Өлең, жыр, ақындар

Кезбе мен аю

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 983
Керек жерде көмек берген асыл жан,
Бірақ, ондай адам аз ғой бүгінде.
Ақылсызбен жолдас болма түбінде:
Ақымақ дос қауіптірек досыңнан.
* * *
Жақыны жоқ жүрді жалғыз жан адам,
Алыс жерде қаладан.
Мақтасақ та даланы тыс шамадан,
Жалғыздыққа көне бермес әр адам:
Қайғы-мұңын бөліссек те жұбаныш.
Дейді саған: «Бұлақ қандай, көк қандай?
Жасыл орман, жұпар иіс шөп қандай?»
«Сөз жоқ, ғажап қуаныш!
Жалықтырар, бірақ айтар кеп болмай».
Солай болды анық бір,
Жалғыздықтан Кезбе әбден жалықты.
Содан кейін кірді қалың орманға,
Кім кезіксе, соныменен таныспақ,
Достық пікір алыспақ,
Қасқыр, Аю – басқа кім бар ол маңда?
Айтқандай-ақ, ұшырасты Аюға,
Сәлемдесті, шешіп бастан қалпағын.
Досқа достық ниетпенен Аю да
Ұсынды оған алақанын – балпағын.
Амандасты, танысты
Осылайша екеуі.
Ажырамас достар бола қалысты,
Бірге жүрген талай күндер өтеді.
Мұндай кезде қатарласып бір жүрген
Әзілдері жарасты да, сәнді де.
Ол кезде не әңгіме
Айтқандарын кім білген?
Кезбе сөзге сараң жан,
Аю да үнсіз жаралған:
Дау шыққан жоқ қысқасы сол үңгірден.
Кезбе разы Тәңіріне хош көрген,
Тап осындай дос берген.
Қорбаңбайдан артық досты таппайды,
Қайда жүрсе, бірін-бірі мақтайды.
Бірде достар кезі келіп орайлы,
Кезіп кетті төбелерді, тоғайды,
Төңіректі, маңайды.
Жан болған соң әлсіздеу ғой, не керек,
Кезбе Аюдан ертерек
Шаршады да шалдықты,
Жүруге әрмен әл бітті.
Жолаушының халін көріп Қорбаңбай:
«Іліп алғын көзіңді,
Қолым бос қой, күзетемін өзіңді,
Демал, – деді , – ойланбай».
Кезбе сөзге көнді-дағы тезірек,
Қалғып кетті есінеп.
Бұзып-жарып дос ұйқысын тым шырын,
Қонды келіп тұмсығына бір шыбын.
Қуып еді Қорбаңбай,
Болған ба-ай!
Қайтадан ол жағына кеп жабысты,
Одан кейін мұрынға.
Кетпей қойды қырындап,
Ызың қағып, қоздырды әбден намысты.
Кім шыдаған ондайда?
Салмақты бір тасты алып Қорбаңбай,
Шыбын қайта шекесіне қонғанда-ай,
Бар күшімен қойып қалды қорбаңдай,
Ұйықтап жатқан бейшараны маңдайға.
Бас жарылды төңіректі қан қылып,
Байқұс Кезбе көзін жұмды мәңгілік.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мүгедектер

  • 0
  • 0

Автобусқа алаңдамай міне кеп,
Амалсыздан ығысасың түрегеп.
Сен қалайша отырасың жалпиып,
Қарсы алдыңда тұрса аяқсыз мүгедек?

Толық

Жүргіншілер мен иттер

  • 0
  • 0

Кешке таман қос жүргінші қосылып,
Келе жатты әңгіме айтып шешіліп.
Кенет шығып шарбақтан,
Шәуілдек ит абаланып шабынды,

Толық

Кемпір мен қызметші қыздар

  • 0
  • 0

Болды кемпір мазасыз да сабырсыз,
Жүре алмайтын дабырсыз.
Қызметші екі қызы бар еді,
Жіп иіріп ұзақ күнге тынбайтын.

Толық

Қарап көріңіз