Өлең, жыр, ақындар

Достарға хат

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2290
Тай-құлындай тату өсіп қосқан үн,
Армысыңдар, ауылдағы достарым!
Астанада арман қуып жүрмін деп,
Ат тұяғын салмай кету досқа мін.
О, достарым, ойламаңдар, жоқ олай,
Кердең басып кетуіме жоқ орай.
Өздерінмен өсіп келем өркендеп,
Өздеріңмен өмірім гүл, көкорай.
Сендер – мәңгі тарқамайтын топсыңдар,
Сендер – жанды алаулатқан отсыңдар.
Ойнап-күліп отыруға бір ауық,
Тек қазірше тап қасымда жоқсыңдар.
Мен сендерді сағынбайды демеңдер,
Ұмытылмас өткен күнгі белеңдер.
Арман болып алып кетті алысқа
Өмір жайлы ойландырған өлеңдер.
Таңмен тұрып, туар күнмен бір шығып,
Келем содан үнемі алға құлшынып.
Хат жазуға тидірмейді қолымды
Кейде осындай тыным таппас тіршілік.
Жаңа ашылған жауқазындай жырым бар,
Ақтарылған, ақ жарылған сырым бар.
Жүрегімнің түкпірінен толғанып,
Өздеріңді елең етем, ұғыңдар.
Сәнді үйінде тұрсам-дағы қаланың,
Сағынамын самал желін даланың.
Таза ауадан тебірене бір жұтсам,
Жаз күніндей жайраң қағып қаламын.
Сағынысқан сүйікті дос-жарандар,
Туған жерде әкем менен анам бар.
Шыркөбелек айналатын алайда,
Бұл күндері өзімнің де балам бар.
Өзімнің де балам бар бұл күндері,
Әке болып аяқ бастық ілгері.
Өмірімді нұрландырып тұрады –
Таң шапағы секілді оның күлгені.
Байқап тұрсақ, біраз жасқа келіппіз,
Бірақ, біздер бұрынғыдай берікпіз.
Сондықтан да сағынышпен сендерді
Сағат сайын еске аламын еріксіз.
Бітпек емес жастық жарқын әніміз,
Жаз күніндей жадырайды жанымыз.
Алматының бір көшесін жаңғыртып,
Бірге жүрген сияқтымыз бәріміз...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мәңгі тірі

  • 0
  • 0

Мың тоғыз жүз жиырма төрт
Неткен ауыр жыл еді?
Халық жанын қинап дерт,
Қайғы құшты жүрегі.

Толық

Жанашырым

  • 0
  • 0

Өзіңсің – анашым да жанашырым,
Көзімде күлімдеген қарашығым.
Өмірде не жақсылық жасар болсам,
Бір саған арналады бар асылым.

Толық

Сезіну

  • 0
  • 0

Кейбір сәт шулы топқа кезігемін,
Отырып ойсыздармен езілемін.
Санамды сауықтырар саңлау таппай,
Мен сонда жалғыздықты сезінемін.

Толық

Қарап көріңіз