Өлең, жыр, ақындар

Бір уыс бидай

  • 27.06.2019
  • 0
  • 0
  • 4664
Үш көріністі қойылым

Қатысушылар: Бала (Батыр), Әжей, Тұрыс, Әке, Мұғалім, Оқушылар, Күшік, бұзау.

Бірінші көрініс

Батыр сыныпта. Қалтасына бір уыс бидай салып алған.
Қолында темір трубка. Қарсы бетте тағы бір бала. Оның да қолында темір трубка, қалтасында бір уыс күріш. Екеуі бидай мен күріштің бір-бір дәнін ауыздарына салып, оны трубкамен атып, бір-бірімен ойнап жүр. Тыстан Батырдың әжесі келіп кіреді. Қолында Батырдың пиджагы бар...

Әжей.
Күн жауайын деп тұр,
Батыр, мә, кәстөмің.
Өзіңнің желің бар баласың,
Тоңып қаласың.

Батыр (бұртаңдап, жақтырмай).
Өйдөйт деген,
Мен саған әкел дедім бе,
Шақырған жоқ сені ешкім,
Мен кішкентай бала емеспін,
Жаңбырға да кісі тоңа ма екен?

Әжей.
Қасарыспа. Ки.
Қымтанып жүр, күнім,
Көктемнің қара суығы қиын.

Бала пиджакті алмай қашқақтайды. Әжесі соңынан жүр.

Батыр.
Тіпті қызықсың өзің,
Ылғи өстисің де жүресің.
Балалар көрсе мазақтар,
Бар, бар, кетші.

Әжесін итермелеп сахнадан шығарып жібереді. Пауза.
Аздан соң әжесі тағы келеді.

Әжей.
Ойбу, бетім-ай,
Мендей алжыған кемпірде ес қалды дейсің бе?
Мә, өрік-мейіз жейсің бе?

Әжесі ұзақ күйбеңдеп, бешпетінің қалтасынан бір уыс өрік-мейіз шығарып, Батырға ұсынады.

Жолда етікші Жәкемнің үйіне кіріп едім,
Студент баласы қаладан келді ғой...
Мә, мынаны солар берді ғой.
Сен жесін деп аузыма да салғам жоқ.

Батыр аларын да, алмасын да білмей тұрады. Бірге ойнап жүрген Тұрыс «Маған беріңіз, әже» дейді.

Әжей.
Тәйт, не дейді,
Батырдың өзі жейді.
Әжей қоярда-қоймай өрікті Батырға беріп, пиджакті құшақтап кетеді. Әжесі кетісімен Тұрыс Батырды келемеждей бастайды. Қалтасынан бор алып, Батырға ұсынады.

Тұрыс.
Мә, қант, жей ғой,
Тәтті екен дей ғой.
Әлде бидай жейсің бе?..
Жоқ, шөп жейсің бе!..

Батыр.
Өй, деймін,
Мазағыңды қой деймін.

Тұрысты қуады. Тұрыс қашқалақтап жүріп, Қалтасынан беторамалын алады.

Тұрыс.
Келші бері, күнім,
Қарашы шөпиген түрін.
Мұрынбоғыңды сүртейін,
Салбырап кетіпті.
Қатты жүгірем деп,
Екі бетің албырап кетіпті.
Күн суытып барады,
Желің ұстап қалады.
Жылы киініп жүрсеңші,
Езуің жыртылып кетер,
Абайлап күлсеңші.

Батыр (ашуланып).
Мынаны-ай, қап,
Аузыңды жап!

Тұрыс (жүресінен отырып).
Келші, арқама салып көтерейін,
Қолыңды әкел, жетелейін,
Әйтпесе құлап қалып жүрерсің.

Сахна ауысады. Мектеп іші. Мектепке келіп, Батыр сыныптағы қыздарды бидай, күріштің дәнімен дәлдеп ата бастайды.
Бидай дәні бетіне қатты тиген қыз баж етіп отыра қалады. Сыныпқа кірген мұғалімге шағым айтады.

