Өлең, жыр, ақындар

Алжыған арыстанның тойы

  • 25.08.2019
  • 0
  • 0
  • 911
Арыстанның жасы жетіп жетпіске,
Тимейтін болды ет тіске,
Өткен күндер енетін болды тек түске.
Алдындағы ағасы кетті,
Жайлау болып жағасы кетті,
Жастар арасында бағасы кетті.
Содан ол бір ойға тірелді,
Ойы тойға тірелді.
Бұрынғы өзіне бағынышты,
Жалпаңбай жағынышты
Кіл кәрі-құртаң шалдарды –
Алжыған аңдарды
Мерейтойына шақырып,
Той жасады «қатырып».
Ішімдік те мол болды,
Ең кереметі сол болды.
Қызып алған кәрілер –
Шеттерінен бәрі де ер.
Кезек-кезегімен аттай желді,
Арыстанды мақтай берді:
– Сіз Арыстан емес, данышпан едіңіз,
Талай жаумен алысқан едіңіз.
Ешкімге бас имеген едіңіз,
Бізді ұзақ билеген едіңіз.
Қартайсаңыз да көпке сыйыңыз бар,
Әлі де ел басқарар күйіңіз бар.
Сондықтан, қайтадан ұйым болып,
Бірігейік тас түйін болып.
Жастар бізді жақын қондырмайды,
Не ел басқарып оңдырмайды.
Өзіміз қайтадан ел басқарамыз,
Ел басқарғанда жөн басқарамыз.
Ақ үйге тезірек барайық, – деп,
Кәне, сол үшін алайық! – деп,
Алжығандар аяқтарымен ішіп,
Ішкендері аяқтарына түсіп,
Орындарынан тұра алмай,
Тұрғанымен, жүре алмай,
Өздері үйіліп қалды,
Тілдері күрмеліп,
Бірде келмей, бір келіп,
Сөздері сұйылып қалды.
* * *
Көксегеніңмен өткенді,
Оралмасқа кетті енді.
Билікті жастар жалғастырады,
Заманды алмастырады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жақсылық көрсем – көлдеймін

  • 0
  • 0

Жақсылық көрсем – көлдеймін,
Жамандық көрсем – шөлдеймін.
Жақсылық үшін жадырап,
Жанымды жырмен тербеймін.

Толық

Еліту

  • 0
  • 0

Кел, құрбым, қыр басынан гүл терейік,
Гүл шоғын жібек желмен күлтелейік.
Аралап Алатаудың атырабын,
Жас қайың жапыраған бүркенейік.

Толық

Сөгетінің сұлуы

  • 0
  • 0

Сөгетіде бір қыз бар,
Қыз емес-ау, жұлдыз бар.
Ауылдың бар жігіті
Сол сұлуға ынтызар.

Толық

Қарап көріңіз