Өлең, жыр, ақындар

Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы

  • 10.08.2019
  • 0
  • 0
  • 940
Теңгебай
Қымызым бар дәмі бал,
Кел, ішіп көр, дәмін ал.
Қуат қосқан қуатқа
Дәріге тән мәні бар.
Қымызым бар дәмі бал,
Кел, ішіп көр, қанып ал.
Бұлақ көзін сұрасаң –
Жылқы деген жануар.
Керек емес арағың,
Керек емес шарабың.
Бал қымызды бәрінен
Шын бағалы санағын.
Балқытады бойыңды,
Шалқытады ойыңды.
Қан жүгіртіп бетіңе,
Қыздырады тойыңды.

Шөңгебай
Теңгебай-ау, Теңгебай,
Мақтанасың сен қалай?
Осы күнгі қымызың
Бола қояр ем қалай?
Құйылады шыныға,
Түсініксіз сыры да.
Айран татып тұрады,
Жалғаны ма, шыны ма?
Қоспақ түгіл күшіңді,
Қайтарады мысыңды.
Жарты құты жұтпай-ақ,
Кептіреді ішіңді.
Нағыз қымыз сірә да,
Иісі аңқымай тұра ма?
Қайдан жетсін күрең түс
Көпіршіген сыраға.

Теңгебай
Шөңгебай-ау,
Шөңгебай,
Сөз сөйледің сен қалай?
Қайда дейсің бұл күнде
Керқұла атты Кендебай?
Жылқыны кім баптайды?
Жылқыны ешкім бақпайды.
Кейбір колхоз, совхоздар
Тек ет үшін сақтайды.
Саусаң – сүті бұлағың,
Мінсең – қанат пырағың.
Жылдап құрып барады
Жылқы деген шырағың.
Қымыз – зәру дәріміз,
Аңсаудамыз бәріміз.
Бара жатыр жойылып
Жылқы деген малымыз.

Шөңгебай
Жылқы деген малымыз,
Одан шыққан дәріміз
Бара жатса жойылып,
Қиын екен халіміз.
Кей маманның бұл күні
Белгілі ғой құлқыны.
Қазы менен қарта үшін
Жайратып жүр жылқыны.
Керек емес қымызың,
Нан тістемей бір үзім,
Кейбір қулар арақты
Қылғытады күн ұзын.
Ақырында қағынып,
Дертке ұшырап, қамығып,
Сол қымызды ем үшін
Іздетеді сабылып.

Теңгебай мен Шөңгебай
Ағайындар, бауырлар,
Барша қазақ қауымдар,
Сіздер емес, әрине,
Әділ сөзді ауырлар.
Үлкен, кіші, жасымыз,
Билігі бар басымыз,
Қадірлейік қымызды –
Ата кәсіп асымыз.
Сусының ол – шөлдесең,
Дертке дауа емдесең.
Шабыт берер шалқытып,
Ішіп көргін сенбесең.
Шындықты айттық біз бүгін,
Айыптайды бізді кім?
«Кім ішпейді қымызды?
Айттырмайды қызды кім?»
Болсын аман жұртымыз,
Болсын аман жылқымыз.
Шалқып сонда бұл қымыз,
Күмбір қағар күлкіміз.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үй иесі мен тышқандар

  • 0
  • 0

Ұры шығып үйіңнен,
Кім екенін білмесең,
Күдік артқан күйіңмен,
Көрінгенге жала дауып жүрме сен.

Толық

Жалқау

  • 0
  • 0

Көктемде мен апаммен
Көшет ектім күн ұзақ.
Қарындасым ағаммен
Ойнап кетті тым ұзап.

Толық

Дұрыс пен бұрыс

  • 0
  • 0

Қиылысы көшенің,
Жанды сәуле жасыл.
Дұрыс біліп есебін,
Жүріп кетті батыл.

Толық

Қарап көріңіз