Қыз.
Ағай, ағай!
Мына Батыр
Бізді бидайдың дәнімен атып жатыр.
Көзімізді шығаратын болды,
Сыныптың еденін қараңызшы,
Бидай мен күріштің дәніне лық толды.

Мұғалім(еденге қарап, сонан соң Батырға тіксініп).
Обал-ай! Обал-ай!
(Аяғын басатын жер таба алмайды.)
Жина жерде жатқан дәнді.
(Батыр аяғымен жинай бастайды.)
Саған не көрінген,
Аяғыңмен емес, жина колыңмен.
(Батыр жинаған болады.)
Дәнді қадірлемеген деген не сорақылық... Әй, Батыр!
Қазір сыныптан шық та,
Мектепке ата-анаңды шақыр.

Батыр.
Әкем де,
Шешем де,
Алыста қырманда,
Жоқ, бұл маңда.

Мұғалім.
Енді үйде кім бар?

Батыр.
Әжем бар, атам бар.

Мұғалім(аз-кем ойланып).
Үлкен кісілерге жүруге қиынға соғар,
Онда үйіңе өзім барам,
Айта бар.
Балалар!
Тағы қайсыларың осындайсыңдар?
Кәне, мойындаңдар.
(Ешкім үндемейді.)
Мысал үшін күн сайын
Әрқайсың бір уыс бидайдан
Рәсуа етсеңдер,
Жерге төксеңдер,
Сонда қанша астық
Шығын болады? А?
Бір уыс бидай –
Бір жапырақ нан.
Жетесіздер,
Әбден ырықтан шығып кетесіңдер.
Бір күн аш қойса,
Көрер едім,
Қалай ойнағанды.
Нанды қадірлемеу деген
Ол барып тұрған қылмыс...
Қазір өте жақсы тұрмыс...

Мұғалім балаларға нан туралы тамаша бір түсініктеме беруге тырысады. Батыр сүмірейіп, орнында тұра береді...

Мұғалім.
Тақтаға шық!

Батыр.
Сабаққа дайын емеспін.

Мұғалім.
«Бірсің». Тәртібің де «бір». Күнделігіңді әкел!

Батыр.
Үйде ұмытып кетіппін.

Мұғалім.
Бар да алып кел.

Батыр сөмкесін жинап алып, жайбарақат шығып кетеді.
Екінші көрініс

Батырдың үйі. Батыр күшік жатқан үйшікке келіп, таяғымен түрткілеп, ызаландыра бастайды.

Батыр.
Асыраған күшігің өсе келе,
Қабаған ит болып шықсын десең,
Соның қамын жесең,
(Ызаландырып, таяқпен түрткілеп)
Мазасын алып, тыныштық бермей,
Қашқалақтағанына көнбей,
Ойнап үру керек,
Күнде өстіп тұру керек.
Сонда ешкім де
Басын сұға алмайды,
Ол әлі
Бөтен адамдарды,
Ұры-қарыларды,
Біз жоқ кезде үйге
Жолатпайтын болады.

Күшікті біраз әурелеп, ырылдатып болған соң, Батыр ауланың бір бұрышында күнесте күйіс қайырып тыныш жатқан бұзаудың жанына келеді. Оны жатқан жерінен бұйдасынан сүйрелеп тұрғызып алады. Ноқтасын шешіп босатып, бұзаудың басын ішіне тіреп сүзісіп ойнайды. Бұзаудың тартыншақтағанына, қашқалақтағанынан қоймай, қайта-қайта басын өзіне бұрып алады.

Батыр (ентігіп).
Қайтсем де,
Сүзеген ғып шығарамын мұны мен,
Жаттықтырам, жалықпастан күнімен!

Бұзау сәлден соң, табан тіресіп, сүзуге жаттығып қалады.

