Өлең, жыр, ақындар

Өткен - аяулы

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 1
  • 3
  • 12003
Cap дала бейне өлік сұлап жатқан,
Көбіндей ақ селеулер бетін жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан.
Жалқау жел өзін өзі зорға сүйреп,
Жан-жақты жүргендей-ақ жындар билеп.
Ың-жың дауыс келеді құлағыма,
Перілер ән салысып, тұр ма күйлеп?..
Жаралы бір жан жатыр құба жонда,
Бір қисық жалғыз аяқ сүрлеу жолда.
Пернесі, нұры кеткен көзіменен
Қарайды бейшара жан оңға, солға.
Қысылған сорлы адамның шыбын жаны
Шапшып тұр жүрегінен ыстық қаны.
Ішті өртеп, жүректі елжіретед
Күңіреніп сол сорлының сарнағаны:
«Ойпырым-ай, Алла-ай, Жасаған,
Қысылды ғой шыбын жан!
Қуат кеміп барады,
Көл болды мынау аққан қан.
Тәңірі, өзіңе жылайын,
Хал жоқ, қалай тұрайын!
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын?!
Соқпа, сорлы жүрегім,
Шірігенді, ақ білегім!
Мынау қарға, құзғынның
Бердің-ау, Тәңірім, тілегін!
Сауықшыл есіл елім-ай!
Сарыарқа сайран жерім-ай!
Күмістей таза суы бар
Айдын шалқар көлім-ай!
Сол жерде ойнап жүре алмай,
Сауық-сайран құра алмай,
Қарғаға-құзғын жем болып,
Қалғаным ба, бір Алла-ай?!
Қиналдың-ау, шыбын жан,
Тоқталсаңшы, ыстық қан!
Зарлайсың ғой жетім боп,
Бесікте қалған балапан!
Қара шаш қайран жарым-ай,
Қарашығым, жаным-ай!
Құлағыма келеді
Алыстан ащы зарың-ай!
Қиналдың-ау, шыбын жан,
Тоқталсайшы, ыстық қан!
Тұлпарға мініп бір шапсам,
Болмас еді басқа арман!
Хал жоқ, қалай тұрайын?
Тәңірі, өзіңе жылайын.
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын!
Түсті ғой қысым жаныма,
Тұншықтым ғой қаныма!
Ием болсаң, Жаратқан,
Салсаңшы құлақ зарыма!
Күштісің ғой, Құдірет,
Періштеңе әмір ет!
Қанатпен бір сипасын,
Жазылсын ішкі-тысқы дерт.
Болмаса, өмірді маған көп көрсең,
Лағнет деп мені жек көрсең,
Өлейін, тез өлейін,
Келсін ібіліс, у берсін!
Түсірме қысым жаныма,
Тұншықтым ғой қаныма!
Ием болсаң, Жаратқан,
Салсаңшы құлақ зарыма...
Берді Тәңірім тілегім,
Қуан енді, жүрегім!
He періште, не біліс
Келеді ұшып - керегім!..
Сауытты оң жақ қолыңа ал!
Сауытта жұмақ суы бар
Әйтеуір азап тоқталады,
He тамұқтың уы бар!»
Жаралы құба жонда кім зарлаған,
Қансырап, қанын жұтып кім сарнаған
Қайғылы cap даланы күңіренткен
Зарына адам шыдап тұра алмаған?
Бұл - қазақ, Тәңіріге зар еткен қазақ!
Қиналып, қанды азап шеккен қазақ.
Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп,
Оқыған азаматын күткен қазақ.
Азамат! Анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!..



Пікірлер (3)

Аяулым

Өте керемет маған Мағжан Жұмабаев атамыздың өлеңдері қатты ұнайды.

әдемі

өте керемет ән сөздері керемет

Пікір қалдырыңыз

Бір кезде іштік арақты

  • 1
  • 1

Бір кезде іштік арақты
Асқардан асқар аспаққа.
Ішеміз енді арақты
Қайғы мен қасірет баспаққа.

Толық

Ф...ға

  • 0
  • 1

Он екі айдың еркетайы – Май келді,
Жұлдыздар да жымыңдайды, Ай күлді.
Қалың қардың құшағынан құтылып,
Сылдыр-сылдыр сылдырады – сай күлді.

Толық

Біраз Фетше

  • 0
  • 0

Жібек түн –
Бәрі тын.
Сайраған,
Жайнаған.

Толық

Қарап көріңіз