Өлең, жыр, ақындар

Ардағым

  • 04.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1276
1
Алғашқы перзентім ең Ардақ деген,
Жатырсың төмен тартып салмақ-денең.
Көңліңе сүйеу-медет бола ма деп,
Өзіңе өлеңімді арнап келем.
Алғашқы перзентім ең Ардақ деген,
Жүгіре алмадың-ау, Алла әттеген!
Балалар асыр салып ойнап жатса,
Қарайсың айналаңа аңдап терең.
Алғашқы перзентім ең Ардақ деген,
Санайсың әр күніңді бармақпенен.
Үйренген өлең менен әндеріңді
Айтасың сандуғаштай сайрап терең.
Жазып ең Жаратқанға, Ардақ, неден?
Аттайтын аяғыңнан қармапты ерен.
Жоғары көтеріп бір шер кеудеңді,
Жүрсең де жарар еді балдақпенен.

2
Қайтейін, қор болдың-ау, мүгедегім,
Сау болсаң, күміс күндей күлер едің.
Бір көрмей кешке дейін үйдің бетін,
Аулада зыр жүгіріп жүрер едің.
Қайтейін, қор болдың-ау, мүгедегім,
Келешек күніңді ойлап түнеремін
Ақылың арта түсіп, жүзің жайнап,
Жатырсың тірек етіп тіл өнерін.
Қайтейін, қор болдың-ау, мүгедегім,
Бой жетіп қалсаң да, аяқ тіремедің.
Жарылып кетер едім қуаныштан,
Қолданып, жазса біреу білер емін.
Қайтейін, қор болдың-ау, мүгедегім,
Қатайып қауырсының, түлемедің.
Тап мұндай қайғы менен қасіретті,
Дос түгіл дұшпаныма тілемедім.

3
Менің қызым ұдайы
Сарнап жатқан сияқты.
Кемтар қылған Құдайын
Қарғап жатқан сияқты.
Менің қызым елеңдеп,
Шошып жатқан сияқты.
Ата-анам келер деп,
Тосып жатқан сияқты.
Менің қызым өз үйін
Ұмытпайтын сияқты.
Махаббатын, төзімін
Суытпайтын сияқты.
Менің-дағы Ай, Күнім
Туатұғын сияқты.
Бойымдағы қайғыны
Қуатұғын сияқты.
Жаратқанды, қарғам-ай,
Бос жазғырып не етесің?
Ақ жалбарын Аллаңа-ай,
Әлі-ақ жүріп кетесің.

4
Періште боп кеп өмірге,
Періште күйде кеттің-ау.
Бұрын да мұңлы көңілге
Айықпас мұңды төктің-ау.
Секілді өзге баладай
Болмады сенде шапқылау.
Мөлдіреп көзің танадай,
Жиырма жеті жыл жаттың-ау.
Ем менен домды елдегі
Қолданып бақтық барынша.
Тілекті Құдай бермеді,
Ата-анаң қанша жалынса.
Алдында күшті Алланың
Жоқ еді титтей жазығың.
Арадан кетіп, Ардағым,
Құлақта қалды наз үнің.
Бұл дүниенің қызығын
Көре алмай кеттің бір күн де.
Үзілген ерте үзігім,
Ұмыту сені мүмкін бе?
Басыңа бейнет салған мың
Мұнысы несі Құдайдың?
Қызығын мына жалғанның
Көрмегенің үшін жылаймын.
Жазғаны болса Тәңірдің,
Амалың бар ма көнбеске?
Билеген елді әмірдің
Өзі де бір күн өлмес пе?
Жәркентте қалды қабірің,
Жоқтама бізді кейіспен.
О дүниеде Тәңірім
Жақсы жай берсін пейіштен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айға алғаш ұшқанда

  • 0
  • 0

Қарашы гүл далаға,
Қарашы нұр қалаға.
Қуанышы қойнында,
Қарашы бар балаға.

Толық

Домбыралы төбелес

  • 0
  • 0

Хабарланып қауымға,
Концерт келді ауылға.
Тайлы таяғымызбен,
Өгіз аяңымызбен

Толық

Алдардың әні

  • 0
  • 0

Ерікті елім,
Көрікті елім
Атымды қойыпты Алдар деп.
Жігіт боп өсе,

Толық

Қарап көріңіз