Міне, міне, үйреніп келесің,
Дәл былай тұмсықпен пересің.
Сонда өзің бәрін де шақ-шелекей қып,
Тырқырата қуып, жеңесің.
Сүзісуге тез-ақ дәнігіп, әдет алып қалған бұзау бір кезде баланы қатты сүзіп жіберіп, шалқасынан түсіреді.

Әй, әй, ақырын,
Абайла,
Жазатайымда жазым қыларсың!
Сен бұзау,
Көзіңе қарайла!
Өзіңнің иеңді –
Мына мен дөдеңді,
Қатты сүзгенің, жарай ма?

Батыр үсті-басының шаңын қағып жатқанда, бұзау басын шайқап-шайқап мөңіреп жіберіп, теріс қарап бейғам тұрған баланы ту сыртынан және сүзіп қалып етпетінен түсіреді. Бала орнынан көтеріле бергенде, тағы ұмтылады. Бала еңбектеп қаша жөнеледі. Бұзау баланы ауланың ішін айналдыра қуады. Елірген бұзау есіктің алдында тепсініп тұрады. Бала есіктен сығалап қарағанда, бұзау сүзбекке ыңғайланады. Бала бұзауды сескендірмек, жасқамақ болып, үйден оқтау алып шығады. Бұзау онысына қарамай,
тұра ұмтылады. Бала үйге қайтадан қойып кетеді.

Бұзау есіктің алдында біраз уақыт күтіп тұрып, баланы сүзгенде оның басынан ұшып түскен, күнқағары жапырайған кепкесін тұмсығымен аз-кем иіскелеп, кепкені шайнай бастайды. Бала шыж-быж етіп, жандәрменмен бұзауға жүгіреді.

Батыр.
Осы ойнағанымыз жетер,
Ойыннан от шығып кетер!
Біраз жаттықтың,
Жетті енді!
Әкел деймін кепкімді!
Сүзуді үйреніп қалыпсың,
Маладес!

Бала бұзауға тақалғанда, бұзау басын тұқырып, оны сүзбекке ұмтылады. Бала кері қашады.

Батыр (есіктің алдында жыламсырап).
Қап мына қырсықты-ай,
Апам мұны білсе,
Сорлататын шығар,
Көкем мұны білсе,
Қамшымен ойнататын шығар.

Кепкіні саржағал ғып сілекейлеп, мыж-мыж етіп тастаған бұзау аула ішін аралап кетеді. Бала кепкісін қолына алып, жыламсырайды.

Сол керек өзіме,
Сүзісуді үйреттім екен, несіне,
Кепкіңе не болған дегенде,
Берем қандай жауап?
(Басын тоқпақтайды.)
Мен жындыға осы сауап,
Әке-шешем
Төбемді оятын шығар.
Тірідей іреп соятын шығар.
Әй, оңдырмас, оңдырмас.
Аяқсыз қалдырмас,
Шекемді жандырмас.

Көше жақтан қолында ұршығы бар әжесі келеді. Бала кепкіні артына тыға қояды.

Әжей.
Құлыным,
Ең құрыса тәулігіне бір рет,
Сабағыңды пысықта.
Кітап бетін ашпайсың,
Ертең мектепке не бетіммен барам деп,
Қаймықпайсың, саспайсың.

Батыр.
Осы сен-ақ тергейсің де жүресің,
Ал өзің не білесің?
Бір әріп те жаза алмайсың.
Сонымен қоймай «сабақ, сабақ» деп,
Құдды менің мұғалімім сияқты
Қылқылдап, маза бермейсің.
Адамның қыр соңынан қалмайсың.

Әжей.
Әй, тентек,
Оқу мына маған емес,
Өзіңе керек,
Менің заманымда оқу болмады,
Әйтпесе, оқыр едім бір адам құрлы.

