Өлең, жыр, ақындар

Тілін ұмытқан тауық

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3709
Заманда бір ертелеу
Тауық бопты еркелеу.
Өзгелерден шамалы
Ақыл-ойы келтелеу.
Көкке ұшырып көңілін,
Менсінбепті тобырын.
Ұмытыпты өзінің
Шыққан ата-тегі кім?
«Тауық та құс болып па?
Еркін ұшып-қонып па?
Қырандарша қиядан
Кең әлемді шолып па?
Қанатымды қағам да,
Қыран болам барам да» –
Деп сол Тауық тобырдан
Кетіп қапты табанда.
Тыйып ойын-сауықты,
Сапар шегіп қауіпті,
Ақырында сол Тауық
Қырандарды тауыпты.
Айтып арман-тілегін,
Ұсыныпты жүрегін:
Бұдан былай мен-дағы
Қыранша өмір сүремін.
Былай депті Қырандар:
Бізде жалғыз ұран бар.
Тілімізді үйренсең,
Жол табасың бұған дәл.
Бірнеше жыл тырбанып,
Бар қызықтан құр қалып,
Қырандарша «саңқ» етер
Түсініпті тілді анық.
Қуыс кеуде қасқа бұл,
Сөз білмепті басқа бір
Елден кеткен көп жылдың
Кеткені ме босқа құр?
Тыңдап құстар сол кепті:
– Тіл ұққаның жөн депті.
Болғың елсе шын Қыран,
Кәне, ұшып көр депті.
Желік қуған елірме
Есер аз ба өмірде?
Жаралмаса ұшуға,
Ұша алар ма тегінде?
Ұшпақ болып шарқ ұрып,
Ұмтылғанда талпынып,
Қайта құлап түсіпті,
Есер Тауық алқынып.
Қырандар кеп қамалап,
Депті әр жақтан табалап:
Тіл ұққаның түк емес,
Ұшпағаның жаман-ақ!
Ұша алмасын түсініп,
Қылығына қысылып,
Оралыпты еліне,
Тауық мойын ұсынып.
Бар Тауық «қыт-қыттапты»,
Оралғанын құптапты.
Бірақ, оның «саңқылын»
Ешбірі де ұқпапты.
Қыран құс та болмады,
Тауық та боп оңбады.
Не онда жоқ, мұнда жоқ,
Тауық солай сорлады.
Жүре алмаған жол тауып,
Кімге қажет қор Тауық?
Өз тілін кім ұмытса,
Бәрінен де сол қауіп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қоқи Қораз

  • 0
  • 0

Қоқи Қораз кафедра меңгерді,
Жас Мекиен иіскеуді жөн көрді.
Билік тиіп отырған соң марқайып,
Өз жұбайы қалғандай еді қартайып;

Толық

Сен келдің де бағыма

  • 0
  • 0

Сен келдің де бағыма,
Туған айдай жарқ еттің.
Жарқ еттің де, жаныма
Сарқылмайтын нәр септің.

Толық

Көлеңке мен адам

  • 0
  • 0

Ұстаймын деп болды әуре Көлеңкені бір Есер:
Қашып берді Көлеңке, қуып еді ол ілесе,
Көлеңке де жүгірді, жүгіргенде ол тіресе.
Қосқанда Есер екпінді, ол да зырлай жөнеді,

Толық

Қарап көріңіз