Өлең, жыр, ақындар

Ұр, тоқпақ

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1617
Ерте, ерте кезде
Болыпты бір кезбе.
Таппапты еш кәсіп
Аңшылықтан өзге.
Кезіп шатқал, шыңды,
Кейде шолып қырды,
Қақпан менен торды
Кезек құрып жүрді.
Торын бірде келіп,
Тексереді көріп.
Жатыр екен тулап
Кіп-кішкентай Елік.
Басып атқа қамшы,
Жетіп барды аңшы.
Елік сол кез көзден
Домалатты тамшы:
– Айналайын ием,
Алдыңда бас ием.
Босат мені тордан,
Әйтпесе тек күйем.
Аяр болсаң мені,
Сыйлар едім сені.
Көшер еді саған
Мол байлықтың кені.
Көріп мұны ақыл,
Деді аңшы:
– Мақұл.
Не бермексің сонда?
Мен бір жүрген пақыр.
Босап елік жылдам,
Асып белең-қырдан,
Сүйреп келді сандық
Әр жерінен сынған.
– Айтқан сөзді тыңда,
Терең сыр бар мұнда.
Керек етсең, сені
Қарың қылар пұлға.
«Сыр сандығым, ашыл,
Алтын теңге шашыл», –
Десең болды, түрлі
Заттар шығар асыл.
Сөйтті-дағы Елік,
Кетті қырға желіп.
Аялдады аңшы,
Бір ауылға келіп.
Қуанышты күйде,
Кірді бір бай үйге.
Қоя салды сыртқа, Деп:
– Сандыққа тиме.
«Сыр сандығым, ашыл,
Алтын теңге шашыл», –
Десең болды, небір
Заттар шығар асыл.
Шаршаған ғой өзі,
Кетті ілініп көзі.
Сандыққа бай барды,
Шын ба екен деп сөзі.
«Сыр сандығым, ашыл,
Алтын теңге шашыл», –
Деген сәтте, небір
Заттар шықты асыл.
Тойым бар ма байда?
Мұндай олжа қайда?
Сыр сандықты тығып,
Ойлады бір айла.
Орнына бай қасқа
Сандық қойып басқа,
Аңшыны ол алдап,
Шақырады асқа.
Аңшы тамақ ішіп,
Сандықшасын қысып,
Жүріп кетті жайлап,
Ұзын жолға түсіп.
Аулына да барды,
Сандықшасын алды.
Қайталады сөзді
Елік айтқан әлгі:
«Сыр сандығым, ашыл,
Алтын теңге шашыл».
Шықпады одан бірақ
Ешқандай зат асыл.
Аңшы қапа болып,
Қайта атқа қонып,
Елікті іздеп, түзді
Келе жатты шолып.
Қия белден көріп,
Шықты алдан Елік.
Болған істі аңшы
Тұрды айтып келіп.
Елік болса жылдам
Асып белең-қырдан,
Сүйреп келді қазан
Құлақтары сынған.
– Қойып сөзге құлақ,
Тыңда мені, бірақ.
Болғанымен ескі,
Секілді өзі бұлақ.
«Піс, қазаным, піскін,
Дайын ас боп түскін»,–
Десең болды, әзір
Келсе де не ішкің.
Деді-дағы Елік,
Кетті қырға желіп.
Аялдады аңшы
Бай аулына келіп.
Қуанышты күйде,
Кірді таныс үйге.
Қоя салды сыртқа, Деп:
– Қазанға тиме.
«Піс, қазаным, піскін,
Дайын ас боп түскін», –
Десең болды, әзір
Келсе де не ішкің.
Шаршаған ғой өзі,
Кетті ілініп көзі.
Қазанға бай барды,
Шын ба екен деп сөзі.
«Піс қазаным, піскін,
Дайын ас боп түскін» –
Деген сәтте, небір
Пісті еті құстың.
Тойым бар ма байда?
Мұндай олжа қайда?
Сол қазанды тығып,
Ойлады бір айла.
Өзі әбден тойды,
Олжаны тез жойды.
Орнына оның басқа
Көне қазан қойды.
Аңшы ұйқыдан тұрып,
Аттың басын бұрып,
Қайдасың деп ауыл,
Кетті жайлап жүріп.
Үйіне де жетті,
Жемек болып етті,
Қазанды алға қойып:
«Піс, қазаным», – депті.
Аңшы босқа күтті,
Түк бермеді тіпті.
Ас ішемін деген
Бар үміті бітті.
Аңшы қапа болып,
Тағы да атқа қонып,
Елікті іздеп, түзді
Келе жатты шолып.
Қия белден көріп,
Шықты алдан Елік.
Болған істі аңшы
Тұрды айтып беріп.
Әуелден-ақ Елік
Өз сөзіне берік.
Бір белестен асып,
Кетті тағы желіп.
Әр жерінде сирек
Өрнегі бар ирек
Батырларға лайық,
Келді шоқпар сүйреп.
– Айтқан сөзді тыңдап,
Ұғып алғын шындап.
Ағаш екен деме,
Бұл да бір зат қымбат.
«Ұр, тоқпағым, ұрғын,
Салып ойран-қырғын!»–
Десең бітті, небір
Басын жарар сұмның.
«Тұр, тоқпағым, тұрғын,
Енді сабыр қылғын», –
Деген кезде ғана
Тоқталады ырғын.
Деді-дағы Елік,
Кетті қырға желіп.
Аялдады аңшы,
Бай аулына келіп.
Сол баяғы күйде
Кірді таныс үйге.
Тастай салды сыртқа,
Деп:
– Шоқпарға тиме.
«Ұр, тоқпағым, ұрғын,
Салып ойран-қырғын!» –
Десең бітті, онда
Бір сойқанды қылдың.
Шаршаған-ау өзі,
Кетті ілініп көзі.
Шықты сыртқа бай да,
Шын ба екен деп сөзі.
Шоқпарды ол барлап,
Тұрды айласын қамдап.
Бұл жолы да ойы –
Алдап алып қалмақ.
«Ұр, тоқпағым, ұрғын,
Салып ойран-қырғын!» –
Деген кезде шықты
Жан дауысы сұмның.
Жан жоқ байды жоқтар,
Сабай берді шоқпар.
Арашашы келмей, –
Емес тіпті тоқтар.
– Шыбын жаным қалса,
Кім құтқарып алса,
Берем,– деді,– малды,
Керек етсе қанша.
Аңшы келіп таяу,
Былай деді баяу:
– Ел тонаушы залым,
Болмас саған аяу.
Сандық пенен қазан
Тыққан үшін жазаң.
Бермесең тез тауып,
Жетер қазір қазаң.
– Тауып берем бәрін,
Қалса болды жаным.
Тоқпағыңды тоқтат,–
Деп жалынды залым.
«Тұр, тоқпағым, тұрғын,
Енді сабыр қылғын» –
Деген кезде аңшы,
Сап тыйылды ырғын.
Аңшы басып демін,
Сүртіп маңдай терін,
Жеңіспенен жетіп,
Қуантыпты елін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жалқаудың жауабы

  • 0
  • 0

– Қарағым, қалғыма,
Қарап отыр алдыңа.
Сөздің тұрасына келсек,
Дәптерің қайда, көрсет?!

Толық

Жапырақтар

  • 0
  • 0

Жапырақтар көктемде
Бейне бір шат балақан.
Қарап өткен-кеткенге,
Шапаттайды алақан.

Толық

Білмейді

  • 0
  • 0

Күнді де біреу күн дейді,
Жарқыраған нұр дейді.
Бірақ, күннің өзінде
Түнек барын білмейді.

Толық

Қарап көріңіз