Батыр.
Маған сабағыңның көк тиынға керегі жоқ,
Сол сабағыңның миды ашытқанынан басқа
Құйтақандай да көмегі жоқ.

Әжей.
Әлі ақылы толмаған күшік,
Кейін көресің пайдасын.
Сонша нең күйіп-пісіп!..

Батыр.
Әже, осы сен оқымағансың,
Хат танымаймын дейсің.
Ал ақшаға келгенде оны
Қалай ажырата аласың?
«Мынау екі теңге,
Мынау бес теңге,
Мынау он теңге»
Деп тақылдап тұрасың.

Әжей.
Енді ақшаны танымай,
Милау деп пе едің?!

Батыр.
Өзің нағыз қудың қуысың,
Сұмның сұмысың.
Бала бұртаңдап, өз бөлмесінде сабақ оқуға кіріседі. Үйге берілген тапсырмаларды орындай бастайды. Бөлмеде әжесі ары-бері жүргенде, аяғын еппен басады. Орынсыз шу шықпасын, баланың оқуына кесел болмасын деп тырысқаны бұл.

Батыр (өзіне-өзі).
Атам екеуі де оқымағанбыз, сауатсызбыз дейді,
Ал ақшаны қалай санайды десеңші,
Бір де жаңылмайды,
Екеуінен есепке жүйрік табылмайды.

Әжесі ыдыс-аяқтарды жинастырып жүріп, салдыр-күлдір еткізіп, тарелкаларды шашып алады.

Батыр (орнынан атып тұрып).
Сен көрші бөлмеге бара тұр!
Тыным ал.
Мен сабақ оқып жатқанда,
Біреу-міреу жанымда тұрғанын
Жақтырмайтын жыным бар.
Мен бір қиын есепті шығарамын.
Кесел келтіресің,
Мешайт жасайсың.

Әжесі көрші бөлмеге шығады. Бала басын қос қолдап ұстап алып, алдындағы кітаптарды дауыстап оқиды.

Батыр.
Айдың диаметрі Жердің диаметрінің 0,25-іне тең.
Есептеп шығарыңдар.
Ай бетінің көлемі Жер бетінің көлемінің қанша бөлігіне тең?..
Есеп болғанына болайын.
Мен оны қайдан біле қояйын.
Мына есеп қиын, ә?
Кіріп шығар емес миыма.
Осы менің басым бас емес,
Кеуек қой деймін.

Бала айнаны алып, өзіне-өзі қарайды. Басын тоқылдатып көреді. Басы қуыс ыдыс сияқты, ұрса «тоқ-тоқ» етеді.

Батыр.
Басымдағы ми емес, су шығар?
Сумисың деп неге ұрсады, әйтпесе.
Әй, қайдам, білмеймін,
Суми дегенің мен болып жүрмейін.

Бала басын ары-бері шайқағанда, судың сылдыр-сылдыр еткен үні естіледі.

Батыр.
Айдың диаметрі... Жердің диаметрі...
Тфу!
Есептің нағыз қияметрі...

Көрші бөлмедегі әжесі қоймай жөтеледі.

Батыр.
Тсс... Ақырын,
Сабақ оқып жатыр, Батырың.

Әжесі үсті-үстіне тағы жөтеледі.

Батыр.
Әй, жетер,
Болғансың ба көкжөтел?

Әжесі және жөтеледі. Тың тыңдап, ілік таппай отырған Батыр баж ете қалады.

Тыныштық бересің бе, жоқ па?!
Сабақ істетпейтін болдың,
Беталды, нарочно жөтелгенді қойғын.

Әжей.
Тамағым жыбырлап тұрғаны,
Қойдым, қойдым.
Жөтеліп болдым...
Аяқ астынан сыртта жұмыртқа тапқан тауық әдетіне басып бір сәт те тынбастан «қыт-қытын» бастайды. Қоятын түрі жоқ. Ызаланған бала орнынан атып тұрады.

