Өлең, жыр, ақындар

Оқу іздеген әкелер

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 897
(Үш актілі интермедия)

Қатысушылар:
Әкелер
Үнсіз балалар
Делдал
Жүргізуші

БІРІНШІ КӨРІНІС
Екі кештің арасында бақ ішінде түкпірге таман екі адам сөйлесіп отырады. Қастарында үнсіз бала бар. Маңайларында төртінші бір адам олардың әңгімесін естіп тұрады.
Жүргізуші: Әке ауылдан келіп отыр,
Аттай желіп отыр:
Әке: Қарағым,
Әкесімін мына баланың.
Ұлым оқуға өту керек,
Мақсатына жету керек.
Жебеушім бол, жаным,
Сөздің қысқасы сол, жаным.
Делдал: Құрғақ қасық ауыз жыртад...
Әке: Қатырамыз ол жағын,
Ақшам бар бір қап.
Делдал: Сонда, қамдағаныңыз?
Әке: Таңдағанымыз –
Кірпәк.
Делдал: Кірпәк?
Әке: Иә, кірпәк!
Делдал: Түсінбедім...
Әке: Жөн болар түсінгенің.
Кірпәк дегенім – дәрігер,
Адам союға кәнік ер.
Делдал: Е, кірпәк емес – хирфак.
Әке: Иә, хирфак,
Біздің ұрпақ
Жүру керек шырқап,
Мә, ақша бір қап.
Делдал: Ағасы, тыңдаңыз,
Асығыстық қылмаңыз.
Балаңыз адамды сүйе ме?
Пышақ ұстай біле ме?
Әке: Бір тойда ішіп аздаған,
Баламыз оттай маздаған.
Достарын сонда пышақтап,
Жайратып кете жаздаған.
Делдал: Онда жағдай қиын-ды,
Қайтсе болар тиімді?
Әке: Тіреліп тұрса тиынға,
Хирург болу қиын ба?

ЕКІНШІ КӨРІНІС
Тағы да сол көрініс, бірақ әке маскасын өзгерткен.
Жүргізуші: Тағы бір әке келіп отыр,
Ол да желіп отыр:
Әке: Қарағым,
Әкесімін мына баланың.
Ұлым оқуға өту керек,
Мақсатына жету керек.
Қолдаушым бол, жаным,
Сөздің қысқасы сол, жаным.
Делдал: Құрғақ қасық ауыз жыртад...
Әке: Қатырамыз ол жағын,
Ақшам бар бір қап.
Делдал: Сонда қамдағаныңыз?
Әке: Таңдағанымыз –
Жүрпәк.
Делдал: Жүрпәк?
Әке: Иә, жүрпәк!
Делдал: Түсінбедім...
Әке: Жөн болар түсінгенің.
Жүрпәк дегенім – жазу ғой,
Жазу – нағыз азу ғой.
Жазғыштан ел қорқып жүреді,
Алдында жортып жүреді.
Делдал: Е, жүрпәк емес – журфак.
Әке: Иә, жүрпәк,
Біздің ұрпақ
Жүру керек шырқап,
Мә, ақша бір қап.
Делдал: Ағасы, тыңдаңыз,
Асығыстық қылмаңыз.
Балаңыздың талабы бар ма?
Жазудан хабары бар ма?
Әке: Жазудан балам қас маман,
Бесінші класта-ақ бастаған:
Қасында жүрген қыздарға
Талай хат жазып тастаған.
Делдал: Жазғаны, тіпті, тәуір ғой,
Дегенмен, жағдай ауыр ғой.
Әке: Тіреліп тұрса тиынға,
Жазушы болу қиын ба?

ҮШІНШІ КӨРІНІС
Бұрынғы көрініс қайталанады: әке маскасын өзгерткен.
Жүргізуші: Тағы бір әке келіп отыр,
Ол да желіп отыр:
Әке: Қарағым,
Әкесімін мына баланың.
Ұлым оқуға өту керек,
Мақсатына жету керек.
Сөздің қысқасы сол, жаным.
Делдал: Құрғақ қасық ауыз жыртад...
Әке: Қатырамыз ол жағын –
Ақшам бар бір қап.
Делдал: Сонда, қамдағаныңыз?
Әке: Таңдағанымыз – үрпәк.
Делдал: Үрпәк?
Әке: Иә, үрпәк!
Делдал: Түсінбедім...
Әке: Жөн болар түсіргенің.
Үрпәк дегенім – заң ғой,
Заңды білген хан ғой.
Ақша бергенді ақтайды,
Бермегенді соттайды.
Делдал: Е, үрпәк емес – юрфак.
Әке: Иә, юрфак,
Біздің ұрпақ
Жүру керек шырқап,
Мә, ақша бір қап.
Делдал: Ағасы, тыңдаңыз,
Асығыстық қылмаңыз.
Балаңыздың талабы бар ма?
Заңнан хабары бар ма?
Әке: Ала берген адамның
Тұтылатынын біледі.
Пара берген адамның
Құтылатынын біледі.
Делдал: Бірақ, заңның аты заң ғой,
Қолға түссең – лаң ғой.
Әке: Тіреліп тұрса тиынға,
Заң дегенің бұйым ба?
Сахна айналып, алдыңғы фонға жүргізуші шығады.
Жүргізуші:
Кейбір әке қараңғы
Көкірегін кереді.
Оқытам деп баламды,
Беталдына желеді.
Кім де болса бүгінде
Ақшасына сенеді.
Осындайлар түбінде
Өмірге не береді?
(Шымылдық)



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ізденіс

  • 0
  • 0

Жеңгейлер де бар ма деп жесір қалған,
Сыздықтатып сыр тартам не сырлардан.
Тұяғынан аттардың жата қалып,
Күй тыңдаймын келешек ғасырлардан.

Толық

Менің атым – Абдурахман

  • 0
  • 0

Бұл – кітаптан алынған әз есімім,
Алла берген ниетпен несібім.
Бұл ұғымның тарауы бар сан тарау.
Мүмкін емес бәрін бірдей қайталау.

Толық

Алматы – гүл қала

  • 0
  • 0

Қанат жайған көсіле,
Алатаудың төсіне.
Алматыны атасаң,
Алма түсер есіңе.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар