Өлең, жыр, ақындар

Кесілген бас

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 979
Жақсы досым бар еді,
Тұнып тұрған ән еді.
Кеңес қарап алынып,
Екі-үш әні танылып,
Тарап кеткен халыққа.
Еңбек етсе тап осы бір қалыпта,
Беретіні көп еді,
Оған еш дау жоқ еді.
Бірақ, сол дос есіріп,
Өзін-өзі өшіріп,
Ішкілікке кіріп кетті шешініп.
Содан кейін, білесің,
Жексұрын боп бұл есім,
Үйі-жайын тастады,
Абыройын ластады,
Қаңғып жүріп ұмытыла бастады...
Бірде біреу суық хабар таратты:
«Ішіп жүріп арақты,
Музыкантың өліпті,
Халық анық көріпті,
Бұзақылар басын кесіп алыпты,
Тек кеудесі-ақ қалыпты»..
«Олар да бір сорлы екен,
Ақымақ бас кімге керек болды екен?» –
Деп, біраз дос жиналып,
Кәдімгідей қиналып,
Кей қылығын еске алып,
Иман айттық досқа анық...
Шамасы,
Үш-төрт жылдың арасы,
Сол музыкант өлгелі.
Ойда жоқта бір күні,
(Ойлап көрсең, күлкілі),
Керемет-ай! Үйге кіріп келгені.
Өз көзіме сенбедім:
Сол баяғы қалпында,
Тұр теңселіп алдымда:
– Жаным-ай,
Қалғаның ба танымай?
Меліспін ғой, Меліспін...
Шарлап жүріп жер үстін,
Қанғанымша мол іштім...
Аздан кейін тіл бітті:
– Естіп ем бір сұмдықты –
Сені өліп қалды деп,
Бұзақылар басын кесіп алды деп.
Былай деді ол тілі әрең күрмеліп:
– Иә, басым кесілген,
Талай танып есімнен,
Тірілем ғой күнде өліп;
Біле білсең, алдыңда тұр тірі өлік,
Сөзді қой да, ақшаң болса, жүрелік,
Бір кафеге кірелік...
Демім бітіп, алқынып,
Әлденеден тартынып,
Алдына әкеп қоя салдым жартылық.
* * *
Бұдан әрі сұрама,
Белгілі ғой, сірә да.
Мұндайлармен мына біз
Тіршілікті қалай жөндеп құрамыз?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үйрену

  • 0
  • 1

Ұзын құйрық инелік,
Инелікке тимелік.
Ұшақтарды жасадық
Инеліктен үйреніп.

Толық

Жайсаңдар

  • 0
  • 0

Өмірде бар ғой, шіркін, жақсы адамдар,
Көңілі – ақ шағала, ақша таңдар.
Жасанып жайнап кетер барлық әлем,
Бір сәтке көңіліңді тапса жандар.

Толық

Ақмарал

  • 0
  • 0

Ойлап жүрем өзіңді күніменен,
Көз алдымнан кетпейсің түніменен.
Түсіме де сені жиі көрем,
Түсіндірем, жаным, мұны немен?

Толық

Қарап көріңіз