Батыр.
Мына тауық,
Жұмыртқа тауып,
Соншама мақтанып міндетсінуін қарашы.
Ойбай, өшір үнін,
Онсыз да ашып отыр миым.

Әжей.
Мен оның үнін өшіріп келейін,
Ауладан қуып жіберейін.

Сырттан тасыр-тұсыр естіледі.
Тауықтың «қыт-қыттап» қашқаны, лақтырылған кесектің дыбысы, әжесінің «кіш, пәтшағар» деген үні естіледі. Дабыр бірте-бірте саябырсиды.

Батыр.
Айдың диаметрі, Күннің диаметрі...
Жердің диаметрі, менің диаметрім...
Әжемнің диаметрі, бұзаудың диаметрі...
Шошқаның диаметрі...
Иттің диаметрі...
Әбден өлтірді...

Өлі тыныштық орнайды. Бала ойланғансиды. Бірақ нәтиже жоқ. Қас қылғандай қабырғадағы сағаттың біркелкі тықылы анық естіліп тұр. Бала сағатқа ала көзімен қарап отырып, шарасыздықтан өлеңдете бастайды.

Тық-тық, тық-тық,
Миың жоқ түк-түк, түк-түк.
Тыным жоқ тық-тық, тық-тық.

Бала жүгіріп барып сағатты алып, қайда қоярын білмейді.

Батыр.
Әже, әже!
Құрт мына сағатты,
Тауысты тағатты.

Әжесі келіп сағатты алып кетеді.

Әжей.
Әй, тентек, тентек,
Өзінің істегені жөн тек,
Ал тындырғаныңды көрдік,
Оған жағдай жасадық,
Мұрсат бердік.

Батыр (ойланып).
Айдың диаметрі анандай,
Жердің диаметрі мынандай...

Қайдан тап болғанын кім білсін, дәу қара шыбын ызыңдап ұша бастайды. Ұшып барып терезеге соғылады да, кері қарай қайта ұшады. Ызыңы ұшақтардың гүрілінен бір кем соқпас, сірә. Аз-кем шыдас қылып отырған ашулы бала алдындағы газетті умаждап-умаждап ұстап алып, шыбынды қуа жөнеледі. Шыбын баланы маңайына жуытпай, тіпті өршелене ұшады. Тентек баланың мінезі одан да өтеді. Ол да өшіге қуады. Шыбынды өлтіре алмай амалы құрып, бала шаршап үстелге келіп отырады.

Батыр.
Әже, әже!

Әжей.
А, Аллам,
Ол, не, қарғам?

Батыр.
Қуып жүріп, қоймай,
Мына ызыңдаған фашистің,
Көзін біржолата жоймай,
Мен сабақ оқымаймын.
Есеп шығаруға отырмаймын.
Өліңдер-тіріліңдер,
Қайткенде де шыбынды өлтіріңдер.
Мазасы өтті,
Титығыма жетті...

Әжесі қара шыбынды қуалауға кіріседі.

Әжей (шыбынды қуып жүріп).
Мына залым нәлет,
Ұстатпай болдым-ау әлек...

Осы кезде мұғалім Батырдың үйіне келеді. Аулада қызыл бұзау жүр. Мұғалім шарбақтың сыртында тұрып айғайлайды.

Мұғалім.
Оу, кім бар үйде?
(Тың тыңдайды.)
Ешкім жоқ па мүлде,
Оу, бері шығыңдар.
(Батыр есіктен басын қылтитып қарайды.)
– Батыр!
Үйде кім бар?
– Әжем бар.
– Ә, онда жақсы болды. Иттерің жоқ па?
– Жоқ, тек кішкентай күшік бар.

Мұғалім аулаға кіріп үйге беттегенде, сүзеген қызыл бұзау ескі әдетімен мұғалімді сүзбекке тап береді. Мұғалім тұра қашады.

