Өлең, жыр, ақындар

Толғанай

  • 28.07.2019
  • 0
  • 0
  • 4908
Әнін жазған Әбиірбек Тінәлі

Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Желегін жаңа жайғаңда,
Гүлімнің ерте солғаны-ай.
Әлди де әлди, Толғанай,
Көңілдің шерге толғаны-ай.
Кеудемді керсе қасірет,
Тұрайын қалай толғамай.
Әлди де әлди, қызым-ай,
Өмірдің мына қызығы-ай.
Бастауы тура тірліктің,
Басбауын кенет үзуі-ай.
Жапанда өскен жас қайың,
Жапырақ жаяр жаз сайын,
Әлдиім менің Толғанай,
Әнімді мұңды бастайын.
Жан еді анаң ақылды,
Толғатып жатып шақырды.
Жеткізді әрең үздігіп,
Аманат сезін ақырғы:
«Тәңірім жете қолдамай,
Өмірім келте болғаны-ай.
Қыз еді көптен күткенім,
Атағын оны Толғанай.
Аялап өткен жарым ең,
Арманды көктем арым ең.
Қызымды тастап барамын,
Қоштасып тірлік таңымен.
Опасыз мына ғұмыр-ай,
Барады зулап зымырай.
Ізіңді әрбір аңдыған,
Ажалдың арсыз зұлымы-ай.
Өлсем де енді өкінбен,
Өлімге бастан бекінгем.
Арман сол – кетіп барамын,
Қызымды көрмей жетілген.
Өзіңе қызым аманат,
Жүрмесін жылап «аналап».
Көзіне шұқып «жетім» деп,
Түртпесін біреу табалап.
Дайындап қойған сыйым бар
– Бір сандық үйде киім бар.
Қызыма деген басқа да
Бағалы біраз бұйым бар.
Қызыма деген талшыбық,
Ойыншық ерен баршылық.
Жаутандап жалтақ өспесін,
Көрмесін ешбір таршылық.
Демегін, жарым, ол қалай,
Жүрерсің дәйім оң қарай.
Секілді сұлу толған ай,
Толысар әлі-ақ Толғанай».
Осыны айтып анашың,
Көзінің жұмды қарасын.
Толғанай қызым, ұқтың ба,
Мінеки, сондай баласың.
Анаңның айдай арманы –
Сенімен жайнай алмады.
Келер күн туған күні еді,
Оны да тойлай алмады.
Нәресте деген бір шыбық,
Нәресте ерен тіршілік.
Құшағын жаяр келешек,
Нәрестемен күн шығып.
Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Желегін жаңа жайғаңда,
Гүлімнің ерте солғаны-ай.
Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Кеудемді керсе қасірет,
Тұрайын қалай толғамай.
Өмірдің балын жоқ татқам,
Кермекті дәмін көп татқам.
Тынысым барда тірлікте,
Анаңды, жаным, жоқтатпан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жалақы мен жолақы

  • 0
  • 0

Баяғыдай «ойхой»-лап,
Қыз ұзатып, той тойлап,
Ауыл аралап, дала кезіп,
Қаладан қала кезіп,

Толық

Тамылжыған таң мен үзілген ән

  • 0
  • 0

Бөленіп нұрға бар аймақ,
Келді бір таң арайлап.
Ұйқыдан бұлбұл оянды,
Көмейде күміс ән ойнап.

Толық

Жан дүнием

  • 0
  • 0

Жан дүнем ізгіліктен жаралған,
Жүрегімнен күн шуағы таралған.
Адамдарды ардақ тұтып, аялап,
Тек жақсылық жасай беру – бар арман.

Толық

Қарап көріңіз