайсыз тар заңын көрсем,-
Түседі сол мезгілде ойға дала,
Жүгірген жалаң аяқ шақта бала,
Шалқар көл, қалың орман, ну тоғайлар,
Жайнаған түрлі гүлмен кең-кең сала.
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырм-ай, қандай жауыз тағдыр деген
Бұйырған: «Тұтқын болып жат та қамал!»
Кең дала мұндағыдай емес тығыз,
Сапырып күнде ішетін сары қымыз.
Назбенен жылы жүзді, жұмсақ сөзді,
Ақ үйде әзілдескен әдемі қыз...
Білмеймін, дала естен шығар ма екен,
Даласыз көңіл шіркін тынар ма екен?!
Ежелден еркін заңға әдет қылған,
Tap заңды қала жанға ұнар ма екен?



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін

  • 0
  • 0

Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін.

Толық

Жас Мағжанға

  • 1
  • 3

Мағжан депті біздің Бәкең баласын,
Қарашығым, бүлдірген бөбек, адасым!
Сұрайсың ғой: «Қайдан келдің, аға?- деп,
Енді қайда жол тартып сен барасың?»

Толық

Анама

  • 0
  • 1

Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе я өңім бе
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз, есім білмес күнімде,

Толық

Қарап көріңіз