Мұғалім (ашулы).
Әй, әй, мынауың,
Қайтеді, ей, бұзауың?
Құтырған емес пе?
Иттен де өткен ғой...
Сүзеген екен ғой...

Батырдың әжесі даладағы дыбырды естіп тысқа шығады. Бұзауды жасқап қуып жібереді.
Әжей.
Мұғалім баламысың,
Аманбысың?
Кел, шырағым! Бұзауды
Сүзеген етіп үйреткен
Батырдың ісі де.
Қарасан келгір,
Топалаң болғыр бұл бұзау
Тап беретінді шығарды
Үйге келген кісіге...

Мұғалім.
Шеше!
Сізге мынау еді айтарым...
Балаңыздың тәртібі өте нашар.
Сабақта тыныш отырмайды,
Кежегесі кейін тартып сабақ та оқымайды...

Әжей (шарт кетіп).
Әй, шырағым,
Бұл қай ұраның.
Қит етсе,
Батыр шатақ,
Қит етсе,
Батыр тентек!
Өзіңнің балаңды-ақ ал жөндеп!
Қолдарыңа шырақ алып
Түстіңдер ғой соңына.
Көнбеспіз оныңа.
Неңді бүлдіріпті сонша,
Онысы несі-ай.

Мұғалім (сасып, сасқалақтап).
Шеше! Сіз түсініңіз, мен, мен!.. (Тұтығып)
Балаңыз жақсы болсын деп,
Тентектігін қойсын деп.
Соны айтайын деп,
Сөйтіп қайтайын деп...

Әжей (торсаңдап).
Осы сендер-ақ
Даттауға дайын тұрады екенсіңдер,
Пәшестан (фашистен – авт.) бетерсіңдер.
(Батырға)
Батыр, айналайын,
Бар, сабағынды пысықта.
Айта берсін мейлі,
Бәрінін жаман пейілі.
Бар, сабағыңды пысықта.

Мұғалім.
Шеше, шеше!
Олай демеңіз.
Біз қайта балаңыз жақсы болсын дейміз.
Батырдың тек тәртібі...
Болмаса зерек, алғыр...
Тек жалқау...

Әжей.
Тәртіп, тәртіп дейді,
Ал неңді бүлдірді?

Мұғалім.
Ол бидай, күрішті оқ қылып атысып ойнайды,
Онысы болмайды.

Әжей.
Бидай, күрішті сенен алған жоқ,
Сенен сұраған жоқ!
Алса өз үйімізден алды.

Мұғалім.
Шеше! Мұныңыз қате!
Және (қолын шошайтып) өте...

Әжей.
Мен сені де білемін,
Көзіміздің алдында өскен баласың.
Кішкентай кезіңде,
Сенің өзің де,
Тентектің тентегі болғансың,
Етікші Жәкемнің баласысың.
Басына таспен періп қалып (шекесін көрсетіп)
Шекесін жарып қойғансың.

Мұғалім.
Шеше, шеше, баланың көзінше
Даттағаныңыз не?

Әжей (екіленіп).
Айтам, неге айтпаймын,
Тентектің тентегі болатынсың.
Әкең байғұс ұрысса,
Тіпті сабаққа бармай қоятынсың.
Бір күні әке-шешең
Үйге қонақ шақырғанда,
Қызғанып тамақты,
Жұрттың алдындағы тамақты
Сыртқа ала қашқан
Сен емес пе едің?
«Сені де адам бола ма», – деп,
Шешең солай қам жейтін
Міне, енді есейіп,
Жеттің, толдың,
Маған көсемсіп,
Ақыл айтып отырсың шешенсіп.

Мұғалім.
Не керек бос егес,
Жарайды.
Сізбен сөйлесу мүмкін емес,
(Батырға) Әкең маған мектепте жолықсын,
Міндетті түрде!
Қырманнан келе салысымен,
Жетсін бірден (кетуге ыңғайланады).

