Өлең, жыр, ақындар

Күйші қыздың толғауы

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1335
Домбыра, қобыз, сені ойнатамын,
Толғау сап, төңіректі ойлатамын.
Тіліңді түсінерлік адам болса,
Түбіне жүрегінің бойлатамын.
Күйіңді «Шалқымадай» шалқытамын,
«Балбырауын», «Былқылдақты» балқытамын.
Серпілтіп «Серперің» мен «Сарыарқаңды»
«Қосалқа», «Қосбасарды» қалқытамын.
Күйіңде құдіретті «Көбікшашқан»,
Теңіз түр тау толқынын төгіп-шашқан.
Қайраған кек қылышын қатулана
Көремін бірде ұстаны көрік басқан.
«Кішкентай» жайлап қана қағылады,
Артынан алып қимыл табылады
Сап түзеп сансыз атты сабылады,
Жәңгірдей хан ордасы шабылады.
Махамбет, Исатайдың дабылы бар,
Арналы Ақжайықтың ағыны бар.
«Ағама ілесе алмай армандамын», –
Деп тұрған жас баланың шағымы бар.
Жау жүрек жасақтардың желігі бар,
Құптаған батырларды ел үні бар.
Ұлы істер «Кішкентайдан» басталар деп,
Ертеңге Құрманғазы сенімі бар.
Қағылса қажырлы күй «Қайран шешем»,
Тұрады саған құшақ жайған шешең.
Ерлікке, батырлыққа баулымаса,
Болады ондай адам қайдан шешең?
«Алатау» ардақтайды әсемдікті,
(Әрине, кім сүйеді бәсеңдікті?)
Көресің күміс қарлы қүзар шыңды,
Көресің тау етегін өсем түкті.
«Серперді» серпігенде шебер бармақ,
Безілдеп, бебеу қағып кетер сарнап.
Сарыны самұрықтай қанатты күй
Мүдірмей Марсқа да жетер самғап.
«Сарыарқа» – күйдің күйі, тәңірісі,
Бір бөлек басқалардан қағылысы.
Дүбірі дүниенің жатыр онда –
Қаптаған қалың қолдың шабылысы.
Тау мен тас, терең мүхит шайқалады,
Өмірге бір қожа күш байқалады.
Артынша алып сарын тына қалып,
Жапанда жасыл орман жайқалады.
«Сарыарқа» – жер аруы, жер еркесі,
«Сарыарқа» – жібек қанат жел еркесі.
«Сарыарқа» сайрағанда, дүниенің
Тыңдайды құлақ түріп кең өлкесі.
Бұл күйде қазақ елі өмірі бар,
Созылған сахарадай кең үні бар.
Кешегі құлазыған қуаң дала –
Бүгінгі гүлге оранған өңірі бар.
Бұл күйде кешегінің кекті үні бар
Бұл күйде ертеңгінің екпіні бар.
Әуеннің әлеміне жасап кеткен
Бұл күйде Құрманғазы шоқтығы бар.
Қазақтың сондағы бір Сарыарқасы –
Бұл күнде тербетілген дән алқасы.
Еңбектің шат үнімен ұластырып,
Сол күйді қайталайды бар арқасы.
Шығады соның бәрі көмейіңнен,
Әлдилеп айналаны бөлей үнмен.
Қағып ап сендегі бар қасиетті,
Қайтадан көп алдына төгейін мен.
Тарихтың сақтап келген мол мұрасын,
Шежіре қобыз бенен домбырасын.
Әлемнен үн тартқан сәл құлағыңды
Тек қана тіліңді ұғар қол бұрасын.
Тілдесіп, түсінісіп, тәртіппенен,
Тартынбай күйлеріңді тартып келем.
Ағылтып, аңыратып, безілдетіп,
Шырқатып шаршы топта шалқып келем.
Сөйлейсің сырым болса айта алмаған,
Қозғайсың көңіл күйін шайқалмаған.
Бәрін де ұқтырасың үніңменен,
Тілсіз деп сонда сені айтар ма адам?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шабақ

  • 0
  • 0

Болмаса да керемет,
Балауызды ұшқан кезде айнала,
Белгілі ғой көздерге де жай ғана –
Қанаттарын күйдіреді көбелек.

Толық

Әкешім

  • 0
  • 0

Аялайды әкешім,
Аямайды мәпесін.
Әке деген – асқар тау,
Әке деген – шат есім.

Толық

Асқақ арман

  • 0
  • 0

Асқақ арман, аңсаған үміт әнім
Қалай ғана мен сені ұмытамын?
Жанарыңның жарқ еткен жалынына
Жабырқаңқы жанымды жылытамын.

Толық

Қарап көріңіз