Әжей (жинала бастайды).
Батырды жаман деуіңді қой, шырағым,
Дәл қазір шешеңе барамын.
Мен сені тыяр адамды табамын.
Өшің бар ма ала алмай жүрген бұдан,
Таусылды ғой шыдам...

Әжей бұрқылдап ұрыса береді, амалы таусылған мұғалім үйден шығып кетеді. Ашулы адамды сүзуге далада жүрген бұзау да бата алмайды.

Үшінші көрініс

Батыр ұйықтап жатыр. Әкесі жанына келіп түртіп оятады. Батыр ояна салып, әкесін құшақтамақ болғанда, әкесі түсін суытып, қолын қағып жібереді.

Әке.
Мектебіңе кірдім,
Сенің барлық қылығыңды
Естіп білдім,
Алғаның «екілік»,
Айтқаның өтірік.
Істеген ісің есірік...
Ал мынаны түсіндір маған.
Есіл дәнді шашып ойнау деген
Не сұмдық,
Бұл не кесірлік?!

Бала кінәлі екенін біліп, басын тұқыртып төмен қарап отыра береді.

Әке.
Шатысып,
Ылғи осылай дәнмен атысып,
Ойнайсың ба?

Батыр.
Жоқ. Бұл бірінші рет,
Үлкен балалардан көріп,
Біз де ойнадық.

Әке.
Жаппа басқаға жалаңды
Тапқанын қара амалды!
Олар өлсе, сен де өлесің бе?!
Кіммен атыстың?

Батыр (күмілжіп тұрып).
Тұрыспен.

Әке.
Ол да сені бидаймен атты ма?

Батыр.
Жоқ, бидаймен емес, күрішпен,
Олардың үйінде бидай жоқ екен...

Әке.
Тұрыс – кімнің баласы? Ол қай Тұрыс?

Батыр.
Рақымжан шолақтың баласы.

Әке.
Тарт жағыңды!
Рақымжан сенің құрдасың ба?!
Рақымжан атамның де.

Батыр.
Елдің бәрі солай деп атайды ғой.
Мұным қата ма?

Әке.
Ел атаса, сен атама!
Бидайды қайдан алдың?

Батыр.
Ана қоймадағы алаша қаптан алдым.

Әке.
Ендеше бар да,
Сол жерден бидайдың бір уысын әкел,
Маған,
Көрсетейін саған.

Батыр барып алып келеді. Әкесіне береді.
Әкесі бидайды жерге шашып жібереді.

Әке.
Енді ана әбдіреде жатқан
Күріштің бір уысын әкел.

Батыр барып алып келеді.
Әкесі оны да жерге шашады.

Кәне, жердегі бидайды, күрішті
Жина.
Бір түйірі қалмасын тура!

Батыр еңкейіп бидайды, күрішті алақанымен сыпырып, жинай бастайды.

Әке.
Жоқ, олай емес,
Өзің оқ етіп ататындай
Әр түйір дәнді жеке-жеке ал,
(Ыдыс береді.)
Сонан соң оны мына тостағанға сал.

Батыр әр дәнді бірлеп алып, ыдысқа әкеліп салады. Он шақты рет иіліп еңкейген соң, белі ауырады. Әкесінің қараса, түсі ызғарлы. Үнсіз бидайды жинай береді. Шаршайды. Біраз демалғысы келеді.

Әке.
Демалма. Тұрма!
Тез-тез, жина!

Батырдың жанына келіп әкесі басынан нұқып жібереді.

Әжей.
Әй, құлыным-ау,
Мынауың не әрекет,
Қайдан шыққан пәлекет?

Әке.
Араласпаңыз!
Жинасын!
Үлкендердің еңбегін сыйласын.
Білсін, көрсін.
Қандай қиындықпен келетінін дән деген.
Ал бұл бетімен кеткендер,
Даяр асқа дәндегендер.

Әжей.
Қойшы, түге,
Жалғыз баланы еңкейткізіп қойғаның,
Ол не болғаның?
Бір уыс бидай үшін жанын қинап.
Жандарың ашыса,
Жатыр ғой әне
Бидай далада
Ашық-шашық,
Рәсуа боп,
Соны неге күйттемейсіңдер?

Бала әжесіне арқа сүйеп, орындыққа сылқ етіп отыра кетеді. Әкесі құлағынан тартып тұрғызады.

Әке (жекіріп).
Жина, жылдам, тез,
Бидайдың оңайлықпен жиналмайтынын,
Еңбектің не екенін сез.

Батыр дәнді жинай бастайды. Әжей шыдай алмай, ол да жинаса бастайды. Бірақ белінің құяңы ұстап, шөгіп отырып қалады.
Батыр дәнді жинай береді. Әжесі жаны ашып, жинасқысы келеді, бірақ тағы да белі шойырылып «ойбай, белім!» деп
және отыра қалады. Қарап тұрмай немересіне жақтасып, баласына ұрыса бастайды.

Әжей.
Батыржан! Кішкене дамылда,
Белің талды ғой,
Зор келер жаныңа.
Ауырып қаласың.
Сабаса мені сабасын.
Әке.
Апа!
Осы сіз,
Баланы еркімен жіберген.
Қашан болсын
Жақтасып шыға келесіз,
Ылғи теріс өнеге бересіз:
Сондықтан мұның шолжаңдап кеткені,
Осы халге жеткені.

Әжей
Баланың басына нұқыма!

Батыр (шағынып).
Нұқымақ тұрмақ, ұрды...

Әжей.
Қолың сынғыр,
Қалай ғана дәті шыдап,
Ұрды екен?
Қатыгез бұл бір.

Әке.
Бұл жақсы болса,
Жүрем бе өстіп,
Ылғи ұрыс естіп.
Мұғалімдерінің айтатыны шағым.
(Балаға ұмтылады.)
Сындырайын ба, жағын.

Әже (арашаға түсіп).
Оны ұрғанша мені ұр,
Әй, жарым.

Батыр.
Папа, кешір,
Ендігәрі қайталамаймын.

Әке (аз-кем отырып, сынай қарап).
Шын уәдең бе?

Батыр.
Бұдан былай өйтуді қоямын.

Әке.
Сөйт!
Әйтпесе жоныңнан таспа тілемін,
Сені балам деп санамаймын.
Батыр.
Түзелуге ант етем,
Соған бар күшімді сарп етем.
Жаңағы жанжалдың шыққанына да,
Менің кесірім,
Сізден сұраймын кешірім.

Әке.
Әжеңді де ренжіттік,
Ол кісі бізге өкпелесе,
Қызына кететін әдеті.

Батыр.
Мен ертіп келемін,
Тек сіздер ренжіспеңіздер,
Жарай ма?
Ал мен уәдемде тұрамын,
Қалайда.
Міне, бәсім,
Шын сөзім, расым...

Әке.
Сөзіңе бір жолы сендім,
Міне, қолымды бердім...
(Батыр сыртқа қарай жүгіре жөнеледі. Әкесі залға қарап)
Ақылымның жеткен жері,
Менің берген жазам осы болды,
Ал сіздер қайтер едіңіздер?..

Шымылдық



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нөсер

  • 0
  • 0

Бұлттар төнiп келедi,
Нөрсе жауар жиылса.
Бұлттар төнiп келедi,
Сауыны келген сиырша.

Толық

Туады, шығады, түседі, келеді

  • 0
  • 0

– Мазалаған көптен бiр
Сұрағым бар,
Дөп келдiң,
Халық неге айтады,

Толық

Орашолақ

  • 0
  • 0

Мынау бiздiң Доңқабақ
Шеберлiгi ұстады.
Дəу пышақпен жаңқалап,
Қарындашын ұштады.

Толық

Қарап көріңіз